Қайран көк қалпақ
Әрине, әркім өз кәсібін жақсы көреді, өз шаруасының ілгері басқанын қалайды. Мәселен, көшеде кетіп бара жатсаңыз, көгілдір үйшіктегі мұртты етікші жігіт, сөзсіз, аяғыңызға қарайды. Сағат шебері қолыңызға көз тастайды. Ал ақ халатты шаштараздың назары басыңызға түседі. Мұны өзіңіз де талай рет аңғарған шығарсыз.
Біздің Қауақбайдың кәсібі анау-мынау емес — пима басатын артелдің бастығы. Оның мекемесі, күнделікті жұмыс жоспары, анықтама-қағаздары туралы мен мүлде хабарсызбын. Танысуға да онша құмартып жүргенім жоқ. Мен тек Қаукеңнің өз басынан өткен бір-екі шындық хикаяны айтып бермекпін.
Қаукеңнің кейпі: қозғалмайтын адам
Егер сіз Қауақбайдың креслода отырған кейпін көрсеңіз, сол сәтте-ақ өзіңізді бейне бір Шығыс елдерінің бірінде жүргендей сезінесіз. Неге десеңіз, Қаукең Буддаға ұқсайтын.
- Көкшілденген жұқа ернінің астына жасылкөк насыбайды тығып жіберсе, екі беті бұлтиып шыға келетін.
- Біреумен сөйлескенде сарғыш бет-әлпеті мен суықтау көздері ғана емес, алпамсадай денесінің өзі де қимылдамайтын.
- Көшеде жүріп бара жатқанда да қолы, кеудесі, басы — әсте бір қыбыр етпейтін.
Отырысы да, жүрісі де темірден құрастырылған автомат-адам секілді еді.
Құрыған көк қалпақ
Бір түні Қауақбай дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Себебі — құрып кеткір көк қалпақ. Алдыңғы күні масайып отырып, қалпағын күйдіріп алған-ды. Көңілі көтерілген Қауекеңнің көзіне өз қалпағы күлсалғыш ыдыс болып көрінген екен: шылымның ұшындағы қып-қызыл от қалпақтың жиегін оңдырмай күйдіріпті.
Көздей тесіктен үш тиындық бақыр да әрі-бері кідірмей өте береді.
Ертеңіне Қаукең қалпағын көтеріп, Қайыңды көшесіндегі киім шеберханасына барды. Мұрны сорайған орта жастағы тігінші мәселенің жөн-жобасын бірден-ақ айтып берді:
— Бұл өте қымбат қалпақ екен. Мерзімінен бұрын күйгені — аянышты-ақ! Сізге түскен ауыртпалықты түсініп тұрмын, бауырым. Бірақ амал нешік: бұған түстес бізде материал жоқ. Болған күнде де жамап-жасқауы өте қиын жұмыс, үлкен шеберлікті керек етеді...
Аз кідіріп, тігінші кенет көзін ажырайтып, саусағын шошайтты:
— Таптым, таптым! Сіз былай етіңіз: Михай Михаичке барыңыз. Ол кісі асқан тігінші. Қалпағыңызға түстес материал, бәлкім, со кісіден табылып қалар...
Михай Михаичтің «шеберлігі»
Қоңқақ мұрынның меңзеуімен Қаукең жүріп отырып, Алмалық көшесіндегі тағы бір шеберханаға келді. Михай Михаич сұқ саусағын қалпақтың тесігіне өткізіп, оны зыр-зыр айналдырып жібергенде, қалпақ еденге ұшып түсті.
— Сіз неге менің бас киімімді қорлайсыз? — деді Қаукең.
Михай Михаич еңкейіп қалпақты алып, иесіне қайта ұсынды:
— Кешіріңіз! Абайсызда...
— Тігуге келе ме өзі, қалай?
— Темірден басқаның бәрін тігуге болады ғой, бірақ... сіздің мына қалпағыңыз тігуге ыңғайсыз...
— Сонда су жаңа затты босқа тастаймын ба?
