Бірде апасы үлкен ағасынан

Күйтабақ пен жырдың тынысы

Түскі шайын ішіп болған соң, апасы кейде: «Маған “Қыз Жібекті” қойып берші», — дейтін. Бұл болса, далаға ойнауға кеткісі келіп тұрғанымен, апасы өтінген соң, қойып беруі керек.

Радио үлкен бөлмеде тұрады. Апасы сол бөлмеге өтіп, қасына сүйенетін жастығын алып, жыр тыңдауға ыңғайланып отырады. Бұл радионың кішкентай түймесін басады. Түйме басылған сәтте радионың бетінде аппақ самаладай жарық сәуле жарқ ете қалады.

Егер түймені қайта басса, самаладай сәуле сөніп, радионың жарты бетінде қызылды-жасылды жарық бірқалыпты жанып тұрады. Ал күйтабақтардың арасынан эстрадалық бағыттағы бір пластинканы алып ойнатса, әлгі қызылды-жасылды жарықтар дауыс пен әуеннің ырғағына қарай жанып-сөне бастайды.

Радиодағы жарықтың «мінезі»

  • Әншінің даусы тым биікке көтерілсе, жарықтардың ішіндегі ашық көгілдір сәуле өзге түстерден бөлініп, барынша шұғыла шашып тұрып қалады.
  • Даусы төмендегенде, көк шұғыла да іле-шала бәсеңдеп, сөне қалады.
  • Музыканттың гитарасы әуенді қайырмалап тұрған сәтте ашық қызыл шұғыла ғана бөлініп, жарқырап тұрып қалады.
  • Әнші қайта жалғағанда, қызыл шұғыла да бірте-бірте бәсеңсиді.

Дәстүрлі жырдың өзегі — сөз

Қазір апасы «Қыз Жібекті» қойып беруді сұрап отыр. Дәстүрлі әндерді қойғанда, қызылды-жасылды жарықтар эстрададағыдай құбылып ойнай бермейді. Тек жыршы даусын көтеріп «әу» деп қалған сәтте ғана көгілдір сәуле бір мәрте жарқ етіп, дереу сөнеді.

Дәстүрлі жыр тыңдағанда ең дұрысы — жарықтарды сөндіріп қою. Өйткені оның қасиеті әуеннің ойнақылығында емес, сөзде, сөздің құдіреті мен салмағында жатыр.

«Қыз Жібек» жырының күйтабақтары да әлгі жарықтардың түсіндей қызылды-жасылды еді. Бұл солардың алғашқысын алып, радионың бетіне қояды да, үстіне инені орналастырады. Пластинканың беті аздап сызылғандықтан, радиодан қытырлаған дыбыс естіліп тұрады. Жыршы домбырасын қағып жырды бастайды, ал арасында әйел адамның құлаққа жағымды үні қара сөзбен жазылған мәтінді дауыстап оқып отырады.

Ойнағысы келген баланы ұстап тұрған нәрсе

Бұл енді далаға жүгіріп кеткісі келеді. Бірақ осы бөлмеге еріксіз байлап қоятын бір нәрсе бар: күйтабақ үстіндегі ине кейде тоқтап қалады. Ине тоқтаса, жыршы бір айтқанын қайта-қайта қайталап тұрып алады. Мұндайда апасының тыңдап отырған әсері бұзылып кетеді.

Сондықтан бұл апасының жанына барып, жүгініп отыра қалады да, өзі де еріксіз жыр тыңдауға кіріседі. Осылайша ұзақ жырды тыңдауға үйреніп кетеді.

Сансызбай — бала жүрегіндегі батыр

Бұған, әсіресе, жырдың ішіндегі Сансызбай бейнесі ерекше ұнайтын. Оның батырлығы ағасы Төлегеннен артық болмаса, бір де кем емес.

«Сол елде, сірә, жігіт жоқ па, тәңірі-ай, жесірін іздеп келіп неге алмайды».

Ару Жібектің тілегі ақыры орындалады: Сансызбай жолға шығады. Ол Жібекті жаумен шайқаса жүріп алып қалады. Бұл — тек жеңіс емес; қазақтың ару қызын жаттың құшағына бермеген батырдың ісі.

Апасы жырды тыңдап болған соң, үйдің күнделікті тірлігіне кіріседі. Бұл да дәл сол кезде сыртқа қарай сытылып шығып кетеді. Артынан апасының даусы естіледі: «Әй, тым ұзап кетпе, жұмсағанда керек боласың».


Балалық өлшем: жақсы мен жаман

Бала болмысты екіге бөлетін: жақсы және жаман. Ол «жақсы» деп қабылданғанның бәрін адамдар да жақсы көреді, ал «жаман» деп қабылданғанның бәрін адамдар да жаман көреді деп ойлайтын.

Хан Кененің атын ол ең алғаш рет апасының аузынан естиді. Бірде апасы үлкен ағасынан: «Балам, осы Хан Кенені неге айтқызбайды?» — деп сұрайды.

Ағасы шылым тартуға ыңғайланып, сыртқа беттеп бара жатып, артына бұрылып: «Ол кісі орысқа қарсы шыққан, апа. Сондықтан айтқызбайды», — дейді.

Сол сәтте ұршық иіріп отырған апасы қабағын түйіп: «Ой, құдай-ай…» — деп қалады.

Жақсылықтың бала санасында пайда болуы

Осы әңгіменің өзінен-ақ бала Хан Кенені жақсы адам деп қабылдайды. Бірақ оған ешкім «ол жақсы» деп тура айтып тұрған жоқ қой. Ендеше, ол ұғым баланың санасында қалай пайда болды?

Себебі балалар апаларын жақсы көреді. Ал «апаңды неге жақсы көресің?» деп сұраудың өзі әбестік сияқты. Бала санасы тым қабылдағыш әрі сезімтал: апасы ол кісінің есімін ерекше ілтипатпен атады; ағасының жауабынан кейін қабағын түйіп, қынжылды. Демек, ол кісінің айтылғанын қалағаны анық. Егер жақсы адам болмаса, апасы оған сонша тілектестік білдірер ме еді?

Бірақ бала бәрібір бір нәрсені түсінбейді: ағасының жауабынан кейін оның көкейінде бір сұрақ қалады — «Жақсы адам жақсы адамға неге қарсы шығуы керек?» Ол мұның жауабын кейін, өскенде ғана ұғады.