Бадырақ - байдың жалшысы

I тарау

Таң әлі анық атпаған. Айдың соңғы қараңғысы. Таң алдына дейін қалғып-шалғып келе жатып, енді ғана ажарланып, бағжиған жұлдыздар меңіреу түнді әр жерден өштескендей өжеттене тесіп тұр. Бірақ өздері де еңкейіп, батып бара жатқандай.

Осы қою қараңғылықтың арасынан әр ауыл қонысынан түйенің анда-санда бақ еткен үні естіледі, жылқы кісінейді. Тәрізі, бұл өңірдегі ауылдар көшіп жатыр. Күн салқын кезінде көшпесе, кеше кешкісін қозы-лақ жете алмайтын, кер баланың шеліндей бұйрат құмға бүгін күн ыстығында ілесу қиын. Сондықтан қатындар сүтті пісіріп, ұйытпай тұрып тұлыпқа құйып, іңірден бастап үйді жыққан.

Қомның арқаны тізгін қысқан түйелер бақырады. Бір жерден қызғыш құс ұшты: ойқыр демей біреу жортып, бірдеңе аңдып келе жатқандай. Қызғыш содан үркіп көтерілген.

Бұл — күреңге тоқым салып, жайдақ мінген қойшы еді. Ол байдың үйіне қонған екі қонақтың атын іздеп жүрген. Қойшының аты — Бадырақ.

Бадырақ көшіп келе жатқан ауылдың жанындағы қоңыр белеске таман келіп, күреңінен топ етіп түсіп, жантайып жата кетті. Ол байдың жалшысы: жасы жиырма екіде, орта бойлы, дембелше, жауырыны қақпақтай, күш-қайраты мығым жас жігіт. Төбесі биіктеу, шекесі торсықтай, бүркіт қабақ — есті де өжет.

Екі аттың, екі есімнің тарихы

Оның азан шақырылып қойылған аты — Қоянбай еді. Әке-шешесі ерте өліп, жетім қалған. Бір жұт жылы анасы қой таба алмай, қояннан қалжа жеген екен дейді, содан жұрт «Қоянбай» атап кеткен. Бірақ Қоянкөз ауылында «Қоянбай» деп шақыру Қоянкөз атаның атына тиіп, аруақты қозғағандай көрінген соң, ауылдың әйелдері оған жанама ат қойып, «Бадырақ» деп кеткен. Сөйтіп, Қоянбай аты ұмытылып, бұл атырапта оны бәрі Бадырақ дейтін болды.

Бадырақтың қайратына қоса, ерінбейтіндігі тағы бар: қой да бағады, отын да әкеледі, қиды да ояды, құдық та қазады. Қонақ келсе мал да сояды, қазанға су құйып, от та жағады. Қысқы боранда жылқыға кетеді, жазда бие де сауады, самаурын да қояды. Ел көшсе, Сағындықтың жүгін түйеге жалғыз өзі артып, жұрттан бұрын жөнелтеді.

Қара шағыр қол атан түйесін бақыртып, керегесін қомдап жатқан ауыл — Сағындық байдікі. Сағындық жуан жерден шыққан, дәулеті ауыр, малы мол адам. Үш қатыны бар. Бәйбішеден ұл жоқ, жалғыз-ақ бойжеткен қызы бар. Оны да «әлі жас» деп, жиырма екіге келгеніне қарамай ұзатпай отыр.

Сағындық өткен күзде үшінші қатыны Жеңсікті алып, оны бәйбішенің босағасына келін етіп түсірген. Жеңсік — кедейдің қызы, ауылдың бейнетіне ерте піскен. Ал Толарсақ атты бәйбіше «баланы жастан, қатынды бастан» дегенді берік ұстанып, жас тоқалды басына шығармай, жұмысқа жегіп, билігін жүргізеді. Сағындықтың өзі де бәйбішеден аса алмайды: анда-санда тоқалға көңілі ауып, қолын ұстаса жүрегі жас жігіттей лүпілдеп кетеді, бірақ соңы бәрібір бәйбішенің қағажуына тіреледі.

