Үлкендігі қоңыр қаздай, жүні жып - жылтыр
Мерген және қыран ұясы
Ертеде асқан мерген болыпты. Атқан оғынан жүгірген аң да, ұшқан құс та құтылмайды екен. Аңшы өзі атқан аңдардың терісін жамылып жүретін көрінеді. Сондықтан алыстан қараған адамға оның өң-түсі аңға ұқсап кетеді екен.
Бір күні мерген биік тауды сағалап келе жатып, иір мүйізі шаңырақтай иілген, қожыр-қожыр жартастың үстінде тұрған құлжаны көреді. Қалған арқарлар арғы беттегі шалғында жайылып жүр екен. Мерген құлжаны ату үшін жалпақ тастың үстіне шығып, садағын кезей бергенде, өзін бір алып құс аспанға көтеріп ала жөнеледі.
Күтпеген тұтқын
Мерген барынша арпалысады, бірақ қанша бұлқынғанымен пайдасы болмайды. Құрсаудай бүрген шымыр шеңгел оны қаңбақтай домалатып, қалықтап алып кетеді. Бір мезетте есін жиып, көзін ашса, аумағы алты қанат үйдің орнындай үңгірде жатқанын аңғарады.
Үңгір іші әртүрлі аңның жемтігіне толы екен: қабан, түлкі, ақбөкен және тағы басқа өлекселер. Бір шетте жас қызылды шоқып, жұлып жеп отырған бүркіт көзге түседі. Үлкендігі қоңыр қаздай, жүні жып-жылтыр. «Қыстан күйлі шыққан құс екен», деп ойлайды мерген.
Ұяда бүркіттің ақ үрпек, қанаты қатаймаған екі балапаны бар екен. Олар да енесі үзіп берген етті талғамай жұтады. Балапандарын жемдеп болған соң, қыран керегедей қанатын керіп-қағып, аспанға самғайды.
Құздың үрейі
Мерген орнынан тұрып, бұл жерден қалай құтылудың амалын іздейді. Төмен қараса — ой жеткенімен бой жетпейтін шыңырау құз. Бүркіт ұясын адам аяғы баспайтын тік жартасқа салған екен.
Тірі қалудың жолы
Құздың табанында жыландай ирелеңдеген көк өзен буырқана ағып жатады. Ақ бас шыңды аймалаған ақша бұлттан басқа ештеңе көрінбейді. Лажсыз мерген үңгірде қала береді де, қыран әкелген жемтік етпен жан сақтайды.
Күндер өтіп жатады. Бір күні мерген ұйықтап жатқанда, балапандардың шарылдаған дауысынан шошып оянады. Жүгіріп шықса, желке жүні күдірейіп, арқа жүні тікірейген, аузынан жалыны лапылдаған, ұзындығы екі құлаштай айдаһар желдей жүйіткіп, тура ұшып келе жатыр екен.
Айдаһармен айқас
Мерген жалма-жан қорамсаққа қол созып, айдаһарды көздейді де садақты бар күшіне салып тартады. Желдей жүйіткіген жебе зуылдап барып, нысанаға дәл тиеді. Екінші оғы да көздеген жеріне қадалады. Денесінен қан саулап, әлі қашқан айдаһар ұршықтай дөңгеленген күйі ұя жиегіне келіп сұлап түседі.
Бұл айдаһар жыл сайын бүркіттің балапандары жетілген шақта келіп, оларды жұтып үйренген жау екен.
Мерген айдаһардың жота терісін сылып алып, қайыс дайындайды да, арқан еседі. Біраз уақыт өткен соң, бүркіттің балапандары да есейіп, ұшатын мезгілі жақындайды.
Мерген айдаһар терісінен ескен арқанды екі балапанның жіліншігіне байлайды. Екі мұзбалақ қанаттарын қаққылап, ұшуға талпынғанда мерген: «Ердің ісі — тәуекел!» — деп, құздан ұшыруға қамданады.
Тәуекелге бел буған сәт
Өзі арқанды беліне байлап, екі құстың сирағынан ұстайды да төмен қарай секіреді. Қос балапан қанаттарын жайып, қалықтай жөнеледі. Бірақ жас қырандар адамның салмағын толық игере алмай, ауырлап бірте-бірте төмендей береді. Ақыры мергеннің табаны жерге тиеді.
Жерге түскен соң мерген шалғынға аунап, гүл иіскеп, мауқын басады. Маңдайын самалға тосып, біраз тынығады. Сосын аулына қарай бет түзейді. Екі иығына екі құсты қондырып алған.
Ауылына келсе, жұрт абыр-сабыр екен. Сөйтсе, ауылдастары «мерген қаза болды» деп, оған ас беріп жатқан үстінен шығады. Мергеннің аман-есен келгенін көрген ел астың соңын тойға айналдырып жібереді.
«Төзімді, табанды адам ажалды да жеңеді», — дейді мерген сонда.