Шығыс ұлы
Майданнан жазылған хаттың үні
Шығыс ұлы! Бүгінгі орнымыз — қанды майданның қызу ұрысы. Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай біздің ісіміз бітпейтін нағыз сын сағаты — дәл осы.
Мен бұл хатты немістің блиндажында жазып отырмын. Жанымда бірнеше қазақ жігіті бар. Осыдан қырық минут бұрын бұл блиндажда немістер отырған. Біз оларды тұтқынға алып, бекіністің өзін тартып алдық. Тек аз ғана солдаттары сытылып қашып құтылды.
Бейсенәлі — «Шығыс ұлы» атанған жауынгер
Сен біз «дәу қара» деп атайтын Қарағандының забойшысы Бейсенәліні білесің ғой. Ол қазір бізбен бірге. «Дәу қара» десең — дәу қара-ақ! Бүгінгі ұрыста жұртты ерекше сүйсіндірген сол болды.
Қимылы да өзгеше: ірі денесімен керіліп тұрып, немісті найзаға іліп алып, басынан асыра кейін лақтырады. Жау онымен беттесуге жүрексінеді, жалт береді. Аздан соң командир шақырып алып, арқасынан қағып, алғыс айтты. Жауынгерлер оған «Шығыс ұлы» деп ат қойып алды.
Сол сәтте менің есіме сен түстің. Сондықтан саған хат жазуды жөн көрдім.
Отан — бір-ақ сөз, мағынасы шексіз
Шығыс ұлы! Сонау туған өлкең — Арқа есіңе түссін: мейірімді халық, бізді тәрбиелеп өсірген Отан-ана. Сен соларды сүйетін едің. Бүгін сол махаббатты сөзбен емес, іспен дәлелдейтін күн туды.
Отан деген — бір-ақ сөз. Бірақ сол бір сөздің мағынасына тең келер өзге сөз жоқ. Сол ардақты Отан бүгін қауіпте тұр.
Көз алдыма: «Қарағым, ұлым, тағдырым сенің қолыңда» — деп тұрған ізгі ана, қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл — Отан өміріне төнген қауіпті аңғартқандай. «Ұланым, туған еліңді сақта!» деген үн естілгендей болады.
Осы лебіз жанды жағып, күш-қуатты тасытпай ма? «Сақтаймыз, ана, өміріңді сақтаймыз» дегің келеді — сөзбен емес, іспен ақтауға ұмтыласың.
«Елім-ай» — қайғы емес, серт
Ел қорғауға ер намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр, Шығыс ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз.
Қазақ қыздарының ғасырлар бойы «Елім-ай» деп сары даланы күңіренткен зарлы әнін бүгін біз ұрыс алдында жаңа күймен шырқасақ, оның айыбы жоқ. «Елім-ай» — елін сүйген жүректен шыққан ән.
Елін сүйген ер жігіт бүгін «Елім-ай» десе, ол — ант. Ол — серт. Ұрыс алдында жауынгердің жүрегіне төтенше махаббат құятын да — осы.
Шығыс ұлы, кел, «Елім-айды» шырқатайық: қайғымен емес — «жауға бермейміз елімізді» деп жігерленіп; қасіретпен емес — «ел үшін, жер үшін өлімге қарсы жүреміз» деп серт беріп айтайық.
Сен қайда болсаң да, біздің дауысымыз саған қосылады. Сен түстікте, мен батыста жүрсем де — бір фашисті жойсақ, Отан оны екеу деп санайды. Ән мен қимыл да осылай ұштасады.
Жаудың күпір сөзі және шындық
Өткен жылы Гитлер «аз уақыттың ішінде Москваны, Ленинградты алып, Оралға өтем; Азия ұрыссыз бас иеді» деп күпірленгені есіңде ме? Ол ақымақ бізді адамға санады ма екен?
Ол Азия ұлдарының алып қимылын көріп қана мойындап отырған жоқ па? Кеше ғана бізге күлген немістер енді қара шашты, қара көзділерден өлердей қорқады.
Отанның аманаты
Отан бізге қолымызға қару, бойымызға қуат берді: «Сүйікті Арқаңды, сұлу Шығысыңды, қонақжай халқыңды қорға» деді.
Сол Отан бүгін: «Жауынгер, менің тағдырым сенің қолыңда» — деп тұр. Ойлашы, Шығыс ұлы: біз ел сенген ерміз, туған жерді неміске қалайша қолдан береміз?
