Аяулы ана

ЕРЛАН АХМЕТ,
Павлодар қаласы.

Көк пен Жердің арасы

Көк пен Жердің арасында жаралған,
алтын күннің нұрларынан нәр алған.
Көк Түрігім, қасіретті тарихтың
құны қымбат жан берісіп, жан алған.

Түркілерге пана болған Тоныкөк,
аға болған, дана болған Тоныкөк.
Жетпісінде ақылымен арбасып,
тайдырмаған сара жолдан Тоныкөк.

Батыр бабам Күлтегінмен тілдесіп,
күн кешемін ғұнмен, сақпен бірлесіп.
Тылсымының тұңғиығын бойлатып,
тіршілікті тербетеді Түн-бесік.

Естеми мен Бумын қаған тамырын
бүлкілдетіп келесің, көк Тәңірім.
Жүрегіме таңба болып басылды,
құлпытаспен жеткен мұра – тағылым.

Сыр ақтарған ұрпағына тас мүсін,
бағзылардан тартып тарих басқышын.
Тегін білмей келешекке жетпекке,
Ақиқаттың жұмбақ құлпын ашты шын.

Жылдар, жолдар – кешегім мен өткенім,
жұмыр жерді бусандырған көктемім.
Ашық аспан, алтын арай, көк байрақ,
көк піріне сиынатын көк бөрім.

Көк пен Жердің ортасында жаралған,
теңдік үшін жан берісіп, жан алған.
Түркілерім, ата-бабам аңсаған,
нұрын шашты Азаттықтың таңы алдан.

Бөрі басты көк байрақпен танылдым

Көн ғасырды тізерлетті хас-арман,
төл тарихы тасқа ойып қашалған,
Ер Түріктің ұрпағымын!
Ұраным
ұлылыққа бастап келген қашаннан.

Түркі қаным тамырымда бұлқынып,
бостан жігер Азаттыққа ұмтылып,
жұмыр жердің төрт торабын көмкерер,
жүрегімнің төрінде тұр нұр тұнып.
Кеуек,
ұйық,
балбалдардан сыр ұқтым,
көк бөрімді Көк жүзіне ұлыттым.
Арпалыста арыстандай атылған
бабалардың бесігінде шынықтым.

Керітартпа заманыммен тірестім,
келмеді оның жетегіне ілескім.
Тұлпарымның тұяқтарын тоздырып,
Тәуелсіздік таңы үшін күрестім.

Бөрі басты көк байрақтан танылам,
өр намысын найзағайға жаныған.
Кіріптарлық бұғауынан босаған
Абылайдың кіндігі деп табылам.

Дәуірлердің дүбіріне қанықпын,
қара бұлтты түрген сәуле – Жарықпын.
Түпсіз терең тамырына жалғанған
тұқымымын түркі текті халықтың.

Көңілі пәк – пана болмас күйікке,
сүйініп те, тұрар Аллаһ сүйіп те,
Ер Түріктің ұрпағымын!
Ұраным: Менің қарашаңырағым – биікте!

Тәуелсіздік – тәуекел

Ғасырлар үнін жаңғыртып жеткен бостандық –
ғасырлар бойы зарығып жүріп тосқан құт.
Аңсаған арман қанатындағы бір үміт –
Азаттық оты өшпесе екен деп жасқандық.
Сол үшін боран, дауылды тосып кеудемен,
сол үшін ақ қар жамылып, көк мұз жастандық.

Ананың сүті сіңірген бойға тілі үшін,
бабадан жеткен құдіретті күш – діні үшін,
шетсіз де шексіз кең-байтақ Ұлы далада
еркіндік кешкен, самалдай ескен күні үшін,
қасқайып тұрып қарсы алған қара түнекті,
қазағым менің – қайсарым, елім – ірі, шын!

Тәуелсіздігім – тәуекел, түбі – ырысым,
қырандай самғап, кеңіткен кеуде тынысын.
Қарашаңырақ астына жиған Отаным
тағдыры, тіні, танымы өзге ұлысын.
Қасиет тұнған бойынан қазақ жұртының
тектілік көрді Батысым менен Шығысым.

Жайдары жаздың шуағын құшсын алашым,
көктемнің гүлі көркейтсін дархан даласын.
Жаратқан Тәңір оятсын ұрпақ санасын,
ұлағат тұтар ұлықтары менен данасын.
Баянды қылсын егемен елдің ертеңін,
бақытты етсін қазақтың әрбір баласын!

Тәуелсіздік деген осы

Ардақтайтын ана тілім – бастауым,
Ата Заңым – арқа сүйер асқарым!
Армандаған болашақты баянды
Арландары – жалындаған жастарым!

Ажарында көгіміздің –
Тыныштығы жеріміздің.
Тәуелсіздік деген осы –
Азаттығы еліміздің!

Бауырына айналдырып сан ұлтты,
Бірлігі мен татулығын танытты.
Жаңа ғасыр көшін бастап Қазақстан
жаңа күнге жетелейді халықты.

Арайланып, шуақ шашар таң күліп,
Бақыт жолы жатыр алда жаңғырып.
Бағзылардан аңсап жеткен Еркіндік –
Ұлы Дала Елі үшін – Мәңгілік!

Мәңгілік Ел

Аспанның нұрланып ажары,
Тасытты береке қазанын.
Азаттық қыранын самғатып,
Әлемнің аудардық назарын.

Жасампаздық көшіндегі
ұрпақтарды бастасын.
Ұлы Дала төсіндегі
Мәңгілік Ел жасасын!

Жаратқан Тәңірге сиындық,
Ұлағат сөзіне иілдік.
Ынтымақ ұйытқан халықпыз,
Көк тудың астына жиылдық.

Бейбіт күн орнасын төрінде,
Сандуғаш сайрасын жерінде.
Бақыттың жұлдызы, жарқыра
Тәуелсіз Қазақстан көгінде!

Қазақ елім бұл менің

Асқар тауын, дархан дала, айдынын
аялаған баспасын деп қайғы-мұң.
Бабалардың найзасында ойнаған
азат күні қазағымның – айбыным.

Кеңдігімен танылған –
байтақ жерім бұл менің.
Ерлігімен танылған –
қазақ елім бұл менің.

Алтын күнге қанат қақты қыраным,
Бостандықты аңсап келді пырағым.
Желтоқсанның ызғарында шыңдалған
қазағымның қайсарлығы – тұмарым.

Отаны мен отауының ақ таңы,
бақыт шағы – арайланып атқаны.
Асқақтаған Астананың ажары –
қазағымның армандаған мақтаны.

Қазағымның Жерұйығы

Асқар Алтай аспандаған,
Арман-асу, дастан-далам.
Алтынбелім, Көктерегім
Ай сәулесін шашқан маған.
Асыл-маржан Жұлдыз-бағым,
Қаражал мен Құндыз, Балғын.
Алыбайым, Майемерім
әуелеткен ұл-қыздарын.

Аялатқан жанын нұрға,
Жастық алау – жалынында.
Қазағымның Жерұйығы –
Катоным мен Нарынымда.

Ақмаралым, таңымдайсың,
Белқарағай, балымдайсың!
Қаумыш, Марал көлдеріндей
Аққайнарым, арымдайсың!
Ақсу, Берел – көркем жерім,
Жамбыл, Өрел – өлкем менің.
Шұбарағаш, Топқайыңым,
Аршатыда – өркенді елім.

Еңбек, Өрнек тілектері
жарып шығар түнектерді.
Мойылдым мен Жаңаүлгім
баурап алар жүректерді.
Рахманымның қайнарындай,
Бұқтырманың айлағындай,
Берекелі Шыңғыстайым –
бірлігімнің қаймағындай.

Байтақ елім

Сауыр, Сайхан сауырында
кіндігімнің байлауы бар.
Тарбағатай бауырында
елдігімнің қаймағы бар.
Катоным мен Нарынымда
қарағайлы аймағым бар.
Самал ескен Самарымда
жазиралы жайлауым бар.

Абыз Абай туып-өскен
Қарауылым – жайсаң елім.
Семей, Үржар – туын көштен
қалдырмаған қайсар елім.
Аягөзім нұрын сепкен,
Мақаншым бар – айбар елім.
Бесқарағай нуын кешкен
арыстарым, байтақ елім.

Марқа, Күршім сағым тұнған
мөлдірімен мақтанамын.
Сұлу Жарма сағындырған
Қалбатауға аттанамын.
Көкпектіммен, жалын жырдан
Ұланыммен шаттанамын.
Жаратылған алтын нұрдан
Шығысымнан бақ табамын.