Күндердің күнінде Жеңсік бойын сергітіп, ішкі өксігін басу үшін жазға салымнан бері белестің астында тосып отырған Бадырақпен көңіл қосты. Ала кеуеңде ақ шыт көйлек киген Жеңсік жедел басып келіп, Бадырақты мойнынан құшақтап, ерінге ерін тигізді. Таңғы қараңғылықтағы қоңыр жел жеңін желбіретіп, екеуінің білектері әп-сәтте айқасып қалды.

Бірақ ай жарымнан бері бәйбіше тоқалды аңдып жүрген. Жеңсіктің жүріс-тұрысы, Бадырақпен қас-қабағы, ойын-шыны бәрі күдікке жем болған. Осы алагеуімде дөң асып, жалғыз шыққан Жеңсіктің жүрісінен бір бәлені сезген Толарсақ Сағындықты ертіп, іле-шала белеске шыға келді.

Олар жеткенде Бадырақ Жеңсікті құшақтап тұрған. Жотадағы қараңдағанды көрген тоқал асаудай ыршып шығып, үйге қарай безді. Бадырақ күреңге қарғып мініп, әрі қарай тұра қашты. Сағындық қара нобайынан ғана шолып, кім екенін анықтай алмады, бірақ тоқалының ойнасы кім екенін ұқты. Бұл жерде бай да, бәйбіше де қыңқ етпеді: үйінде қонып жатқан екі сыйлы қонақтан именді.

II тарау

Күн шаңқай түс. Аспан айналған ыстық. Жіңішке тоғанның шеңгел-шилі бойына топырлай қонған ауыл ығы-жығы. Көш аттары ауыздығын қарш-қарш шайнап, қалмақша байланған. Иттердің тілі салақтап, ши түбінде солықтайды. Көлеңкесіз жерде адам баласы күнге пісіп тұр.

Кеше екіндіден түйеге қом қойған елдің көбі мызғып кеткен. Мамық көрпе-жастық үстінде Сағындық азбан қошқардай қорылдап ұйықтапты. Таяу жерде Толарсақ бәйбіше де мұрны бырқырап жатыр. Өзге үйлер де осылай ұйқы құшағында.

Қарала текемет үстіне айқара тасталған бір итарқа оқшау қоныпты. Оның ауыз жағында Бадырақ қырықтық қайрап отыр. Іште Жеңсік: желегі желбіреп, ұйқы көрмеген қара көзінен нұр ойнағандай. Әзіл сөздің жетегіне ерген Бадырақ бармағын кесіп алып, ақ шүберекпен байлап жатыр. Жеңсік оған шұңғыл саптыаяқпен қымыз ұсынып, ол амалсыз ішіп қояды. Айналада тірі жан көрінбейді; тек екеуінің жанарлары ғана ойнап айқасады.

Жеңсік сыртқа шығып, жан-жағын бір шолды. Төңірек маужыраған тыныштық. Ол мұрнын жұлып босанған қара атанды қайта байлап, итарқаға кіргенде, сақиналы ақ саусағы жарқ етіп, есікті қымтай берді. Едәуір уақыт өтті.

Бір мезетте қой-ешкі жамырап қоя берді. Дауысқа бүкіл ауыл оянып, әркім таяқ-сойылын ала жүгірді. Сағындық та кебісін іле сала, дамбалының бауы салбырап, қойға қарай жүгіріп келеді. Толарсақ бәйбіше де алдыңғы қатарда.

Қойдың ығына жұрт жабылғанмен, қойшы көрінбейді. «Қойшы қайда?» деген үн көбейген сайын Сағындық ширыға түсті. Толарсақ отқа май құйғандай сампылдап, байды одан сайын қоздырды. Төлепберген де: «Саржалақ Бадырақ ана итарқада шығар» деп, байдың ашуын өршіте түсті.