— Неге? Кәдеге асыруға болады.
— Қалай?
— Мәселен, менде осындай қалпақ болса, әдемілеп қайшымен қиып, аяғым тоңбасын деп бәтеңкеме ұлтарақ қылар едім. Немесе жүзімнің нәрі құйылған бөшкеге тығын жасар едім. Шынымен кәдеге жаратқыңыз келсе, ескі корзинканың ішіне салып, тауыққа жұмыртқа бастыруға да болады.
Қатты қорланған Қаукең пәтеріне келіп, төсекке сұлап түсті: «Ой, сорлы басым-ай, су мұрын тігіншілерге де күлкі болдым-ау!.. Қайран көк қалпақ... Есіл ақшам-ай!..»
Көршілер кеңесі: тастау ма, кәдеге жарату ма?
Қаукеңнің күннен-күнге жүдей бастағанын сезген көрші-қолаң оны мүсіркей бастады. Әрқайсысы өз пікірін айтты.
Митыңбай, артист (11-пәтер)
— Ай, Қаукесі-ай, арзымайтын нәрсеге күйіп-пісесіз-ау! Бостан-бос осынша әбіржуге бола ма? Кәдеге аспайтын зат болса, шарбақтың ар жағына лақтырып тастай салыңыз... Қалпақ түгіл адам да өледі ғой. Жан аман болса, қалпақ көп.
Сыйқымбай, экономист (12-пәтер)
— Жоқ, Митеке, қателесесіз. Бұл — ақшаға алынған зат. Көздей тесік үшін жап-жаңа қалпақты лақтырып тастауға болмайды. Әжетке жарата білу керек. Гәп — осында!
Манадан бері сүмпиіп тұрған Қауақбай да сөзге араласты: «Сыйқаңның сөзінің жаны бар. Кәдеге асыру керек. Бірақ қалай?»
Телпек: күтпеген «соңғы мода»
Сыйқымбай көк қалпақты қолына алып, біраз ойға шомды. Кенет миығынан күліп, жүзі ажарлана түсті:
— Таптым, Қауке! Ақыл — бізден, «жартылай» — сізден. Біз бұдан құдайски телпек жасаймыз. Кәдімгі түріктердің бас киімі ғой. Біле білсеңіз, бұл күндері телпек — соңғы мода. Қаласаңыз, кім көрінген-ақ киіп жүр. Саспаңыз: ол үшін мына қалпақтың жиегін айналдыра кесіп тастау керек... Қане, қайшыңызды әкеліңіз...
Дендері сау, зіңгіттей үш еркек апыр-топыр іске кірісті. Көк қалпақтың жиегі айналдыра қиылып, бастықтың ожыр-бұжыр басына қона кетті. Қаукең әп-сәтте жымия қалды.
Келесі күні Қаукең айна алдында ұзақ бөгеліп, сыланып-сипанып, үлкен күрең портфелін қолына алып, көшеге шықты. Алғаш киген соң, басындағы телпегінен қымсынып келеді. Бірақ «мен ашқан жаңалық» дегендей, аяғын нығарлай басады.
Жұқпалы сән: телпекбайлар дәуірі
Қаукеңнің телпегіне ұқсас телпек өз мекемесінен екінші күні-ақ табылды: орынбасары Жәмпеңбай қызметке телпек киіп келді. Артынша бұл бастаманы есепші Ләппай да, тіпті қойма күзетшісі Шегірткин де қолдай түсті — бәрінің басында бір-бір телпек жарбиып тұрды.
Күн сайын жұмыс соңында әлгі үлкен жасыл есіктен өңшең «телпекбайлар» шығып жатқанын көрген жұрт, Қаукеңнің мекемесін мұсылмандар мешіті ме деп те ойлап жүрді.
Аяқталуы: телпектердің жоғалуы
Күндердің күнінде Қауақбай қызметінен босатылды. Соның ізінше көкшіл, қоңыр, сұрқай телпектер де біртіндеп көзден ғайып болды...