Туған жер

Өтіп жатқан әрбір күнім – сый-ағын,
маржандарын, асылдарын жиямын.
Сағыныштың пернелері сыңғырлап,
тербетеді туған өңір күй-әнін.

Ыстық көрем тауларымның нарлығын,
құшағыма басып берген бар гүлін.
Тіл қатқаннан бір есейген тал-қайың
көз алдыма елестетер барлығын.

Шырын бұлақ дауа болған аптапта,
көсілгенде мамық майса тастақ та.
Аллаһ нұры жауған кезде бәріміз
шипа көріп, аунайтынбыз батпаққа.

Қайдасыңдар, қарлығаштар, түнгі аспан
бауырында мұң басқанда, сырласқан?
Кіндік қаным тамған өлке төсінде
сүйіктінің сырын бірге ұрласқан.

Қуат тілеп арай төккен таңымнан,
маған қатер – шалғай жүрсем жаныңнан.
Өзгереді дүрсілі де жүректің
белгі беріп сыңайынан сағынған.

Жазираңның жұпар иісі қылар мас,
аңсағанда жанарыма тұнар жас.
Өскен жерін өркенді елдің ұланы
санасынан ұмыт қылып, шығармас.

Ауылым – киелім

Көкірегімде тұншығады ауыр үн,
селдете алмай тұрған бұлттай жауынын.
Көшіп-қонып жатса-дағы қауымың,
киең сені тастамайды, ауылым.

Мен де сенен ұзаған ем ертелеу,
бозбала шақ – түсінігі келтелеу.
Енді бүгін мазалайды жиірек,
жігітше бір аңсау менен еркелеу.

Еніп алып илеуіне қаланың,
тереңіне бойлап, сіңіп барамын.
Ауасынан тарылғанда тынысым,
жұпар иісін сағынамын даланың.

Бұлағы жоқ, құрағы жоқ бұл жердің
түсі бөлек қолдан еккен гүлдердің.
Ақ бидайдың қалай өсіп-өнгенін,
ауылым, сенен көріп анық білгенмін.

Арғымаққа мініп алып шаппаймын,
алауды да кешқұрымда жақпаймын.
Тас қаланың тас қамалын паналап,
кейде өзімді қояр жер де таппаймын.

Ақсүйек те жасырмаймын тоғайда,
алтыбақан теппейді жұрт қалайда?!
Алыстап тым кеттім бе деп кейінде,
ауылым, сені алып жүрмін көп ойға.

Тылсымы жоқ тыншымаған түнінде,
қыр-сыры көп шаһардамын бүгінде.
Еркелеген ұлды өзіңе, ауылым,
киең кейін қайтарады түбінде.

Оралармын бір күні

Естігенмен көңілің толмайды екен,
көзіңменен көргендей болмайды екен.
Беу, туған жер, жылына бір келгенде,
қуанғаннан сазыңа аунай кетем.

Балалықтың ұшырдым балапанын,
ағалықтың түсініп таңы атарын.
Жүрегіңнің дүрсілін сездіресің
топырағыңа тигенде алақаным.

Кешіріп ең тонымның келтелігін,
кешқұрымның есепсіз еркелігін.
Арман қуып алысқа кетерімде
білмедім ғой, сағыныш шертері – мұң.

Жұбатады көңілді бүгінгі алаң,
сағым қуып адасып жүрді балаң.
Қайтып келген құстайын ұясына,
ораламын, туған жер, бір күн саған.

Қалихан ауылы

Жиырмасыншы ғасырдың
басы – бірі насырдың.
Қайран, қазақ баласы,
талайыңа бас ұрдың.
Түбі шындық ашылар,
келмейді оны жасырғым.
Арасында аралыс
Ақ пен Қызыл, Жасылдың.
Нәубет төнді басына
Кәрібайдай хас ұлдың.
Ұрпағы еді ұлысты
Қонжабайдай асылдың.

Зұлмат күннің батпаны,
жанға зіл боп батқаны –
жазықсыздан жазалап,
жалған жала жапқаны,
жұрттың жанын жаралап,
оғыландарды атқаны.
Баба тегін қазбалап,
қауіп қатер қақпаны.
Кәрібайды байсың деп,
қуғын болды тапқаны.
Қиды жанын, аз еді
өмір дәмін татқаны.

Жүрек жұтқан жендетің
артық сілтеп кейде тым.
Айтса, бітпес, Шой апа
бастан кешкен бейнетін.
Түрмедегі екі жыл
жұтқан өңін, келбетін.
Кінәсінен ақталып,
аман көрген ел бетін.

Ашаршылық басталып,
кезген талай жер бетін.
Түбі сезді көрерін
екі ұлдан зейнетін.
Тұлымдары өскенде,
Қара Ертіске көшкенде,
Қаламитан, Қалихан –
қарапайым қос пенде.
Еңбегімен үміт қып
ертеден де, кештен де.
Сұм соғыстың хабары –
көкейлерін тескен-ді.
Қаламитан ерлікпен
көз жарығы өшкенде,
бекем болды Қалихан,
тар жол, тайғақ кешкенде.

Қарсы алып ақ таңды,
шаттық толы шақтарды,
Қалихан мен Шарипа
ордасына бақ тамды.
Ұл мен қызын өсіріп,
өркен жайып жатқан-ды.
Жүз бесінде Шой апа
бақилыққа аттанды.
Тартқан азап, тауқымет
жырдай болып жатталды.
Кеткен күннен қалған дақ
көкейлерде сақталды...

Қара Ертіске түстің бе,
балдай суын іштің бе?
Қалиханның аулында
саумал қымыз пістің бе?
Ғанибетті көрерсің
тұрып көпір үстінде.
Ғасырлардың ағыны
Қара Ертіс күшінде.
Жолаушыға азық боп,
пана болған міскінге.
Жер жәннаты деп таны,
бір Аллаһқа үшкір де!

Өткен күнге – салауат,
келешекке – саламат.
Тауқыметтің өтемі –
ерен туған азамат:
Қалиханның Жекені –
ғұмырымен ғажап-ақ.
Ата салтын сақтаған
ғибратымен ғаламат.
Қолындағы қосауыз,
астындағы жарау ат,
төрт түлігі баптаған –
бабалардан аманат.

Жекен аға бас болып,
үлгі жасап ибадан.
Әке есімін еске алып,
кіл жақсыны жинаған.
Кәрісі кеп, жас келіп,
ауылға жұрт сыймаған.
Дұға жасап, ас беріп,
аруақты сыйлаған.
Көз алдына жас толып,
төгілуін тыймаған.
Тебіреніп, жатты еріп,
жүректі жан, ойлы адам.

Қара Ертістің жағасы,
Бексұлу жер арман-ды.
Көн заманнан бес қажы
жерленген бұл алаң-ды.
Жекен аға қос тігіп,
ата кәсіп жалғанды.
Аруағы үшін бабаның,
намыстанып, малданды.
Төрт түлігін сай етіп,
құс та өсіріп, қамданды.
Қойды асырып бес мыңнан,
малдың кегін алған-ды.

Ата-баба алдында
парызы да өтелді.
Ел ішінде еңсесін
еңбегімен көтерді.
Жарық болып, көпір боп,
жалғап тұр ғой екі елді.
Байлап тұрған біртуар,
бүгін менен өткенді.
Ақ шалғанша самайын
адалдыққа бекем-ді.
Арыс деп біл, ағайын,
Қалиханұлы Жекенді!

Киелі жер – Кереку

Айдынында билеген аққу керім,
Аққулы өңір – аймаңдай гаккулі елім.
Ақтоғай мен Тереңкөл – жауһарларым,
Айбынымның белгісі – Ақсу менің.

Жайлауыңда – тай-құлын,
Қойнауыңда – байлығың.
Ғасырларға жалғанды
аман-есен ай-күнің.

Қарағайлы орманы –
дархан дала қорғаны.
Киелі жер Кереку –
адамзаттың арманы.

Баянауыл – жүрегі Сарыарқамның,
Қолаңшашын Ақбетте таратқан күн.
Ертісіммен еншілес Железинім –
ақ бидайын сапырған Жаратқанның.

Майдың елі – айбарлым қалмақ қырған,
Екібастұз – көмірлі алқап тұнған.
Шарбақтым мен Успенім – алтын көпір,
Ел мен елдің арасын жалғап тұрған.

Жаса, Железин!

