Адамгершілікке баулитын шығармалар

Батырова Сұлушаш Қалемқызы — Ақтөбе қаласы, №36 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Адамгершілікке баулитын шығармалар: Ы. Алтынсарин мұрасы және жасөспірім тәрбиесі

Ы. Алтынсарин шығармаларында жасөспірімдерді адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу мәселесіне ерекше мән беріледі. Адамның адамгершілік сипаты өмір бойы қалыптасатын үдеріс болғанымен, моральдық қасиеттердің негізгі іргесі көбіне балалық шақта қаланады.

Тәрбие нәтижесі және мұғалім жауапкершілігі

Ы. Алтынсарин мұғалімнің шәкіртпен қарым-қатынасына ерекше талап қояды: баламен сөйлескенде ашуланбай, жұмсақ үнмен тіл қатып, шыдамдылық танытып, әр нәрсені ықыласпен түсіндіру; екіұшты астарлы сөз бен орынсыз терминдерді қолданбау.

Тәлім-тәрбие мен оқыту ісінің нәтижесі көбіне шәкірттен гөрі мұғалімге көбірек тәуелді. Сондықтан ұстаз үшін ең бастысы — кіммен жұмыс істеп отырғанын бір сәт те естен шығармау.

Алтынсарин бүкіл өмірін ағартушылыққа арнап, қазақ жастарын адал, шыншыл, еңбекқор, өнегелі, өнерлі азамат болуға шақырды. Мектепте оның шығармаларын оқыту оқушылар бойында жақсылық, әділдік, азаматтық сезім, ар-ұят, өзін-өзі бағалау, қамқорлық, қарапайымдылық секілді адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі.

Сабақ тәжірибесінен: бөлімдер мен шығармалар жүйесі

Ұзақ жылдардағы іс-тәжірибеме сүйене отырып, Ы. Алтынсарин шығармаларын оқыту арқылы жастарды адамгершілікке баулу жөніндегі ойымды әріптестеріммен бөліскім келеді. Білім мен тәрбие — егіз.

Оқулықтағы өзек бөлімдер

  • «Үміт еткен көзімнің нұры — балам»
  • «Бағып-қағуда көп мағына бар»

Тәрбиелік әлеуеті жоғары мәтіндер

  • «Ананың сүюі»
  • «Надандық»
  • «Таза бұлақ»
  • «Талаптың пайдасы»
  • «Малды пайдаға жарату»
  • «Бақша ағаштары»
  • «Аурудан аяған күштітірек»

«Үміт еткен көзімнің нұры — балам»: ұядан ұшқан тәрбиенің ізі

«Үміт еткен көзімнің нұры — балам…» деп жас Ыбырайға атасы Балқожа өлеңмен хат жолдауы — оның бойына адамгершілік сезімді ұялатқан тәрбие бастауы. Оқушылардың назарын осыған аударып, тұлғаның қалыптасуында «ұшқан ұяның», ата-ана тәрбиесінің маңызын терең түсіндіремін.

Жастайынан ізгілік пен адамшылықты бойына сіңірмесе, Ыбырай да осындай ағартушы деңгейіне көтерілмес еді. Ол ел ішіндегі жағымсыз мінездерге қарсы тұрудың жолын білім мен өнерді тарату ісін кеңейтуден көрді. Осы мақсатта балаларға ана тілін таза әрі ұқыпты үйретуді насихаттап, өз еңбектерінде оны негізгі арқау етті.

Ата-ана мен бала: махаббат пен сыйластықтың көркем бейнесі

«Отан — отбасынан басталады» деген ұғымды ашатын өзекті желі — ата-ана мен бала арасындағы сыйластық пен мейірім. Бұл идея «Ананың сүюі» өлеңінде, сондай-ақ «Надандық», «Аурудан аяған күштітірек» секілді шығармаларда айқын көрінеді.

«Ананың сүюі»

Өлеңді өткенде ана махаббатының шексіздігін түсіндіріп, тек мазмұнмен шектелмеймін. Қосымша материалдар арқылы білім мазмұнын тереңдетіп, тәрбиелік ықпалын күшейтуге басымдық беремін.

«Надандық»

Әңгімені оқыту барысында баланың надандықтың құрбаны болған анасына деген махаббатын, оны құтқаруға тілек айтып, көмек сұраған әрекетін талдаймыз. Осы арқылы оқушылар баланың ақылдылығына, жанашырлығына көз жеткізеді.

Әдебиет — адам танытатын, өмір танытатын пән

Әдебиеттің адамды да, өмірді де танытудағы маңызы ерекше: ол біздің әсерімізді, сезімімізді, ойымызды көркем тілмен өрнектеп береді. Мәтінмен жұмыс барысында әлеуметтік-моральдық көріністерді жазбаша, ауызша және өз бетінше орындалатын тапсырмалар арқылы талқылау оқушылардың шығармашылық дағдыларын жетілдіреді.

