Екі кезі таспадай шұбалып, таусылмай алға бастаған соқпақ жолда
Жолдың шеті қайда?
Бес жасар ұлы Балғынды Бәзіл жылқышы алдына мінгізіп алған. Түні бойы көмекшісі баққан жылқыны кәнігі көзбен аралап, түгендеп, көңілі жайланған соң, енді сәскелік қымызға үйге қайтпақ. Жайлаудың адырлы кеудесін тіліп өткен жіп-жіңішке, жалғыз аяқ соқпақпен келе жатыр. Астында құйрық-жалы төгілген, аяңшыл торы.
Әкесінің алдына міну — Балғын үшін зор қуаныш. Дүниеге төбесінен қарап тұрғандай мерейленіп қалады. Сәбилік қиялы шартарапқа жосылып, өзімен-өзі іштей күмбірлеп сөйлесіп келеді. Алдында таспадай шұбалған, таусылар емес соқпақ жол.
Сұрақтан басталған сапар
Кенет Балғын әкесіне бұрылды:
— Ата, осы жолмен жүре берсең, жүре берсең, қайда барады?
— Анау таудан асып, өз ауылымызға барады, — деді Бәзіл.
— Сол жерде таусыла ма?
— Жоқ, таусылмайды.
— Одан әрі қайда барады?
— Дуылдан әрі даңғыраған тас жолға қосылады да, ауданға барады. Есжан ағаң қызмет істеп жүрген жаққа.
— Одан әрі қайда барады?
— Одан әрі Алматыға барады.
— Алматыдан әрі қайда барады?
— Поезд жүретін темір жолды білесің бе, естіп пе едің?
— Білем.
— Білсең, тас жол одан әрі темір жолға қосылады да, тартқаннан тартып отырып, Москваға барады. Жол атаулының бәрі Москвада тоғысады.
Бір сұрақ бастаса, түбіне жетпей Балғын, сірә, тоқтамайтын.
Қиялға бекіген сенім
Жол жайындағы әңгіме Балғынның көңіліне нық орнады. Өмірдің мәнді бір қырын ашып танығандай болды. Таспадай шұбатылған әлгі соқпақ олардың үйінің дәл іргесінен өтеді. Енді Балғын сол жолмен тоқтамай жүре беруді армандайтын болды: ерте ме, кеш пе, алдынан жарқ етіп Москва көрінетініне шүбәсіз сенді.
Бір күнгі ұзап шығу
Бір күні осы ойдың жетегімен Балғын Айнабұлақтың жасасын қоныс еткен жылқышылар мекенінен едәуір ұзап шығып кетті. Соқпақты қуалай жүріп келеді, жүріп келеді. Бірталай жүрген соң дөңнен асты.
«Шіркін-ай, анау таудан асып, тағы бірнеше таудан ассайшы. Москваға жетіп барар едім-ау!» — деп қиялдайды.
Көзбе-көз барып көрмесе де, суреттен, кинодан таныған ұлы қаланың бейнесі көз алдынан кетпейді. Жер бетіндегі алуан жолдардың бәрі Москваға барып тіреліп, тоғысып, түйісетіндей әсер алады. Кремль мұнарасы, Ленин Мавзолейі, Қызыл алаң — бәрі де Балғын жадындағы суреттер.
Жағасы жібектей көгал шөппен көмкерілген соқпақ жол «жүр, жүре бер, тоқтама» деп Балғынды еліктіре жетелегендей. Сонау беткейде бір қора қой жайылып жүр — кілең аппақ. Одан әрі жұмыртқадай ағарып күнге шағылысқан малшылардың ақ үйлері көрінеді. Ал соқпақ жол тартқан сымдай қарайып, әрі қарай созылып барады.
Бұлай жүріп Москваға жете қою оңай емес екенін Балғын, әрине, түсінеді. Сол жерде тоқтады да, енді ілгері қарай қиялымен самғады.
Қиялдағы үлкен сапар
Соқпақпен зымырап ауылға жетті, ауданға жетті. Одан соң машинаға отырды. Асқар тау мен айдын көлдерді артқа тастап, зулап отырып Алматыға келді. Енді поездға мінді. Паровоз айқайын салып, жер апшысын қуырып алға тартты. Бүкіл дала дөңгеленіп артта қалып жатыр.
Ұшқан құстай қалбақтаған, қызарып жанған қызыл жұлдыздар, текшеленген зәулім үйлер көрінді. Бұл — Москва.
Шындыққа қайта оралған сәт
Арт жақтан тасыр-тұсыр ат дүбірі естілді. Сол үн қиялды шарт үзді. Балғын жалт бұрылып қараса, үш-төрт салт атты көлденеңдеп өтіп барады екен. Бұлар қаладан келген артистер болатын.
Соңғы сұрақ, соңғы жауап
Артистердің біреуі ат басын тежей: — Мына баладан сұрайықшы! — деді де, Балғынға қарай бұрылды: — Балақай, мына жол қайда барады?
Балғын кідірген жоқ, мүдірмеді: — Бұл жол Москваға барады!