Қара сұлбаны қарғыс атсын

Бетон үйдің қоңырауы шолпы сылдырындай сыңғыр ете қалды. Қолына ыстық кофені ала берген Серафима дір ете түсті. Таң атпастан бейсауат жүрген біреу ме деп елеңдеді. Бірақ қарадан-қарап шошып кеткеніне өзі де таңырқады.

Дегенмен өмір бойы әлдебіреуді елеңдей күтіп келе жатқан аңсар сезім сырғыған сынаптай соғып өтті. Ауыр денесін әрең қозғаған әйел темір есіктің “көзінен” қарады. Қабат үйдің кіреберіс алаңқайында екі адам тұр: ұзын бойлы, қара киімді қарт келесі қабатқа көтерілер баспалдақтың қашағашына сүйеніпті. Қасындағысы немересі шығар — тым жас көрінді.

Көрініс

Қоңырау тағы сыңғыр етті. — Бұл кім? — деді Соня. Қарттың дауысы қарлығыңқырап шықты: “Мен — әкеңнің бір танысы едім... Сен мені танымайсың. Әкеңе де көп болды, хабарласпағам. Қам жеме. Өз басыңа айтатын бір ауыз сөзім бар... Әкеңе емес. Сол үшін құлқын сәріден келіп тұрмын. Ғапу ет!”

Бұл еріксіз есік ашты. Қарт табалдырықтан аттар-аттамастан қасындағы жас жігітке: “Сен сыртта күте тұр!” — деді. Екі бөлмелі пәтердің қонақ бөлмесіндегі креслоға келіп отырса да, қара пальтосын иығынан тастамады, өңірін ғана ашып қойды. Кіршіксіз ақ көйлегі мен қара костюмі көрінді.

Соня “Кофе ішесіз бе?” дегенде қарт басын изеді. Сонда ғана байқады: қара құлақшынын умаждай қыса ұстаған салалы саусақтары дірілдеп, еті қашқан иықтары да қара пальтоның астында селкілдеп кетіпті. Әлде кәріліктен, әлде жүйкеден.

Қара сұлбаның сыры

Кофе құйып жатып Соня өзіне ерте ме, кеш пе біреу келетіндей болып тұратын ұры сезімін ойлады. Ол сезімге тап басып сенбесе де, жалғыздықтан елегізген сәтте бой алдыратын. Ішкі бір интуициясы сездіретін. Сондайда есік жаққа елегізе қарап, елеусіз қорқынышқа сыр беріп қоятын. Бұл үрей кейде әке-шешесі туралы түсінде де көрінетін.

Бірақ өмір бойы күткені дәл осы селкілдеген қарт болады деп ойламаған. Кресло алдына қойылған шыны үстел үстіндегі фарфор кесені қолына алса да, қария іше алмады. Аузы кемсеңдеп кетті. Нұры семе бастаған қой көздері ғана мейірімге толы екен.

Қарттың мойындауы

— Қарағым, ғапу ет. Көзіме әкеңдей жылы ұшырап кеттің... Өзімді ұстай алмай отырмын. Кәрілік те қиын екен.

— Көкірегіме ұялаған құпиямды бір күні о дүниеге алып кетем бе деп қорқам. Бұ дүниеден қорқам. Өмір бойы бұ дүниеден қорқып келем.

— Бұ дүниенің қиянаты о дүниеге кетпейді деуші еді баяғылар. Мені де сенің алдыңа дедектетіп әкелген — сол құдірет.

Соня іш тартып қалды. Суық тартқан өңі сұп-сұр болды. Сыр бермеуге тырысты. Қария болса сөзін үзбей, балкон терезесіне қадала берді; бір қолымен қу тізесін уқалап, бір қолымен құлақшынын умаждап отырды.

— Аруақтан қорқам. Аруақ айдап келді... Әкеңнің аруағы...

— Менің әкем тірі! — деді Соня. Даусы оқыс жарықшақтанып шықты.

Қарт селк ете түсті. Қолындағы құлақшыны еденге түсіп кетті. Бірақ сезбегендей, қос тізесін уқалай берді. Соняның сабырын сұрап, сөзін бөлмеуді өтінді. Сосын суып қалған кофені езуінен ағыза-тамыза ішіп салды да, ауыр күрсінді.

Ақиқат

— Қарағым, сенің екі әкең бар. Өзіңнің туған әкең баяғыда мерт болған, ол — бақилық марқұм. Ал қазіргі генерал әкең сені асырап алған.

— Туған әкең “халық жауы” деп атылып кеткен. Әлі күнге ақталған да емес... Мен де “ауыз жаласушысы”, “сыбайласы” ретінде ұсталдым. Маған өлім емес, Сібірден он жыл бұйырды.