Екі мәтінде де (әсіресе «Ананың сүюі» мен «Надандықта») ата-ана мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен сыйластық дәріптеледі. Мәтінді толық меңгерткеннен кейін оқушылардың шығармашылық ынтасын арттыруға, дүниетанымын кеңейтуге, пікір қалыптастыруға және ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстар ұйымдастырамын.

Шығармашылық тапсырма

«Баға жетпес алтын бесік — өз ұям» тақырыбында шығарма жазу.

Оқушылардың жазба жұмыстары әр деңгейде болды. Ерекше тебіреніспен жазылған бірқатар жұмыстар кабинет қорына тіркелді.

«Таза бұлақ»: сахналық орындау арқылы идеяны тереңдету

«Таза бұлақ» — адамзат бойындағы көңіл тазалығын, адалдықты, биік адамгершілікті насихаттайтын туынды. Бұл әңгімені драмалық қойылым үлгісінде 4 оқушыға орындатамыз: автор сөзі мен үш жігіттің сөзін бөліп, алдын ала дайындық жүргіземіз.

  • Мәтінді жатқа айту және дауыс ырғағын сақтау
  • Тіл тазалығы мен мәнерлеп оқу
  • Шығарманың идеясына талдау жасау

«Талаптың пайдасы»: көрегендік, қамқорлық, адамға сену

«Талаптың пайдасы» әңгімесін кеңейтіп оқытуға мүмкіндік мол. Әңгімеде талапкер баланың ұлы Петрдің суретін салуға талпынуы, суреті ұсқынсыз болса да патшаның баланың талабын бағалай білуі, оны оқуға орналастырып, кейіннен атағы шыққан суретшіге айналуы — үлкен көрегендік пен қамқорлықтың, биік адамгершіліктің үлгісі.

Талқылау барысында «адамгершілік» тақырыбы аясында ұлы тұлғалардың өмірінен естелік-мысалдар дайындап келуді тапсырамын.

Педагогикалық тұжырым

К. Д. Ушинский: «Адамгершілік сезіміне тікелей әдеби шығарманың өзі әсер етуі тиіс. Бұл әсердің мәні аса зор. Егер шығарма өз ішіндегі суреттелген адамгершілік пікірді сүюге адамды лажсыз мәжбүр етсе, сол әдеби шығарма ғана адамгершілікке баули алады».

«Бақша ағаштары»: тәрбие — күтім мен түзетудің жолы

Ы. Алтынсариннің тәлім-тәрбие туралы ойларын түйіндейтін негізгі шығармалардың бірі — «Бақша ағаштары». Әке мен баланың бақ ішіндегі әңгімесі тәрбиенің терең мәнін ашады: адам да жас ағаш секілді күтімді қажет етеді; дер кезінде түзетіп, пайдалы іске бағыттаса — түзу өседі, ал қараусыз қалса — қисаяды.

Шағын пікірсайысқа арналған сұрақтар

  1. 1 Бала мінезінің қалыптасуы қай жаста болады деп ойлайсыңдар?
  2. 2 Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы қалай түсінесіңдер?
  3. 3 Үй-ішінің, мектептің және қоғамдық ортаның ықпалы туралы пікірің қандай?
  4. 4 Өз мінезіңнің қалыптасу кезеңі қай кез деп ойлайсың?
  5. 5 Ең жақын жолдасыңның мінезін сипаттап бер.
  6. 6 Мінезі жақсы деп класта кімді атар едің?

Мейірім мен төзім: «Аурудан аяған күштітірек»

Ыбырай әңгімелерінде мейірімділік, кішіпейілділік, ізеттілік, инабаттылық, жүрек тазалығы, ақ ниет секілді ізгі қасиеттер үнемі дәріптеледі. Мәселен, «Аурудан аяған күштітірек» әңгімесінде арбадан құлап, аяғын сындырып алған Сейіттің сынықшы аяғын орнына салып жатқанда дыбыс шығармай шыдауы — анасына жанашырлық танытып, оны аяғандықтан төзгенін көрсетеді.

Осы әңгіме бойынша ойтолғау жазуды тапсырамын. Ал қабілеті жоғары оқушыларға өлең шығарып келуге немесе шағын әңгіме жазуға мүмкіндік беремін.

Қорытынды

Оқушы бойына ізгі қасиеттерді қалыптастыруда Ы. Алтынсарин шығармаларының орны айрықша. Ол өз халқының жарқын келешегі үшін саналы ғұмырын сарп етіп, халыққа қызмет етуді, әсіресе жастарды өнер-білімге және адамгершілікке үндеуді азаматтық парызы санады.

Ендеше, ұстаздардың ұстазы, халқымыздың ұлы ағартушысы Ы. Алтынсарин шығармаларын жас ұрпаққа терең таныстыру — бәріміздің ортақ міндетіміз.