Содан кейін әке орнына әке болып, екі қарындасым мен анамды өзім бақтым
Шығарманың тууы
Бұл шығарма ғаламтордан, кітаптан немесе газет-журналдан туған жоқ. Ол сыр бүркенген, жас тамған көзден туды. Балалық шақта дәурен құра алмаған, қайғы шегіп, қан жұтқан күндердің ізімен келген сөз еді.
Негізгі ой: соғыстың салған жарасы — ұрпақ жадында, отбасылық естелікте, көз жасында сақталатын шындық.
9 мамыр және атамның бейнесі
Мамыр айы келсе, ата-әжелеріміздің мерекесі де бірге келетіні бәрімізге аян. Ұлы Отан соғысының Қазақстан халқына салған салмағы аз болған жоқ. Мен соғысты көзбен көрмесем де, ата-әжелеріміздің әңгімесін тыңдап, сол кезеңнің жарасын, езілген жүректің лүпілін, қалдырған ізін ой елегінен өткізіп, атамды сағынып еске аламын.
Отбасымыздағы мереке
Атам мені дүниеге келген күнімнен бастап ерекше жақсы көріп, бауырына басып өсірді. Әр жылы 9 мамырда болатын Ұлы Жеңіс мерекесіне баруға дайындалған кезде үйімізде үлкен қуаныш орнайтын.
Медаль таққан сәт
Атам омырауы орден-медальға толы костюмін киіп, жүзі жайнап, мені иіскеп құшақтайтын. Анам болса таң ата ерте тұрып, мерекелік дастархан әзірлейтін.
Сол күні парадқа барып, ескерткішке гүл қойып, соғыста қаза тапқан құрбандарды еске алатынбыз. Кейін бәріміз бірге үйге қайтатын едік.
Атамның әңгімесі: соғыстың суық ізі
Үйге келген соң атам бөлмесіне кіріп, костюмін шешіп, медальдарын қолына алып, үнсіз ойға шомып отыратын. Бір күні қасына барып, Ұлы Отан соғысы жайлы сұрадым. Сонда атамның жүзіне мұң ұялап, қабағы бұлттанып, терең күрсініп, көзіне жас алды.
«Соғыс басталғанда мен он екі жаста едім…»
Атам сөзін осылай бастады: «Бұл соғыс менің тәтті балалық шағымды ұрлады. 1941 жылдың қазан айының бас кезі еді. Мен мектепте оқитын оқушы болатынмын».
Сыныптағы ауыр сәт
Қоңырау соғылып, сабақ басталған. Кеңес ағайдың сабағы жүріп жатқан кезде есік жақтан аяқ дыбысы тарсылдап естіліп, кенет есік ашылады. Әскери киімдегі екі адам кіріп келеді. Ішіндегі бойы ұзындау, дауысы жуан адам көп сөзге бармай-ақ мұғалімімізге: «Тез жинал, майданға кісі жетпей жатыр. Сені алып кетеміз» — деп, оны сол жерден алып кетеді.
Оқу тоқтап, еңбек басталды
Көп ұзамай бізді де колхоз басқармасы жұмысқа алып кетті. Оқу жайына қалды. Төрт қыз, бес бала едік — бәріміз колхоздың белді жұмысшысына айналдық. Сол күннен бастап майдандағы әскерге көмектесу үшін колхоздың кез келген жұмысын істеп, қажет заттарды жөнелтіп отырдық.
Отбасының жүгі
Атам екі жасында әкесінен айырылып, анасының тәрбиесін көргенін айтты. Әке орнына әке болып, екі қарындасы мен анасын өзі баққан. Таңның атысы мен күннің батысына дейін колхозда жұмыс істеп, майданға астық, айран, май, жылы киім мен төсеніш тапсырып отырған.
150 шақырымдық жол
Тапсырылған заттарды 150 шақырым жердегі аудан орталығындағы пойыз стансасына өгіз жегілген арбамен жеткізетін. Сонымен қатар майданнан келген хаттарды тасып, пошташы да болған.
Қуанышты хат: талай отбасының үмітін оятты.
Қара қағаз: талай ананың зарлы үнін естіртті.
Атамның айтуынша, қуанышты хаттар жауды азайтуға сеп болған пулеметтей әсер етсе, қара қағаз аналардың жүрегіне қадалған оқтай болды.
Бөгет, норма, бір кесе талқан
1943 жылы «Майдан үшін» деп колхоз бұлақтан аққан суды тоқтатып, бөгет қақпа жасап, тары еккен. Бөгет тұрғызғанда әр балаға 500 шым норма белгіленеді. Норманы орындағанға бір кесе бидай талқаны берілетін. Сол үшін таңнан кешке дейін езіліп еңбек еткен.
Тарыны үйге апарып, анасы мен екі қарындасымен бөлісіп жеген. Қарын тоймаса да, қанағат қылып, көңілді тоқ ұстауға тырысқан.
Оралмаған ағалар
Сол жылдары соғыс атамды ерте есейткен. Майданға кеткен екі ағасы соғыстан оралмаған. Отбасымен сарғая күткен үміт бір күндері үзілді — үйге де қайғы бұлты төнді.
Төрт айлық ауыр сапар
Соғыс аяқталар тұста Қазақстанның туысқан Украина еліне көмек ретінде колхоз сиыр тапсыруы керек болады. Осы тапсырманы орындау үшін Орбық стансасына екі әйел, бір шал және атам өгіз арбамен жайлаудағы 300 сиырды айдап апарады. Жол азабы мен қиындықты көріп, төрт айдан соң әрең елге оралған.
«Бұл соғыс бізге оңайлықпен келген жоқ…» — деп атам терең тыныстап, әңгімені күрсініспен аяқтады.
Естелік және аманат
Атамның әңгімесін тыңдағанда жүрегім босап, менің де көзіме жас келді. Арада екі жыл өткенде, 2014 жылы атам өмірден озды. Атам кетсе де, ерен еңбегі мен төккен тері — бейбіт күннің бір бөлшегі болып қалды. Ол өз дәуірінің жауапкершілігін көтеріп, соғыстың аяқталуын жақындатуға үлес қосты, тыныштығымыздың іргетасын қалап кетті.
Ерлік
Жеңістің жалауын желбіреткен — майдандағы батыр ұл-қыздар.
Еңбек
Тылдағы аталар мен әжелердің қажырлы еңбегі — жеңіске тең үлес.
Жауапкершілік
Тыныштықтың туын құлатпай, Отанды көз қарашығымыздай сақтау — қасиетті парыз.
Бүгін біз соғыссыз, бейбіт өмір сүріп отырмыз. Бұл — ерлік пен еңбектің арқасы. Сол жылдардың қасиетті рухы, маңдай тері мен қайсарлығы бүгінгі тыныштығымызға мәңгі нұр шашып тұр. Батырлардың есімі де, еңбегі де ешқашан ұмытылмайды.