Болашақта кім болам
Батыс Қазақстан облысы • Орал қаласы
А. С. Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектеп • 5 «Г» сынып • 11 жас
Орындаған: Өтепқалиев Нұржан Ерболұлы • Қазақ тілі пәнінің мұғалімі: Ракиева Мырғүл Ерболатқызы
Болашақта кім боламын?
Мен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы А. С. Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектептің 5 «Г» сыныбында оқимын. Өзім орыс мектебінде білім алғаныммен, қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Өйткені қазақ тілі — менің ана тілім, әрі біз үйде отбасымызбен тек қазақша сөйлесеміз. Мен мұны мақтан тұтамын: әр адам өз ана тілін жетік білуі керек деп ойлаймын.
Бір күні қазақ тілі пәнінің мұғалімі осы тақырыпта шығарма жазуды тапсырғанда, мен қуана келістім. Иә, әр адамның арманы болады. Армансыз адам болмайды. Арман адамға қанат бітіреді. Мені де «өскенде кім боламын, қандай мамандық таңдаймын?» деген сұрақ толғандырады.
Мамандық таңдаудың мәні
- Мамандық таңдау мектеп қабырғасынан басталады.
- Бұл — өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау.
- Тек жұмысты емес, өзің араласатын ортаны да таңдау.
Қазақта «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі — жар таңдағанда, екіншісі — мамандық таңдағанда» деген сөз бар. Абай атамыз да:
Абай Құнанбайұлы
«Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан».
Әрине, әр адамның таңдауы әртүрлі: бірі мұғалім, бірі дәрігер, енді бірі биші немесе әнші болуды қалайды. Менің ойымша, мамандықтың жаманы жоқ. Ең бастысы — өзің сүйетін, жан-тәніңмен қалайтын істі таңдау. Себебі адамның болашағы таңдаған мамандығына байланысты.
Менің арманым — дәрігер болу
Кейбір балалар «өскенде футболшы болам», «жүргізуші болам» деп армандайды. Ал мен кішкентай кезімнен дәрігер болуды армандап келемін. Болашақта дәрігер болып, адамдарға көмектескім келеді: денсаулығын тексеріп, емдеп, жүздеріндегі қуанышты көргім келеді.
Неге дәл осы мамандық?
Дәрігер — мейірім мен білімді қатар қажет ететін маман. Адамға үміт сыйлау, өмірге құлшынысын арттыру — үлкен игілік.
Жауапкершілік
Дәрігер болу — мәртебе. Бұл жолды таңдаған адам өз мойнына адам өмірі үшін үлкен жауапкершілік алады.
Арманыма жету үшін алдымен сабағымды жақсы оқып, медициналық университетке түсуім қажет. Ең бастысы — еңбекқор, зейінді болу және қоғамға пайдалы үлес қосу. Өз ісіне сенген, мамандығын сүйіп таңдаған адам ғана жетістікке жетеді.
Мен өзімнің қалаған маман иесі боламын. Мен өзіме сенемін!
Атырау облысы • Құрманғазы ауданы • Ганюшкин ауылы
Абай атындағы орта мектеп • 4 «В» сынып • 9 жас
Орындаған: Халуова Аружан Қайратбекқызы • Сынып жетекшісі: Нсанова Ақжамал Меллятқызы
Болашақта кім боламын?
«Болашақта кім боламын?» деген сұрақ бәрімізді мазалайды деп ойлаймын. Кейбіреулер бұл сұрақтың жауабын тауып қойған шығар, ал кейбірі әлі іздеп жүрген болар. Кейде адам өзі қалаған мамандығына қол жеткізе алмай да қалады. Сондықтан мамандықты жүректің қалауымен таңдау керек: әр адамның болашағы таңдаған кәсібіне тікелей байланысты.
Өз ісіңді жақсы көріп, жауапкершілікпен атқарсаң ғана бақытты боласың, жұмысың да өнімді болады. Ал жүрек қаламаған мамандық көп қиындыққа ұрындыруы мүмкін.
Алғашқы арман: мал дәрігері
Бір кездері мені қызықтырған мамандық — мал дәрігері еді. Менің атам атақты мал дәрігері болған. Ел игілігі үшін еңбек етіп, халықтан алғыс алған, көптеген жетістіктерге жеткен.
Мектепке әлі бармаған кезімде үйге үлкен апайым мен ағаларым жиналып, атам туралы әңгімелескен. Сол әңгімеден атамның малдарды уақытында егіп, көршілердің ауырып тұрған жылқысын, әжейдің сиырын емдеп жазғанын білдім. Сол кезде мен таңғалдым: адам ауырып тұрса, қай жері ауырғанын айта алады, ал жылқы мен сиыр сөйлемейді ғой. Сонда атам оларды қалай түсінген?
Балалық қиял
Менің көз алдыма ертегідегі жылқы мен сиыр елестеді: олар атама келіп, кәдімгі адамдардай тіл қатып, қай жері ауырып тұрғанын айтып тұрғандай болды. Сол сәтте «мен де мал дәрігері боламын» деп шештім.
Кейін өсе келе жан-жануарлардың «тілін» түсіну үшін оларды зерттеу, олардың мінезін, ағзасын, табиғатын тану керек екенін ұқтым.