Сағындық: «Бадырақ! Әй, Бадырақ! Шық бері!» деп айқай салды. Кеше іңірден бері барлық жүкті жалғыз өзі артып, күн-түн мызғымаған Бадырақ Жеңсікті құшақтай жатып қалғып кеткен еді. Айқайдан шошып оянған Жеңсік оны түртіп жіберді де, Бадырақ ұйқылы-тұйқылы сыртқа шықты. Іле-шала тоқал да бір көрініп, қайта кіріп кетті.

Ауылдың көзі сол итарқаға қадалды. Қырықтығы қолында, емпеңдеп қойға жеткен Бадыраққа Сағындық бір кемпірдің қолындағы бақанды жұлып алып, оңтайына келіп қалған сәтте көк желкеден көсіп жіберді. Қайың қара бақан қарақұстан айқара тигенде, Бадырақтың көз алды жарқ етіп барып, үні шықпады. Одан арғысын ол білмеді.

Қой өріске шыққан шақта, топырақпен илектеніп, аузынан қара қаны ағып жатқан Бадырақтан басқа шилі татырқайда көзге түсер ештеңе қалмады.

III тарау

Күн көктің етегіне елбіреп ілінгенде, қозғалған ауылдардың көші араласып, төңірек ию-қию болды. Үкі таққан екі-үш бала шулатып, жылқышы жылқыны жедел жинап, көштің алдына шығарды. Алдыңғы сапта боз ат мінген бәйбіше көшті бастап келеді, жанында сәнді киінген екі қыз қатарласа жүріп, сақылдап күліседі.

Ежелгі жазаның көрінісі

Көштің ортасында қара іңгеннің уығына тіркелген құлынды торы бие келеді. Биенің үстінде — адам көргісіз, шашы дудыраған, бет-аузы күйе, үсті жалаңаш, қол-аяғы мықтап таңулы әйел. Бұл — Сағындықтың жас тоқалы Жеңсік. Кеше қызық болған оқиға бүгін оны осындай азапқа түсірді.

Елдің алдында оны қорлап-зорлады: төрт қазыққа таңды, үстінен қой айдатты, құрым киізбен ұшықтады, қырықтық қыздырып денесін қарыды, екі бұрымын шорт кесті. Түні бойы қазықта қалдырып, таң ата ауылды үш айналдырды да, торы биеге жалаңаш таңып, көшке тіркеді. Бұл Қоянкөз ауылының ата-бабадан қалған «бұзыққа» қолданатын ескі жазасы еді.

Бұл «тамашаны» көруге әр үйдің әйелдері сыңқылдап дауыстап, өсекті қоқсытып келеді. Келімсектер күліп, бозбалалар қағытпа айтып, жұрттың айқай-шуы көштің шаңына араласады. Толарсақ бәйбіше жау мұқатқандай тасқындап сөйлеп, қара ат үстінде есіп келеді.

Көш соңына таман өңшең тай-байтал мінген кедейлер сиырды топырлата қуып келеді. Бір қоңыр ала өгізге ши теңделген. Соның артына тіркеулі, аяғы өрелеулі, жалаңаш жаяу біреу шалынып-шалынып ілеседі: басы-көзі көкала, үсті-басы қан, бет-аузы күйе, мойнында құрым киіз. Бұл — кеше итарқадан шошып оянған Бадырақ еді.

Оны да сабап, қорлап, түн бойы азапқа салған: шылбыр тағып, ауыл айналдырған, үстіне суық су құйған. Сағындық Төлепбергенге тартып жібермек болғанда, көлденең сыйлы кісілер келіп, «кісі тартудың» жаман екенін айтып, тоқтатқан. Бұл — «жерік болған тентек құлға» ескі ғұрыппен тартылған жаза.

IV тарау

Күн боран. Қиыршықтап қар жауып, оңнан суық жел соғады. Ақсудың кішкентай қалашығында бір терезелі үйде уездік комиссар Абылайхан тұрады. Ол он болыс Матай еліне қалың малын таратып салып, Садыр Омар қажының қызын алғалы жатыр. Матайдың өңшең жуандары жабылып соған қатын әперуге кіріскен.

