Қазақстанның астанасы - Астана қаласы

Жұмагелдина Сәнімай, 10-сынып • ЖББ №74 орта мектебі • Қарағанды қаласы

Жетекшісі (қазақ тілі): Ходжаев С.Ә.

Қазақстан — Еуразия құрлығындағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Жер көлемі ұлан-байтақ: кең дала, асқар тау, орман мен мөлдір көлдер табиғаттың тұтас бір көркем шежіресіндей әсер қалдырады.

Отанның көркі: табиғат пен сағыныш

Қазақстан десе көз алдыма шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестейді. Бақтағы бұлбұлдың үні мен айдын көлдегі аққудың сұңқылы құлағыма келгендей болады. Біз жер шарының осындай сұлу да бай өлкесінде өмір сүріп жатырмыз.

Қазақ халқы — ежелден еркіндікті аңсаған, сол жолда талай қиындықты еңсеріп, күресе білген жауынгер халық. Тәуелсіздік үшін басын бәйгеге тіккен елдің біртұтастығына, ұланғайыр даласына көз алартқандар аз болған жоқ.

Тарихтың ауыр сабақтары

Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұрапыл соғыс та өтті. Әсіресе ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қайғыға толы кезеңдерімен есте қалды.

1916 жылғы көтеріліс

Ел тағдырын таразыға салған күрделі кезең.

1920-жылдардағы аштық

Халыққа зор қасірет әкелген ауыр сынақ.

1930-жылдардағы тоталитарлық жүйе

Еркін ой мен өмірге қысым түскен уақыт.

Ұлы Отан соғысы

Жеңіс жолындағы жанқиярлық пен шығын.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы

Жерді дүр сілкіндірген, намыс пен рухты оятқан тарихи белес.

Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді. Бұл — тарихтан алынатын ең үлкен тағылым.

Тәуелсіздік және жаңа белестер

Бүгінде Қазақстан өркениетті, дамыған елдер қатарында. Тәуелсіз ел, дербес мемлекет ретінде ХХІ ғасыр табалдырығын сенімді аттап келеміз. Халқымыз өз қалауымен Президентін сайлады, Ата заңымызды және мемлекеттік рәміздерімізді қабылдадық. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.

Қазақстанның астанасы — Астана қаласы. Ол күннен күнге жаңарып, жаңа белестерге көтерілуде.

ЭКСПО-2017: әлем алдындағы жауапкершілік

Қазақстан Астанада Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына қол жеткізді. Біз осындай халықаралық форум өткізуде тәжірибесі бар бельгиялық Льеж қаласын басып оздық — бұл еліміздің зор табысы.

Халықаралық көрмелер 160 жылдан астам уақыт ішінде негізінен АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Испания, Қытай секілді экономикалық алпауыт елдерде өтті. Енді олардың қатарына Қазақстан да қосылды.

ЭКСПО-2017-ні өткізу — Қазақстанның әлем алдындағы абыройы ғана емес, сонымен бірге орасан зор жауапкершілігі.

ХХІ ғасыр — жастар ғасыры

Елбасымыз айтқандай, ХХІ ғасыр — жастар ғасыры. Егемен еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар — жас ұрпақ. Бүгінгі жастар — ертеңгі болашақ иелері. Ұрпақ үшін жасалатын игілік — келешек өміріміздің айқын жолы.

Елбасымыздың ойынша, Қазақстан өзге елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау үшін жастар білімді де білікті болуы қажет. Ал Ахмет Байтұрсынов: «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға — оқу керек, бай болуға — кәсіп керек, күшті болуға — бірлік керек», — деп ұлтқа бағдар берген.

Жастарға жүктелер үш тірек

  • Білім — оқу арқылы көкжиегіңді кеңейту, бәсекеге қабілетті болу.

  • Еңбек пен кәсіп — ел дамуына үлес қосатын берік дағды мен жауапкершілік.

  • Бірлік — күштің өзегі, ұлттың тұтастығын сақтайтын тірек.

Арқауы ерен ерлік дастанының,
Қайраты елге әйгі жастарының.
Желбіреп көк байрағы тұрған шақта,
Жұлдызы жарқырайды аспанының.

Азаматтық жауапкершілік: ой мен аманат

Менің ойымша, әр адам бала кезінен-ақ: «Қазақстан — менің Отаным. Ол мен үшін жауапты болғанындай, мен де ол үшін жауаптымын», — деген қарапайым әрі терең ойды бойына сіңіріп өсуі керек.

Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа аман жеткізу — біздің борышымыз. Жастар, ойланайық, толғанайық: қазақ дейтін айбарлы елдің намысын еш уақытта таптатпайық. Егеменді еліміздің саналы азаматы болайық.

Олай болса, от жүректі, көзі ашық, көкірегі ояу жалынды жастар: жанын пида еткен бабалар аманатын — елін, жерін, тілін — шұбарламай, қаз қалпында келесі ұрпаққа табыстайық.

Күніміз шуақты, халқымыз қуатты болып, көк туымыз көк аспанда мәңгілік қалықтасын!

Дереккөз ретінде аталған нұсқа: «Қазақша шығармалар жинағы», KZ портал («Қазақша рефераттар жинағы»).