Көкем келеді, Керім көкем
Көркем проза
Қарашаның қара суығы
Қарашаның қара суығы. Жалтаң қырға қара күз келіп, ықтасын тауға қоңыр күз түскен. Тарбағатайдай тарлан тартқан кәрі керінің адам аяғы жетпес, мал тұяғы тимес бір пұшпағы бар. Терең шатқалдың жазда жел соқпас, қыста қар алмас күңгей қолтығында жетімсіреп жалғыз үй тұр.
Төбесі шатырсыз, қара тастан қаланған еңселі тоқал там. Маңайында боз талдан тоқылған шарбақ, таспен шегенделген қора-қопсысы бар. Бұл ұры қонысты тап төбесінен түспесең, жабулаған жылқыдай тани да алмайсың, таба да алмайсың.
Тау іші тымық. Күн көзі шуақ. Бар дүние балауыздай балбырайды. Биік бауырына бұққан тас үйге Тәңірінің көзі түсіп, күн нұры құйылған.
Тұғырлы келген тас үйде екі жан иесі ғана бебеу қағып еді: бірі — құлжадай еркек, бірі — құралайдай әйел.
Тілек пен толғақ
— Иә, Алла! Өзің жар бола гөр! Жанын қалдыра гөр! Жылбысқаны алсаң да, жарымды алма!.. Осы тілегімді бере гөр, Тәңірім! Әумин!
Аққазы көкке жайған алақанымен жүзін сипағанда, қара терге малынып жатқан Моншақ шыр ете қалды.
— Олай демеші, Аққазы! Алладан алты жыл тілегеніміз осы емес пе еді?! Қайтып ал сөзіңді... «Қайтып алдым!» деші?!
— Қайтып алдым, қалқам! Қайтып алдым!
— Уһ, жаным-ай! Қиналдың-ау! О, Тәңірім, қинадың-ау!
— Шыдашы, жаным, шыдашы! Басы көрінді... басы... Иә, Алла, қолдай гөр! Бибәтима пірім қолдай гөр!
Ақша жүзі нарттанып, қызыл терге шомылған Моншақ ышқына ширығып, ыңырана булықты. Бар күшін жиып, аузын тістене жапты да, ұртын бұлтита берді.
— Қиналдың-ау, қалқам! Сәл ғана қалды, жаным! Иә, аруақ, қолдай гөр! Қолы мен кеудесі де шықты... Иә, Алла!
Аққазының жарынан шығарда жаны ғана басқа еді. Міне, қазір де Моншақтың үстіне түскендей. «Әттең, құдіреттің күшімен бұған құрсақ бітсе, өзі-ақ босанар еді...» деген ой қылт етіп, қайта жоғалды. Енді амал да, айла да қалмаған.
— Моншағым! Тағы бір толқы! Толғатшы! Деміңді ішіңе тарт! Міне, міне! Келіп қалды...
Кенет дауысы оқыс әрі үрейлі шықты. Орнынан шошына тұрып та кетті. Моншақ болса, ерінің үнін естіген де жоқ: жанымен арпалысып, әлсіреп, есі кіресілі-шығасылы еді.
Аққазы бір сәт тынды. Көздері шекесінен шығып, тілге келмей қалды. Ол жарының шатын жарып келе жатқан құлынның қос тұяғын көрген еді.
Қайта еңкейіп, әйелінің көтеріңкі құрсағын алақанымен басып, тарбиған саусақтарымен салалай саууға көшті. Тіксінген бойын да жиып алды. Төмен жаққа қарамауға тырысып, кең іш көйлегімен етегін жауып қойды.
Моншақта қайыра құрсағын шиырар қуат қалмапты. Кірпігі ғана қимылдайды. Аққазыға жабайылау бір ой келді, бірақ басқа амал жоқ: бұлай жата берсе, жары көз жұмардай.
Ол шапшаң қимылдап, қан мен шырышқа былғанған етекті түрді. Көкірегі мен белі жылқы тұрқылы құлынның кеудесімен тұтаса біткен нәрестеге қол салды. Сәби тәні түкті құлын мүшемен тұтасып кеткен жылбысқаның алдыңғы сирақтарын сескенбей ұстап, ішінен «Бісмілла!» деп күбірлеп жіберді.
Жіп-жіңішке, торы түкті шырыш-шырыш сирақтарды біріктіре ұстап, еппен тарта бастады. Талықсып кеткен Моншақ бір бүлк етті де, қимылсыз қалды.