Тарихыңның Үрлітүп – тамырындай,
Жетіп тұрған замана сарынындай.
Озерный мен Алакөл, Жаңа жұлдыз –
жаңа ғасыр жолының жарығындай.

Ардақтайтын Аққайың, Ақтауың бар,
Башмашында бағзыдан жатқан үн бар.
Қызған сайын темірдей қайратыңды
азаматтар асырған мақтауың бар.

Ақсақалдан бата алған,
Адалдыққа бет алған.
Айналайын халқым-ау,
Адаспайтын қатардан.
Аңсап жеткен бар арман –
Азаттығы саналған.
Асқақ елім жаралған,
Ай-хай, Ұлы даламнан.

Новомир мен Леснойды араларсың,
Ақ Ертістің бойын да жағаларсың.
Веселая рощаның орманындай,
Жауһар жерді қай жақтан таба аларсың?

Еңбекші де шаттанып, ән салдырған,
Михайловка жидекке тамсандырған.
Ел мен елді жалғайтын елшідейін,
Құшақ жайып тұрады қарсы алдыңнан.

Арайлы таң атырған,
Алтын бидай сапырған.
Айналайын, халқым-ау,
Асқақтаған атыңнан.
Ақ Ертістен нәр алған,
Алты алашқа таралған.
Айбынды елім жаралған,
Ай-хай, Ұлы даламнан.

***

Тағдыр, мені қаншама қамшыладың,
жаным шығып кетердей жаншыламын.
Ай-жұлдызбен қоштасып жатам кейде,
көре алмастай ертеңгі таң шуағын.

Тағдыр, сонша несіне сынай бердің,
тұрмай жатып сүрініп, құлай бердім?!
Құдай берер қуаныш бола ма деп,
сұрай бергім келеді, жылай бергім?!

Тағдыр, аз ба мысқылдап ойнағаның,
ұға алмаймын, ұйиды бойда қаным?!
Жеті жаста жартылай жетім болып,
асқар таусыз қалам деп ойламадым.

Тағдыр, маған жалғыздық жазғаның ба,
таусылмайтын нала-мұң, наздарым да?!
Жүрегімді жұлып ап көмгендеймін,
анашымның қорымын қазғанымда!

Саласың ғой әлі де айлаға мың,
күресінде қалмауға сайланамын.
Күресумен өтейін өмір бойы,
тағдыр, бірақ, бағымды байламағын!

***

Жүрміз ғой ойнап-күліп, сыр ақтарып,
жоспарды жасап алып, бір апталық.
Біреулер жетіп жатса мұратқа нық,
біреулер қалып жатар жырақтанып.

Адам бар мәз болатын күндігіне,
бесінде ашылмайтын түндігі де.
Адам бар байлық, мансап қуаламас,
тоқмейіл тыраштанған тірлігіне.

Көреміз мен, мен ғана дегендерді,
түйені түгіменен жегендерді.
Білеміз мақтанудан қашар дәйім
еңбекпен еленетін ерендерді.

Бес саусақ бірдей емес білеміз ғой,
тірі адам тіршілікте жүреміз ғой.
Адам боп қалғанымыз абзал болар,
маңдайға жазылғанын көреміз ғой.

***

Несіне қызғанасың,
бұртиып, сызданасың?
Көре алмау – қасірет қой,
өзгерсін көзқарасың!

Қызғаныш – өртің болар,
жаныңды жегідей жер.
Іштарлық – дертің болар,
табылмас емі дей бер.

Күн кешіп даушыл жанша,
кеш біліп, жылап жүрме!
Дәм-тұзың таусылғанша
кешірім сұрап жүрме!

***

Туысты тілдеме,
көршіні күндеме!
Шындыққа жетпестен,
шатаспа, үндеме!

Жақынды жазғырма,
жастарды азғырма!
Қаралап біреуді,
арыздар жаздырма!

Адамды алдама,
қарызды малдама!
Бейшара жандарды
құл етіп жалдама!

Кеудеңді соқпағын,
аңдап ал жоқ-барын!
Адамдық шегінен
шықпағын, тоқтағын!

Ақынды іздеу

Басынан өткерген бұл алай заман,
қазақтың ертеңіне қарайлаған.
Ұлтымның ұлылығын ұлықтаған
айналдым аруағыңнан, Абай бабам!

Тірліктің тереңіне сан бойлаған,
адалдық, имандылық, ар ойлаған.
Мәңгілік өлмейтұғын арысымсың,
Аллаһ жар аруағыңа, Абай бабам!

Сырыңның тұнығына қарайды адам,
жырыңнан нұрланады бар айналам.
Әлемді мойындатқан данышпаным,
бақұл бол, біртуарым, Абай бабам!

Мұқағалиға арнау

Алай-дүлей сезімің аласұрды,
арнасынан тасытып бар асылды.
Алатаудай көретін жанашырды
ақиығым, жаралған дара сырлы.

Мінезіңді тоқтатып, тыймақ па адам,
мазасыз ой есіңді жинатпаған?!
Мұңдарымды музама жиі ақтарам,
мен өзіңмен тағдырлас сияқтанам.

Өкінішің өртеді өзегіңді,
өзге сезбес бәріне төзеріңді.
Өксік толы кеудеңді тік көтеріп,
өлеңменен жұбаттың өз-өзіңді.

Жыл-керуен ілгері көшіп жатыр,
жырыңды оқып ұрпағың өсіп жатыр.
Жарандарың тойлатып туған күнің,
жылнамаға ұмытпай қосып жатыр...

***

Аударылса алалдықтың қазаны,
ағылжымдай ақтарылар арымыз.
Ақиқаттың шақырылмай азаны
абұйырға жармақ болар жанымыз.

Кері кеткен адағайлы дәуірдің
кесапаты – рухымыздың сырқаты.
Кердеңдеткен үстіменен ауырдың
бұлың өмір – белсымақтар тұрпаты.

Алажауыл реңі сіңген уақыттың
ақ пен қара арпалысы – құмары.
Ажырамай жігі Сор мен Бақыттың,
әділдіктің шіріп жатты шынары.

Керешісі кері кеткен себепті –
көкірек көзден қан аралас тамды жас.
Кенезесі кепкен елге керек-ті
қанатымен су себетін қарлығаш.

Дендеп енген дерттің сыны жоғалды,
алты алашым тоғыстырып жүрегін.
Меңдемесін індет келіп қоғамды,
сонда ақынын тағы іздейді, бұл елім!

Сырласу

Алдыңызда сырымды ақтарсам ба?
Ақталғандай болам ба?..
Амалым жоқ!
Айдап барад пенделік нақ сарсаңға,
ақынмын ғой – айтар бар, аларым жоқ.

Өлең үшін берермін өмірімді,
өгейсіткен жалғанды тәрк етем де!
Өң келтіріп көтерер көңіліңді
өте шығар мезеттей жарқ етем бе?

Жақсылықтың неге екен шағы қысқа,
жан-тәніңді рақатқа баурағанда?
Жетектейді тіршілік сабылысқа
жылу кетіп рухыңнан, жаурағанда.

Аялаусыз қалғанда түз-даланы
аймалауын тілейсің Күн көзімен.
Ақ ниетсіз адамның мұз-жанары
адасады айырылып өз-өзінен.

Жылытады жырларым жүрегімді,
жүрсем-дағы ауылдан жырақта мен.
Жалындатып айтсам да тілегімді,
жалынып бір көрмеппін бірақ та мен...

Алауыздық майданда күресумен,
ауыздықпен алысып келеміз біз.
Аянбайық араммен тіресуден,
адалдықтың жолында жеңеміз біз.

Мақтамадым жағынып қалам ба деп,
мақсат тұттым – бір ғибрат алып жүрсем!
Мақтанамын арыстай ағам бар деп,
маздатып бір шырағын жағып жүрсем!

Деректі кино дарабозы

Жаратар дара дарынды, шіркін, дариға,
Жаратқан күшін адамзат біліп, тани ма?
Жаңақорғанның түлеткен тума тарланы –
Омардың тегі Нематтың ұлы Қалила.

Балалық жастан жүрекке иман ұялап,
білімін алды Ленинград жақты қиялап.
Бақыттың жолын кезгенде серік еткені –
адалдық, рақым, қанағат, сабыр, тиянақ.

Құрсақтың онын көтерген ана арланы,
Кісен ашқаннан жетелей берді арманы.
Өшкенді жағып, өлгенді қайта тірілткен –
“Мұхаммед Салық...”, “Ұлы жұт”,
“Тәушен”, “Мағжаны”.

