Бір минут
Мұғалім бәрін білуі керек пе?
«Оқытушы бәрін де білуі керек қой, әкем-ау, бәрін де…» деп ойладым. А. П. Чеховтың «Аңдып жүрген адамындай» мен де дәл осындай жайсыз көріністің үстінен шығып қалам ба деп іштей секем алып келемін.
Қалыңдығы бір елі көгілдір төртбұрыш әйнекке «Учительская» деп әдемі жазылған есікті қағып тұрмын. Есіктің ар жағынан біреудің дөрекі, зекіген даусы естілді:
— Сендер мені кім деп жүрсіңдер, хайуандар! Танытайын мен сендердің әк…
— Да!
Соңғы сөздің өзі-ақ құлағымды шың еткізді. Менің тықырымымды естіген болуы керек: бір сәт кідіріп, үзіліс жасап барып, қайта сол арынымен айқай салды.
«Учительская» ішіндегі көрініс
Есіктің кіреберісінің оң жағында, кітап толы шкафқа арқасын беріп екі оқушы тұр екен. Екеуі де маған жалт қарады да, қайтадан мойындары босап, салбырап қалды: көздері не еденге, не омырауларындағы түймелерге қадалған.
Ал мен іздеп келген адам дәл солардың қарсы алдында тұр. Піріне мініп алғандай. Ашулы кейпін сәл-пәл өзгерткен болып, жымиғансып:
— О!.. Мұқыш! Келуіңмен!
Қолын беріп амандасты. Оқушылармен оңаша отырғанын көріп, мен шыға тұрайын деген ишарат білдірдім. Бірақ ол асыға тоқтатты:
— Отыр! Отыр! Мен қазір… Мыналармен… Бір минут…
Табуретканы ұсынды да, бір оқушының саусақтарын уқалап тұрғанын көріп, шап беріп:
— Түсір, ей, қолыңды! Мүләйімсуін қара, малғұнның!
Бала жасықтау екен: көзін қайта-қайта сығымдап, ақыры еріксіз жасын төгіп жіберді. Ол кепкасымен көзін сүртті.
— Сабақта енді тыныш отырасың ба?
— Отырамын, — деді оқушы.
— Бар, есіңде болсын!
Сосын екіншісіне бұрылды: «Ал сен тұр осылай бедірейіп… Өй, жалмауыз!» деп, екі жағынан тозаңы шыққан қайсар баланың иығынан бір жұлқып, бұрышқа тақау қойды.
Үнсіз куәгердің қолындағы глобус
Қанша уақыт өткенін аңғармай да қалыппын. Әбен (аты осылай еді) қайсар оқушыға шүйіле бастағаннан-ақ, мен үстел үстінде тұрған глобусты жай ғана айналдырып отырған екенмін.
Әбен әлгі баланың мойнының ұзындығын, мұрнының кішілігін, Мереке деп қойылған атының оған лайық еместігін тізбектеп айтты. Ақыры сөзінің ұшы әкесінің ауқаттылығына тіреліп, Мерекенің соған мастанып жүргенін де қосты…