АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ - НӘТИЖЕЛІ БІЛІМ БЕРУДІҢ КӨЗІ

Ж.З. Геложутдинова — химия пәнінің мұғалімі, Павлодар қаласы, Қ. Бекқожин атындағы №12 жалпы орта білім беру мектебі

Ақпараттық технология — нәтижелі білім берудің көзі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлемдегі барынша дамыған және бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылу стратегиясын ұсынды. Бұл мақсатқа қол жеткізуге ықпал ететін дамудың жеті басым бағыты айқындалды. Сол басымдықтардың шешушілерінің бірі — заманауи білім беру мен озық ғылымды дамыту.

Білімді әрі сауатты адамдар — ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының негізгі қозғаушы күші. Баланың жеке тұлға ретінде дамуы, өзіндік көзқарасының қалыптасуы, ой-өрісінің кеңеюі мектеп қабырғасында басталады.

Қазіргі мектеп және мұғалімнің жауапкершілігі

Қазіргі мектептегі оқу үдерісі жаңа әдіс-тәсілдер мен технологияларға сүйенеді. Демек, оқушы білімінің терең әрі нәтижелі болуы пән мұғалімінен жоғары жауапкершілікті талап етеді. Елбасы атап өткендей, жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, оқу үдерісіне ақпараттық технологияларды енгізу және олардың тиімділігін арттырудың мәні ерекше.

Ақпараттық технологиялар жаңа педагогикалық технологиялардың мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашады. Оқушы — оқу үдерісінің басты субъектісі, сондықтан оның ойлау қабілетін дамыту оқу үдерісінде оқушы мен мұғалім ынтымақтастығы, сондай-ақ оқу әрекеттерін қамтитын әдістердің үйлесімділігі арқылы жүзеге асуы тиіс.

Ақпараттық технологияны пайдаланудың мақсаты

  • Оқушылардың ақпаратпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.

  • Коммуникативтік қабілеттерін, ақыл-ойын, танымдық және шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту.

  • Алған білімдерін практикалық іс-әрекетте қолдануға үйрету.

Болжам: жаңа ақпараттық технологияларды химия сабағында тиімді қолдану оқушылардың пәнге қызығушылығын, танымдық белсенділігін, зерттеушілік іскерлігін және шығармашылығын арттырады.

Білім берудегі өзекті бағыттар

Еліміздің өркениетті елдер қатарына ұмтылысы білім берудің әлемдік деңгейіне сай болуын талап етеді. Бұл бағыттағы негізгі ұстанымдар төмендегідей:

Тұлғаға бағытталу

Білімнің әр адам тағдырындағы мәнін күшейту үшін оқытуды оқушының дара ерекшелігіне бағыттау.

Ізгілендіру

Қоғамдағы рухани құлдыраудың алдын алу үшін білім мазмұнын адамгершілік құндылықтарымен байыту.

Саралау

Әр баланың қабілеті мен ынтасына сай сұранысын қанағаттандыру үшін оқытуды саралау мүмкіндігін күшейту.

Көп нұсқалылық

Бірнеше траектория арқылы білім алуға жағдай жасау, таңдау мүмкіндігін кеңейту.

Бұл міндеттер жүзеге асқанда әлемдік білім кеңістігіне кірігудің негізгі шарттарының бірі — оқушы құзыреттілігін қалыптастыру — толық іске асады. Осы тұрғыдан мектепте химиядан қолданбалы курстарды оқытудың маңызы зор.

Химия пәнінің орны және қайшылықтар

Қазіргі кезеңде көптеген мектептерде бірыңғай ұлттық тестілеуге (ҰБТ) дайындық басым бағытқа айналғаны жасырын емес. Ал оқушылар арасында химия пәнін таңдау жиі кездесе бермейді: бір жағынан, мамандықтар спектрі шектеулі көрінуі мүмкін, екінші жағынан, химия күрделі пәндердің қатарында саналады.

Дегенмен, химия — жаратылыстану пәндерінің бірі ретінде оқушылардың жан-жақты дамуына, химиялық сауаттылығын қалыптастыруға, құзыретті тұлға тәрбиелеуге өзіндік үлес қосады.