Бауыржан батыр қонғандай қайта боз атқа,
Мұстафа менен “Палуан Дәулет” бар қазақта.
“Құрманғазы” мен “Жұбанов Ахмет”,
“Әмір Мажит” –
лайықты баға оғыландар деген әз атқа.

“Атамекенде” “Замана шеру” өткерген,
“Алашорданың” жаңғыртты рухын өткеннен.
Ақтаңдақтардан, арыстарынан айырылған
жаралы жұртым нәубет күндерді көп көрген.

Міржақыпты елге оралту үшін шешкен бел,
аруақты адам сауапты самал ескен дер.
Жамбыл мен Мұхтар,
Шапық пен Зәкім, Қадырлар –
айбары ұлттың, тайғақта төзім еткендер.

Нысанбаевтың пәлсапасымен тіл қатқан,
мұнайлы елдің тағдырын толғап, тыңдатқан.
Халықтың сырын ұғатын ұлға айналды,
бабадан қалған қасиет дарып құндақтан.

Сезімге тұнған таспаға басқан бір ғалам –
махаббат, қайғы, шаттықпен қатар шырғалаң.
Отанын, елін, бесігін, алтын отауын
жанымен сүйед, жадыдан ұмыт қылмаған.

Атадан нәсіп батамен сіңген ар-иба,
бойдағы намыс, жігерін қайрап, жани ма?
Деректі кино шебінде жүрген дарабоз –
Кәрім Танайдың шәкірті болған Қалила.

Күйші
(Мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрысбекке)

Домбыраңның үнінде
тағдырыңның мұңы бар.
Шерлі күйдің тілін де
шеменді жан ұғынар.

Шаттық шашып ойнайды
көңіліңнің толқыны.
Сағындырмай қоймайды
сезім сыры мол түні.

Домбыраңның қолға алған
пернесінде – Ар күші.
Бабаларым қорғаған
байтақ дала жаршысы.

Болмысыңды қазақы
қос ішекпен таныттың.
Өшпейтұғын әз аты,
Оғыланысың халықтың.

Ар іздеген ағатай

Көктөбенің керім сал көк беліне,
көкорайға көмкерген көктеміне,
сенбейді олар әлі де, Халел аға
Алматыдан Ар іздеп жеткеніңе.

Артынып ап жеткенде жүктеріңді,
сұм қала ма ұғатын құт-көңілді?
Аласапыран уақытта адамдардан
Алатаудай адалдық күткеніңді.

Шынықтың да Тараздың бастауынан,
сыр ұқтың ба шындықтың астарынан?
Амалдадың атқарып борышыңды,
аман қалып Чернобыль – қас-қағымнан.

***

Талайына салды тағдыр талқысы,
күресумен өтті тірлік тартысы.
Заманының зауалынан аулақ боп,
шуақ шашсын қалған ғұмыр жартысы.

Анасы бар адамдардай қартаймас,
ұрпағының ортасында әр таймас,
Аллаһ жар боп, адал өмір сүріңіз,
адалдықтан ақыл, көңіл ортаймас.

Бұл жалғанда таусылмайды бар уайым,
жақсылыққа жетелесін жағдайың.
Ағайындар, адал достар ішінде
аман болсын Алтын басың әрдайым!

Өнегеге бай аға

Өмірі – дүние емес, сезімге бай,
өзінше өрнектеген сөзін де ұдай.
Өн-бойы өнеге мен төзімге бай,
өзгеше жаратыпты өзін Құдай.

Көксері – жүрегінің иманы боп,
кісіні құрметтеуді тиғаны жоқ.
Күнкөріс күресінде жиғанынан,
кембағал жарандарға қиғаны көп.

Жатса да шалғай тірлік көші мейлі,
Жақсы адам – көңілімнің хошы дейді.
Жалғанның жалпағынан жырақ жүріп,
жанына жақын болар дос іздейді.

Құбылып тұрса-дағы заман бүгін,
қайырлы іске бастар тамам күнін.
Қалпымен қарабайыр қарашаның
қайрылып барып сұрар амандығын.

Аяңдап жетті әкенің арманына,
Аллаға дәйім разы болғаны да:
ағайын ортасында аман-есен,
алпыстың асқарына қонғанына.

Ағалық ақылыңыз аса берсін,
арнадан нақылыңыз таса берсін!
Алшаңдап, ақсақал боп арамызда,
аяғың жүзге қарай баса берсін!

Махаббаттың пәктігі

Көрді.
Сезді.
Көнді.
Сенді.
Бақыттың
бауырында бара жатты батып күн.
Жанарында жымыңдайды сол бір кез –
қанатында қалықтаған уақыттың.

Сағыныштың сауырынан түн өпсін,
аңсаулардың толқынын да үдетсін.
Хақ арманның алынбайтын қамалын
талқандайды лүпілімен жүрек шын.

Сезіміңді баурағанда күй-керім,
мүмкін бе екен қызуына күймеуің?!
Ақ тамақтың солынан бір, оңынан
алма кезек құшырланып сүйді ерін.

Көк белдерге емізеді таңы нұр,
арнасынан тасытады жаны жыр.
Көкейінің мың үмітін арқалап,
жұп келеді жол үстінде тағы бір.

Жұмбақ қыз

Жатақхана дәлізінде бір көріп
қалған жүзің тұрды маған сыр беріп.
Күн көзінен ғашықтарға куәгер,
қымсынғаннан көлеңкені іздедік.

Көтермедің, төмен қарап, басыңды,
қарақат көз, тығып қара қасыңды.
Үндемедім, тамырыңның лүпілін
сезгеннен соң маған санатпасыңды.

Тынысым тұр тыныштықтан арылып,
баса алмадым қадамымды тағы нық.
Құшағыма аялағым келді шын,
күткен жандай баяғыдан сағынып.

Әттең, жалған!
Созсам қолым жетпейді,
сағым сынды көкжиекке беттейді.
Таңба салдың жүрегіме өшпейтін,
елеңдетіп елестеумен өт, мейлі.

Қалып қойды денемде бұл от демі,
махаббаттың жаңа жеткен көктемі.
Күндіз – күлкі, түн ұйқымнан айырды
ару қыздың жұмбақ болып кеткені.

***

Күлкісінде ақ бастаудың үні бар,
естіген жан тағат тауып, тынығар.
Кірпігіне ілінген таң нұры бар,
көңіл төрі рахаттанып жылынар.

Көкірегінде тұнып тұрған сыры бар,
түйсінгендер ой-толқынға булығар.
Қылығында періштенің тіні бар,
әрбір пенде бала шаққа бұрылар.

Мінезінде еркеліктің тілі бар,
жанарында мейірімнің күні бар.
Адамда бұл махаббаттың бүрі бар,
шын жүрекпен сезінгендер ұғынар.

***

Артық болмас сені, жаным, күн десем,
мына жарық әлем жайлы білмес ем.
Жанарыңның жарқылына шаттанып,
сен барына қуанбас ем, күлмес ем!

Көп болмайды сені, жаным, нұр десем,
бұл дүниеде сендей адам бір десем.
Жүрегімді жылытасың, әйтпесе,
дәл осындай риза болып жүрмес ем!

***

Күлкің сенің сол қалпы нұр ма екен,
шиедей боп ерінің тұр ма екен?!
Қастарыңды қап-қара, кірпігіңді,
мөлдіреген көзіңді жырлап өтем.

Мас боламын шашыңның иісінен,
қолдарыңа қолдарым тиісімен.
Менен асқан бақытты жан болмайды,
жалықпаймын құшақтап сүйісуден.

***

Көктегі сәуле, жылылық – сенде,
жердегі ару, сұлулық – сенде!
Ғасырда сирек кездесер ізет,
адамдық, құрмет, ұлылық – сенде!

Қажыр да, қайрат, бақ, талап – сенде,
шырайлы шуақ, шапағат – сенде!
Жүректі өртер сағыныш оты,
мәңгілік маздар махаббат – сенде!

Аққулар сыры

Аяулым менің, ажарың қандай,
тұрамын шалқып назарымды алмай?!
Қолаң шашыңды тараған кезде,
қаламын толқып амалым қалмай.

Асылым менің, көздерің қандай,
жанымды тербер сөздерің балдай?!
Әлемде мынау бақыттың дәмін,
өзіңсіз, жаным, сеземін қалай?

Жарасып аққу-өмірдің сыры,
ғашықтық тұнған көңілдің нұры.
Махаббат-өзен арнадан асып,
жүректің жыры төгілді бүгін.

