Бір күні балаларым жұмыртқа жейміз десе, кемпір
Балалар өте көңілді. Жұбайым болса түске дейін бес рет жылады. Мен оны түсінбей отырмын.
Менің әкем төрт рет үйленген адам еді. Тірі болса, биыл 107-ге толар еді. Әкемнің соңғы жұбайы қазір жетпістің сегізінде. Мен оны шеше тұтамын. Шешем — алжи бастаған қарт кісі. Бұрын билеп үйренген адам ғой, «ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, әлі күнге дейін үй ішінде үстемдігін жүргізгісі келеді.
Үй ішіндегі «тәртіп»: бірнеше мысал
Таңғы самаурын және «ұйқының қадірі»
Қарт адамның ұйқысы сергек болады ғой. Шешем тұрған бойда, таң сәріде самаурын қояды. Біз ұйықтап жатамыз. Самаурын біресе өшіп, біресе жанып жатады.
Сиырын сауып, сүтін сепаратордан өткізіп, қаймақ, май жасап қояды. Біз әлі ұйықтап жатамыз. Самаурынды қайта тұтатады. Біз бәрібір тұрмаймыз.
— Жаға берсең, самаурынға отын да шақ келмейді екен, — деді бір жолы ол азанғы шай үстінде.
Мұны жұбайым қатты қабылдады.
Кешкі қонақтар және қанттың «есебі»
Біздің балалардың ауылда жаңа өскен туысқандары көп. Кеш сайын: «Пошли к нам ужинать!» — деп, балаларын ертіп келіп отырады.
— Бір тыныш отырып тамақ жей алмадық қой. Топтанып-топтанып келесіңдер де отырасыңдар... Қантты бір пиала шайға екеуден салмай, бір түйірден салып ішіңдер, — деді бір кеште шешем.
Бұл сөз де жұбайымның көңіліне ауыр тиді.
Жұмыртқа дауға айналған күн
Шешем тауық асырайды. Жұмыртқаны өзі жинайды. Сельпоға апарып, өткізіп, не қант, не сабын, не шай алып қайтады. Біз араласпаймыз.
Бір күні балаларым жұмыртқа жегісі келді. Кемпір: «Болды енді!» — деп, жұмыртқа бермей қойды. Балалар өштесіп, екі жұмыртқа ұрлап алған.
Бәрін есептеп отыратын кемпір әлгі екі жұмыртқаны күні бойы іздеді. Әйелім шыдамай:
— Апа-ау, сізге не керек? Екі жұмыртқада сіздің неңіз бар? — деп ренжіді.
Үй ішіндегі ұмытшақ бұйрықтар легі
Кейде үйден екі қадам шықсақ болды, кемпір қолын жайып, алдымыздан шыға келеді:
— Маған не алып келдің?
— Апа-ау, ешқайда барғанымыз жоқ қой.
— Ә, қайдан білейін. Қалаға барып келді ме деп ойлап едім...
Сосын өз-өзіне сөйлегендей болып: «Ай, ананы бүйттірме... мынаны өйттірме...» — деп бұрыла жөнеледі.
— Нені, апа?
— Қайдан білейін... Әйтеуір тірліктеріңді жөндеп істесеңдерші...
Айтқаны сол-ақ екен, қайтадан ұшып тұрады:
— Сүт тасып кетті ғой!
— Жоқ, тасыған жоқ. Суытып, ұйытқы салып ұйытып қойдық, апа.
— Бірақ ыстыққа ұйытпаңдар... Айран ашып кетпесін...
— Әлгі сойған қозының етін тұздап қойыңдар...
— Қай қозы, апа?
— Кеше соймақшы едіңдер ғой?
— Оның етін қонақтармен бірге өзіміз жеп қойдық қой...
— Асты көп асып, кейін ірітіп-шірітіп жейсіңдер...
— Түк қалған жоқ, апа!
— Сорпасы ашып кеткен жоқ па?.. Ашыған сорпа балалардың ішін өткізеді... Абайлаңдар...
— Айтпақшы, балалардан қалған айранды қапқа құйып қойыңдар, кейін одан құрт істеймін...
— Иә, барлық айранды қапқа құйып қойдық, апа...
Кемпірдің барлық қылығын тізе берсең, уақыт жетпейді. Тағы екі нәрсеге ғана тоқталайын.
Кілттің «патшалығы» және құлыпталған өмір
Кемпірдің қалтасы кілтке толы. Сандықтың да, буфеттің де, малхананың да, ұстахананың да кілті — бәрі соның қолында.
— Апа, ананы ашып беріңізші, — деп кіші інім кемпірдің соңынан қалмай жүреді.
Тәрелкелер оқиғасы
Бір жолы дүкеннен он шақты тәрелке алып келдік. Келін тамақ істеп жатыр екен. Тамақ дайын болғанда балалар шүпірлесіп дастарқанға жиналды. Ас алдымызға үлкен тегенемен келді.
— Апа-ау, жаңағы тостағандар қайда?
— Сандыққа салып қойдым.
— Беріңізші, салып жейік.
— Ас алдарыңда ғой, қолдарыңмен-ақ жей берсеңдерші, — деді кемпір.
— Астағфирулла, — деп мен жағамды ұстадым. Балалар күліп, қуырдаққа қолымен-ақ кірісті.
Жұбайымның шыдамы таусылып, мен жоқта әжесімен шатысып қалған екен:
— Шыдамдылықтың да шегі бар ғой! Сіз қашанға дейін бәрін құлыптап жүресіз? Балаларды былай қойғанда, мына қонақтардың алдында бізді ұялттыңыз. Сырттағы жұрт бізді көргенсіз демей ме? Бәрі құлыптаулы деген не сұмдық? Балаларыңыз бен келіндеріңізге сенбейсіз бе? Неңізді біз шашып жатырмыз ба?..
Кемпір де шыжылдап, келініне ауыр сөздер айтқанға ұқсайды. Сөздің аяғында ол келінін кеміте сөйлеп:
— Ай, сенің атаң болса мынандай ғана, — деп шынтақ саусағының тырнағындай ғана көрсетті, — бір жапырақ қап-қара шал болатын. Ал мен ақтамақ, ботагөз, сұп-сұлу келіншек едім, — деді.
Әйелім осы жерін айтып қамығып отырғанда, мен қарқ-қарқ күліп жібердім. Ол ашуланды.
Соңы — күлкіге айналған бір ауыз сөз
Үйге барсам, кемпір жайдары. «Барын алдымызға ағыл-тегіл қоямын» дегендей, айналшықтап жүр.
Тамақ үстінде мен кенже, кішкентай қызыма орысшалап: «Где есть кемпрушка, там есть капирушка!» — дегенді әжеңе аударып берші, дедім.
— Кемпірі бар үйдің — кәпірі бар! — деді қызым.
— Үй-буй! Барлық сырымды келін саған айтып қойған екен ғой, — деп кемпір санын бір ұрды.
Бәріміз ду күлдік.