Мәтінде қандай мәселелер
Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы
Қазақ тілі мен әдебиеті (оқыту тілі қазақ тілінде емес), 8-сынып
Мақсаты
Бұл жинақ білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге көмек құралы ретінде әзірленді. Материалдар ұжымдық жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Құндылығы
Бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар қалыптастырушы бағалауды өткізуге, сабақты жоспарлауға, ұқсас тапсырмаларды құрастыруға және іріктеуге, оқу мақсатына жетуге қатысты сындарлы кері байланыс беруге көмектеседі.
Икемділік
Жинақ ұсыныстық сипатта берілген: білім алушының қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып, тапсырмаларды толықтыруға, өзгертуге және бейімдеуге болады.
Қосымша ресурстар
Қосымша материалдар (нұсқаулықтар, таныстырылымдар, жоспарлар және т.б.), форумдағы талқылаулар және бейненұсқаулықтар Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның smk.edu ресми сайтында қолжетімді.
Жинақ негізгі мектеп мұғалімдеріне, әдіскерлерге, критериалды бағалау бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.
Ескерту: ресурстар (суреттер, мәтіндер, бейне және аудио материалдар және т.б.) қолжетімді ресми интернет-сайттардан алынған. Жинақ коммерциялық емес мақсатта құрастырылған.
Мазмұны
Тапсырмалар тоқсандар бойынша жүйеленген және бөлімдерге бөлінген.
1-тоқсан
- Білім. Ғылым. Инновация
- Сауда жасай білесің бе?
- Жаһандық энергетикалық дағдарыс
2-тоқсан
- Достық пен татулық — таптырмас бақыт
3-тоқсан
- Тарихи тұлғалар тағылымы
- Қызым — жағадағы құндызым, Ұлым — аспандағы жұлдызым
- Биоалуантүрлілік. Жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер
- Наурыз және әлем халықтарының оны қарсы алу ерекшеліктері
4-тоқсан
- Мәңгілік елдің нұрлы жолы!
- Қазақстанның айтыс өнері мен сөз мәдениеті
- Қазақстан — Байқоңыр — Ғарыш
1-тоқсан: «Білім. Ғылым. Инновация» бөлімі бойынша тапсырмалар
Тапсырмалар оқу мақсаттарына негізделген және бағалау критерийлері мен дескрипторлар арқылы нақтыланған.
Оқу мақсаты: 8.1.5.1
Тірек сөздер, автор көзқарасы мен көңіл күйі арқылы негізгі ойды анықтау.
Бағалау критерийлері
- Мәтіндегі тірек сөздерді анықтайды.
- Автор көзқарасы арқылы негізгі ойды табады.
1-тапсырма
Мәтінді мұқият тыңдаңыз.
Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Серікбол Шаймардан электронды бесік ойлап тапқан. Бұл ақылды бесік көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Серікбол, бұл идея қалай пайда болды? Алғашында бесіктің жалпы маңызы туралы зерттедім. Жапониядағы медициналық зерттеулерде сәби ана құрсағында жатқанда тербеліске түсіп, белгілі бір рефлекстер қалыптасатыны айтылады. Сәби жарық дүниеге келгенде өмірге бірден үйрене алмайды. Сондықтан оны ана құрсағындағыдай тербетіп отырған дұрыс.
Екіншіден, сәби бесікте жатқанда миы дамиды екен. Осы ғылыми зерттеулерді негізге ала отырып, өз жобамды жасадым.
SmartBesik-тің басты ерекшелігі қандай? Бұл бесіктің негізгі ерекшелігі: бала жыласа, бесік автоматты түрде тербеледі. Оны басқарғышпен (пультпен) алыстан басқаруға болады. Бала дәретке отырып қойса, хабар береді. Баланың температурасы өзгерсе, автоматты түрде белгі береді. 12 вольттық кернеумен де, батареямен де жұмыс істейді.
Аналар үшін таптырмас бұйым деп ойлаймын, өйткені ол үй шаруасындағы әйелдің уақытын үнемдейді.
Рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!
2-тапсырма
Мәтіндегі ең маңызды тірек сөздерді жазыңыз.
3-тапсырма
Берілген тұжырымдардың ішінен автордың пікірін анықтап, идеясын 2–3 сөйлеммен түсіндіріңіз.
| Тұжырымдар | Идея |
|---|---|
| A. Жапон халқының медицинасын оқыдым. | |
| B. Бұл бесік үй шаруасындағы аналарға өте қажет. | |
| C. Бесікте жатқан баланың миы дамиды. |
Дескриптор
- Мәтіндегі маңызды тірек сөздерді табады.