Арайлым менің, тілегің қандай,
ашылып айтшы білегіңді алмай?!
Жалғанда мынау уақыттың мәнін,
өзіңсіз, еркем, білемін қалай?!

Ардақтым менің, тағатың қандай,
болаттан соғып, жаратылғандай.
Назданып мені шақырған кезде,
жетемін саған қанатым талмай.

Кел, мамыр, халқымды сүйіндір!

Кел, мамыр, мейірлен, мамырлап,
күн нұры шашылсын жамырап.
Жібісін қара жер тегімнің
тарихын сіңірген тамырлап.

Хош келдің, мамырым, лағылдап,
жұртымның жанарын жалындат.
Жылғалап жылжыған суыңмен
тіршілік тынысын арындат.

Ойнатып көз ұшын сағымға,
мәз болып қараймыз мамырға.
Бәрі де ән салып кетеді,
бұлбұлдар сайраса бағында.

Жарғанда бұтақтар бүршігін,
сеземін жүрегім дүрсілін.
Аймаңдай жымыңдап түсінер,
айтпай-ақ сезімнің қыр-сырын.

Ынтымақ жарасқан шаңырақ
тұрады қарсы алып таңын ақ.
Береке бастауы, әманда,
татулық, достықтан табылад.

Табиғат үйлесіп тұрғанда,
махаббат билігін құрғанда,
сан алуан ұлттардың баласы
сыйласып жүреді бұл маңда.

Жан-жаққа көк шапан киіндір,
көкорай билесін биін бір.
Бірліктен, айырмай тірліктен,
кел, мамыр, халқымды сүйіндір!

О, Жаратқан!

Халқыма періштенің пәктігін бер,
бейкүнә сәби күлкі, шаттығын бер!
Бес күндік жалғандағы тірлігіне
береке, ырысының хақтығын бер!

Рахымы таусылмасын Көк пен Жердің,
жемісін көрсін елім төккен тердің.
Кемелді болуы үшін келешектің
кешпесін кемшін күйін өткендердің!

Тыныштық құшағында таң атырсын,
нұрланып ұлан-ғайыр дала тұрсын!
Ұлағат, өнегеден сусындаған
ибалы болып өссін бала, шіркін! Әумин!

Уа, әлеумет!

Күндерің шуағы мол нұрлы болсын,
түндерің жарық, тыныш, сырлы болсын!

Жерімнің қойнауы – ырыс, құтты болсын,
елімнің ынтымағы мықты болсын!

Отаның отбасыңа қорған болсын,
отауың берекеге толған болсын!

Қыздарың инабатты епті болсын,
ұлдарың ер жүректі, текті болсын!

Қорада төрт түлігің сайлы болсын,
еңбегің еселі де жайлы болсын!

Иманың жүрегіңе берік болсын,
адалдық, абыройың серік болсын!

Баянды болашағың алда болсын,
қолдаушың – Жаратушы Алла болсын! Әумин!

Оғыландарым

Оғыландарым!
Айтар жоқ енді атарға оғы барға мұң,
есауандарға сен емен шағынар нарым.
Айбарлым едің,
ажарың аспандай айық,
басса да әмбі азарлы шоғын арға мың!
Оғыландарым!

Арыстай бабам!
Ағеден жанда найзағай намыс ойнаған,
алты алашқа сын – зілмендей арлы іс ойлаған.
Айтұяқ – құрбан,
қаперге келмей қатері,
Ақан азалы қызғынды жарыс айдаған.
Арыстай бабам!

Айбаттыларым!
Аласат ғасыр індеті қайнатты зарын,
абадан ұлдың зұлмат күн жайратты тәнін.
Әлихан,
Ахмет,
Міржақып,
Мағжан рухтары
абатшылықтың атырды байрақты таңын.
Айбаттыларым!

Қайраттыларым!
Ашкөзді ажал жалмады Ләззаттың жанын,
желтоқсан дәсі – шаһиді Қайраттың қанын.
Адамизаттың бағзысын ойлаған кезде,
алаңға келіп жігерім қайрақ қыламын.
Қайраттыларым!

Замандастарым!
Бапаннан туған бақуат амалдастарым,
бәрәкәт толы жерұйық алал жастанғын!
Бұқар бабамның,
аңсары абыз Абайдың,
Батысқа бекем бірлікпен қадам бастағын!
Замандастарым!

Отан-Ана

Отан – аспан,
суым,
далам,
Отан – менің сүйікті анам.
Тербететін бесігінде
балапанын ұйықтаған.

Отан – тауым,
бақша-бауым,
Отан – жырым,
асқақ әнім.
Әуенінен түспейтұғын
іңгәлаған жас баланың.

Отаным

Күн нұрын ала самғайтын
қыраның болам, Отаным.
Жеріңді жәннат қорғайтын
ұланың болам, Отаным!

Төріне бірлік, елімнің
сыйласын Уақыт, жыр-әнін.
Арта бер жүгін сенімнің,
Арқалап өтем, Отаным!

Заулаған ару-даламның
пырағы болам, Отаным!
Мәңгілік сөнбес бабамның
шырағы болам, Отаным!

Теңдіктің ашып арнасын,
баянды күнге бастадың.
Шаттықтың әні шарласын,
Тәуелсіз елім аспаның.

Төріне бірлік, елімнің
сыйласын уақыт, жыр-әнін.
Арта бер жүгін сенімнің,
Тәуелсіз елім,
Тәуелсіз жерім,
Тәуелсіз менің Отаным!

Далам менің

Гаухар, маржан, асылдардан жаралған
көңілінен көктем нұры таралған.
Ақ пейілдің раушан гүлі бүр атқан,
қазағымның үнін есті даламнан.
Дабыл қағып өткен ғасыр заманнан,
қыран көзі келешекке қадалған.
Тайбурылдар шауып өткен дүбірлі,
қазағымның самалы есті даламнан.

Қарайтұғын таңдана,
ұлан-ғайыр кең дала.
Қарлығаштар аңсаған,
атамекен сен, дала!

Жайма шуақ жаз күніндей көсілген
жайлауыңның айналайын кешінен.
Ғашық жандар бақыт тауып жүретін
толқын асу,
бұйра белді төсіңнен.
Ерлерінің еркелігін кешірген,
дәмін татқан Жібек жолы көшінен.
Шалғай жүрсе сағыныштан ұл-қызың,
далам, сені шығармайтын есінен.

Ұлы елім

Аллаһ бізді жаратқан құлы етіп,
пенделердің тәубешіл бірі етіп.
Көрші ақысын жемейтін ұлт болғаннан,
көрген емес ешкімге құны кетіп.
Көне дала төсінде кең көсілген
қазағымды қойды ғой Ұлы етіп.

Қазыбек пен Әйтеке биі кеткен,
Төлесі жоқ бұқара күйі кеткен.
Бабаларым ап берген кең-байтаққа
қазағым қам-қаперсіз сыйып өткен.
Қызғаныштың қоқысын жиған жұрттың
бір-бірінен қадірі, сыйы кеткен.

Бір сүйсінтіп,
бір ісің налытатын,
найзағайға намысым жанытатын.
Бір ауыз сөз айтқанда байытатын,
бір ауыз сөз қосасың арытатын.
Ақ пен қара айқасы түгесілмес,
қанға сінген мінез бар танытатын.

Атыңа да затың сай көрікті елім,
дәл өзіңдей басқаға көніп пе едім?!
Көтеруге барғанда мәртебеңді
тартып алған таспаны Серік серің.
Қасқыр иттер таласып жатқанында,
үркіп қашқан төскейден еліктерің.

Қызығыңа, баттым да шыжығыңа,
көндім тағдыр тезіне – құрығына.
Сан жолықтым бойнаның әйлезіне,
өткен күннің жоқ өкпем қыжылына.
Ала алмаған есемді еселенген,
бердім әділ Уақыттың құзырына.

Құлшылығын Аллаға қаза қылған
ада болар бары мен базарынан.
Болашағын ойлаған болжай білер
іргесінде жатқанның назарынан.
Елдігі мен ерлігін ұлықтаумен,
нұр кетпесін ұлы елім ажарынан!

Торламасын көгімді қара бұлттар

Қарауыл Түн кірпігін қаға алмаған
тербетеді бесігін Тыныштықтың.
Жымыңдасқан жұлдыздар – сан алдаған
маржандары Көктегі ырыс-құттың.

