Автор аталған мақалада
Газет мұрасы және қоғамдық ойды оятқан қызмет
«Дала уалаятының газеті» (Алматы: Ғылым, 1994) жинағын құрастырушы, филология ғылымдарының кандидаты Ү. Суханбердина беташар мақаласында бұл басылымның қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени және әдеби түсінігінің кеңеюіне едәуір ықпал еткенін атап өтеді.
Газет саяси-экономикалық мәселелермен қатар оқу-ағарту ісінің жай-күйін, өнер-білімнің пайдасын, қазақ әдебиетінің хал-ахуалын кеңінен қозғап, қазақ оқырмандары мен ғалымдарының өміріне қатысты құнды мақалалар мен хабарлар жариялап отырған.
Басылым бетінде Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан сынды тұлғалардың өмір деректері беріліп қана қоймай, олардың мақалалары мен хабарлары да үздіксіз жарияланып тұрған.
Бұл үрдіс сол кезеңде қазақ оқырмандарының елге елеулі тұлғаларды танып-білуіне әсер етіп, бүгінгі күні олардың есімдерінің халық жадында жаңғыруына негіз болғаны туралы тұжырым жасалады.
Баянауыл тілшілері: дерек пен көзқарас
«Дала уалаяты» газетінің Баянауылдағы тілшілері Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Садуақас Мұсаұлы Шорманов өз мақалалары мен хабарларында шаруашылық, оқу-ағарту, мәдени өмір, әдет-ғұрып, салт-сананың сан қырлы деректерін ұсынған.
Мәшһүр Жүсіптің «Тұрмыс жайында болған хабарлар» мақаласы
Соның бірі — «Дала уалаяты газетінің» Дуг 20 санында жарық көрген «Тұрмыс жайында болған хабарлар» атты мақаласы. Автор онда сол жылғы қыстың көшпелі ел үшін ерекше ауыр өткенін, көктем басындағы құбылмалы күн райының мал баққан шаруаны әбден титықтатқанын баяндайды.
Негізгі суреттеме
Март айының басында күн «бір жылынып, бір суып», түстен кейін жел бағыты өзгеріп, боран қайта күшейгенін айтады. Ауа райы марттың аяғына дейін біресе қалың қар жауып, біресе еріп, елдің берекесін алған. Ақыры суық созылып, жел күшейіп, арықтап титықтаған мал даладан шөп шала алмай қалады.
Қыс ұзарғанда: шаруаның күйі
Алты айға деп үйілген пішен, қыс жеті айға созылған соң таусылады. Қолдан салар азық қалмай, қой-ешкі «жалғыз-жарымдап» өле бастайды: көтерем болған саулық төлін көтере алмай қырылады, енесінен сүт шықпай, қозы да аштан өледі.
Есте сақтау мен бақылау дәлдігі
Осы үзіндегідей табиғат құбылысын моншақтай тізген баяндау мәнері оқырманды ойға қалдырады: автор күн сайынғы құбылысты қағазға ерінбей түсіріп отырды ма, әлде жады соншалықты берік болды ма?
Аштық, мысқыл және әлеуметтік сын
Азық таусылған соң ел ашығуға айналады. «Сорлы балаға сорлы қатын жолығады» дегендей, Баянауыл, Қызылтау, Далба үштағанының ортасындағы сегіз болыс Сүйіндіктің байлары мен мал иелері де таршылықты көреді. Дегенмен, Мәшһүр Жүсіп олардың «амал тауып аш болмауға тырысқанын» айтып, уытты мысқыл мен қышқыл кекесінге сүйенген сын айтады.
«Ұнды неге қымбат сатасың?» дегеннен де терең сұрақ
Мәшекең Бекен байдан ұнды пұтын екі теңгеден сатып алғандарын айта келіп, байларды Бекенді «ұн сатқаны үшін» ғайбаттаумен шектелмей, әңгіме төркінін турасына бұрады:
«Рас, мұнысы мақұл емес. Әйтсе де астықты көп қылып сатып алсаңдар да, қыс қатты болған жылы кедей-бейшараларға тиісті бағамен сатсаңдар, зиян болар ма еді?»
«Сонда Бекен қуға алданбай, өздерің де, кедейлер де тоқ болар едіңдер», — деп түйіндейді.
Бұл — жай айыптау емес, қоғамға бағытталған салмақты сұрақ. «Соқырға таяқ ұстатқандай» дегендей, надандыққа сын айтып, жауапкершілік пен алдын ала қамдану мәдениетін талап етеді. Мұндай сөздің байлардың көкірек көзін қаншалықты ашқанын кім білсін, бірақ ұсыныстың өзі ойландырарлық.
Сөз өрнегі: тіркес қуаты мен бейнелі тіл
Бір сәт мақаланың тілдік өрнегіне назар аударсақ, Мәшһүр Жүсіптің бейнелі тіркестері ойды дәл жеткізіп қана қоймай, көріністі көз алдыңа әкеледі:
- «Жердің қарлысынан қарасы…»
- «Тойынып тыраңдап…»
- «Жердің жүзі жұмыртқадай аппақ…»
- «Әр нәрсе өз-өзіне келіп қалды…»
- «Сүйегі жұқарып, шыңы жетіп…»
- «Жалғыз-жарымдап өле…»
Журналистік ізденіске тәбәрік
Сөз өнерін «дертпен тең» көріп, үнемі ізденіс үстінде жүретін, тілші-журналист болуға талаптанған бауырларға бұл тіркестер — тіл ұстартар, ой байытатын тәбәрік. Қабыл алып қана қоймай, қағып алсаңыздар, ғұлама бабаның ерен еңбегінің аз да болса өтелгені болар еді.
Сүлеймен Баязитов