- Автордың пікірін анықтайды.
- Автор көзқарасы негізінде мәтіннің идеясын түсіндіріп жазады.
Оқу мақсаты: 8.2.1.1
Тұрақты тіркестер мен көркемдегіш құралдарды қолданып, ауызша мәтін құрау.
Тапсырма
Ұсынылған тұрақты тіркестер мен көркемдегіш құралдарды пайдаланып, сурет пен тақырыпты байланыстырып ауызша мәтін құраңыз.
Тақырыптар
- Көмекші робот — туған күн сыйлығы
- Менің өнертабысым — ұшатын автокөлік
Тілдік тіректер
Тұрақты тіркестер
көзді ашып-жұмғанша, бесаспап, төбесі көкке жету, көзі шарасынан шығу, дәмі тіл үйірер
Көркемдегіш құралдар
жұлдыздай ағу, баладай шаттану, жауынгердей тік жүру, қарауылдай қырағы, ұшақтай зулау
Дескриптор
- Сурет пен тақырыпты байланыстырып әңгіме құрайды.
- Тұрақты тіркестер мен көркемдегіш құралдарды орынды қолданады.
Мәтінмен жұмыс: эко-көлік технологиялары
Оқу мақсаты: 8.3.1.1
Перифраз түрінде берілген сұрақ арқылы қажетті ақпаратты анықтау.
Тапсырма
Мәтінді оқып, сұрақтарға жауап беріңіз.
Дүниежүзіндегі жеңіл автокөліктер жылына 1 триллион литрдей жанармай жағады. Қазіргі таңда шамамен 806 миллион көлік құралы бар. Көліктің саны да, ауаға шығарылатын зиянды газдың көлемі де қарқынды өсіп келеді. Ал оларға қажетті табиғи отын қоры азайып бара жатыр.
Көлікте пайдаланылатын биоотынның екі түрі бар: биодизель және этанол. Биодизельмен жүретін көліктер дизель отыны мен өсімдік майының қоспасын қолданады. Этанол қант құрағы, жүгері немесе арпа сияқты дақылдардан жасалады. Биоотын да парниктік газдар шығарады, бірақ мөлшері табиғи отынға қарағанда аз.
Электр көліктері тек электр энергиясымен қозғалады. Олардың үнемі зарядталатын үлкен аккумуляторлары бар. Олар атмосфераны ластамайды, бірақ қуаты біткен аккумулятор 10 сағатқа дейін қайта қуат жинайды. Сонымен қатар оларды электрмен қамтамасыз ету көбіне парниктік газдар шығаратын электр станциялары арқылы жүзеге асады.
Сутегімен жүретін көліктер ең тиімді эко-көлік технологиясына жатады. Мұндай көліктердің шығаратын жалғыз қалдығы — су, сондықтан бұл ең таза экокөлік технологиясы деп танылады. Алайда оларды жасау өте қымбат және көпшілікке қолжетімді болғанша көп уақыт қажет.
Сұрақтар
- Табиғи отынға қарағанда биоотынның ерекшелігі неде?
- Қуаты азайған аккумуляторлар қайтадан қалай қуаттандырылады?
- Көліктердің қай түрі зиянсыз?
- Сумен (сутегімен) жүретін көліктерді шығаруда қандай мәселелер бар?
Дескриптор
Білім алушы сұрақтарға жауап беру барысында мәтіндегі ақпаратты тиімді пайдаланады.
Жазылым: мақала, пікір, интервью
Оқу мақсаты: 8.4.1.1
Мәтіндердің жанрлық және стильдік ерекшелігін сақтап, шағын мақала, пікір, интервью жазу.
1-тапсырма
Мәтінді мұқият оқып, маңызды деп санайтын ақпараттардың астын сызыңыз.
Қазақстандық өнертабыстар
Қостанай өңірінің тумасы Бақытжан Әлменов гидравликалық қондырғы ойлап тапты. Өз өнертабысын ол осыдан 10 жыл бұрын Женева халықаралық бюросында тіркетіп, патент алған. Қондырғы «Әлменовтың гидравликалық қондырғысы» деп аталады.
Ауа компрессормен алынып, құбыр арқылы төмен қарай барабанға жіберіледі. Бұл барабан ауаны жинақтайтын және оны ретімен таратып отыратын механизм. Сол жерден клапан ашылып, қапшыққа мөлшерленген көлемді беріп отырады.
