Ұлты
Қадыр Мырза-Әлі туралы
Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев (Қадыр Мырза-Әлі, 1935–2011) — қазақ ақыны, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі. Ол ҚазМУ-дың филология факультетін 1958 жылы тәмамдаған.
Қызмет жолы
1958–1993 жылдары Қадыр Мырза-Әлі әдебиет пен баспа саласында түрлі жауапты қызметтер атқарды: «Балдырған» журналында әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болды.
Сонымен қатар «Жазушы» баспасында поэзия редакциясын басқарды, Жазушылар одағында поэзия секциясының меңгерушісі қызметін атқарды, «Балауса» баспасында редактор болды.
Шығармашылықтың басталуы
Ақынның алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланды. Тұңғыш жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді.
Балалар әдебиетіне арналған кітаптары — «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Данышпан» (1961), «Ноян-қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964) — қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес саналады.
Поэзиясының өзегі
Қадыр Мырза-Әлі нәзік лирикалық сезімді терең философиялық ой-толғаныспен шебер ұштастырған ақын ретінде танылды. Бұл сипат оның жыр жинақтарында айқын көрінеді: «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1971), «Көш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980, 1981), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970–1985).
Кейінгі кезеңдегі еңбектері қатарында: «Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнама» (2001), «Алаштың арманы» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004). Жалпы, ақын 40-тан астам жыр жинағы мен балаларға арналған топтамалардың авторы.
Әдеби сын, әнге айналған өлеңдер
Әдеби-сын еңбектерінде ол халықтың өткені мен бүгініне, ғасырлар бойғы арман-мүддесіне, мәдениет пен әдебиеттің даму жолына ой жүгіртіп, замандастарының тыныс-тіршілігін талдайды.
Ақынның шамамен 200-ге жуық өлеңіне ән жазылған. Олар «Күндер-ай» деген атпен жеке жинақ болып шықты (1984).
Драматургия және марапат
Драматургияда Алдаркөсе туралы «Сақалдың саудасы» атты сатиралық комедияны, сондай-ақ Махамбеттің соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» драмасын жазды.
Соңғы шығарма үшін Махамбет атындағы сыйлыққа ие болды (1997). Сонымен бірге ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1980).
Аудармалар және халықаралық таралым
Қадыр Мырза-Әлінің өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин тілдеріне аударылған.
Орыс тіліндегі кітаптары
«Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхняя струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижняя струна домбры» (1985) және басқа басылымдар.
Өзге тілдердегі басылымдар
Өзбек тілінде — «Күміс қоңырау» (1975); қырғыз тілінде — «Алақан» (1979); әзербайжан тілінде — «Бұлбұл бағы» (1980); моңғол тілінде — «Шымыр жаңғақ» және өзге еңбектері.
Аударма саласындағы еңбегі
Ол М. Овидий, Руми, В. Гюго, Г. Гейне, М. Лермонтов, С. Есенин, Я. Райнис, Л. Родари, Р. Ғамзатов, Э. Межелайтис, К. Кулиев өлеңдерін, сондай-ақ Ш. Петефи мен С. Сүлейменовтің «Атамекен» жыр жинағын қазақ тіліне аударған.