«Жарымды жұтты-ау...» деген суық ой сумаң етіп өтті. Сол ой Аққазыны селт еткізіп, құлын тұрпатты сәбиді жұлқа тартып жіберді. Моншақтың тұла бойы да селк етті.
Сол сәт жылқы жарғақты құлын-сәби жарқ ете қалды. Аққазы жеңімен көзін аштырмаған шырышты сүртіп, аузы-мұрнынан үшкіре үрледі. Сонда құлын-сәби де көзін ашып, шыр ете түсті.
Сын сәт
Аққазы үшін бұл — тек босандыру емес, үмітін сақтап қалу еді. Қорқыныштың ар жағында бір ғана мақсат тұрды: Моншақтың амандығы.
Аққазы құлын-сәбиді тастай бере Моншақтың бас жағына ұмтылды. Пеш қасындағы шелектегі тұманың мұздай суын ожаумен алып, аузына толтыра ұрттап, жарының жүзіне бүркіді. Құлын-сәби болса, сирағын сермеп, шаранасын жарып, шырылдап жатты.
Аққазының құлағы бітіп қалғандай еді. Ол:
— Моншақ! Моншағым! Көзіңді ашшы, көзіңді! Сен аман-есен босандың! — деп айқайлады.
Жанарынан жас парлап, еңкілдеп жылады. Еркектің еңкілдегені ерсі көрінер, бірақ оның оны ойлар шамасы жоқ еді. Құлын-сәбиді өзі босанғандай қалжырап қалған. Кіндігін де өзі кесті.
Қыс өтіп, көктем келгенде
Қыс өтіп, көктем келді. Тарбағатай тауларының терең түкпірі — Боранбай шатқалының Қубас жусаған атты ұры қолтығына көктем те кешігіп жетті. Бірақ көп ұзамай мамырдың балаусасы желкілдеп, дүние жасарып сала берді.
Көктеммен бірге құлын-сәби де көкпеңбек әлемге тұяқ тигізді. Құлындай ойнақтап, сәби күлкісімен сықылықтап, қозы-лақ қуып асыр салды. Құлын-таймен тебісіп, жарыса шапқылады.
Көктеммен бірге Моншақ анасы да сырқатынан сауықты. Кирелеңдеген белі бекіп, бастаудан су таситын болды.
Жылқы тұрпатты, адам тұлғалы нәресте де ширады: жануардай жылдам аяқтанды, ертегідегідей ерте тілі шығып, ерте ес кірді. Әкесі бөтенсімей бауырына басты, анасы жерінбей жанына алды, көкесі жатсынбай иығына шығарды.
Жұрт көзінен жырақта, кәрі таудың қуысында үш бірдей адамның уысында өсіп келе жатты. Еркін еді, ерікті еді.
Күнделікті тіршілік
Басарыс (анасы «Арыстай» дейтін) анасының суын тасыды, әкесінің отынын жарысты, ошақтың отын жағысты. Жарым жыл өтпей-ақ, күші судай тасыды.
Бүгін де анасы:
— Арыстай, анау биікке шығып қайтшы! Әлгі көкең Керім көрінер ме екен? Әкең Аққазы қойды үйге қарай қаптатты ма? Күн де кешкіріп қалды.
— Жарайды, апа, — деп құлын-бала желіп жөнелді.
Моншақ құлын-сәбиінің соңынан сүйсіне қарап тұрды. Басарыс күлтеленген құйрығын көтеріп, бұлғаңдатып қойғанына күліп те жіберді.
— Құлыным! Жаным! — деген аналық мейірімге толы лебізі де ауада қалқи берді.
Моншақ күбірледі: «Тәуба! Тәуба!»
Елден жыраққа көшу себебі
Жалпақ жұрттан жырылып, ел көзінен тасаға Аққазы мен Моншақ былтыр тамызда көшіп келген. Содан бері жылға жуық уақыт өтіпті. Тәңірге тәуба — тілеген құлын-сәби дүниеге келді.
Осы сәби үшін олар бар дүниені тәрк етіп, бәрінен безініп келді. Семей мен Өскеменнің қазақ-орысы аралас дәрігерлері Моншақты қайта-қайта тексеріп, «құрсағыңда бала емес, аң мен құсқа ұқсас құбыжық жатыр» деп шошытқан. УЗИ-ға қайта-қайта түсіріп, «бақылауға аламыз, босанғанша тірі пендеге тіс жармайсың» деп қатаң ескерткен. «Ішің үлкен, жарып алуымыз мүмкін» деген.
