Қылықты қыз дегеннің мағынасы
Бұл мақаланы жазар алдында көп ойландым. Ойлана берер ме едім… Бірде бір ана маған мынадай сауал қойды: «Жалғыз ұлым бар. Ол әлі бала, аузынан ақ уызы кеппеген. Ал қыздар мазасын алып, неше түрлі әңгіме жазады. Жауап бермесе, небір әдемі сөздермен ар-намысына тиеді. Сіз не айтасыз бұған?»
Үнсіз қалдым…
Сол үнсіздік кейін үлкен ойға айналды.
Қыздар арасындағы сауалнама
Қыздар арасында сауалнама жүргіздім. Төмендегідей сұрақтар қойдым:
- Қазақ қызы қандай болу керек?
- Қазақ қызына тән қандай қасиеттер бойыңда бар?
- Ар-намысты қай орынға қояр едің?
- «Қылықты қыз» дегеннің мағынасы қандай?
- «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе күңнен тыю» деген мақал-мәтелді қалай түсінесің?
Тағы да үнсіздік…
Жоғарыдағы әңгімедегі кейіпкер қыздарымның жанарлары төмен түсті. Жүздерінде ұяттың табы байқалды: бір қызарды, бір сұрланды.
Қазақта қыз бала бірінші болып сезімін білдірмейді деп түсіндірдім. Бұл — ұятқа қалдыратын іс екенін айттым.
Нәтиже
Біраз уақыт өткен соң әлгі ана: «Ұлыма смс жазу тоқтады. Құлағымыз тынышталды», — деп күлімсіреді.
Ана жүрегіндегі алай-дүлей ой
Ал менің ішім алай-дүлей болды. Өйткені мен де екі қыз тәрбиелеп отырмын. Бірі 15-ке толды, екіншісі әлі 4-те.
«Қыздарыма қандай тәрбие беріп жүрмін? Кешегі бізді тәрбиелеген аяулы анамның тәлімін өз қыздарыма жеткізе алып жүрмін бе?»
Үлкен қызымның араласатын құрбы-құрдастарынан қызым туралы сұрастырдым. Сол сәтте ана жүрегінің жарылардай қуанышын сезіндім. Демек, өз анамнан көрген тәрбиенің бір ұшын болса да балама бере алғаныма шүкір дедім.
Айтылмаған дүниелер және ортақ жауапкершілік
Бұл мақалада көп нәрсені астарлап жеткіздім. Себебі айтылмайтын дүниелер бар. Есімдер жасырын қалды. Болған оқиғаның ізімен тек ой тастағым келді.
Маңызды ескерту
Күнделікті күйбің тіршіліктің қамымен жүргенде қыздарымыз қараусыз қалып қоймасын. Өз баламызды тәрбиелеуге уақыт жетпей жатқанда, өзгенің тәрбиесі санасын улап алмасын — оған кім кепіл?
Қазақтың қара көздері қор болмай, мазақ болмай жүрсе екен деген аналық тілегімді сіздермен бөліскім келді.
Ар-намыс — биік өлшем
Кешегі сұлу Жібектей, ару Баяндай, Әлия мен Мәншүктей ардақты қара көздеріміз аз ба? Сол асыл арулар салып кеткен сара жолда ар-намысты биік тұғырға қоятын қыздар бүгінде саусақпен санарлықтай болып бара жатқан жоқ па?
Ойланайық. Ойлана отырып, тығырықтан шығар жолды бірге іздейік.
Тәрбиенің тамыры
Бақытты ананың мейіріміне бөленіп, шуағына шомылып өскен қыз бала сыпайы, ілтипатты, инабатты болмақ. Тәрбиенің тамырына салт-дәстүрдің, қазақы тәрбиенің құндылықтарын сіңіре білген жөн.
Абырой мен ар-намысты бағалай алатын қыз баланы тәрбиелеп өсірсек, ертеңіміз жарқын, болашағымыз нұрлы болары сөзсіз.
Астана қаласы, Ғ. Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Қасымғалиқызы Лаур