Валерий Морев көлік жүргізушісі белдік тақпайынша көлікті орнынан қозғалтпайтын құлып ойлап тапты. Бұл шешім жол ережесін сақтай бермейтін жүргізушілерді қауіптен сақтауға ықпал етуі мүмкін.
Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты Серікбол Шаймардан электронды бесік ойлап тапты. Арнайы құрылғыны бесікпен қосқандағы жалпы бағасы 50 мың теңге. Бесікті смарт-бесікке айналдыратын тербеткіштің құны 39 мың теңге. Бұл тербеткішті кез келген бесікке орнатуға болады.
2-тапсырма
Мәтіндегі ақпараттарды аргумент ретінде пайдаланып, жаңа өнертабыс туралы өз пікіріңізді жазыңыз.
Дескриптор
- Мәтіннен нақты аргументтерді белгілейді.
- Өнертабысқа қатысты өз ойын білдіреді.
- Пікірін мәтіндегі аргументпен байланыстырып, өмірден мысал келтіреді.
Оқу мақсаты: 8.5.1.1
Болжалдық және бөлшектік сан есімдерді жазба және ауызша жұмыстарда орынды қолдану.
Тапсырма
Берілген тақырыптардың бірін таңдап, болжалдық және бөлшектік сан есімдерді қолданып, өз пікіріңізді білдіріңіз.
Ұсынылатын тақырыптар
- ЭКСПО — 2017
- Жаңа өнертабыстар көрмесі
- Болашақтағы кітапхана
- Медицина саласындағы жетістіктер
- Өмірді жеңілдететін өзгерістер
- Адамзаттың ұлы өнертабыстары
Дескриптор
Білім алушы тақырыпқа сәйкес пікір білдіреді және мәтінінде шамамен 4–5 болжалдық әрі бөлшектік сан есімді орынды қолданады.
Тыңдалым және талдау: өлеңмен жұмыс
Оқу мақсаты: 8.1.4.1
Орта көлемді прозалық, драмалық және поэзиялық шығармалардан үзінді тыңдап, тақырыбы мен идеясын талдау.
1-тапсырма
Өлеңді мұқият тыңдап, төмендегі тапсырмаларды орындаңыз.
Базарға қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу атақ алады, біреу маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына соны алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң, жерде қалмас — елге тарар,
Біреуден-біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
Ит маржанды не қылсын деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.
Ұстаным таңдаңыз
«Келісемін» немесе «келіспеймін» ұстанымының бірін таңдап, пікіріңізді білдіріңіз.
- Өлең жолдары саудамен байланысты.
- Өлең жолдары өмірмен байланысты.
2-тапсырма
Өлеңнің тақырыбы мен идеясын түсіндіріңіз.
Тақырыбы
Идеясы
Дескриптор
- Өлеңнің астарлы мағынасын ашады.
- Өлеңнің тақырыбын сөз тіркесімен береді.
- Өлеңнің идеясын 2–3 сөйлеммен түсіндіріп жазады.
Айтылым: диалог және сөйлеу этикеті
Оқу мақсаты: 8.2.2.1
Түрлі жанрдағы көркем мәтіндерге сүйене отырып, көңіл күйді білдіруде ұлттық сөз әдебі мен сөйлеу этикеті формаларын қолдану.
Тапсырма
Жұбыңызбен берілген жағдаят бойынша сатушы және тұтынушы рөлінде диалог құрыңыз. Диалогте сөйлеу этикетінің формаларын қолданыңыз.
Дескриптор
- Суреттерді (жағдаяттарды) пайдаланып, жұпта диалог құрастырады.
- Диалог мазмұнында сөйлеу этикетінің түрлі формаларын қолданады.
Оқылым: композиция және кейіпкерге баға беру
Оқу мақсаты: 8.3.3.1
Прозалық және поэзиялық шығармалардың композициялық құрылымын анықтау, кейіпкердің іс-әрекетіне баға беру.
1-тапсырма
Мәтінді оқып, төмендегі тапсырмаларды орындаңыз.
Қожанасыр бір мейрамхананың алдына тауарларын жайып қойып, сауда жасап жатқанда мейрамхананың иесі оған: «Қожеке, күнде мейрамхананың алдындағы тамақтың иісін пайдаланып тұрсыз. Мұның ақысын төлеуіңіз керек!» — дейді. Қожанасыр: «Тамақтың иісіне де ақша төлене ме?» — деп таңданады. Иесі: «Иә, менің палауым мен мантымның өзіне ғана емес, иісіне де төлейсіз. Әйтпесе қазыға барамыз», — дейді.