Химияны оқытудағы негізгі мәселелер

Заттардың құрамы мен құрылымын, қасиеттерінің құрылымға тәуелділігін, қасиеттері белгілі жаңа заттар мен материалдар алуды, химиялық өзгерістердің заңдылықтарын және оларды басқару жолдарын зерделеу — мектеп химиясының өзекті міндеттері. Заттар әлемін (құрамы, құрылымы, бір заттың екінші затқа айналуы) түсіну арқылы оқушылар практикалық қызметке қажетті тиянақты білім жинақтайды.

Сабақта қолданылатын АКТ құралдары

Күнделікті сабақта төмендегі құралдарды жүйелі қолдану айтарлықтай нәтиже береді:

Мультимедиа

Видео, аудио қондырғылары, теледидар, электрондық оқулықтар.

Зертханалық тәжірибелер

Нақты бақылау мен тәжірибе арқылы ұғымды бекіту.

Компьютер және интерактивті тақта

Оқыту бағдарламалары, модельдер, презентациялар, интерактивті тапсырмалар.

Анықтамалық ресурстар және интернет

Сөздік, энциклопедия, деректер қоры, онлайн көрнекіліктер.

Мұндай құралдар оқушылардың қызығушылығын арттырып, зейінін шоғырландыруға және алған ақпаратты нақтылауға көмектеседі. Интернет ресурстары жоғары деңгейдегі көрнекіліктерді пайдалануға мүмкіндік береді, ал видео және аудио материалдар оқушының дүниетанымын кеңейтеді.

АКТ қолдану формалары

Сабақ барысында

Материалды техникалық құралдар арқылы түсіндіру; оқушыны сөйлету және пікірталас ұйымдастыру; бекіту; білімді бақылау; жеке жұмыс; талдау; тестілеу; ақпарат іздестіру.

Сабақтан тыс уақытта

Үй тапсырмасын орындау; реферат дайындау; өзіндік бақылау; қосымша материал жинақтау.

Мұғалімнің даярлық кезеңінде

Материал іріктеу; тапсырма дайындау; сабақ құрылымын жобалау; бағалау құралдарын әзірлеу.

АКТ әдістерін қолданудың негізгі бағыттары

  1. Химиялық үдерістерді сипаттау және талдау үшін суреттер, диаграммалар, бейнероликтерді кеңінен қолдану.
  2. Табиғаттағы заңдылықтар мен үдерістерді анимация арқылы көрсету (мысалы, химиялық реакциялар, өндірістік процестер).
  3. Мультимедиялық оқулықтар көмегімен түрлі деңгейдегі тапсырмалар мен зертханалық жұмыстарды орындау.
  4. Білімді тексеру және бекіту (әсіресе тарауды қорытындылау мен қайталауда тест тапсырмалары тиімді).

АКТ-ның тиімділігі

Уақытты үнемдеу

Көрсету, түсіндіру, тексеру үдерістерін жеделдетеді.

Кешенді бақылау

Білімді жүйелі әрі тұрақты тексеруге мүмкіндік береді.

Танымдық қабілеттер

Мәселені шешу жолдарын іздестіру арқылы ойлауды дамытады.

Ынтымақтастық және дербестік

Жеке және топтық жұмысты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Химия сабағында АКТ қолдану оқу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, оқушының логикалық ойлауын, шығармашылығын, қоғамдық ұстанымын зерделеу мәдениетін дамытуға да ықпал етеді.

Интерактивті тақта: мүмкіндіктері мен қолдану жолдары

Қазіргі таңда химия кабинеттерінде интерактивті тақта кеңінен қолданылып, оқытудың тиімділігін арттыруға ықпал етуде. Оның негізгі мүмкіндіктері:

  • Сабақ кезеңдерінде уақытты үнемдеуге көмектеседі.

  • Дайын материалды қайта-қайта қарап, талдауға мүмкіндік береді.

  • Мұғалім мен оқушының шығармашылық жұмысын көрнекі түрде әрлеуге жағдай жасайды.

  • Дамыта оқытуға арналған тапсырмалар құрастыру мүмкіндігі мол.

  • Кітапханасы арқылы қажетті сурет пен материалдарды жедел алуға болады.

  • Бейненің сапасын сақтап, фрагменттерді үлкейтіп көрсетуге мүмкіндік береді.

Интерактивті тақта элементтерін қолдану оқушыларды тек тыңдауға емес, көріп қабылдауға да үйретіп, түсінуді тереңдетеді. Сонымен қатар, әр тарауды аяқтағанда немесе жаңа тақырыпты бекіткенде тестілеу жүргізіп, бір уақытта бірнеше оқушыдан жауап алуға болады.

