Тәуелсіздік тұғыры биікте

Кіріспе бөлім

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгін сіздермен бірге «Тәуелсіздік тұғыры биікте» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер.

Тәуелсіздік — біздің ең басты бақытымыз. 1991 жылдың 16 желтоқсаны — тарихымыздағы ұлы күн: дәл осы күні Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік жылдарында еліміз көптеген жетістікке жетіп, еркіндік, бірлік, тұрақтылық және гүлдену сияқты негізгі құндылықтарын нығайтты.

Негізгі ой

Азаттық — қазақ халқының ежелгі арманы. Сол арман жолында талай қиындық көрсе де, халқымыз мойымады, күресе білді.

Тәуелсіздік — қасиетті ұғым. Еліміздің тұғыры жыл өткен сайын беки түсіп, биіктей берді. Тәуелсіздіктің бізге бергені ұшан-теңіз, ал берері бұдан да мол.

Оқушылардың өлең жолдары

1-оқушы

Тәуелсіздік бізге оңай келмейді,

Бұны ешкім аяп, ешкім бермейді.

Тәуелсіздік — Қайрат, Ләззат, Ерболдың,

Тас көшеде тас-талқан боп өлгені.

Ақталды боздақтардың ақ талабы,

Әділ іс әрқашанда ақталады.

Елі үшін жанын қиған асыл жандар

Ел есінде мәңгілік сақталады.

2-оқушы

Тәуелсіздік биік болсын, тұғырың,

Тарылмасын терең алған тынысың.

Бұдан алған күндеріміз құтты болсын,

Ұзақ болсын, ұзақ болсын ғұмырың.

3-оқушы

Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын деп шарқ ұрдым,

Желтоқсанда егеменді ел болсын деп талпындым.

Кеудемде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,

Айналайын, қасиетті халқымның.

Ән: «Желтоқсан желі»
4-оқушы

Тұрағым — Қазақстан, елді мекенім,

Сүйгем жоқ, сүйе алмаймын жерді бөтен.

Танытқан бар әлемге қазақ атын,

Туымды асқақтата желбіретем.

Ән: «Ақ көгершін»

Тәуелсіздік жылдарындағы белестер

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде сайын даланың төсінен бой көтерген айбынды Астана — еліміздің мақтанышы. Біз — тәуелсіз дәуірдің, егемен елдің бақытты ұрпағымыз.

Халқымыз тәуелсіздік жолында аз қиындық көрген жоқ, аз қасірет шеккен жоқ. Соған қарамастан, елдік рухымыз сынбады.

Тәуелсіздік монументі

Тәуелсіздігіміздің алғашқы қастерлі нышандарының бірі — Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументі. Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәсі болған алаңда бой көтерді.

Монумент Елбасының бастамасымен, белгілі мүсінші әрі Елтаңба авторларының бірі Шотаман Ыдырысұлы Уәлихановтың жобасы бойынша жасалды.

Желтоқсан рухы

1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыдағы алаңға жастар «Тәуелсіздік керек!» деген тілегімен жиналды. Өкінішке қарай, қақтығыс болып, көптеген жас жапа шекті, талайы қамауға алынды.

Бұл оқиға ешқашан ұмытылмайды: тарихтан алар орны ерекше.

Тәуелсіз мемлекеттің белгілері

  • Тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі — ұлттық валюта.
  • Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Қазақ тілі — бай, терең мағыналы, көркем тіл.
  • 1997 жылы 17 шілдеде тіл туралы заң қабылданып, мемлекеттік тіл мәртебесі нығайтылды.

Тәуелсіздік күні — ел жадындағы ұлы күн

16 желтоқсан — тәуелсіздік алған күн,

Ерекше боп ел жадында қалған күн.

Жасай берсін ұлы күн — үміті боп елімнің,

Желбіресін көк туы — нағыз көркі жерімнің.

Хор: «Арайлап таңым»

Қорытынды

Сондықтан ең басты құндылығымыз — Тәуелсіздігіміз. Бүгінгі жас ұрпақ тәуелсіздікті ардақтап, қадірлей білуі керек.

Үндеу

Ел бірлігі нығайсын, көк туымыз биікте желбіресін, тәуелсіздіктің тұғыры әрдайым берік болсын.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік тұғыры биікте» атты ашық тәрбие сағатымыз осымен аяқталды.