Нағашымды дереу сол мықтыға алып жөнелдік

Нағашымды көрсем, жынымды көргендей боламын. Ол — битін сығып, қанын жалайтынның нағыз өзі. Жасы жетпіске тақалған шағында оған бір кесел жабысып, «жақсы болды» деймін: әйтпесе оның шылқыған бай екенін қайдан білер едік? Бұрын басқа туыстарымыз секілді ептеп-септеп күнелтіп жүрген шығар деп ойлайтынбыз. Ал ауырғаннан кейін ақшасы атнөпір болып шыға келді. Жаны тым-ақ тәтті екен.

Бәрімізді ақымақ қылып, талай уақыт алдап келгеніне қатты ашындық. Кесел ішінен жабысты. Дәл қай жерінен екені беймәлім. «Қай жерің ауырады?» десең — қуық тұсын сипалайды. Дәрігерлер аурудың атын таба алмай дағдарысты.

Медицинаға сенімсіздік

Мен медицинаға бала кезімнен-ақ сенбеймін. Астрономдар, мысалы, бізден пәлен миллиард километр қашықтағы жұлдыздардың қайда, қалай тұрғанын айтып береді. Ал дәрігерлер — жерде, көз алдында жүрген нағашымның ауруын ажырата алмайды. Осыдан кейін медицина ғылымына не дауа?

Нағашымның «диагнозы»: «Ішімде он шақты ит пен мысық бар секілді. Егер сол мақлұқтарды бір қапшыққа салып, аузын буып қойсаң, бірін-бірі жүндей түтер еді. Менің ішімде де тура сондай бірдеңе болып жатыр».

Әрине, нағашымның құрсағында ит те, мысық та жоқ. Ол жас күнінен өлең оқуға, аспандатып, әсірелеп сөйлеуге үйір болған көрінеді. Егер іші шынымен ит пен мысыққа толса, жағдайы әлдеқайда жеңіл болар еді: қаңғыбас хайуанаттарды қырып салуға машықтанған қала әкімшілігінің «тәжірибесін» пайдаланып, уға пісірілген жұдырықтай етті жұтқызып жіберер едік те, байғұсты бейнеттен құтқарар едік.

Ауруды таба алмаған дәрігерлер

Өздерінің қай жері, қалай ауыратынын білмей қиналатындар аз емес. Мұндайда дәлелді сөзді дәрігер айтуы тиіс. Бірақ нағашым да жай адам емес:

«Міне, мына екеуінің тура ортасы ауырады»,— деді ол бір қолымен құйымшағын, екінші қолымен қуық тұсын басып.

Амал не, сонда да табылмады. Қалада нағашым кірмеген дәрігер қалмады. Қыруар ақша желге ұшты.

«Әулие» профессор және алғашқы операция

Бір танысымыз өзін емдеп жазған профессор бар екенін айтып, жөн сілтеді. Нағашымды дереу соған алып бардық. Ол шалды қарап жіберді де: «Асқазанына жара шыққан»,— деді.

Қуанғаннан төбеміз көкке жете жаздады: «Дым білмей, діңкеміз құрығаннан жақсы ғой!» — деп, профессордың үйіне тарттық.

Анатомия vs «үш сантиметр»

Мен мектепте анатомиядан аздап мағлұмат алғанымды байқаттым: «Нағашымның сырқаты қуық пен құйымшақтың арасында. Ал сіз асқазан жарасы дейсіз. Асқазан әлдеқайда жоғары жатыр».

Профессор міз бақпады: «Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ нағашыңыздың асқазаны сүмірейіп төмен түсіп кетіпті: сіз мегзеген деңгейден тура үш сантиметр төмен тұр. Дереу операция жасау керек!»

Жаны мұрнының ұшында жүрген нағашым келісе кетті. Бірақ операцияның пайдасынан зияны көп болды. Операция сестрасының айтуынша, асқазанда ешқандай жара жоқ екен.

Профессор таңырқапты: «Мыңдаған асқазанды алып-салсам да, дәл мынадай сап-сау ғаламат асқазанды көрген емеспін! Мынау тіпті қара тасты да қорытар!»

Бірақ «алған ақыны ақтау» үшін, нағашымның асқазанының дәл жартысын кесіп алып тастапты. Жәрдемші дәрігер қарсылық білдіргенде, профессор: «Асқазан — қауіпті мүше. Жара қазір шықпаса да, кейін шығады. Екіден бірін алып тастау арқылы біз келешекте жара шығу қаупін де екі есе азайттық»,— депті.