Тал-құрақтың тірлікте тыншымаған
жас сәбидей иісі жұпар аңқыр.
Әлсіреді үскірік шымшылаған,
еркіндіктен еңселі жұтаған қыр.

Аққу үні әдемі іңірдегі,
көзін жұмса кешкі оттар шамшырағы.
Әлдиіндей ғашықтар тіліндегі
әндеткенде өзендер сарқырауы.

Еміс-еміс алыстан естіледі
құдіретті бір дауыс дүркіреген.
Найзағайы жанымды тескіледі,
төнердей кеп жеріме нұр тілеген?!

Қара бұлттың қабағы түйіледі
дүниені кетердей жалаңаштап.
Қырау желі ызғырық үйіреді,
оңайдағы олжаны ала қашпақ.

Оң мен солым дауылдың қамалында,
төпелеген жауыннан жауыр болды.
Болашағы,базары –
бәрі алдында,
шүкіршілік, тек біздің ауыл болды.

Дауылы да,
желі де,
жауыны да
шүйілмесін, көгімде желпінбесін.
Еніп алып Тыныштық бауырына,
кең тыныстап, Гүл-Ғұмыр, еркіндесін!

Қазағымның кіндігі

Кенесары хан тегін жалғап тұрған,
қазанаттар тұяғы шаң қаптырған,
Сарыарқаның төсінен самғаттырған
бала қыран – жас қала.
Ескен желдей Есілім есілгелі,
алмауыттан ажырғы шешілгелі,
жыр-керуеннің тартады көші ілгері,
арман қала, Астана!

Дархан дала еркесі – байтақ елім,
байтақыдан баянды ой теремін.
Адулықтың айнасы – Бәйтерегім,
Ер тірегі – Астана.
Айбынды үні атойлап асқан қырдан,
Қоңтайшының рухын жасқандырған,
елжіреген егемен, бостан нұрдан,
ел жүрегі – Астана.

Жанарыма құйылып тарқамас мұң,
жадымда кіл құрбаны Жанталастың.
Ақ Ордада қайнайды алты алаштың
тірлігі мен бірлігі.
Ғазиз әнін қондырып Күн астына,
Арқа төсі гүлденді бүр ашты да.
Қараөткелдің бауыры – бұл Астана –
Қазағымның кіндігі!

***

Беу, ғасырым,
сенің күткен ұрпақтарың біз бе едік?
Рудан руды ажыратып, жүз бөліп,
алты алаштың арыстары түзде өліп,
ата жауды өзімізден іздедік.
Үміт артқан ұрпақтарың біз бе едік?

Беу, ғасырым,
Ағайындар бір-біріне тас бауыр,
Бірлік кетіп берекеден қашты ауыл,
Ен далада орнап жатыр тас дәуір,
Ақсақалдар бола алмай жүр тосқауыл,
Қос қарашық тұншығады жасқа кіл.

Беу, ғасырым,
Сенім жүгін арқалатар нар болмай,
Ұлда – намыс, қызда қылық, ар қалмай,
Жартасына мүк бітпеген таулардай,
Тамырына нәр сіңбеген талдардай,
Соласың ба деп қорқамын жалғанбай...

Тартпасын елім тауқымет

Аңсаған бостан арайын,
аптап күн қақтап самайын.
Таразы көңіл тыншытпас,
тағдырдың тартқан талайын.

Шырылдап бала қолында,
ел-жұрты қалып соңында,
егіліп кете барды ғой,
айырмай оң мен солын да.

Болғанда жұмыр бас қайғы,
қастанып жолдан дос тайды.
Ау десе жау боп көрінер,
қарысқан жағын ашпайды.

Шындықты айту арман боп,
адал жан көп те қалған жоқ.
Дүние мынау жалған боп,
шынықты адам тарлан боп.

Өздіктен түспес көктегі,
еңбекпен ғана көктеді.
Асырап, баққан отбасын,
үйде – адам,
түзде – көкбөрі.

Бір үзім нанды бөліскен,
бір шыны суды тең ішкен.
Адасып кеткен туғандар,
қауышып қайта көріскен.

Тарихы оның терең-ді,
адамзат бұған таупық ет.
Еңсесі биік ел енді,
тартпаса екен тауқымет.

Ана

Нұрын төккен күндейсің,
жылытатын жерімді.
Хош иісті гүлдейсің,
көркейтетін төрімді.

Таудан аққан бұлақтай,
мөлдір сенің мінезің.
Жайқаласың құрақтай,
ару анам, бір өзің.

Қадіріңді біледі,
ардақтысың бәріне.
Амандығың тіледі,
жас бала да, кәрі де.

Анашым, кешір

Анашым, кешір!
Жалғыздық – мендік парық-тын,
айық күн асты кешіппін күйін ғаріптің.
Қайраңда қалған қайықтай қаңсып, қаусаған
көңілді арбап,
өзімді алдап жалықтым.

Анашым, кешір!
Ұмыт боп бүгін күлкісі,
әкемнің ерте таратып бергем жыртысын.
Тауым шағылып,
сағым сынғанда іздеймін,
алмасып жатыр айырмай жүрген өң-түсім.

Анашым, кешір!
Ажалдың алдын алу жоқ,
өмір мен өлім арасы – наза,
налу көп.
Бейбаққа демеу болар деп күттім рухыңды,
дендеген жанын зарығу деген ауру кеп.

Анашым, кешір!
Өзіңсіз күнім мұң екен,
өкініш толы өзекті өртер жыр – бөтен.
Құлпытасыңның алдында міне, тізерлеп,
қолдан келері – аруағыңа дұға етем.

Мекен-жайы – жұмақта

Жарық әлем жауһарлары жарқ еткен
жанарында ұйып тұрған тәрізді ед...
Бұйрық келіп,
бұл жалғанды тәрк еткен
кейуана кетті бақи бақ іздеп.

Қалды қалды –
атақ,
байлық,
тұғыры,
медет болды бір мезеттік жұбаныш.
Адалдықпен сүрген барлық ғұмыры –
имандылық,
ибалылық,
қуаныш.

Бір Аллаһтың жарлығымен тартылар:
теңіз бен көл,
өзен,
тіпті бұлақ та.
Құран оқып, дұға қылар халқы бар
Аналардың мекен-жайы – жұмақта!

***

Аппақ анам,
Нардың жүгін арқалаған нәзігім,
Алыстадың, қаусап қалды қазығым.

Айман анам,
Науат, малта болсын мейлі азығым,
Арманым не, әлдилесе наз үнің?!

Ару анам,
Назираңа зәру болып қалдым ба,
Аллаһ, мені сынағыңа салдың ба?!

Асыл анам,
Нық сеніммен алға аттай алдым ба,
Ақ сүтіңді шындап ақтай алдым ба?!

Аяулы анам,
Неге керек Сізсіз өткен қуаныш,
Арамызды жол бөліп тұр тым алыс?!

Айдай анам,
Нұрға толы жүзіңізден жұбаныш
Алушы едім, бойға бітіп бұла күш.

Алтын анам,
Нағыз енді тағдырыма бағындым.
Арнасында келем өмір-ағынның.

Аялы анам,
Не десем де, өзі едіңіз лағылдың,
Аңсадым ғой, анажаным, сағындым!

***

Ана, сенің мейірімің шуақты,
көз алдыма келтіреді бұлақты.
Таусылмайтын кәусарына қандырып,
сыңғырымен тандыратын құлақты.

Ана, сенің дариядай ақылың,
Аллаһ төгіп қойғандай-ақ рақымын.
Құлыншағың өмір атты бәйгеде
шапқан сайын қымтай түсті тақымын.

Ана, сендей аяулы жан жоқ маған,
ана, сенсіз сағатым да тоқтаған.
Көз жұмарда көргеніңдей сен үшін,
есейсем де ерке балаң боп қалам.

Аяулы ана

Аяулы анам, асылым, айдай анам,
әлдилейтін сендей жан қайда маған?
Асқақ едің, адал ең жарыңа да,
ару анам, ақжарқын, қайран анам.

Немереден шаттығын аямаған,
шапағаты – шалқар-көл, аялы анам.
Жабығып жүр аңсаған шөберең де,
бәйтеректей саяңды саялаған.
Анажаным, ардақтым,
алтыннан да салмақтым.
Сағыныштан өзіңе,
ән-құсымды самғаттым.

Төздің талай тағдырдың егесіне
тербетілген өмірдің кемесінде.
Берекеңмен, анашым, еңбегіңмен,
есіміңді қалдырдың ел есінде.