Екеуі қазыға барады. Қазы: «Ал, Қожеке, бұған не дейсіз?» — дейді. Қожа: «Дұрыс. Тамақтың иісінен аузымның суы құритыны рас. Бірақ мен күнде санап жүрген ақшамның дауысын естіген бұл кісінің ойына да ақша келетіні рас. Ендеше тамақтың иісіне ақшаның дауысымен төлейін, есеп жабылсын», — депті.
Оқиға композициясын сәйкестендіріңіз
| Бөлім | Оқиға |
|---|---|
| Басталуы | Қожаның мейрамхана алдындағы саудасы |
| Дамуы | Мейрамхана иесінің талабы |
| Шиеленісуі | Қазыға жүгіну |
| Шарықтау шегі | Қожаның қазыға айтқан жауабы |
| Шешімі | Жабылған есеп |
2-тапсырма
Әңгімедегі екі кейіпкерге мінездеме беріп, мәтіннен дәлел келтіріңіз.
| Кейіпкер | Мінездеме | Дәлел |
|---|---|---|
| Қожанасыр | ||
| Мейрамхана иесі |
Дескриптор
- Әңгіменің композициясын оқиғамен сәйкестендіреді.
- Кейіпкерлерге мінездеме береді.
- Мінездемесін мәтін негізіндегі дәлелдермен нақтылайды.
Эссе: дәлелді пікір білдіру
Оқу мақсаты: 8.4.4.1
Тақырып бойынша мәліметтерді жинақтап, эссе жазуда тиімді қолдану.
Тапсырма
«Ғаламтор-дүкендерінде сауда жасау тиімді ме?» тақырыбында өз пікіріңізді білдіріп, эссе жазыңыз.
Дескриптор
- Кіріспеде тақырыпқа түсінік береді.
- Өз позициясын нақты жазады.
- Негізгі бөлімде дәлелді аргументтер келтіреді және қыстырма сөздерді орынды қолданады.
- Қорытынды жасап, бірнеше ұсыныс ұсынады.
Тыңдалым: баламалы энергия және күн қуаты
Оқу мақсаты: 8.1.2.1
Тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсіну және детальді ақпараттарды анықтау.
1-тапсырма
Мәтінді тыңдап, төмендегі тапсырмаларды орындаңыз.
Қазіргі мемлекеттерде энергия тапшылығы байқалуда. Көмір, мұнай, табиғи газ сияқты энергия көздерінің сарқылуы немесе қорының азаюы, сондай-ақ қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері күн санап артып келеді. Бүкіл әлем энергия тапшылығынан құтылу үшін баламалы энергия көздеріне көшуді бастап кетті.
Бүгінде әлем ғалымдары энергияның жаңа көзін үздіксіз іздестіруде. Сарқылмайтын дүние жоқ: уран да сарқылатын отынға жатады. Атом энергетикасының келешегіне қауіп төнгендіктен, көптеген елдер жаңғыртылатын қуат көздерін пайдалануды күшейтуде.
Көгілдір отын мен көмірмен жұмыс істейтін станцияларда өндірілетін қуат арзан болғанымен, олардың қоры шектеулі. Сондықтан күн батареялары мен жел станциялары қымбатқа түссе де, энергия өндіру бағытында жаңғыртылатын қуат көздерін құру бүгінгі және болашақ үшін аса маңызды.
Елімізде күн сәулесі болашақтың сарқылмас энергиясы бола алады. Оңтүстік облыстарда жылына 180–250 күн ашық болады, орташа температура 37°С шамасында. Бұл күн энергиясын тұрақты әрі арзан қуат көзі ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Күннің жыл сайын жер бетіне түсіретін энергиясы 7,5×1017 кВт·сағ.
Күн энергиясының маңызды артықшылықтарының бірі — қоршаған ортаға қауіпсіздігі және арнайы жеткізу құралдарының қажет еместігі.
Дастарқан әдісі
Мәтін мазмұны бойынша әрқайсыңыз өз бұрышыңызға бір сұрақ құрастырып жазыңыз. Дастарқанды сағат тілімен айналдырып, көрші оқушының сұрағына мәтін негізінде жауап беріңіз.
2-тапсырма
Мәтіннен күн сәулесін энергия көзі ретінде пайдаланудың артықшылығына қатысты 3 ақпаратты анықтаңыз.
