Аурулардың өту кезеңдері
Нозология: ауру туралы жалпы ілім
Нозология (грекше nosos — ауру, дерт; logos — ілім) — ауру туралы жалпы ілім. Бұл — медицина ғылымындағы ең көне әрі күрделі мәселелердің бірі.
Аурудың мәнін түсіну үшін алдымен денсаулық ұғымын түсіну қажет. Бүгінгі күнге дейін денсаулық толық зерттеліп біткен жоқ, ал «дені сау адам» түсінігінің нақты белгілері де толық жинақталмаған.
Денсаулық және «норма» туралы түсінік
Егер организмнің сыртқы орта жағдайларына (адам үшін — әлеуметтік ортаға) бейімделу қабілеті бұзылмаса, адамды дені сау адамдар қатарына жатқызуға болады.
Денсаулықтың физиологиялық өлшемі көбіне қалыптылық немесе белгілі бір тұрақты өлшем — норма ретінде қарастырылады. Қалыптылық көрсеткіштері (қан қысымы, дене температурасы, қан жасушаларының саны, қандағы глюкоза, нәруыз және басқа заттардың деңгейі) көпшілікке тән арифметикалық орташа деңгеймен анықталады.
Норманың өзгермелілігі
Бұл көрсеткіштер әр жерде, әр жағдайда әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, таулы аймақ тұрғындарының қанында эритроциттер саны орташа деңгейден жоғары болуы ықтимал.
Физиологиялық ауытқулар — әрдайым ауру емес
Емтихан алдында студенттерде қан қысымы мен глюкоза деңгейі көтерілуі мүмкін; тамақтан кейін лейкоциттер саны артады. Мұндай жағдайларда адамды «ауру» деп санауға болмайды.
Сондықтан тек орташа арифметикалық көрсеткіштерге сүйеніп қорытынды жасау кейде елеулі қателікке әкелуі мүмкін.
1946 жылы Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (БДСҰ) денсаулыққа мынадай анықтама берді:
Денсаулық — денеде дерттің және көзге көрінетін ақаулардың болмауы ғана емес, адамның психологиялық күйі мен әлеуметтік жағдайының толық саулығы.
Ауру ұғымы және оның негізгі нышандары
Ауру — қоршаған орта ықпалдарына организмнің бейімделу мүмкіндіктері шектеліп, соның нәтижесінде қалыпты денсаулықтың бұзылуымен сипатталатын жағдай.
Адамды «ауру» деп атау үшін әдетте үш нышанның қатар болуы маңызды:
-
1
Тұлғалық (субъективтік) симптомдар — науқастың өзін-өзі сезінуі, шағымдары.
-
2
Дәлелімді (объективтік) симптомдар — тексеру, аспаптық, клиникалық және лабораториялық зерттеулер арқылы анықталатын белгілер.
-
3
Икемделіп-бейімделу мүмкіндіктерінің шектелуі — қоршаған орта ықпалдарына бейімделу нашарлап, еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі.
Субъективтік шағым жеткіліксіз болуы мүмкін
Тек адамның шағымына қарап бірден «ауру» деуге болмайды: кейбір адамдар жоқ сезімді бар деп көрсетуі мүмкін (мысалы, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін немесе соғысқа қатыспау мақсатында). Кейде сезімді әсірелеп айту да кездеседі.
Оқулықпен таныса бастаған 3-курс студенттері арасында кей белгілерді өзінен «тауып алу» жиілейтін жағдай да бар; мұны бейресми түрде «3-курс студенттерінің ауруы» деп атайды.
Объективтік белгі де әрдайым ауруды білдірмейді
Кей объективтік өзгерістер физиологиялық болуы мүмкін: тамақтан кейін қанда глюкоза деңгейі уақытша көтеріледі; таулы аймақта эритроциттердің көп болуы — бейімделудің нәтижесі.
Сонымен қатар кей аурулар ұзақ уақыт білінбей өтуі ықтимал: артериялық гипертензия, бүйрек аурулары, қант диабеті, ісіктердің бастапқы кезеңдері кейде айқын шағымсыз дамиды.
Қорытынды: үш нышан бір мезгілде және өзара байланыста көрінгенде ғана адам жағдайын толыққанды түрде «ауру» деп бағалауға негіз туады.
Ауруларды жіктеу
Пайда болу себептері бойынша
- Туа біткен — тұқым қуалайтын ерекшеліктер, ұрық дамуының бұзылыстары немесе туу кезіндегі зақымданулар салдарынан.
- Жүре пайда болған — жұқпалы және жұқпалы емес.
Даму жолдары бойынша
- аллергиялық
- қабынулық
- зат алмасулық
- нервтік-дистрофиялық және т.б.
