Елбасы Қазақстан халқына жолдауында Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс

Патриоттық деген не?

Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс», — деп атап өткен болатын.

Бұл сөз жастарға серпін беріп, оларға үлкен сенім артылатынын көрсетеді. «Елім, жерім, тілім, дінім» дейтін әр қазақты патриот дейміз. Бірақ бүгін өсіп келе жатқан жаңа буын — ертең ел тізгінін ұстайтын азаматтар — патриот ұғымын қалай түсінеді?

Шағын сауалнама

  • Патриоттық ұғымды қазіргі уақытта қалай түсінесіз?
  • Өзіңізді «патриотпын» деп айта аласыз ба?

Гүлмира

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті

Мен өзімді патриотпын деп есептеймін. Бұған дәлел — кез келген жерде, кез келген уақытта қазақ тілінде сөйлеймін. Егер мен жүрген орта қазақша ақпарат бере алмаса, ана тілімізде жауап беруді талап етемін. Бұл — өз тілімді құрметтеуім.

Меніңше, патриоттық тек елге, туған жерге деген сүйіспеншілікпен шектелмейді. Ол — қазақ халқына тән барлық құндылықтарды құрметтеу.

Айнұр

Қазақ ұлттық университетінің магистранты

Әрбір «қазақпын» деген азамат өз елінің патриоты болуы тиіс деп ойлаймын. Сондықтан өзімді де патриотпын деп толық айта аламын. «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар ғой: кішкентай кезімнен ата-анам мені мектепке бермей тұрып-ақ Әнұранды жаттатып, рәміздердің мәнін түсіндіріп өсірді.

Осылайша Отанға деген алғашқы сезімім қалыптасты. Қазір халқымыздың өткен тарихы мені қатты қызықтырады: оқудан да, танып-білуден де жалыққан емеспін. Мұның бәрі — ұлтыма деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Сондықтан жастар үшін бірінші орында тілге, елге, ұлттық құндылықтарға құрмет тұруы керек деп есептеймін.

Ерлан

Мәскеудегі университеттердің бірінде оқитын аспирант

Иә, өзімді патриотпын деп санаймын. Қазір мен елімнен жырақта, көрші мемлекетте білім алып жүрмін. Бөлмемде көк туым мен қара домбырам бар. Тіпті көрпе-жастығымнан бастап, жамылатын жапқышыма дейін қазақтың ұлттық ою-өрнегімен көмкерілген.

Қара шайды да қазақ оюы салынған кесемен ішемін. Қол дорбам, қалта әмияным — бәрі қазақтың нақышымен тігілген. Мұның бәрін арнайы іздеп жүріп алдым, кейбірін тапсырыспен жасаттым.

Өз еліңде жүргенде онша байқалмайды екен, ал өзге елде жүргенде туған жерге деген сағынышты сөзбен жеткізу қиын. Қазақстанға қатысты қандай да бір жаңалық болса, бәрін қоя салып тыңдаймын.

Қасымда Африкадан, Түркиядан, Үндістаннан келген достарым оқиды. Олар біздің дәстүріміз бен мәдениетімізге қызығушылық танытады — бұл мен үшін мақтаныш. Қазақ екенімді мақтан етемін.

Меніңше, патриоттық белгілі бір уақытқа немесе кезеңге бөлінбейді. Ол — әрдайым ұлтыңа деген ыстық сезім.

Аида

Қазақ ұлттық университетінің магистранты

Өзімді патриотпын деп ойлаймын. Қазаққа қатысты қандай да бір мәселе болса, бейжай қарай алмаймын. Қолымнан келгенше көмегімді ұсынуға дайынмын — бұл ұлтыма деген ықыласымнан деп білемін.

Былтыр Лондонда өткен жазғы Олимпиадада еліміздің әр спортшысына жанкүйер болдым. Әсіресе спортшыларымыз алтын медаль алып, көк туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалған сәтте көзіме еріксіз жас келді. Бұл — ұлтыма деген үлкен махаббат.

Көрген бір мысалым

Бірде таңертең аялдамаға бара жатқанымда, жасы 3–4 шамасындағы түрік баласы қолын жүрек тұсына қойып, дауыстап қазақтың Әнұранын айтып келе жатты. Әнұран біткен соң қайтадан тағы айтты. Қасындағы әкесіне де «сен де бірге қосылып айт» деп қолқа салды. Сонда «Отанды сүю отбасынан басталады» дегеннің мәнін айқын түсіндім.

Күн сайын сол жолмен жүріп өтемін: қаншама қазақтың кішкентай баласын көремін — бірі мектепке, бірі балабақшаға асығады. Бірақ олардың ешқайсысын Әнұран айтып бара жатқанын осы уақытқа дейін байқамадым.

Айтарым: әр қазақ баласын кішкентайынан осындай тәрбиеге баули алсақ, еліне де, ұлтына да жаны ашитын ұрпақтың саны көбейер еді.

Мәулен

Студент

Әрине, өзімді патриотпын деп айта аламын. Оған негіз бар. Жақында «Шахтер» мен «Селтик» арасындағы ойын болды ғой — қаншама қазақ жанкүйер болды, соның ішінде мен де бармын.

Футболға аса қызығушылығым жоқ. Бірақ өз елімнің командасы ойнап жатқанда бейжай отыра алмадым. Стадионға бара алмасақ та, достарымызбен жиналып үйде көрдік: қолымызда көк ту, гол соғылған сәттегі қуанышты сөзбен жеткізу қиын.

Мұның бәрі — елге деген сүйіспеншіліктен. Егер патриот болмасақ, мұндай сәтте қуаныш та, шаттық та сезілмес еді. Керісінше, «қойшы, бәрібір ұтылады» деп қол сілтеуге болар еді.

Қазіргі уақытта патриоттық, меніңше, ең алдымен елге құрметтен, содан кейін тілге құрметтен басталады. «Патриотпын» дейтін жастардың алғашқы қадамы — ана тілімізді құрметтеу болса екен.