Аяулы анам, асылым, айдай анам,
әлдилейтін сендей жан қайда маған?
Асқақ едің, адал ең жарыңа да,
ару анам, ақжарқын, қайран анам.

Ана тілім

Ана тілім – қанатым,
талмай оны қағатын.
Ана тілім – жарығым,
әрбір үйде жағатын.

Ана тілім – ардақтым,
алтыннан да салмақтым.
Ана тілім – өлеңім,
шартарапты шарлаттым.

Әке

Жастайымнан айырылдым әкемнен,
қорғансыз қап дүниеге әкелген.
Жеті жастан зар боп қалдым көзіне,
тәлім берер ұлағатты сөзіне.

Бүгін тағы, ойыма алдым өткенді,
бақилыққа бізден алыс кетті енді.
Азаматың есейіп,
ер жеткен-ді,
айтар адам таппай жүрмін өкпемді.

Әкеге

Асқар тау шыңым әке,
алыстан тұлғаланған.
Төгемін сырымды, әке,
тұңғиық жыр ғаламнан.
Тағдырдың сындарына
жасымас қырандайсың.
Әлемнің гүл бағына
қорған боп тұрғандайсың.

Алатау шоқтығы тәрізді
шашыңды ақ шалып қалған ба?
Жалғыз сен жалғанда жаны ізгі,
қанатым қақтырған арманға.

Бұлақтай сарқыраған
жарқын жан өзің едің.
Көгімде жарқыраған
жұлдыдай сезім едің.
Мұң басқан шақтарымда
құшағың сағындырған.
Мен үшін сақтадың ба,
жаралған жаның нұрдан?!

Топырағың торқа болсын!

Қыран көңіл, сұңқар сезім пырағым,
жағып кеттің талай үміт шырағын.
Арманың не, ізің қалды бүгінде –
жайқалып тұр егіп кеткен құрағың.

Салқар ойлы, дара сана шынарым,
өсіп жатқан өркеніне тұмарым.
Айнымадың, ақтық демің шыққанша,
адалдық пен пәктік болды ұраның.

Ерте қиып кетсе де аққу сыңарың,
таусылмап ед шын ғашықтық жыр-әнің.
Бүгін соңғы сапарыңда қол бұлғап,
қала берді қызығың мен ұланың.

Бүгін іштен бүгіп бәрін тынамын,
бүгін ептеп қасіретті жығамын.
Бүгін шындап сені іздеп жыладым,
сейілте алмай сағыныштың тұманын.

Жарық күннің жауһарларын жинадың,
ұрпағыңа ұлы ғибрат сыйладың.
Мейірімнің мұра қылдың бұлағын,
Аллаһ Раббым ашып берсін жұмағын!

Топырағың торқа болсын, жан әке!

Нағашылар

Ағасы бар жігіттің –жағасы бар,
інісі бар жігіттің – бағасы бар.
Аданасты жігіттің бағы ашылар,
аман-түгел ар ме екен нағашылар?!

Тауға салса тұлпарды, таға сынар,
тұяғына тас батып алас ұрар.
Берері мен арада аласы бар,
ет жақыным қайда жүр – нағашылар?!

Мейлі мұңы, жүректе наласы бар,
нақақ кірген жымысқы – ала шұбар.
Ақтан дәйім қараның таласы бар,
ажырата алдың ба, нағашылар?!

Ақ жаулықты, аяулы анасы бар,
қариясы – көне көз, данасы бар.
Бойлап өскен кешегі дара шынар,
біз едік қой, ұмытпа, нағашылар!

Әрбір пара сөздің бір сарасы бар,
ұрпағымыз топшылар санасы бар.
Жүрсек-тағы жырақта жанашырлар,
сағынышты сынама, нағашылар!

Ағасы бар жігіттің – жағасы бар,
інісі бар жігіттің – бағасы бар.
Аданасты жігіттің бағы ашылар,
аман-түгел болыңдар, нағашылар!

Жайсаң жерім,
Жайсаң елім,
аман бол!

Жаз жайлауы – жасыл кілем түкті жер,
батыр туған,
ақын туған құтты ел.
Ілім қуған,
білім тұнған дана көп,
бақыт құсы ұясын кеп тікті дер.

Берекенің ұйыттырдың қаймағын,
ынтымақтың желбіреттің байрағын.
Кеңсай,
Дайыр,
Ақарал мен Қаратал,
Айнабұлақ,
Жарсу – жұмақ аймағым.

Шаң қаптырған тұлпар жырдың мекені,
ән-сұңқардың қиясы боп жетелі.
Асқақтаттың әз есімін Біржанның –
зілзалада шаһид жанның өтемі.

Бабаларым салып кеткен сара жол –
ұрпақтарға даңғыл болған дара жол.
Қадірі мен қасиетін жаңғыртқан,
Жайсаң жерім, Жайсаң елім,
аман бол!
***

Беу, Жайсаным,
өзгеріпсің,
жоқ баяғы қалпың да,
жасамыстар азайыпты,
жасарыпты халқың да.
Өткізгенмен ғасырларды,
оздырғанмен уақытты,
Ұлы керуен басындағы ұмытылмас нар тұлға.

Беу, Жайсаным,
көзкөргендер өмір көшін қалдырған,
мұнарланды үнсіз күткен тас мазарлар алдымнан.
Әкем салған ақшаңқан үй – екі дәурен куәсі,
ауласынан Ахметсәлім шат көңілі жаңғырған.

Жаратқанның шапағаты –
рақым,
мейір,
қанағат,
жарық дүние – Аллаһ нұры,
шексіз сыйы ғаламат.
Ай сәулесі шағылысқан көк күмбезді мешіттің
азанынан мінәжатқа оянады жамағат.

Беу, Жайсаным,
Өзгермеген жұпар аңқыр ауаңа
ғашықпын мен туғанымнан,
жүрегіме дауала.
Асан қайғы бабам сынды
алты айлық жол кезсем де,
рахат құмар жаным мынау
сендей жәннат таба ма?!

Жайсаным, аңсап жүрмін

Жарысқан толқындарың
Жайсаң-көл, көркем едің.
Айнаңның жарқылдарын
ойнатып еркеледің.

Ақ таңда тарайды арай,
Жайсаңым, аңсап жүрмін.
Жолыңа қарай-қарай,
сағынып, ән сап жүрмін.

Жаңғыртқан дәуір үнін
жалаңтөс тау ұлымын.
Шақырды дауылды күн
серісін Сауырыңның.

Жер-Ана шаттанады
көктемнің жауынына.
Көңілім аттанады,
аунатшы шалғыныңа.

***

Аймалатып алтын нұрға,
Сауыр, Сайхан балқыдың ба?
Айнасы боп күміс Айдың,
ақ айдыным шалқыдың ба?

Жақұт жырым – жайсаң елім,
қырандарым,
қайсар елім.
Жәннат сендей қайда маған,
иран-бағым – Жайсаң жерім?!

Беу, Жеменей,
ағысыңнан
тас қамалдың сағы сынған.
Балбалдарда белгі қалған
Қазанаттар шабысынан.

Жалаулатқан арым үшін,
алаулатқан бағым үшін.
Таусылмайды әз-жанымда
саған деген сағынышым.

***

Сағындым, туған жер, тал-құрағың
сыбдырлап тілдесіп, сырласатын.
Сағындым алмауыт – арғымағың
сабасып желменен қырға асатын.

Сағындым, Жайсаң-көл, дарияңды,
сағымы құмартып, желіктірген.
Сағындым данагөй қариямды,
санама ақыл һәм ерік берген.

Сағындым Маңырақ, Сауырымды,
сарандыз жинаған бала шақта.
Сағындым қаракөз бауырымды –
самғаған аққұсым болашаққа.

Сағыныш арқалап барғанымда,
сезімді селдей қып селдеткен ем.
Сағынар ауылым тұрғанында,
сарқылмас жүректен өрнекті өлең.

***

Ақ таңның нұры өпкен бақтарды
көп кездім.
Аңсаймын сол шақтарды.
Жастанып мүкке оранған тастарды,
баянсыз махаббаттан жас тамды.

Толқынды бұйра бұлттар көшіне
ілесіп кете бердім есіле.
Саумалдай Сауырымның кеші де,
оралар албырт жастық есіме.

Маусымда Маңырақты жайлаған,
ақ әжем тарғыл бие байлаған.
Төбемде кемпірқосақ ойнаған,
күн қайда балалықты қоймаған?!