Даму жылдамдығы мен қарқыны бойынша
- қауырт, жіті, жедел дамитын
- тез дамитын
- баяу дамитын
- созылмалы
Өзгерістер деңгейі бойынша
- молекулалық
- хромосомалық
- ағзалық
- жүйелік
Жас ерекшелігі бойынша
- жаңа туған нәрестелердің
- балалардың
- ересектердің
- қарттардың
Жынысы бойынша
- әйелдердің аурулары
- еркектердің аурулары
Аурудың өту кезеңдері
Кез келген аурудың өтуі шартты түрде үш кезеңге бөлінеді:
- 1 Бастапқы кезең
- 2 Айқындалу кезеңі
- 3 Аяқталуы және салдарлары
Ауруалды (предауру) жағдай
Ауруалды — қоршаған орта жағдайларына бейімделу мүмкіндігі шектеліп, тиісті сауықтыру шаралары болмаса ауруға ауысатын жағдай. Ол жасырын және аурудың басталу сатыларынан тұрады.
Жасырын саты
Ауру туындататын ықпал әсер еткен сәттен бастап алғашқы клиникалық көріністер пайда болғанға дейін созылады. Жұқпалы ауруларда — инкубациялық, уланулар мен сәулелік зақымдануларда — латенттік, ал өспелерде — өспеалды (немесе обыралды) кезең деп аталады.
Ұзақтығы бірнеше секундтан (жедел улануларда) бірнеше жылға дейін (өспелерде) созылуы мүмкін; бұл кезеңде айқын белгілер болмауы ықтимал.
Хабаршы (продромалық) саты
Алғашқы бейнақты белгілер пайда болады: әлсіздік, көңіл-күйдің енжарлығы, ұйқының бұзылуы, тәбеттің төмендеуі, бас ауыруы және т.б.
Айқындалу кезеңі
Бұл кезеңде аурудың барлық клиникалық симптомдары анық көрінеді. Белгілер арнайы (спецификалық) және көптеген ауруларға ортақ жалпылама бейнақты (бейспецификалық) болып бөлінеді. Сонымен қатар симптомдар субъективтік және объективтік болуы мүмкін.
Аяқталуы және салдарлары
Көп жағдайда ауру сауығумен аяқталады. Сауығу — бұзылған ағзалар мен тіндердің құрылымы мен қызметінің, сондай-ақ қоршаған ортаға бейімделу мүмкіндіктерінің қалпына келуі.
Реабилитация
Ересек адам үшін сауығудың маңызды белгісі — еңбекке оралу. Осы мағынада бұл үдеріс реабилитация (лат. re — қайтадан, abilitas — жарамдылық) деп аталады.
Толық және жартылай сауығу
Сауығу толық немесе жартылай болуы мүмкін. Қалпына келу механизмдері жеткіліксіз болғанда немесе ем дұрыс жүргізілмегенде жартылай сауығу дамуы ықтимал.
Мысалы, ревмокардиттен кейін жүрек қақпақшаларында ақау қалуы мүмкін; қабынудан соң ағзаның қызметін бұзатын тыртықтар қалыптасуы ықтимал.
Созылмалы түрге ауысу
Егер ауруды туындатқан әсер тоқтамаса немесе даму барысында пайда болған өзгерістер бекіп қалса, ауру созылмалы түрге ауысуы мүмкін.
- Ремиссия — жағдайдың уақытша жақсаруы.
- Рецидив — симптомдар уақытша жоғалғаннан кейін қайта пайда болуы.
- Асқыну — негізгі ауруға байланысты немесе диагностика/ем шараларының күтпеген салдарынан туындайтын нашарлау.
Мысалы, кейбір дәрілерді енгізгеннен кейін (антибиотиктер, новокаин, витаминдер және т.б.) анафилаксиялық шок дамуы мүмкін.
Өлім және тірілту ұғымдары
Өлім — организмдегі тіршіліктің толық тоқтауы. Ол табиғи және мезгілсіз (патологиялық) болуы мүмкін.
Табиғи өлім
Тұлға тіршілігінің заңды аяқталуы; организмнің қартайып, тозуымен байланысты.
Патологиялық өлім
Әрқашан мезгілсіз; кез келген жаста болуы мүмкін.
Өлімнің сатылары
- 1 Ақтық (терминалдық) жағдай — агония (грек. agonia — жанталасу): бірнеше минуттан 2–3 тәулікке дейін; осы уақытта өмірге маңызды қызметтер күрт бұзылады.
- 2 Клиникалық өлім: агониядан кейін; қан айналымы мен тыныс алу тоқтайды, рефлекстер болмайды.
- 3 Биологиялық өлім: ұлпаларда қайтымсыз өзгерістер дамиды; өмір сүру қабілеті қалпына келмейді. Бұл — нағыз өлім.
Реаниматология
Өлу мен тірілту заңдылықтарын зерттейтін патологиялық физиология бөлімі — реаниматология.
Тірілту шаралары
- Жасанды тыныс алдыру — тыныс алу тоқтағанда жүргізіледі.
- Жүректің сыртқы массажы — жүрек соғысы тоқтағанда жүргізіледі.