Бұл сөздерді естігенде Моншақ: «Жарылып өлгенше, жарымның қолында өлейін» деп, Өскемен емханасынан қашып шықты. Сол бойы ауылынан бір-ақ шыққан.
Бұрын Семей қаласы мен Дегелеңдегі перзентханада екі рет нәрестесінен айырылған ана үшінші рет бойына біткен сәбиден өлідей де, тірідей де айырылмасқа бекінді. Ай-шайға қарамастан Аягөзге көшіп, туған қайнысы Керімғазының үйіне келіп тоқтады.
Бірақ «ел құлағы — елу» деген бар: Аягөзде де аялдамады. Аңшы Керімғазының ақылымен Тарбағатайдың ішіне орта жолға дейін көлікпен, ары қарай күлікпен өтті. Ақыры жас ерлі-зайыптылар: «Құбыжық болса да, іштен шыққан шұбар жылан болса да — өз перзентіміз!» деген арманмен түкпірге жасырынды.
Тәуба мен үрейдің арасы
Айтылған үкім
«Құрсақта құбыжық» деген сөз — ананың жанын жаралады.
Таңдалған жол
Елден жырақ кету — баланы аман сақтаудың жалғыз амалына айналды.
Алғыс
«Алла алқады, аруақ қолдады» деген сенім — өмірдің сүйеніші болды.
Қайнысы Керімнің арқасында үйін де көтеріп, мал-жанын да жеткізіп алған. Олар Алладан мойындарына бұршақ салып, нәрестелі болуды сұрады: Ырғызбай атаның басына түнеп, ата-баба аруағына бағыштап құрбан шалдырып, құран оқытты.
Алла алқады, аруақ қолдады: құбыжық емес, құлын-сәби дүниеге келді. Моншақтың да кең құрсағы жиылып, тас емшегі жібіді.
«Әйтпесе, атаңа нәлет атом сынағынан небір сұмдық мақұлықтар туып жатыр ғой... адамнан да, малдан да... аңнан да, құстан да...» деп, жүрегі мұздап кететін. «Бір Алла сақтасын!» дейтін.
Керімнің келуі
Осы кезде биік басынан Басарыстың зор дауысы естілді:
— Апа! Көкем келеді, Керім көкем... Алдынан шығайын ба?
— Жоқ, құлыным! Үйге қайт. Көкең өзі келеді.
Кешікпей Керім қайнысы да салт атпен келіп қалды. Мойнында — отыз екі мылтығы. Басарыс құлын бауырын ат үстінде құшақтай амандасты. Бірер апта жылқы тұрқылы баланы көрмеген көкесінің кер аты да үркектеп еді, иесі зекіп тастады.
Керім Басарысқа тесіле қарамаса да, көз қиығымен сүзіп өтті: бұлшық еттері білеуленіп, қара тұяқтары сомданыпты; көк желкеден көтерілген жалы күлтеленіп, құйымшақ түбінен салаланған қыл құйрығы төгіле түсіпті.
Іштей бір мақтаныш кернеді: «Бауырым... қаным...» Мұның мына бауырындай бұл өңірде емес, бәлкім, бұл дүниеде де бірде-бір жан жоқ еді.
Ел жаңалығы, үй әңгімесі
Кер атын тас қора қасындағы атағашқа байлап, үйге енгенде жеңгесі ас мәзірін даярлап та үлгеріпті. Былтыр қыркүйектен бері осы жырақ қуыс-қолтықтан ешқайда шықпаған Моншақтың ел жаққа елеңдеп отыратын әдеті бар.
Құлын-сәбиі құмарпаз адамдардың таңданар тәлкегіне ұшырамасын, ашқарақ көзге түспесін, дәрігерлер секілді сылтау іздейтін сыншыл адамдарға қолды болмасын деп, Аққазы екеуі алысқа ұзағысы жоқ. Көзінің қарашығындай қориды, құрбан болуға дайын.
Сондықтан сыр шашпайтын Керімғазыға ғана сенеді. Ол Аягөздегі әйеліне де ағасының ұлы туралы ашып айтпай, «қол-аяғы кеміс сәби туды» деп қана қойған.
