ӨЛЕҢНІҢ ҚАРА БАУЫР ҚАСҚАЛДАҒЫ

Жанат Әскербекқызы, филология ғылымдарының кандидаты

Өлеңнің қара бауыр қасқалдағы

Поэзия әлеміне өлеңнің еңселі ақ ордасын сән-салтанатымен, қымбат жабдығы — кестелі тіл, шешен сөз, шебер өрнегімен келістіре қондырған Есенғали Раушановты ұлт ақыны деуге толық негіз бар. Мұның дәлелін оның әр жырынан, әр шумағынан, әр тіркесінен табамыз. Ақынның тереңнен тамырланған қаламгерлік тұлғасын «Періштелер мен құстар» жыр кітабы айқындай түседі.

Кезі келгенде жырауларша кесек толғайтын, сонымен қатар қат-қабат жан әлеміндегі қалтарыс-бұлтарысты нәзік сезімталдықпен тұспалдай жырлайтын Есенғали — бүгінгі поэзияның дамуына өзіндік үлесін қосқан дара стильді, ерекше болмысты ақын.

Кітаптың «Бозаңға біткен боз жусан» атты бірінші бөлімі, жалпы жинақ, «Еркек» өлеңімен ашылады. Бұл өлең — ақынның адамдық жолда ұстанған өмірлік қағидасы іспетті. Ой мен сезімді қабыстыра отырып, айтарын іркіліссіз, өрнекті сөзбен төкпелете айтатын ақын мінезі осы өлеңде толық танылады.

Батырша күліп түрегеп,

Отырдым жылап ақынша.

Жонымды тостым «міне» деп,

Жолбарыс-тағдыр атылса.

...Қасқайып өстім шыңымда

Қара да беріш қайың боп.

Ендігі қалған ғұмырда

Езілетін жайым жоқ.

Өлеңге ең әуелі керегі — мінез

Қайсарлық пен нәзіктік қатар сіңген жан болмысы тегеурінді де салмақты сөздермен жырға айналады. Мұнда ақынның ішкі қуаты мен лирикалық нәзіктігі бір-бірін жоққа шығармай, керісінше толықтырып тұрады.

Тарих пен тағдыр: поэзиядағы шындықтың ізі

Ақын өлеңдерінде халық басынан кешкен тарих кең орын алады. Алмағайып заман суретін жырына өзек ете отырып, адам тағдырына, жан дүниедегі қасіретке үңілу — оның берік ұстанымы.

Өлеңнен үзінді

«1932 жыл. Қазақстан»

Ел қырылған деседі мына дөңде,

Не деймін мен осынау тұл әлемге?

Кәрі аспан... Кәдімгі дөң... Қараша айы...

Түк те жоқ көз тоқтайтын бұдан өңге.

Өлең шөп барқын қара мақпал сынды,

Мақпалды сусыма құм жапқан сынды,

— Құм басып өлген қыздың қолаң шашы

Бұрқырап сыртқа шығып жатқан сынды,

Өлең шөп, өлең шөп — Қазақстан...

ХХ ғасыр басындағы зобалаңды бұдан артық қалай бейнелеуге болады? Поэзия баяндаудан іргесін аулақ салып, көрікті де астарлы сөзбен бейнелеуге көшкенде ғана түйсікке әсер етіп, жүректі қозғайды. Ақынның тегеуріні мен дарын қуаты екшеп шығарған жолдар заман шындығын айна-қатесіз көз алдымызға әкеледі.

«Қазақ ауылы»: бір оқиғаның екі рет оралуы

Қазақ даласының көрмеген құқайы жоқ. Кейде ақын тарихи оқиғаны болған қалпында жырына арқау етіп, замананың салған лаңын жайып салады. «Қазақ ауылы» сюжетті өлеңінде тарихи кезеңнің нағыз шындығы бедерленген.

«Сәскеде»

Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,

Ителгі үркіп ұшты самғай бері,

Ит үрді,

Қой маңырап,

Түйе боздап,

Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.

«Кешке»

Селеудің кімді күтіп сарғайды өңі,

Ителгі үркіп ұшты самғай бері,

Ит үрді шабаланып. Бұл не тағы?

Кепкен шал қырға қарап «Алла-ай» деді.