Екінші рет «сиқыршы» және бүйрек

Денсаулығы одан сайын нашарлай түсті. Енді біреу атақты терапевтті айтты: «Ол нағыз сиқыршы! Өлгеніне бір тәулік тола қоймаған кісіні тірілтіп жібереді».

Терапевт қарап жіберді де: «Бүйрек. Операция қажет!» — деді.

Нағашым екінші рет сойылды. Сосын терапевт нағашымның бүйрегінде титтей де ақау жоқ екенін көріп, тағы да «ғажайыпқа» таң қалды. Екі бүйрек бір кісіге тым артық дәулет болып жүр екен дегендей, біреуін алып тастауға айналды.

«Заттай дәлел»

Жас дәрігер: «Сап-сау бүйректі неге аласыз? Құдайға шүкір, гринвич сағатындай сартылдап-ақ тұр»,— деп қарсы болған.

Терапевт тізгін тартпапты: «Алып тастамасақ, бұл “Алдап, ақшамды қақшыдыңдар!” деп қиғылық салады. Шатақ шығарса: “Міне, алып тастаған мүшең!” деп көрсете қоямыз. Сақтықта қорлық жоқ — қолымызда заттай дәлел болсын».

Сөйтіп, нағашым тағы бір мүшесінен айрылды. Оның үстіне, операцияда өлтіріп тастай жаздағандарына атнөпір ақша төлеп қана қоймай, аурухананың дәрігерінен бастап күзетшісіне дейін газет арқылы алғыс айтты. Ақша да, алғыс та далаға кетті.

Үшінші операция: «ішек түйілген»

Тағы бір танысымыз: «Мен он алты рет сойылдым. Ішкі мүшелерімнің бәрін бір алып, бір салып түгел көрді. Бірақ шипа табылмады. Ақырында бір дәрігер кез болып, сол емдеп жазды»,— деді. Нағашымды дереу соған алып бардық.

Дәрігер нағашымның бастан кешкенін тыңдап болып, жып-жылы жымиды: «Асқазан мен бүйрегіңізді бекер кескізгенсіз. Сіздің ішегіңіз түйілген»,— деді.

Мен де іштей «сезе қойдым»: сараң байғұс сығып ішіп жүргенде ішегі ширатылып, түйіліп қалған шығар деп.

Нағашым операция үстеліне үшінші рет жатты. Хирург ішек-қарнын ақтара бастағанда, скальпелін түсіріп алып, абыржыды: «Ішектің көкесі мұнда ғой! Дәл мынадай сап-сау, ұп-ұзын ішекті өмірі көрген емеспін! Мынау он бес кісіге мол жетеді!»

Дәрігер кеселін таппаса да, құр қол қалмас үшін ішегін «ықшамдауды» жөн көрді. Ол да өкініш қана болды.

Бітпейтін «диагноздар» шеруі

Анкара: «соқыр ішекке суық тиген»

Анкарадағы дәрігер нағашымның арызын тыңдап, күлімсіреді: «Соқыр ішекке суық тиген»,— деді. Қарнын тағы жарды. Бірақ қабынған ештеңе табылмады: соқыр ішек күнәсіз қыздың жүрегіндей қылаусыз тұрды. Сонда да «әдеп» бойынша жайдан-жай тігіп қоя салмай, соқыр ішекті сылып тастады.

Көмекей безі: «қажеті шамалы»

Соңғы үмітпен барған тағы бір «білгір» дәрігер ащы мысқылмен: «Селдіреп қалған мүшелеріңізге жаным ашиды. Сіздің кеселіңіз — көмекей безіңізде!»— деді.

Мен: «Қуық пен құйымшақтың арасындағы кеселге оның қандай қатысы бар?»— дедім. Дәрігер иығын қиқаң еткізді: «Оны өзім де білмеймін. Бірақ ол бездің қажеті шамалы, сылып тастасақ зауал келмейді…»

Сылып тастағанымен, жағдай жеңілдемеді.

«Ішкі секреция бездері»: бір ен

Келесі дәрігер: «Ішкі секреция бездеріңіз кінәраттанған. Ұрықты тым көп бөледі» — деп, бір енін алып тастауға ризалық сұрады. Нағашым налиды: «Айықсам болды, мейлі, екеуін де алыңдар»,— деді.

Дәрігер «этикаға қайшы» деп, біреуін ғана алды. Одан да шипа болмады.

Сүйел: соңғы «артық»

Бір дәрігер: «Сылынып тасталған мүшелеріңіздің өзінен жаңа адам құрастыруға болады!»— деп тамсанып, аяғын қарап: «Кеселдің түбі — сүйеліңізде. Әкеліңіз, сылып тастайын»,— деді.

