Педагогика - үнемі дамып отыратын ғылым

Жаңашыл ұстаз болу — заман талабы

Батыршин Нұрлан Сайлаубекұлы • Ақтөбе қаласы, Есет батыр атындағы АОМКЛИ

Педагогика — объективтік дүниені танудың, білудің және ғылыми білімнің дамуының маңызды әдіснамалық тірегі саналатын философия негізінде дамитын ғылым. Бұл тұрғыда педагогика тек педагогикалық құбылыстарды сипаттап қана қоймай, тәрбиенің заңдылықтарын ашуға, себеп–салдарлық байланыстарды анықтауға және тәрбиенің болашағын болжауға бағытталады.

Педагогиканың философиялық негізі

Диалектикалық көзқарастың мәні

Мысалы, диалектикалық материализм табиғаттың, қоғамның және адам дамуының заңдылықтарын зерттейді. Диалектика қағидаларын басшылыққа ала отырып, педагогика тәрбиені «қалпында көшіріп» қолданбайды; керісінше, тәрбиелік үдерістегі заңдылықтарды айқындап, нақты байланыстарды талдайды.

Жалпы байланыс қағидасы

Педагогика қоғам өміріндегі құбылыстарды өзара байланыста қарап, тәрбиені әлеуметтік үдерістермен органикалық бірлікте талдайды.

Даму заңдылықтары

Ғылым ретінде педагогика қоғамдық құрылысқа, жаңа жағдайларға сай адамның дамуын және білім беру үдерісінің заңдылықтарын зерттейді.

Ізгілікті-демократиялық тәрбие

Қоғамға қажетті білім жүйесін қалыптастыру, жан-жақты жарасымды тұлға тәрбиелеу — педагогиканың негізгі міндеттерінің бірі.

Біздің елімізде тәрбие, білім беру және оқыту үдерістерінің бірізді жүйесі қалыптасқан. Сондықтан педагогика ғылымы — тәрбие, білім беру, оқыту үдерістерінің заңдылықтарын зерттейтін әрі үздіксіз дамып отыратын ғылым.

Зерттеу әдістерінің қажеттілігі

Тәрбие мен білім берудің барлық салаларына ғылыми болжам жасау, негізгі мәселелерді теориялық және тәжірибелік тұрғыдан терең талдау үшін педагогикада зерттеу әдістерінің жүйесі қолданылады.

«Құзыр», «құзырет», «құзыреттілік», «біліктілік»: ұғымдарды нақтылау

«Құзырлық» сөзі «құзыр» сөзінен тарайтын туынды ұғым екенін атап өткен жөн. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде құзыр (компетенция) — жалпы алғанда белгілі бір тапсырманы орындауға қабілеттілік, бір істі жүзеге асыра алу ретінде түсіндіріледі.

Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында құзырет (компетенция) — нақты органның немесе лауазымды тұлғаның заңмен белгіленген өкілеттіліктері, құқықтары мен міндеттерінің жиынтығы ретінде беріледі.

Латын тіліндегі мағынасы және практикалық түсінік

Латын тілінен аударғанда құзырлық — өз ісін жетік білу, танымы кең, тәжірибелі болу деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір салада құзырлықты меңгерген адам өз саласына сай білім мен біліктілікке сүйене отырып, негізді ой-тұжырым жасап, тиімді әрекет ете алады.

Құзыр

Тұлғаның белгілі бір пәндер шеңберіне қатысты білімі, біліктілігі, дағдысы және іс-әрекет тәсілдерінің өзара байланысқан жиынтығы.

Құзырлық

Адамның іс-әрекет саласына сай құзырларды меңгеруі, яғни алған білімін нақты жағдайда қолдана алуы.

Оқытудағы қолданылуы

Қажет жағдайда бұл ұғымдар ажыратыла қарастырылады: құзырлық — оқушы дайындығына алдын ала қойылатын талаптарды, ал құзыреттілік — олардың қалыптасқан тұлғалық сапасын және белгілі бір саладағы жинақталған тәжірибесін білдіреді.

Қазақ тіліндегі ғылыми-әдістемелік басылымдарда, білім саясатын айқындайтын құжаттарда, сондай-ақ әлеуметтік, философиялық, психологиялық және педагогикалық әдебиеттерде бұл ұғымдардың жиі қолданылуы — олардың жалпы білім берудегі жүйелік-практикалық қызметімен байланысты.

Құзырет

Белгілі салада өкілеттілігі бар адамның құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жауапты шешім қабылдауға заңды құқығы.

Құзыреттілік

Білім, білік және дағдыға сүйене отырып, нақты кәсіп аясында жұмысты сапалы әрі нәтижелі атқара алу қабілеті.

Біліктілік

Кәсіби-еңбек қызметін орындауға дайындық деңгейі; мамандықты меңгеру дәрежесі. Біліктілік сипаттамасы — талаптар тізімі белгіленген мемлекеттік құжат.

Педагогтың кәсіби құзырлығы және жаңаша көзқарас

Жоғарыдағы теориялық тұжырымдарға сүйенсек, құзырлық ұғымы педагог үшін ең алдымен алған білімін орнымен қолдана білу қабілеті және мамандыққа қатысты қабілеттер мен шеберліктерді меңгеру ретінде танылады.

Педагогтың кәсіби құзырлығын дамыту үшін жаңаша көзқарас қажет. Құзырлығы жоғары педагог — әлеуметтік тұрғыдан жетілген, әдіс-тәсілдерді меңгерген, шығармашылықпен жұмыс істейтін және өзін-өзі кәсіби жетілдіруге ұмтылатын маман.

Мұғалім мамандығының жауапкершілігі

Мұғалім мамандығы — зиялы қауым ішіндегі ең ірі кәсіби топтардың бірі. Білім беру жүйесінде педагогтар мемлекеттік қызметкер ретінде қоғам алдындағы жауапкершілікті де қатар арқалайды.

Педагог өз мамандығының сапасын арттыруды психологиялық тұрғыдан да қамтамасыз етуі маңызды. «Көп білген кемеңгер емес, білімін пайдалана білген кемеңгер» деген қағида ұстаз еңбегінің өзегін ашады: әрбір педагог білімін тиімді қолданып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатуы тиіс.

Үздіксіз даму — кәсіби талап

Бұл мақсатқа жету үшін педагог үнемі ізденіп, білуге ұмтылып, білімін толықтырып отыруы қажет. Өз саласы бойынша құзырлығын дамыту — жаңаша көзқарасты қалыптастырудың және заман талабына сай жаңашыл ұстаз болудың басты шарты.