Тәуелсіздіктің бастауы ызғарлы Желтоқсан оқиғасы

Желтоқсан жаңғырығы: ерлік, қасірет және Тәуелсіздікке бастар жол

Бүгін 1986 жылғы 16 желтоқсан оқиғасына жиырма бес жыл толды. Бұл — ерлік пен өрлік, ашу-ыза мен қайғы тоғысқан, халқымыздың жадында қаралы күн болып қалған тарих. 1986 жылғы 17–18 желтоқсанда бүкіл елді дүр сілкіндірген ғаламат көтеріліс болды. Бұрын-соңды болмаған жағдай жұртты елең еткізіп, үрей мен қорқыныш билеген қоғам сең соққандай күй кешті.

Оқиғаның бастау себебі

Желтоқсан оқиғасының негізгі себебі — 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минут ішінде өткен Қазақстан Орталық Комитетінің V Пленумында Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен босатылып, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқының жағдайынан бейхабар В. Колбиннің тағайындалуы еді.

Ертеңіне, 17 желтоқсанда, орталық алаңға лек-легімен ағылған жастар бейбіт шеру ұйымдастырып, Орталықтың кадр саясатына наразылық білдірді. Олар:

  • «Қазақстанға — қазақ басшы!»
  • «Әр халыққа — өз көсемі!»

Жастар «Менің Қазақстаным» әнін айтып, өз үнін бейбіт түрде жеткізуді мақсат етті.

Бейбіт шерудің қанды оқиғаға айналуы

1986 жылғы 17–18 желтоқсанда Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға ұласты. Қатысушыларға түрлі жалалар жабылып, «ұлтшыл», «маскүнем» деген айып тағылды.

Күш құрылымдарының жұмылдырылуы

Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматыдағы қызметкерлерге көмекке жан-жақтан милиция жасақтары шақырылды. Жастарға қарсы «Бұрқасын–86» жоспары бойынша іс-шаралар жүргізілді.

Қатігез тәсілдер

Шерушілерді тарату үшін өрт сөндіру машиналарымен суық су шашылып, арнайы дайындықтан өткен иттер қолданылды. Шеруге қатысушылардың басым бөлігі — студент жастар еді.

Есімдері ел жадында

Қайрат, Ләззат, Сабира, Ербол сынды қыршын кеткен өрімдей жастар ұлт намысын ту етіп, алдыңғы қатарға шықты. Қайсар Қайраттың:

«Қазақ деген қаным бар… Еркек тоқты — құрбандық, атам десең атыңдар!»

— деген үні бүгінге дейін қазақ жүрегінде сақтаулы.

Намысы қанға, рухы жанға біткен қайсар қазақ халқы қашанда тәуелсіздікке ұмтылды. Көксеген азаттығына жетті. Терезесі тең, байрағы желбіреген ел болу жолында талай ауыртпалықтан өтті.

Тарихи бағасы

Ақиық ақын Мұхтар Шахановтың пайымынша, Желтоқсан көтерілісі — ғасырлар бойы жиналған ашу-ызаның жарылысы. Бұл — халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі секілді сан қабат талаптарының тоғысқан шындығы.

Қазақ халқы отарлық кезеңдерде азаттық пен тәуелсіздікті аңсап, әр түрлі деңгейде 300-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс өткізгені айтылады. Сол күрестің қорытындылаушысы, егемендікке бастаған ірі белес — Желтоқсан көтерілісі.

Бұл — ауыз толтырып айта салатын жай оқиға емес. Ол бүкіл Кеңестер Одағын елең еткізген, күш қолданып басуға мәжбүр еткен тарихи көтеріліс болды.

Тәуелсіздікке апарған жол

Бүгінде 16–17 желтоқсан — Тәуелсіздік мерекесі. Сондықтан 16 желтоқсанның қасіретті күн екенін жадымызда сақтай отырып, оны Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстар ақталған күн ретінде де ұғынуымыз қажет. Желтоқсан құрбандарына әрдайым тағзым ету — парыз.

Желтоқсан жемісі — Тәуелсіздік

Желтоқсан көтерілісінің жемісі — Тәуелсіздік екені ақиқат. Тәуелсіздіктің бастауы — ызғарлы Желтоқсан оқиғасы. Осы көтерілістің рухымен 1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, Тәуелсіз мемлекет ретінде дүниеге келді.

Егемен елдің қалыптасу белестері

  • 1991 — 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды.
  • 1992 — Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Әнұраны, Туы туралы заң қабылданды.
  • 1993 — 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды; 15 қарашада төл теңгеміз айналымға енді.
  • 1994 — ғарышта қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев көк байрақты желбіретті.
  • 1995 — ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.
  • 1996 — Жамбыл жылы; Тәуелсіздік монументі орнатылды.
  • 1997 — «Қазақстан – 2030» стратегиясы қабылданды.
  • 1998 — Ақмола атауы Астана болып өзгертілді; Астанада Бәйтерек бой көтерді.

Тәуелсіздік алған жиырма бес жыл ішінде атқарылған игі істер аз емес. Дегенмен, талай қазақ қыздары мен жігіттерінің өмірін қиған Желтоқсан оқиғасы — мәңгі ұмытылмайтын қасірет.

Азаматтық аманат

Егемен еліміздің келешегі үшін жанын пида еткен батыр жастарды ұмытпай, олардың ерлігін жас ұрпаққа дәріптеу — азаматтық борыш. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, көк туымыз көкте қалықтай берсін!

Шымкент аграрлық колледжі, ВТ-161 тобының студенті: Құлтай Бақтияр

Жетекшісі: жоғары санатты оқытушы Утешова Гүлмира Мұратқызы