Өмір, сүйген жар, келешек үшін
Сен еркіндіктің туын көтерген азат елде өстің. Сен өзің сүйген Шығыстың бір сұлуына үйлендің. Өз-өзіңше «менің әйелімнен сұлу, сүйкімді жан жоқ» деп ойладың.
Ендеше ордаң бүлінбесін, сүйген сұлуың күң болып зарламасын десең — жауды жой, фашисті жой.
Өлімнен қорықпа: екі өлмек жоқ, екі тумақ жоқ. Ұмтыл ілгері.
Бірге көрген күндер, бірге берген серт
Шығыс ұлы! Өткен жылы бастан бірге кешкен ауыр күндерді есіңе алшы. Біз неміс қоршауында, өлімнің аузында бірге өлуге серттесіп едік. Қоршаған жау жанымызды алмақ болды — бірақ біз берілмедік.
Сол бір қысылтаяң минутта сен: «Өлсем, артымда балам бар, атым өшпейді» деп мақтанғаның әлі есімде. Екі жастағы кішкентай бөбегің саған өлімнің алдында әл-қуат болды.
Сенсіз өткен сондай ауыр минуттарда мен де: «Досымның баласы бар, артымызда өсіп келе жатқан жас буын бар» деп кейінгі ұрпақты тірек еттім.
Сенің кішкентай бөбегің маған да күш-қуат бере алды, Шығыс ұлы. Мұны мақтан ет, кеудеңді тік ұста!
Ендеше балаң келешекті болсын, дүниеге келген кішкентай Жәдияң өмір сүрсін десең — жауды жой, фашисті жой. Әйтпесе балаңның келешегін фашист жояды.
Ерліктің екі мектебі
Жалған солдат болуға біздің қақымыз жоқ. Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық: шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан — бір үйренсек, бауырлас орыс халқының қолбасшылары Суворов пен Кутузовтан — тағы үйрендік.
Біз — Исатай мен Махамбеттің, Аманкелді мен Абайдың халқының ұрпағымыз. Біздің қылышымыз фашист немістің қанымен суарылуы керек — серт осы болсын!
Таң алдындағы дүрсіл
Таң бозарып келеді. Артиллерия тағы да өз әнін бастады. Артымыздағы орманнан атылған совет снарядтары үстімізден зыңылдап ұшып, жау бекіністерінің ортасына түсіп жарылып жатыр.
«Фрицтерге онша оңай тиіп жатқан жоқ шығар», — дейді көршім, Алматының кешегі бағбаны, жауынгер Шәріп жымиып.
Әрине, немістің басына күн туса, минометін ала жүгіретін әдеті бар… Міне, мина ұшып келеді. Даусы бізге мәлім.
Бірінен соң бірі он шақты мина жарылғанда, тулаққа салып жүн сабап жатқандай естіледі. Тіс қаққан, күзем той көрген қазақ жігіттері: «Фрицтер күземге кірісті!» — деп күліседі.
Жау оғының астында қасқайып күлісіп тұрған шығыс адамдарын жаным сүйеді. Біздің халық — намысқой: өлімнен де ұят күшті дейтін халық. Ел намысы үшін жан қию — бізде қадірлі. Сондықтан «намыс өлімнен жоғары» дегенді жау оғының астында да қайталап айтамыз.
Жиырма сегіз батырдың серті
Нағыз қиыншылық сәтте көз алдыма шығыстың жиырма сегіз батыры елестейді. Жазғытұрым сол 28 батырдың бейітінің үстінен өткен едік. Топырағы торқа ерлер қара жер астында жатса да, қолын қысып амандасқың, тілдескің келеді.
Осыларша өлу — біздің де дәстүріміз болуы керек. Отан: «Жауынгер, менің тағдырым сенің қолыңда» — дегенде, біз 28 батырдың сертін жоғары көтеріп, бас иіп жауап беруіміз керек, Шығыс ұлы!
Соңғы жолдар: шабуыл алдындағы тыныс
Немістер бізді әрі минометпен, әрі артиллерия снарядтарымен төпеп атқылауда. Оқ астымен келіп шабуыл жасамақ. Алыстан танктің шуы естіледі.
«Қарсы атакаға дайындалыңдар!» — деген команда берілді.
Мықты бол, Шығыс ұлы! Біз қазір шабуылға шығамыз…
Батыс майдан, 1942 жыл.