Мен қарсы болдым: «Қуық пен құйымшақтың ортасындағы кеселге аяқтағы сүйелдің не қатысы бар?» Дәрігер: «Тұла бой тұтас жаратылған…»— деп түсіндірді. Сүйел де кетті. Пайда тапқан — дәрігер ғана.

Дене — жамау-жамау ау

Нағашым талай «емнен» кейін мүлде шөгіп қалды. Ақшаны қайтіп жинағанына таң қаламын: қолдан жасасам да, өмір бойы жетерліктей етіп жинай алмас едім. Ақыры ол өрмекшінің торындай селдіреп, жұп мүшелерінің бір-бір сыңарынан айрылды. Ықшамдауға келгені ықшамдалды, келмегені — мүлде алынып тасталды.

Кеселге дейін нағашым алпыс килограмм еді. «Артық» мүшелері ғайып болған соң, салмағы құлдырап, отызға тоқтады. Тіліп-тігіп бітпеген денесі балықшының жамау-жамау ауына ұқсайтын болды: хирургтар скальпель іздеп әуреленбейді, кез келген тігісін түртіп қалсаң — қарны тозған шүберекше сетінеп жүре береді.

Ол тіпті қатты «аһылап-уһілеуді» де қойды: өйтсе тігістері сөгіліп кетеді. «О, Алла, біздің қарнымызды қаусырып түймелей салатындай етіп неге жаратпадың? Сонда дәрігерлер бізді іреп-сойып әлек болмас еді-ау…»— деп міңгірлейді.

Соңғы екі дәрігер: қыру және тіс

Нағашым денсаулық сақтау бөлімінен Түркиядағы тірі дәрігерлердің тізімін сұратты. Қарасақ, біз қаралмаған екі-ақ дәрігер қалыпты.

Алғашқысы нағашымның тірі жүргеніне қайран қалып: «Сізді енді кісі деуге болмайды! Өміріңізді осынша ұзартып келе жатқан медицинамыз қандай құдіретті!»— деді. Оның бұйрығымен нағашымның табанынан төбесіне дейін бір тал түк қалдырмай түгел қырып тастады; шашпен бірге қас та кетті. Сосын әріптестерін шақырып, «сирек бітімді» нағашымды көрсетіп мәслихат құрды.

Ең соңғы дәрігер: «Бар пәле қабынған қызыл иегіңде»,— деді. Нағашым қызыл иектен келетін «көрімді» көріп алайын деп, тісін түп-түгел алдыртып тастады.

Сөйтті де: «Ұстаңдар мені, жібермеңдер! Мен ұшып кете жаздап тұрмын!»— деп шырылдады.

Ол бекер шырылдамаған екен: ап-ашық бір күні аяқ астынан жел көтеріліп, нағашымды үрлеген шардай іліп алып, үйдің төбесіне бір-ақ шығарды. Шалекең сөйтіп тірлік кешті: адам қалпы жоқ, аруақ кейіптес бір елес.

Париждегі бір тал қыл

Бір күні нағашым: «Қалған тиын-тебенімді жиып, Еуропа дәрігерлеріне көрінгім келеді»,— деді. Екеуіміз Парижге аттандық. Тамыр-таныс жоқ болған соң, сыртында «дәрігердің кабинеті» делінген жазуы бар бір есікті көре сала соған кірдік.

Француз дәрігер нағашымды ары-бері қарап отырды да, қарқылдап күліп жіберді. Ішегі түйілгенше күлді. Әрең тыйылып, пинцетін қолына алды: «Аузыңызды ашыңыз».

Нақты себеп

Нағашым аузын ашты. Дәрігер пинцетті сұғып, қайта алды. «Ал, қалайсыз?»— деді. «Жақсы. Ауруымнан айықтым»,— деді нағашым.

Дәрігер күлімсіреп, пинцеттің ұшындағы ақшыл қылды көрсетті: «Кеселіңіздің не екенін қараңыз. Тісті абайлап жуу керек: щеткаңыздың мына бір тал қылы көмейіңізге қадалып қалыпты».

Біз Стамбұлға қайттық. Нағашымның ауруынан ешқандай нышан қалмады. Бірақ ақшасынан да жетім тиын қалған жоқ.

Ауруынан айыққанына жарты жыл тола бере нағашым тіршілікпен қоштасты: кедейліктің кесірінен кетті ме, көп операцияның кесірінен кетті ме — онысын білмеймін. Қалай болғанда да, ол бұл дүниенің адамы емес-ті.

Орысшадан аударған: Ғаббас Қабышев