— Е-е, Сырлым-ау, сенің ернің епсек, қолың бесаспап қой. Темірден де түйін түйіп, тиын жасайсың. Ағаңды айтсаңшы, ел айтқандай, Ақсүйек — Аққазы ғой. Біз ауылда отырсақ, аштан өлетіннің біріміз. Қайта Арыстайдың несібесі бар екен, сенің арқаңда осы жерге жетіп, мал-жанды болып отырмыз, — деді Моншақ.
— Ойбай, жеңгем-ау! «Ақ сүйек — Аққазы», «ақ саусақ — Ақмоншақ» деп тегін атады дейсің бе?! Нағыз бай — өздерің. Жүзден астам қой, жеті-сегіз сиыр, бір үйір жылқы қашан бітіп еді? Арыстай да өсіп келеді, ертең-ақ өзі ие болады, — деді Керім.
Моншақтың көңілі босап, қыс бойы белін көтере алмағанын, Аққазының бәріне жалғыз шыдағанын айтты. Біреуді көмекшілікке алуға қорыққанын да жасырмады: «Ел көзіне түссек, ұлымыздың тағдыры не болмақ?»
— Қой, жеңге... тәуба де, тәуба! — деді Керімғазы.
— Тәуба, Тәңірім! Бергеніңе шүкір, Аллам! — деді Моншақ. — Өзіңді көптен көрмей, босап жатқаным ғой.
Осы сәтте есік салдырлай ашылып, Басарыс кірді. Торы түкті, тұлғалы құлын-баланың бойы еңселі еді, екі ауыз үйдің кіреберісі тарылып қалғандай. Ол кер атты отқа жіберіп, ұн-тұз, шай секілді ұсақ-түйек лық толған қос қоржынды ала кіріпті.
Басарыс кірген соң, әңгіме ауаны да өзгеше өрбіді.
Аңшылық: Өкпеті қойнауы
Биыл қар қалың, қыс жылы болды. Түздің жан-жануарына жайлы тиді: қыстан күйлі шықты. Көктем кешігіп жетсе де, қасат қар аз күнде-ақ астынан еріп жоғалды. Қалған-құтқанын жылы жаңбыр мен жылы жел алып кетті.
Мұңсыз мамыр туды. Бозторғайдың боздай шырылдаған үнімен Аққазы мен Керімғазы да атқа қонды. Күн көкжиектен көтеріле қоймаған. Басарыс та бұлаң қағып ерді: кіндігі кесілген қыстаудан тұңғыш рет қиянға тұяқ сермеді.
Жол үстіндегі сөз
— Ұлым, — деді Аққазы, — шапқылай берме, шаршап қаласың.
— Әке, мен шаршамаймын! Шашамды жел көтеріп келеді, — деді Басарыс.
— Әлі бұлан қуамыз. Сонда шапқан атпен жарысасың, — деді Керім.
— Тәңірі кім? — деп сұрады құлын-бала.
— Тәңірі деген — Алла. Бәрімізді де бір Алла жаратқан. Қорықсақ — сол Алладан қорқайық. Өзгеден қорықпа, ұлым, — деді әкесі.
Үшеуі осылайша әңгімелесіп, желе шоқытып келе жатты. Таңғы тау арасы шықтан бусанып, көк шегіртке шырылын үдетті. Тұяқ асты кейде тастақты, кейде жасыл жазаңды. Тағалы тұяқтардан жарқ-жұрқ от шығады.
Түске тарта өгіздің бүйрегіндей кесек бітімді Өкпетіге ілікті. Жеңіл-желпі сүр қазымен түстеніп алған соң, бұлақ басынан қайта аттанды.
Керім биіктен дүрбі салды. Кешікпей-ақ бұлан да көзге шалынды.
— Арыстай, — деді көкесі, — мына селебені беліңе байла. Біз бұланды атып жығысымен, сен селебемен бауыздайсың.
— Қой бауыздағандай, — деп қостады Аққазы.
— Адал бауыздап аламын, — деді Басарыс, жеңді білектей, араның асыл темірінен жасалған селебені тері қынды белбеумен бекітіп жатып.
Көкесі алға түсті. Үшеуі жылғамен терең сай табанына түсіп, боз тал мен ақ қайың аралас өскен өзен бойымен жоғары өрледі.
