Хазар жақтан тыныштық боп күлген күн
Туған күндегі әңгіме: бір арманның салмағы
Бұл оқиға бір қыздың туған күнінде болған еді. Әлгінде ғана дастарқан басынан тұрып, өзара сөйлесіп тұрған ұлдардың жанына осы үйге алыстан-жақыннан туыстығы бар, орта жастағы медбике әйел келді.
— Осы сол қара бала сендермен бірге оқыған, иә? — деді ол жігіттерге қарап.
— Иә, — деді жігіттер.
Медбике әйел басын шайқады да, баяу үнмен әңгімесін бастады. Сол баланың ауыр жарақат алған күні аудандық ауруханаға өзі жеткізгенін айтты. Жол бойы бала бір ғана сұрақты қайта-қайта қойған екен:
— Апа, мен енді солдат бола аламын ба?
— Айтшы, апа, мен енді солдат бола аламын ба?!
Медбике әйелдің айтуынша, бала оны «сол арман өз қолымда тұрғандай» көріп, жауап күтумен болған. Өзі де егіліп кетіпті.
— Боласың! Неге болмайды? — деп жұбатқан. — Жарақатыңнан жазыласың. Солдат та боласың!
Бала сенер-сенбесін білмей, қайта сұрай берген: «Өтірік айтып тұрған жоқсың ба, апа? Солдат болуға мен енді жараймын ба?»
Медбике көрген ерекше сабыр
Медбике әйел бұл салада көптен бері істейтінін, талай науқасты көргенін айтты. Әдетте адам жаны қиналғанда: «Дәрігер, бірдеңе істеңдерші, жаным ауырып жатыр» деп шағымданады. Ал мына бала, жарақаты тым ауыр болса да, бір рет те ауырсынуын айтпапты.
Оның қорқынышы басқа еді: солдат бола алмай қалу.
Аудан орталығына дейін ұзақ шақырымдар. Көлік құстай ұшып келеді. Ал бала сол бір сұрақты ғана қайталай берген.
Он сегізге толар шақтағы арман
Қара баланың жасы он сегізге толуына санаулы уақыт қалған екен. Ол күзгі шақырылыммен кеңестік әскерге ілігуді күтіп жүріпті. Әскерге шақыру қағазын асыға күтеді. Соған дейін еңбек етіп тұрайын деп шешкен.
Бірақ жұмыс үстінде ауыр жарақат алып қалады. Аудандық аурухана оны облыстық ауруханаға жөнелтеді. Өкінішке қарай, облыстық ауруханада ота үстінде қайтыс болып кетеді.
Ол солдат болуды армандады. Арманы — соңғы деміне дейінгі жалғыз сұрағы болып қалды.
Сарбазға арналған өтініш және сөздің көпірі
Бірде сайт бетінен солдат жігітке арнап өлең шығарып беру туралы өтініш оқылды. Мұндай өтініштер бұрын да келетін, көбіне тойға арналған өлең сұрайтын. Поштасын қалдырғандарға сұраған өлеңдері жазылып берілетін.
Бұл жолғы өтініш иесіне өлең жазып берген соң, өлең арналып отырған сарбаздың кім екенін сұрады. Сөйтсе, өтініш иесі — Сыр бойындағы университеттің студент қызы екен. Ол өлең шығартып отырған солдаттың әскерде ант қабылдайтын күні жақындап қалыпты.
Екінші хат: туған күн, сағыныш, санаулы күн
Күз айында қыз екінші рет өтініш жазды. Қаңтарда ант қабылдаған солдаттың әскердегі туған күні келеді екен. Әрі әскерден қайтар уақыты да жақындапты.
Осы кезде қаңтардағы өлеңге жауап ретінде солдаттың «Сарбаз сәлемі» жазылсын деп ұсыныс жасалды. Өйткені ел қорғаушы жауынгер мен ару ұғымы — ғасыр ауысса да, дәстүрдің өзегінде бар дүние.
Сарбаздардың көңіл күйі туралы сұралғанда, қыз былай деп жауап беріпті:
«Қыс, көктем, жаз мезгілі тез-ақ өтіп кеткен сияқты еді. Ал күз түсе сала күн санай бастадық. Бұрынғыдай емес, жігіттердің арасындағы әзіл-қалжың да саябырсыған. Өйткені әскерден босар мезгіл жақындап қалды. Бір сөзбен айтқанда, үйді сағындық».
«Сарбаз сәлемі»: Каспийден Сырға
Бұрын жазылған «Арудың солдатқа хаты» өлеңіне орай, теңіз шекара қызметіндегі сарбаз Каспийден Сырға сәлем жолдаған екен:
Онда күз еді, тағы да міне, күз келді,
Хазар жақтан ақша бұлттар жүзіп келді.Сол бұлттардан сарбаздың ыстық сәлемін,
Қауыштырар күн де жақын бізге енді.Хат жазыстық, сыр айтыстық, ұғыстық,
Дегем талай: шекарамыз — тыныштық.Еліміздің шекарасын күзеттік,
Сол тыныштық — Отан үшін ырыс-құт.Біз өткіздік әскердегі жылды, айды,
Енді көңіл жүрек әнін тыңдайды.Сарбаздарға туған жері қол бұлғап,
Сағынышы бұрынғыдан ұлғайды.Олар бүгін солдат болды — шыңдалды,
Өткізді де жауынгерлік сындарды.Дейді енді: туған жер мен туысқа
Оралуға бізге қанша күн қалды?Олар мұнда алды құрыш-тағылым,
Сәлемдерін елге жеткіз бәрінің.Ұмытқан жоқ сарбаз бір сәт достарын,
Ойлады әр кез ата-анасын, аруын.Отан барда — қалмас ұлдар еленбей,
Қорған олар сауыт-болмыс берендей.Өз көңілім өзің жаққа қол бұлғап,
Туған Отан — Сырға сәлем дегендей.Кеше күз еді, тағы да міне, күз келді,
Сарбаз көңіл сағыныш боп жүзіп келді.Хазар жақтан тыныштық боп күлген күн,
Аман-есен қауыштырсын біздерді!
Сарбаз — елдің абыройы
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, өзге де әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет етіп жүрген сарбаздар — елдің абыройы, азаттықтың қорғанышы.
Ұлыңыз солдат болсын.
Солдат болып жүрген ұлыңыз өзіңізге аман-есен оралсын!