— 1948 жылы қайттым. Бірақ сенің қазіргі әкең тағы соңымнан түсті. Туған әкеңе де, мен секілділерге де үкім кескен “үштіктің” бірі — осы әкең еді...

— Кейін ақталдым. Генерал әкең ақталуыма да атсалысты. Екі бөлмелі үй де алып берді. Кінәсін жуғаны шығар. Сол кездері сені көрдім: өз әкеңнен аумайсың, жүріс-тұрысыңа дейін ұқсайды.

Соня тістенген күйі бір-ақ сұрақ қойды:

Сұрақ

— Әкемнің есімі кім?

Қарт: “Қызым, саған айтайын дегенім осы еді. Қазір заң да, заман да өзгерді, әкеңді ақтап алуға болатын шығар. Есімі — Ризахмет Долдаев. Сені ‘Ақсәулем’ деуші еді,” — деді.

— Ақсәуле?.. — деді Соня.

Қарт сүйретіле орнынан тұрды. Ұзын бойы тіреудей сорайып, қара пальтосы шұбалаңдай қозғалды. Есік тарс жабылды. Қара киінген қара сұлба ғайып болды.

Тас түрме

Тас едені — сыз, тас қабырғасы — мұз. Таңертеңгі әңгімеден кейін Соня түрмеге тіксініп кірді. Ала көлеңке дәлізбен өз бөлмесіне өтті. Жартылай жер астына батқан жертөле бөлмеге кішкентай темір торлы терезеден күн сәулесі де мардымды түспейді.

Құзғын сәріден келген қара сұлбаның кесірінен жұмысына да кешігіп жетті. Бұл түрмеші болып істегелі қанша жыл өтті: он тоғызында Ішкі істер мектебін бітіріп, генерал әкесінің ұйғарымымен түрме табалдырығын аттаған. Содан бері қырық жылдай уақыт өтіпті. Тас түрме де мұның бетон баспанасындай “үйіне” айналған.

Салқын кәсібі, суық сезімі

Қызметі қанша ауыр болса да, ет жүрегі беріштеніп, еті өліп кеткен жан еді. Бірақ қара сұлбаның әңгімесі жайбарақат жан дүниесін астан-кестен қылды: жүрегін жасытып, тәнін тіксінтіп, санасын суытты. “Ақсәуле” деген ат — “Серафима” деген есімнен бұрын келді. Сонда өзі кім?

Түрме ішіндегі байланыс телефоны шар ете қалды. Соня қарадай шошып кеткен күйіне күйінді де, тұтқаны көтерді. Бүгінгі “іс” белгіленді: 10:30. Тұтқаны орнына қойып, темір сейфті ашты. Ішінде қаз-қатар тізілген бес тапанша тұр. Бұл жолы “Макаровты” таңдады. Оқшантайын шығарып, оқтарын тексерді. Сейфті жауып, тапаншаны жалпақ белдігіндегі былғары қорапқа салды.

Дәлізге шықты. Ұзын дәліз күңгірт. Төбедегі жарық та көмескі. Соня түкпірге қарай қозғалды. Өз жүрегінің дүрсілін ғана естіді. Бұл жертөле қабат бос әрі тып-тыныш: қара көлеңкеде өзі ғана келеді, өз дүрсілін өзі ғана тыңдайды. Он тоғыз жасынан бері.

Екі “қара сұлба”

Құдай-ау, өзі де таң сәріден келген қара сұлбадан айырмашылығы жоқ екен. Ол да, бұл да — “қара сұлба”. Өмір бойы біреу есігін ертемен қағып кіріп келетіндей көрінетін. Ақыры келді. Қара сұлба болып келді. Ғұмыр бойы күткені өлмелі бір шал боп шықты.

Тар дәліз түкпіріне жетті. Әлдебір темір есікті кілттерін сылдыратып ашты. Ар жағынан дыбыс естілмесін деп киізбен қапталған ауыр емен есіктің де кілтін салды. Бөлмеге кіріп, күңгірт жарығын жақты да, екі есікті мұқият жапты.

Сағатына қараса — он жарым. Қарсы қабырғадағы алақандай екі “үкі” темір қақпақшаға барып, бірін айналдыра ашты. “Үкі көзінен” күңгірт сәуле көрінді. Ортасындағы қап-қара түймені басты: өзі тұрған бөлменің жарығы өшіп, “үкі” тесіктен күлгін сәуле құйылды.