Шоқтанған боз талды айнала бергенде, Басарыстың өткір жанары жалпақ келген қысқа мүйізді бұланды шалды. Бұлан да үдірейе қарап тұр екен. Бірақ ол көк шалғынды жапыра шауып жөнелді.
Сол сәтте мылтық гүрс етті. Бұлан омақаса жығылды да, қайта тұрып, қалыңға ақсаңдай ұмтылып қашты.
Басарыс шыдай алмады: «А-аһ!» деп айғайлай ұмтылды. Аққазы да тебіне берді.
Бүйірдегі боз тал ішінен шыға берген Керім айқайлап:
— Аға, Басарыс өзі алсын! Мен бұланды әдейі алдыңғы аяғынан жаралап жібердім!
Құлын-бала қалыңды жапыра бұланды бастырмалата қуды. Ақсақ бұлан қуаты тасыған құлын-баладан құтыла алмады. Басарыс қапталдаса беріп, жануарды жалпақ мүйізден ұстап, алдыңғы сау сирағынан шалды. Бейшара бұлан оңбай құлады.
Құлын-бала мойнынан тізелей басып, қара танауынан сіргелей саусақ сала, басын көтере берді де, селебемен сағақтан шалт қимылдап орып жіберді. Қызыл-күрең қан атқып кетті. Бұлан қорқырай қысылып, тыпырлап барып басылды.
Әкесі мен көкесі жеткенде, Басарыс көк шөпке сүрткен селебесін тері қынына салып жатыр еді.
Жылдар жылжығанда
Арада айлар ауып, жылдар жылжыды. Түзде тағы өскен құлын-бала құнан-жігіт болды. Тұрқы зорайып, қуаты толысты. Бұла көркі көз тартып, бұғанасы бекіді. Тарлан Тарбағатайдың тағы аюын да алды, бұла бөрісінің белін де үзді.
Тұнық табиғатта Басарыстың санасы сараланды. Өзінің тірі пендеге ұқсамайтын жалғыз екенін түсінді, жат екенін сезінді. Әкесі мен көкесі ескерткен, шешесі көз жасын төгіп айтқан сөз — «тірі пендеге жолама, көздеріне түспе» — оның заңына айналды.
Құла түзде еркін өскен құландай, құнан шығар жасқа келді.
Желсіз желтоқсан: бөтендердің келуі
Желсіз желтоқсан еді. Тау мен даланы шыңылтыр аяз қысты. Қар бекіген. Төрт сирақты өзі секілді тұяқты емес, екі аяқты пенденің табаны тие бермес таулы өңірге қараң-құраң біреулер пайда болды.
Олар қалың қасат бетінде жорғалаған шанаға мініпті. Шаналары да шарқайрақтай зыр-зыр қағып, иен тау ішін басына көтере дүрілдейді, дүниені төңкерердей дарылдайды. Даусынан таудың шағыл тасы құлайтындай, ұлпа қары сырғанайтындай.
Басарыс күн ұзақ биік-биіктен бақылады. Олар сай-саланы тінткілеп, аңғар-құламаны шарлап шықты. Алыстағы аңғар аузына қи домалататын қара қоңыздай дөңкиген-дөңкиген қос қара көліктерін қаңтарып, тушаша бақырған моторлы шаналарға мініп алған екен.
Алғашында алыстан таңданса да, еті үйрене келе құнан-жігіт жақындай түсті. Қауіпті де ұмытқандай болды. Адамға деген ақ сезім сабырын шайқап, оны тар шатқал түбіне қарай жетеледі.
Қара жартасты, қалың ұшқатты қабырғалары заңғар тар шатқалдың түпкіріне дендеген сайын, Басарыс та жауын баққан жыртқыштай тасада бой жасырып, қылта-қылтадан қыдия қарады. Көз жетер жерден ғана емес, тіл жетер тұстан да құлағын тігіп, жанарын тіктеді.
О, жасаған! Құнан-жігіт өзіне-өзі сенбеді: үш шанаға мінгесіп жүргендердің арасында Керім көкесі де жүр. Бес адамның үшеуінің мойнында мылтығы бар. Қалған екеуі құр қол. Киімдері қалың тон, аязды елер емес.
— Әй, жезде, — деді...
Кернеу
Осы тұста әңгіменің тынысы өзгереді: тыныш таудың ішіне өзге әлемнің даусы кірді. Басарыстың адамға деген аңсар көңілі қауіппен бетпе-бет келеді.