Дескриптор
- Мәтін мазмұны бойынша 1 сұрақ құрастырады.
- Жұбының сұрағына мәтін негізінде жазбаша жауап береді.
- Мәселеге қатысты 3 детальді ақпаратты анықтайды.
Пікірталас: дәлел келтіру және сұраққа жауап беру
Оқу мақсаты: 8.2.5.1
Пікірталаста өз көзқарасын сенімді дәлелдеу және қойылған сұрақтарға еркін жауап беру.
Бұрыш стратегиясы
Берілген пікір бойынша өз ұстанымыңызға сәйкес бұрышты таңдаңыз. Ұстанымыңызды дәлелдейтін бірнеше аргумент ұсыныңыз. Өзге бұрыштағы оқушылардың пікірлері мен аргументтеріне сұрақ қойып, қойылған сұрақтарға жауап беріңіз.
1-бұрыш
Қазақстанда энергия тапшылығына қатысты мәселе бар.
2-бұрыш
Қазақстанда энергия тапшылығына қатысты мәселе жоқ.
3-бұрыш
Екіұдай пікірдемін.
Дескриптор
- Өз ұстанымын анық білдіреді.
- Дәлелді аргументтер ұсынады.
- Сұрақтарға дәлелді жауап береді.
Оқылым: публицистикалық стиль (мақала)
Оқу мақсаты: 8.3.2.1
Публицистикалық стиль (мақала) ерекшеліктері арқылы мәтін жанрын анықтау.
Тапсырма
Мәтінді оқып, жанрына тән 3 ерекшелікті анықтаңыз.
Энергия үнемдеу — көп талқыланатын әрі маңызды мәселелердің бірі. Әрбір тұтынушы өзінің электр энергиясы шығындарын бағалап, «Шығындарды азайта отырып, энергия ресурстарын қалай ұтымды пайдалануға болады?» деген сұрақ қоюы тиіс.
Мамандардың пікірінше, пәтерді жарықтандыруға электр энергиясының бестен бір бөлігі жұмсалады. Сарапшылар энергия үнемдейтін шамдарды сатып алуға және энергия тиімділігі A және B класына жататын тұрмыстық техникаларды таңдауға кеңес береді.
Статистика бойынша үйдегі шамдар электр энергиясының 20 пайызын тұтынады. Сондықтан қыздыру шамдарын энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру отбасы бюджетіне елеулі үнем әкелуі мүмкін.
Энергия үнемдейтін шамдар қыздыру шамдарынан 5–7 есе қымбат болғанымен, айына шамамен 1,8 кВт энергия тұтынады. Ал қыздыру шамын қолданғанда айлық тұтыну 9 кВт-қа дейін жетеді.
Қызмет ету мерзімі де айтарлықтай өзгеше: энергия үнемдейтін шамдар 5–10 жылға дейін, ал қыздыру шамдары шамамен 1 жыл қызмет етеді. Қыздыру шамдарында электр энергиясының 90 пайызы жылуға кетеді, ал энергия үнемдейтін шамдарда энергияның көп бөлігі жарыққа айналады.
Мәтін жанры
Жанрға тән ерекшеліктер
Дескриптор
- Мәтіннің жанрын анықтайды.
- Мәтіннен жанрға тән 3 ерекшелікті табады.
Жазылым: баламалы энергия туралы мақала
Оқу мақсаты: 8.4.1.1
Мәтіндердің жанрлық және стильдік ерекшелігін сақтап, шағын мақала жазу.
Тапсырма
Алдыңғы сабақтарда алған біліміңізді пайдаланып, баламалы энергия көздеріне көшудің себептері мен салдары туралы мақала жазыңыз. Мақала жанрына тән белгілерді (риторикалық сұрақтар, қыстырма сөздер) ескеріңіз.
Дескриптор
- Себептері мен салдарын талдайды.
- Оқылған материалдарды аргумент ретінде қолданады.
- Мақала жанрының стильдік ерекшеліктерін сақтайды.
2-тоқсанға кіріспе (үзінді)
Төменде 2-тоқсанға арналған тыңдалым мәтінінен үзінді берілген. Бөлімдер: «Достық пен татулық — таптырмас бақыт», «Кәсіп — бақыттың шырағы», «Еңбек — ырыстың бұлағы», «Қазақстанның су ресурстары».
Тыңдалым мәтінінен үзінді
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ... бірақ...
Ешкімді де билетпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай:
Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.
Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам...
Мен өзім де ән салам...