Қазіргі арман: балалар дәрігері
Қазір мен 4-сыныпты аяқтап қалдым. Ойым да, санам да бұрынғыдан өсті деп білемін. Енді мен балалар дәрігері болуды армандаймын. Себебі денсаулығыма байланысты дәрігерге жиі қараламын. Балалар дәрігерлерінің мейірімділікпен қарап, жылы сөйлегені менің ауырғанымды жеңілдеткендей болады.
Мейірім
Жылы сөз бен жанашырлық — емнің бір бөлігі.
Күрделілік
Дәрігерлік — қиын, бірақ ең қадірлі мамандықтардың бірі.
Мақсат
Балалардың өмірге құлшынысын арттыру — менің арманым.
Әр адам қалаған мамандығының иесі болу үшін кішкентайынан сол мақсатын санасына сіңіріп, соған қарай бейімделуі керек. Мамандық таңдау — тек жұмыс таңдау емес, өзің араласатын ортаны да таңдау. Сондықтан мамандық таңдауда қателеспеген дұрыс.
Дәрігер болу оңай емес: оның артында адам өмірі тұр. Мен дәрігер болу үшін сабағымды үздік оқып, жоғары оқу орнына түсуім керек. Одан кейін мол тәжірибе жинап, аянбай еңбек етемін. Өз ойымды іске асыру үшін қазірден бастап талпынып жүрмін.
Болашақта адам дәрігері болсам да, мал дәрігері болсам да, ең бастысы — өз жұмысымды үлкен жауапкершілікпен атқарамын.
Әлемде өзі қаламайтын мамандықта жүрген адамдар да бар, бірақ өз ісін жанымен сүйіп істейтіндер де аз емес. Балалар, мамандық таңдауда жаңылмай, болашақта өз өміріміздің бір кірпіші болып қаланайық.
Орындаған: Жолаушы Ғалымбек • 9 жас
Болашақта кім боламын?
Маған мұғалім «Болашақта кім боламын?» тақырыбына шығарма жазуды тапсырды. Әрине, ойыма бірден ертең есейіп, ер жеткенде қандай маман иесі болатыным және ол туралы қалай армандайтыным келді.
Ес біліп, жан-жағын танып келе жатқан әр баланың қиялы «Кім болғым келеді?» деген сұраққа әр кезде әрқалай жауап беретін сияқты. Өйткені біз өмір сүріп жатқан заман — дамыған заман. Тәуелсіз еліміздің арқасында бәсекеге қабілетті мемлекеттермен қатар дамуға мүмкіндік бар.
Менің бірінші мақсатым
Бұл сұраққа мен ең алдымен: адамгершілігі мол жақсы адам, білімді оқушы, елімнің патриоты болғым келеді деп жауап берер едім.
Қазіргі кезде оқу оқып, белгілі бір кәсіпті меңгеремін деген жастарға жол ашық. Сондықтан әр адам ерінбей еңбек етуі керек. Менің отбасымда әкем — ағаштан түйін түйген шебер, ал анам — мұғалім. «Болашақта кім болам?» деген әңгіме бізде жиі айтылады.
Әкемнің жолы — шеберлік
Анам жоғары білім алып, мұғалім атанса, әкемнің жолы бөлек. Әкем орта білімді, суретші және безендіруші мамандығын меңгерген. Бірақ қазіргі кәсібі — ағаш шебері. Ол бұл істі арнайы оқымағанын айтады: шеберлік атадан балаға мирас болған кәсіп екен.
Атам мен арғы атам да ағаш шебері әрі ұста болған. Тіпті арғы атамның ұсталық шеберлігін бағалап, оны бір кездері Мәскеуге, Кремльге жіберген деген әңгімені естігенмін. Әкемнің аталарымның өнері туралы айтқан әңгімелері мені қатты қызықтырады. Ал оның ағаштан түрлі бұйымдар жасағанын көрген сайын, қызығушылығым тіпті арта түседі.
Менің таңдауым
Сондықтан мен болашақта қолөнершілікпен айналысқым келеді. Әкем сияқты шебер болғым келеді: оның қолынан шыққан бұйымдар — қайталанбайтын өнер туындысы.
Білімнің қажеттілігі
Қолөнерді дамытуға мүмкіндік көп. Құралдар да жаңарып жатыр. Соларды меңгеру үшін де білім керек. Шебер болу үшін шексіз қиял мен табандылық қажет.
Қазақта «Шебердің қолы ортақ» деген сөз бар. Шебер адамның қолы епті, ойы ұшқыр болады. Мен қазір өлең шығарумен де айналысамын. Анам кейде оқып: «Барлық ақындар осылай бастаған, жаза берсең — қаламың ұштала түседі» — дейді.
«Қай маман иесі болсаң да, сол ісіңнің шебері бол» деген сөз біздің үйде жиі айтылады. Менен кейінгі інім мен қарындасым да шебер болғылары келетінін айтады. Сонда ойлаймын: адамның кім болуына ата-бабасының қабілеті де әсер ететін сияқты.
Арманға апарар күш
Қазір мен арман-қиялдың ішінде жүргендеймін, бірақ сол арманға жету үшін тырысып жүрмін.
Мұхтар Шаханов
«Мәңгі лаулап қалу үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға».
Тек биік арман ғана адамды мақсатына жеткізеді. Ал адам қамшының сабындай қысқа өмірінде мамандық таңдауда қателеспесе, өмірі мәнді де сәнді болады деп түсінемін.