Заполоты бұзылған үлкен қорада мыңға жуық түйе жатыр: бәрі аш, шомын жұлып жейді. Лаушының ортасында мұрны жырылып, шиедей қан аққан, көзі жаудырап, мойнын жерге салып шөккен жануарлар көрінеді. Қабағында қалың қайғы бардай, осы маңайдағы сұмдыққа разы емес біреу қарғай кетердей.

Сол маңда алөкпе болып күркілдеп отырған қойшы бір аш түйені бауыздап, арық малдың «бауыры ас» деп, қара бураның бауырын далаға жаққан қамыстың күліне көміп жеп отыр. Бұл қойшы — лаушы. «Лау» деген — елге түскен қара құрық. Бұл түйелердің алынғанына үш ай болды, қойшының ауылдан шыққанына да үш айдай.

Оқ-дәрі тартып келгелі он бес күн: аш-жалаңаш, қамалып жатыр. Жаман жалба тонның етегі төсек, жеңі жастық; жамбасы мұз, қойны қар. Бүгін түнде кезекті күзетші де — осы.

Қырсық шалғанда, төменгі Кенже деген ел бұл түні он бір түйесін ұрлап кетіпті. Сақайбайдың тілмашы Мұқаш пен қылыш асынған екі орыс түйені түгендеп келді. «Бүгінгі күзетші кім?» деген сұрақ ақыры қойшыға тірелді.

Қойшы есі шыққан меңіреу адамдай еді. Анадайдан өзге жігіттер көрсеткенде, Мұқаш ата-бабадан тартып боқтап ала жөнелді. Солдат қойшыны мылтықтың дүмімен ұрып, жұлындай сұлатып түсіріп, басынан теуіп жіберді: етіктің шегесі төбедегі құйқаны сыдырып, көз алдына қан жүгіртті.

Қойшы түйе сиіп, көк мұз болып қатып қалған тайғақ жерге құлап, көкке қарап көзін ашқанда, аспандағы бұлт сұрғылт тартқандай көрінді. Қиыршықтаған қар ұшқыны суық желмен келіп қанды маңдайына тиеді. Кірпігін әзер ашып, таңға қарайды. Күнге сығырайып қарағанда, нұрдың өзі лайланып көрінгендей: ашылмайтын әбігер боран секілді.

V тарау

1918 жыл

Бірінші айдың жиырмасы. Күн жылымық.

Қорадағы сары сідік жібіп, жолға түскен қойдың құмалағы қарға батып жатыр. Бүгінгі күн — Наурыз. Шеке салған тары көжелі қара қазан шыбығынан мөлдіреп, бүлкілдеп қайнап тұр. Елдің қарны ашалаң. Әсіресе байдан ақысын ала алмаған, соғым соя алмаған жарлылардың үйі күрең қабақ.

Сағындық сияқты байдың үйінде де қап түбінде аз күнге жетер-жетпес тары ғана қалған. Наурызға жиналған ел үй ішіне лық толып отыр: сақалы саудыраған шалдар, молда-қажылар төр алдына ығысып, қайдағы-жайдағы сыбысты көбейтіп, ұзынқұлақты күпітіп отыр.

Қала жақтан келген, құлағына бірдеңе тисе қобырай кететін Қожығұл мынадай әңгіме айтады:

— Мұның өзі де ішінен бүлініп жатса керек. Өнері асқан Балшабай деген бір атаның баласы наразы болып, Мекалайға кісі салыпты. Балшабайдың бастығы Лиан деген тілді-ауызды адам білем. Сол Лиан: «Сен Романский тұқымы үш жүз жылдан бері тақтан таймаған патша болып келесің. Біздің есеге қолымыз әлі жетпейді. Бізде бірталай жұрт едік қой. Құдайға қарасаң, жұрт тынышталсын десең, елді қақ жарып, патшалықты бөліп алайық. Сен мына ақсүйек, алтын түйме, бай-ұлықтарды алып, қазақ-орысыңмен бол. Зауыттағы қара табан малай мен соқа ұстаған мұжықты маған бер. Сөйтіп…»