Бір сөздің өзі қаншама қуанышты сәттерге толы десеңізші

Сағынышқа толы мектеп жылдары

Бұл мақаланы жазып отырған сәтте ішімде сан түрлі эмоция арпалысты десем, артық емес. Өйткені мектепте өткен уақытты, қызыққа толы сәттерді қағазға түсіру оңай емес. Дегенмен өзімнің мектепке деген сағынышымды дәл осылай — жазу арқылы ғана баса алатындаймын.

Мектеп… Бір ғана сөздің өзінде қаншама қуаныш бар десеңізші! Ойын қуып жүріп, он бір жылдың қалай зулап өткенін аңдамай қалыппын. Артқа бұрылып қарасам, осы жылдардың әр көрінісінен балалық шағымның балдай тәтті кезеңдерін көремін.

Алғаш рет қолыма гүл шоғын ұстап, мектеп табалдырығын аттағаным; маған күлімсірей қараған ұстазымның ақжарқын келбеті — әлі күнге дейін көз алдымда.

Әуелде бәріне таңырқап басталған мектеп өмірі кейін жанға жақын дос табумен жалғасты. Алғаш әріп таныған сәттер, алғашқы “бестік” бағалар, мектептің мәнін ұғына бастаған кездер — мұның бәрі адам жадынан өшпейтін естеліктер.

Маған білім беріп, қанатымды кеңге жаюыма мүмкіндік берген алғашқы мектебіме алғысым шексіз. Ұмытылмас есімің, армандардың есігін ашқан, жүректе мәңгі із қалдырған лицей…

“БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицейіндегі бес жыл

Иә, мен он бір жылдың ішінде бір ғана мектептің оқушысы болған жоқпын. Арманымдағы мақсаттарға жету жолында мен қазақ-түрік мектеп-интернатының (“БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицейі) шәкірті атандым. Өмірімнің ең қызықты, ең мағыналы бес жылы дәл осы лицей қабырғасында өтті десем, қателеспеймін.

Айрықша орта

Лицей — тәрбиесімен, білім сапасымен, білікті ұстаздарымен ерекшеленетін білім ордасы.

Өсу мектебі

Қиындыққа төтеп беру, тәртіпке үйрену, мақсатты айқын қою — бәрі осы жерде қалыптасты.

Алғаш жатақханада тұрып, ата-анамды сағынған кездерім, сабақтарым қиындап, бәріне үлгермей қалған шақтарым әлі есімде. Дәл сол кезеңдерде жан-жақтан жиналғанымен, бір үйдің баласындай болып кеткен достарым маған сүйеніш болды.

Достықтың шынайы сабағы

  • Бір нанды бөлісіп жедік.
  • Қиындықты бірге еңсердік.
  • Ұрысып та, керісіп те қалдық, бірақ татуласуды ұмытпадық.

Шынымды айтсам, осы сәттерді еске алғанда көзіме сағыныштың жасы келеді. Жүрегімде әр сыныптасымның орны бөлек: әрқайсысы маған жасаған жақсылығымен, өзіне тән болмысымен қымбат.

Ұстазға алғыс, тәрбиешіге құрмет

Лицей туралы сөз қозғағанда, маған мақсат қоюды үйреткен, өмірді аз да болса танып-білуіме жол ашқан ұстаздарымды және тәрбиешілерімді айтпай кету мүмкін емес. Біз осы бес жылда талай мұғалімнің ақыл-кеңесін алдық, талай тәрбиешінің тәлім-тәрбиесін бойымызға сіңірдік.

Ең үлкен үйреткені

Лицей бізге жаныңа жақын жандармен қоштасуды, бірақ оларды ұмытпауды үйретті.

Жанымызда анамыз болмаған сәттерде қуанышымызға куә болып, қамқорлық танытқан да — осы жандар. Әр тәлімгер, әр тәрбиеші біздің жадымызда мәңгі сақталады.

Түлек атану: соңғы қоңырау және жаңа белес

Бүгінде біз — мектеп бітірген түлектерміз. Қырық бес минуттық әр сабақты, үзілістегі у-шуды, ақкөңіл мұғалімдерімізді, әпкеміздей болған тәрбиешілерімізді, алғашқы және соңғы қоңыраудың үнін сағынатын түлектерміз. Ең бастысы — бауырдай болып кеткен жан достарымызды сағынамыз.

Біз қуаныш пен естелікке толы “мектеп” атты кемеден түстік, балалықтың есігін жаптық. Алда бізді бағындыратын талай белес бар.

Ізгі тілектер

Қорытындылай келе, бойыма білімнің нәрін сепкен мектептеріме тек алға қарай өркендеу тілеймін. Маған білім берген әр ұстазға алдағы уақытта сәттілік серік болсын.

Ал қиын-қыстау кезде жанымнан табылған достарыма білімнің биік шыңына шығуды шын жүректен тілеймін. Сендердің әр жетістіктеріңе қуанып, әрқайсыңмен мақтанамын.

Келешекте әрқайсымыз елдің бетке ұстар азаматшасы болып, әлемнің жарқыраған 27 жұлдызына айналатынымызға кәміл сенемін.