Мектеп қабырғасында өткізген әрбір күнім, әрбір қырық бес минуттарым балалық шағымның балғын уақыты болып қалмақ

Мектеп — ұмытылмас жылдар мекені

Имашева Айжан, 11-сынып, №126 мектеп-лицей

Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттер — мектеп қабырғасында өткен уақыт деп ойлаймын. Мектеп — білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде әр бала 11 жыл сапар шегеді.

Мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, таудай болып шығамыз. Алғашында мектепке келіп, әр әріпті, әр санды жазып үйрену қаншалықты қиын еді! Уақыт өте бәрі өзгереді: жазуды да, оқуды да, санауды да меңгеріп шығамыз.

Бір кездері «Қашан ғана осы мектепті бітірер екенмін?» деп жиі ойлайтынмын. Ал қазір мектебіммен қоштасқалы тұрғаныма әлі де сенер емеспін. Көзді ашып-жұмғанша, міне, 11 жыл да өте шықты.

Мектеп қабырғасында өткізген әр күнім, әр қырық бес минутым — балалық шағымның балғын шағы болып жадымда қалмақ. Мектеп — біздің екінші отбасымыз, ақылшы анамыз, ұстазымыз. Мектепте біз шынайы дос табамыз, білім аламыз, өмірді танимыз.

Ұстазға алғыс

Мектеп бізге талай бақытты күн сыйлады, тірек болды, жылулық пен қуаныш сыйлады. Ал ұстаздарымыз бізге білім үйретуден еш жалыққан емес.

Бастауыш сыныптағы ұстазым Нұрсұлу апайыма ерекше алғыс айтқым келеді.

Ол маған өз жылулығын сыйлап, әріп танытып, санауды үйретті. Әр баланың жүрегінде дәл осындай мейірім иесі ұстаздың ізі қалады деп сенемін.

Мектепте өткен уақыт — адам өміріндегі шаттыққа толы кезең. Сол күндер жадымызда мәңгі сақталады.

Түлек атанар шақ

Бүгін мен — мектеп бітіргелі тұрған түлекпін. Мектебіммен қимастықпен қоштасқалы жатырмын. Сыныптастарыммен өткізген әрбір қызықты сәт — ешқашан ұмытылмайтын естелік.

№126 мектебім маған үлкен өмірге жолдама берді, өмірге дайындады. Мен осы мектепте 1-сыныптан бастап оқып келемін. Енді мектептің алдындағы міндетім аяқталғандай көрінгенімен, мен өзімді әлі де мектебіме қарыздар сезінемін.

Алдағы уақытта өз алдыма үлкен мақсаттар қойып, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, қалаған оқу орныма түсіп, бір мамандық иесі атанғым келеді. Мені мәпелеп өсірген ата-анамның үмітін ақтау — ең басты парызым. Осы мақсаттарыма міндетті түрде жетемін деп сенемін.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы