Бүгін ауыл орталығында ауданның бірінші хатшысы жиналыс өткізбек

Қаттыбала осы қыстауға қарай көсілтіп келе жатқан салт аттыны қиядан шалып қалды. Атқа бір жамбастап қисая отырысынан, ат желігенде қопаң-қопаң етіп, бір орыннан екінші орынға ұшып-қонған сауысқандай шоқаң-шоқаң жүрісінен-ақ оның қой фермасының меңгерушісі Сәруар екенін бірден таныды. Қозы көш жерден алдынан шығып, қарсы алды.

Амандықтан соң Қаттыбала: «Біздің үйдегі ағаң төсек тартып жатқанына жарты ай болды. Колхоз бастығына өзім арнайы барып жолықтым. “Көлік жіберемін, аудан орталығына апарып дәрігерге көрсетіңіз”, — деп еді. Оған да бірнеше күн өтті. Сізге ештеңе деген жоқ па?» — деп сұрады.

Қаттыбаланың сәлемін салғырт қабылдап, манадан бері үнсіз келе жатқан ферма меңгерушісінің сол сәтте-ақ талағы тарс айырылды.

«Партия үшін...»: қорлау мен қоқан-лоқы

— Әй, алжыған қақбас, сенің зәредей болса да партияның саясатынан хабарың бар ма, жоқ па? Жоқ, әлде партияға қарсысың ба? — деді ол. Бұл — оның «бісмілләсі» еді.

Қаттыбалаға қаһарын тігіп, кәрлене қарады да, сөзін одан әрі сабақтады:

— Партия үшін сенің шалың ыз-ыз етіп ұшып, қоқыстан-қоқысқа қонып жүрген қара маса! Ұқтың ба?

Қаттыбала басын изеді.

— Ол бүгін өле ме, ертең өле ме — партияға бәрібір. Партия үшін сенің шалыңдай шалдардың өлсе түк емес, ал бір тоқты өле қалса... «Коммунист Сәруар Шалдуарұлы, қайда қарадыңыз?» — деп сұраудың астына алады!

— Е-е, солай де, — деді Қаттыбала оның ыңғайына көшкен сыңай танытып. — Әйтеуір, бір сұрау бар екен ғой.

«Партиялық тапсырма» деген сылтау

— Енді қалай деп едіңіз? — деді анау екіленіп. — Бүгін ауыл орталығында ауданның бірінші хатшысы жиналыс өткізбек. Әне-міне дегенше келіп те қалар, — деп аудан орталығынан ауылға өтетін жолға көз тастады. — Содан соң сіздің ферма жолда тұр. Соған соға қалса, ондағылар әлденені көйтіп жүрмесін. Сен бақылау жаса, ауыздарын аштырмайтын бол!

— Колхоз бастығы мені күн ілгері осында жіберді. Бұл — партиялық тапсырма. Ал сен болсаң... аузыңа келгенді оттап... бері таман жақындашы!

Қамшы мен қорлық: төзімнің шегі

Не айтпақ болғанын ұға алмаған Қаттыбала бір басып, екі басып жақындай бергенде, Сәруар қамшысын үйіріп: «Иттің қатыны!» — деп ақырып, — «Ана хатшыға аузыңнан қағынып, бірдеңе дедің ғой, ажалың менен!» — деп қамшысын сілтей берген.

Қаттыбала денесіне дарытпай, қолын ұстап үлгерді. Осы сәтте абалап үрген иттермен жарыса сәлем берген ауыл адамдары келіп, оның сөзін бөлді. Сәруар атынан түсіп, өзін қарсы алған қойшылармен бірге мал қорасына кіріп кеткенде, Қаттыбала оның атына қарғып мініп, айдау жолға қарай ағыза жөнелді.

— Лағынеттің басынуын-ай! Тіпті қамшысын сілтеп! — деп даланы басына көтеріп, аңырап жылап жіберді.

Ызалы еді. Жол жиегіне жеткен тұста аттан түсіп, алға қарай жаяу беттеді.

Қара «Волганың» жолын кескен сәт

Ағып келе жатқан қара «Волганың» алдын кес-кестеп: «Тоқта, тоқта!» — деп ышқына айғайлай ұмтылды.

Әлден соң ауданның бірінші хатшысы машинасынан түсіп, бас изеп: — Жайшылық па, жеңгей? — деп сұрады.

— Жайшылық болса, алдыңнан шығып жолыңды кесер ме едім? Иттен туып, іннен шыққаным жоқ, қазақы қалыпты тәрбие алған жандардың бірімін, — деді Қаттыбала.

— Ана фермада менің күйеуім сіздің қып-қызыл коммунисіңіз қара тышқақтан өлейін деп жатыр. Соған бір көмегі болмас па екен? — деп алдыңыздан шығып едім.

— Ол кісінің аты-жөні кім? — деді хатшы.

— Ол кісі соншалықты жуас адам. Содан ба, ауылдың басшы-қосшылары «Қаттыбаланың күйеуі» деп атай береді. Сіз де...

Ал Сәруар жайлы Қаттыбала жақ ашпады. «Жазасын Алла берсін» деумен шектелді.

Ақыры: бетперде сыпырылғанда

Байғұстың көрер жарығы бар екен: бірер күннен кейін күйеуі сырқатынан айыға бастады. Қаттыбаланың тілегі қабыл болды ма — кім білсін.

«Партияға қарсысың ба?» — енді басқаға да жүрді

Ферма меңгерушісі қойшының әйеліне көрпе былай тұрсын, етегін түріп, әйелдің енесі үстінен түсіп, айғай-шуынан басы арыла алмай қалды. Келіншектің айтуынша, мұны да «партияға қарсысың ба?» деп қорқытып, дегеніне жеткен сияқты.

Ісі партия жиналысында қаралып, қызметінен босатылды.

Сол тұста ауыл ақсақалдарының бірі: «Қара тышқақ партия, ойнасқор партия — мыналар партияны қолжаулық қылып бітті-ау!» — деп налиды.

Бұл — жалғыз оның ғана емес, көпшіліктің кейісті көңілін кемірген түйткіл еді.

Сүлеймен Баязитов