Нәтижелерді график түрінде шығарып, жедел бағалау және оқушылардың материалды меңгеру деңгейін талдау мүмкіндігі артады. Уақыт беру арқылы тұйық оқушылардың ойын білдіруіне, ал енжар оқушылардың қызығушылығын күшейтуге жағдай жасалады. Жауаптарды құпия түрде ұсыну да қолайлы.

Электрондық тесттер: бақылау мен өзіндік жұмыс құралы

Жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында электрондық тесттерді қолдану оқытудың тиімділігін арттырып, оқушының өздігінен жұмыс істеуін қолдайтын маңызды құралға айналады. Тест тапсырмалары қысқа әрі нақты сұрақтардан тұрғаны дұрыс. Техникалық құралдар тестті тез, дәл және үнемді орындауға мүмкіндік береді. Электрондық тесттерді оқу үдерісінің кез келген кезеңінде қолдануға болады.

Мысалы, электрондық тесттерді Aktivstudio Professional Edition V3 бағдарламасындағы «Оценка» модулі арқылы құрастыруға болады. Мұғалім алдын ала дайындалған тест арқылы кез келген уақытта өтілген тақырып бойынша білімді тексереді, ал оқушы өзін-өзі бақылауға мүмкіндік алады.

Үлгі тест тапсырмалары

  1. Бейэлектролиттер арасындағы электролиттер: A) H2SO4 Б) Na2SO4 В) O2 Г) KOH Д) CO2
  2. Қатарда артық: A) H2 Б) C6H12O6 В) H2O (дист.) Г) NaNO3 Д) CO2
  3. Электролиттік диссоциация теориясының негізін қалаушы: A) Аррениус С. Б) Каблуков И. В) Кистяковский В.
  4. Дұрыс жазылған диссоциация үдерісі: A) KI K+ + + I Б) KI → K+ + I В) KI K+ I Г) KI K + I+
  5. Электролиттер арасындағы бейэлектролиттер: A) Cu(OH)2 Б) H2 В) HCl Г) CH4 Д) CuSO4
  6. Қатарда артық: A) NaOH Б) C12H22O11 (сахароза) В) ZnSO4 Г) BaCl2 Д) HNO3

Қорытынды

Қорытындылай келе, ақпараттық технологиялардың тиімділігі — оқушылардың біліміндегі олқылықтарды жүйелі түрде анықтап, түзету жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беруінде. Қазіргі заманның даму қарқыны мұғалім шығармашылығын жаңаша, ғылыми-зерттеу бағытында құруды талап етеді.

Компьютер мұғалім мен оқушы жұмысының ұйымдастырылуына кең мүмкіндік береді, оқыту әдістерін сапалы әрі жан-жақты қолдануға жағдай жасайды. Ақпараттық технологияларды сабақта тұрақты және жүйелі пайдалану оқушының оқу әрекетін түрлендіріп, зейінін белсендіреді, шығармашылық әлеуетін арттырады.

Ақпараттық технология арқылы жасалған тест тапсырмалары уақыт пен шығынды үнемдеп қана қоймай, оқушыларды өз білімін бағалауға үйретеді. Ең бастысы — өзіндік білім алуды қамтамасыз етіп, әртүрлі дереккөздерден маңызды ақпаратты іріктеу және табу дағдыларын дамытады.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. К. Жантелова. Қазақ тілін ақпараттық технологиялар жүйесімен үйрету. «Қазақстан мектебі», №3, 2013, 21-бет.
  2. Ә. М. Нұрмағамбетова. Ақпараттық-коммуникативтік технологияны оқу үдерісінде пайдалану. «Педагогикалық альманах», №3–4, 2010, 64-бет.
  3. А. Ғабитқызы. Кәсіби құзыреттілік және жаңа ақпараттық технологиялар. «Қазақстан мектебі», №11, 2012, 5-бет.
  4. Б. Ибраимова. Ақпараттық технология — нәтижелі білім берудің көзі. «Қазақстан мектебі», №6, 2012, 3-бет.
  5. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
  6. М. Ж. Жадрина. Жалпы білім берудегі жаңа үрдістер. «Открытая школа», №5, 2004.