Күлгін түсті күңгірт бөлменің қақ ортасында біреу теріс қарап отыр: таныс орындық, темір құлақшаға кісенделген екі қол, ту сыртынан көрінген тақыр бас. Қара киім. Қара сұлба.

Үкім сәті

Соня тапаншасын алды. Ойланып жатпастан ұңғысын “үкіге” сұға беріп, басып-басып-басып қалды. Машықты қол мен мерген көз мүлт кеткен жоқ. Жез аралас мырыш оқ қара сұлбаны дәл тапты. Қара сұлба күңгірт бөлмеде қиық айдай имиіп, мықыр мойны сылқ етіп, тақыр басы салбырады да қалды.

Қара күз, қара ой

Қала ішін де жалғызілікті әйелдің көңіліндей қарасуық жайлады. Қара күздің ызғары қарыған бақ ішін ұзақ аралап, сызды ауасын сіміре жұтып, кештетіп келсе де, үйге сыймады. Тәбеті де тартпады. Ерте жатып қалды. Қарадай қалжырағанына налыды. Қара сұлбаны қарғыс атсын: орнықты ойын ойран-топан еткен де, суық ақылын айран-асыр қылған да — сол.

Бірақ өмір бойы елегізіп күткені де сол емес пе? Иә, күткен. Біреуді — біреу емес, бәлкім, әлдебір ер адамды. Ал күткені — қаусаған қарт — қара сұлба болып шықты. Мінезі ауыр еді. Тәңірі солай жаратқан. Қарттың “әкең сондай сабаз жан” деуі де рас шығар.

Ішкі кек

Өткен әңгімеден соң тірі әкесіне секем алып, “Ризахмет Долдаев” деген есімді Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінен сұратып тексертті. Істің өмірбаяндық деректері мен үкімі оқытылғанда, қара киімді қарттың сөзі рас болып шықты. Соня тілін тістеп кері қайтты.

Түннің бір уағы болды. Ұйқысыздықтан жүйкесі сыр беріп, қарадай қасірет шекті: қара сұлбаға қатулы, өлі әкесіне күйінулі, тірі әкесіне кектенулі. Ал түрмедегі қаталдық — оның қызметі, мұңсыз міндеті.

Ол жазалағандар — кісі өлтірген, сәби зорлаған қылмыскерлер. Ондайдан оның ары таза екеніне салқын санамен сенетін. Бірақ бүгін сол сенім де көңілге демеу бола алмады.

Түс

Әлден уақытта көзі ілінді. Қала да қалың ұйқыда. Соня ұйқыға енді ден қойған сәтте түс килікті — ең жазықсыз, ең жайлы түс.

Айдаладағы көрініс

Айдала. Өзі қалықтай ұшып келеді. Алдынан қала шықты — туған қаласы. Көп қабатты үйдің ауласы. Аулада қазан-ошақ көтерілген. Ақ орамал тартқан әйел бауырсақ пісіріп отыр. Өңді әйел — шешесі. Ол күлімдеп қарайды.

Үш қабатты биік үй жақтан бір ер адам көрінді. Жақындап келді. Бір қырындап тұр: орта бойлы, қыр мұрынды. “Әкесі екен” дейді. Бірақ жүзін түгел көрсетпейді. Шешесі секілді күлмейді. Қырындаған қалпын бұзбайды. Соня қай әкесі екенін айыра алмайды.

Әкесіне қарай жүрсе, ол кенет теріс бұрылып, ту сыртынан береді. Сол ту сыртынан “қара сұлба” болып көрінді. Бұрылғысы жоқ, жамалын жасырған күйі көк желкесін тосқан. Тас түрмеде тесік жапсардан көрінетін таныс мойын, таныс бас, таныс шүйде...

Соня түс ішінде: “Әке!” — деп айқай салды. Өз дауысынан өзі оянып кетті. Таң сібірлепті. Түс ғайып. Ақшыл перде көгілдір тартып, өз-өзінен қозғалып тұр екен.

Төбесінен тас құласа да тырс етпейтін жан еді, бірақ қойнынан қара жылан өргендей атып тұрды. Поезд доңғалағының дүрсіліндей жүрегінің мазасыз соғысын естіді — түрме дәлізінде жалғыз келе жатқанда өзі ғана еститін дүрсіл.

Дереу ас үйге ұмтылды. Сүріне-қабына жетіп су ішті. Әлден уақытта кешегі қара сұлба секілді қап-қара киінген Серафима үйінен сусып шығып жөнелді. Асыққаннан есігін де бекітпеді. Әлдебір қияметке бел буғандай. Қалтасындағы тапаншаның салқын құндағын қолымен қысып-қысып қояды.