Бір шумақты қайталай отырып, ақын ойранның қайтадан қайталанарын аңғартады. Тек үшінші жолдағы болмашы өзгеріс — ендігі келген әскердің «сыпайы» көрініп, шын содырлығын ішке бүккен алдамшы қалпын танытады:

Жүрісі «жау емеспіз» дегенді айтып,

Көрінді қырық қаралы атты кісі.

Қонақжай ауыл бейбіт кейіппен келгендерді ақ дастарханын жайып қарсы алады. Алайда қызыл командир бұл ізетті басқаша қабылдап, құм ішіндегі ауылға күдікпен қарайды да, ақыры ойран салуға бұйрық береді. Ақын осы оқиғалар арқылы замананың бетпердесін сыпырып, шынайы бейнесін танытады: көптің көкейінде жүрген, бірақ айтуға қиын болған саясат астары дәл осылай ашылады.

Дәстүр жалғастығы және тілдің жинақылығы

Дамудың күре тамыры — дәстүр жалғастығы. Ұлттық поэзиямыздағы алтын арқаудың көне дәуірден бүгінге дейін үзілмей жеткені — ақиқат. Есенғали лирикасында көне түркі поэзиясынан нәр алып, жыраулар сөзінен қуаттанған, жазба поэзиядағы нәзік сыршылдықпен астасқан кең тыныс бар.

Әрбір тіркес пен әрбір жолдың балталасаң бөлінбес тұтастығы, шашауы шықпас жинақылығы, терең астары, бай мазмұны, салмақты мәні — ақын поэзиясының табиғаты.

Бүгінгі ауыл: шағын оқиғадан — үлкен мәселе

«Біздің ауыл» топтамасында ақын өзі өмір сүріп отырған ауылдың тыныс-тіршілігін әр қырынан көрсетеді. Бұйығы ауылдағы қарапайым адамдардың ой-арманы, мақсат-мүддесі, іс-әрекеті назарға алына отырып, шағын оқиға арқылы үлкен адамзаттық мәселе айтылатын тұстар бар. Мұны «Генетика», «Әңгіме», «Қанағат шофер куәлігінен айырылып қалды», «Көкем-ай», «Той. Рейім шал. Өлең» сияқты туындылар дәлелдейді.

Туған жерге риясыз махаббат, ата-баба салтына шексіз құрмет, адам жанының қат-қабат әлеміне бойлау — өлеңді нәрлендіріп, құнарлы, бай поэтикалық тілмен төгілтеді.

Менің ата мекенім — менің жаным,

Жаныма жара түссе, көңіл жарым.

Жеткізіп бір кісідей айта алмадым

Білсем де мың кісідей оның зарын.

Халық тағдырына бейжай қарамау — мазасыз жанды ақынның бір ерекшелігі. Тарихқа назар салып, оны қуатты, терең мағыналы өлеңге айналдыру үлкен шеберлікті талап етеді. Бұл — сезімталдық пен аңғарымпаздық, биік талғам мен бай тілдік қор тұтасып, үйлесім тапқанда ғана танылатын қасиет.

Табиғат — ақынның кейіпкері

«Бір қайың бар — ақ қайың, нәзік қайың» өлеңіндегі тұнып тұрған сыршылдық оқырман жүрегінің қылын шертіп, терең ойға жетелейді. Мұңлы қайыңның желге амалсыз көніп тұрған халі ақынды да мұңға батырады:

Жұбатар ем, хал-жайын сұрар едім,

Тілі жұмбақ әлі күн бірақ оның.

Жапырақтар жерге емес, ерте үзілсе

Жүрегіме құлайды мына менің.

Жапырақтың жүрекке құлауы — тосын да дәл бейнелеу. Ақын лирикасында жапырақ қорғансыз да нәзік, сезімтал да мұңлы жан дүниенің ишарасына айналады. Бір өлеңінде: «Жапыраққа айналып кетсем мен деп / Жасырындым күн ауа топ шеңгел кеп» десе, келесі бір тұста: «Сен қалтырама, жалғыз жапырақ / Менің жанымды ауыртып», «...Менің де жалғыз қарындасым бар» дейді.

Бейнелеу қуаты: табиғатқа жан бітіру

Іңірді, жазды, күзді, жұмбақ түнді, желді — барлығын дербес бейне деңгейіне көтеріп, сол арқылы адам жанының сырын аңдату ақынның негізгі тәсілдерінің бірі. «Түннің көз жасы», «Қаңтардың келуі», «Сүйдім мен Іңір деген пері қызын», «Еркем Тамыз», «Ерте кетіп барасың, сары күз», «Жаз не деп еді» секілді атаулардың өзі-ақ оның табиғатты қалай сөйлететінін танытады.

Желдің сыршыл да мұңлы қалпы, «қара шашты», «меңсіз қара ат мінген» түннің таяныш іздеген жан кейпі — жан жүйені қозғап, ойға қалдырады. Ақын адамды табиғат әлемінен бөле-жарып қарамайды: табиғат — адам өмірінен бір сәтке де тыс қалмайтын ұлы ұғым.

Поэмалардағы тарихи-философиялық кеңдік

Лирикасында түрлі өзекті мәселені көтере білген ақынның соқталы дүниелері — поэмаларында да тарихи-философиялық ой-толғамдар биік поэтикалық қуатпен өріледі. «Сарыөзен», «Ғайша-бибі» поэмалары соның айғағы.

«Сарыөзен» поэмасының орталық тұлғасы Мұхаммед-Салық Бабажанов арқылы ақын халық тарихы мен тағдырын танытады. Поэма прологы қара сөзбен басталып, белгілі бір заманда болған уақиға қара обаның түсі ретінде баяндалады: сармат көсемі мен алан патшасы Батразд арасындағы әңгіме, сарматтардың қырғын табуы, Батраздтың жалғандығы, «бұлардың салтында моланы қазуға да, жаңғыртуға да болмайды» деген қағида — тарихи шындықтың өзегін көрсетеді. Бұл сөз поэма финалында генерал-губернатор аузынан қайта естіледі.

Тұспал мен ишараның өткірлігі

Түс көріп жатқан қара оба — тұмшаланып қалған тарихтың бейнесі. Ал қазақ даласының патшалық Ресей қолындағы халі генерал-губернатор Крыжановскийдің әрекеті мен ішкі ойынан айқын танылады. Ақынның негізгі тәсілі — тұспалдау мен ишара: қазақ даласына жүргізілген саясаттың қитұрқылығын көзге ұрып көрсетпей-ақ, айқын аңғартады.

...Қарайды маңдайшадан дала жаққа

Суреті самұрықтың түйіліп бір.

...Желкеде самұрық тұр, сәл қозғалсаң,

Жарқ ете түсетіндей жасын болып.

Генерал-губернатор сырттай құптағансып жауап бергенімен, іштей мүлде басқа ой ойлайды. Поэмадағы табиғат суреті, орданың сән-салтанаты, кейіпкерлер мінезі — бәрі де астары қалың бояумен, жігі білінбес ұйқаспен, жымдасқан тіркеспен өрілген.

Шылымның түтінінен оймақ жасап,

Мырс етті губернатор — нені білді?

Сол түтін босаға емес, төрден өріп,

Тұрды да сақина боп дөңгеленіп,

Ақырын саф ауаға тарап жатты,

Гүлдердің жапырағын желмен өбіп.

Білген жоқ қырдың нәзік гүлі бүгін

Тамырға сіңетінін түбі мұның.

Гүлдің бойына сіңген шылым түтіні — үстем күштің азат халықты қалай бұғаулайтынын ишаралайтын дәл тұспал. Осындай тапқыр бейнелеулер поэманың көркемдік қуатын арттыра түседі.

Қазіргі қазақ поэзиясының мүмкіндігін танытқан жинақ

Есенғали Раушановтың «Періштелер мен құстар» кітабы — мазмұны мен тілі жарасқан, қазіргі қазақ поэзиясының биікке көтерілгенін, өлеңнің көркемдік мүмкіндігін кең танытқан маңызды жинақ. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» келістіре алған ақын туралы «шырқау биікке жеткен» деу — ой таразысынан өткізіп айтылған баға.

Өлеңнен үзінді

Шыжыған күннен қорынбақ болып,

Көлеңке іздеп жан-дене,

Шыршықты бетке ап шомылмақ болып,

Шыққанда қыздар сәндене.

Шыршық ағатын, ыршып ағатын,

Жыршы болатын бар ағын.

Шыршық ағатын, шымшып ағатын,

Ақ қайраң санын жағаның.

Суреттің айқындығы мен сөздің саздылығы — әр жолы әндетіп тұрғандай әсер қалдырады. Мұндай өлеңдері бар жинақтың қандай биік бағаға да лайық екенін дәлелдеп жату да артық секілді.