Еркелеп арасында екі елдің,
аңсаумен, тамсанумен өтер күн.
Туған жер,
сенсіз ғұмыр кешер кім?!
Сағындым...
Сағынады екенмін!

Жайсаным – әнім

Қасиеттім,
Жайсаным,
асқаралым,
кеудемдегі сылдырлап бастау ағын.
Кетсем шалғай жаныңнан жыр төгіліп,
көңілімде іңгәсі жас баланың.

Жайсаным – әнім жырлаған,
Жинадың талай сыр маған.
Жүрегім жалғыз сендік,
Жанымды жарқын күн нұрлаған.

Сауыр,
Сайхан,
Маңырақ бөктерлерін
саялаған көгілдір көктем керім.
Самғап ұшты ақындар, батырларың,
сәулесінен күнімнің көктеді елім.

Күмбірлетіп күй төктім жүрегімнен,
қуанышқа шаттанып күле білген.
Қастерлісің мекені бал күнімнің,
қадіріңді, Жайсаным, білемін мен.

Баянаула

Баянауланың қойнынан
аналық иіс аңқиды.
Уызын беріп тойдырған
балауса буын балқиды.

Баянға махаббатымды
жеткізе алман тілменен.
Ардақты асыл атыңды
қазақта жан жоқ білмеген.

Далбаның жусан иісі
сепкендей жұпар жаныма.
Тірліктен кеткен киесі
ұмтылар үміт таңыңа.

Баянның құшақ ашқанын –
сағыныш дермін сарғайған.
Өзіңсіз өмір – қас-қағым
өтетін аңсап шалғайдан.

Көп жасап, көпті көргендер –
сен үшін сәби бәрібір.
Торайғыр гүлін тергендер –
етегін бойлап әлі жүр.

Баянға тура тартамын
дәм шақырар туса күн.
Сырыңның барын сарқамын,
келмейді тағы сусағым.

Сабындыкөл

Жағаңа кеп сырласам, Сабындыкөл,
бостан жүрек ағытқан сарынды көр!
Барымды көр, айнаңнан жасыра алман,
Арымды көр!

Сабындыкөл, сарғаяр ғұмыр-дастан,
сенім семіп қалған ба тұғырластан?
Көгендеулі күндікке жұмыр бастан
тыным қашқан.

Сабындыкөл, мен бүгін тасымаймын,
көңілде жоқ сендегі жасыл айдын.
Беу Жаратқан, қуатын берші маған
Жасыбайдың?!

Ақ қаптал қып барады бәсеке күн,
сабыр қайда?
Сездіргейсің рас екенің,
Раббым Аллаһ, дарытшы тақуалығын
Мәшекеңнің?!

Қам-қаперсіз құлындай құлдырағам,
жанарымнан жамырап нұр құлаған.
Шақырады үкі елес жел өтінде
бұлдыраған.

Сабындыкөл, сары ала күз де келді,
манагөнек күндерде із көнерді.
Жаралғанмын табуға бұл жалғаннан
іздегенді.

Суық тамшы бұтақтан сүмектейді,
уысында Уақыт түнетпейді.
Атар таңнан дәм еткен Үміт қана
жүдетпейді.

Қостанайға сәлем

Ар ма елі алқапты Қостанайдың,
намысымды жануға қосқан айбын?!
Топырағыңа табаным тірелгенде,
Ахмет бабам бастаған көш қарайды.

Есен бе екен мекені Ыбырайдың,
ала алмаған сынын да сұмырай күн?!
Көкірегімді кернеген жұпарыңнан,
сырларындай Сырбайдың зымыраймын.

Бейімбетті тудырған ерлігіңнен,
Кеңшіліктің жырындай кеңдігіңнен,
Беу, Қостанай, қосыңнан хош көремін,
Ғафекеңді шалқытқан елдігіңнен.

Бүгіп белің, маңдайдан үгіп терің,
тынып па едің үкілеп үміттерің?!
Қонақтайды Көкбөрі-Жүрегіме,
жанарыңнан көшкенде Түрік тегің.

Қызылжарға барғанда

Қызылжар, жеттім саған ақпандатып,
жаудырып жауһар жырдан ақ таңға құт.
Жырауым Қожаберген, Сегіз серім,
Мағжаным жарық көріп, тапқан бақыт.
Шал ақын шашасына шаң жұқтырмай,
шатасқан арнасынан аққан уақыт.

Кешегі Толыбайдай тулап бөлек,
Ғабең мен Сәбеңдерді тумақ керек.
Сойқанның сойылына жан бітсе егер,
Құлагер көңіліңді сұлат демек.
Петр мен Павелдердің патша күні,
қазақтың ой санасын улап келед.

Маңғаз күн манауратып аймаласын,
бағыңды Жаратқаным байламасын!
Жаңғырып, Қызылжар боп атың шықсын,
надандар намыссыз деп ойламасын!
Мен саған көрші болып тұрғаныммен,
Сен менің бауырым боп айналасың.

***

Қарғалар!
Қарақұрым қарғалардың
қап-қара қанатынан сорғалар мұң.
Қарғаны қасиетті құс санайтын,
қазағым,
келіп жетті толғанар күн.
Қанымды қарайтатын қарқылынан
ақ кептер көңіліммен қорғанармын.
Ақ бұлттың бауырынан атып шыққан
ақсұңқар адалдығым қолға алармын.
Атылған ақ жебедей қадалармын
қап-қара ұсқынына қарғалардың!

***

Ала құмай ауылға кеп кетпей ме,
алабота арасынан өтпей ме?
Ала бүйрек жайқалған атырапқа
ала үйрек маймаң қағып жетпей ме?
Алағаншық соққанда алабарыс,
аламанда аладүбір етпей ме?
Алакөнек пейілмен алажабыр
алауыздар адамдарда жоқ дей ме?
Аласаттай, бұл күнде, қарап тұрсам,
алалаушы арамзалар көп кейде.
Ала тұяқ, аласпан алшаңдаған,
Алашымның арасында бітпей ме?!

***

Сары кебең мойнын созса тоймаған,
сары алтынын шашқан күндей жайнармын.
Сары желіп сарпалдаңын қоймаған
сары дала сағымындай ойнармын.
Сары шашбау бұрымына байлаған
сары қыздай табылар ма жайдарлым?
Сары күзде саптама етік сайлаған,
сары күзен аулап өскен қайлармын.
Сарысудың тереңіне бойлаған,
сарып болмас сарсылғанда айлам мың.
Сары кезге шығып алып ойланам,
сарыаяқтас серттен кетер тойған күн.
Сарамжалдай арамдығы қайнаған,
саралжындай түгі болмас пайдаңның.
Сарын айтар қажет емес той маған,
сары қасық ары қалмас байламның.
Сарыаяққа биылғы жыл соймаған
сары аңызға келіп тұрад айналғым...

Көңілім менің, көңілім!
(Жұматайша)

Тапшылық көрген,
жоқшылық төнген,
таршылық езген көпшілікке ерген.
Алдаса да арман көп үміттенген,
тағдыр-талайға төзген де көнген
көңілім менің, көңілім!

Бар да боп көрген,
нар да боп көрген,
арбап, күндеген жанға да сенген.
Мыңға қыдырған ізсізден безген,
жүзге құбылған жүзсізден өлген
көңілім менің, көңілім!

Өзімді ұдай өрлетіп жүрген,
сезімді нұрдай селдетіп жүрген,
жауһар жырымды тербетіп жүрген,
ғазиз жанымды ерлетіп жүрген
көңілім менің, көңілім!

***

Өмірімді өлшейді өлең менің –
өркенімді өркейтер төрем менің.
Жарлы болып қалмадым қатарымнан,
бесігінде байлықтың бөленбедім.

Самал желі қыр кезіп жетті бүгін,
сырбаз дала танытып тектілігін.
Жұмыр жердің сыздаған жарасына
сәулелерін ұнтақтап септі Күнім.

Аллаһ мені жаратты ақын етіп,
мұздай мұңға бір табан жақын етіп.
Жанашырға зәру боп, өр Өлеңім,
жүрдің кейде тірлікке ақың өтіп.

Теріп сезім маржанын тереңдегі,
ел мұңына жүрегім елеңдеді.
Мұқағали, Жұмекен шыңдарына
шығара ма жетелеп өлең мені?!

Жыр оқиын мініп ап жар тасына,
аруына, ауылдың қалқасына.
Бозторғайым әнімен әлдилесе,
кете берем сіңіп ну ортасына.

Қылқұйрығым-шабытқа ерік бердім,
көк көктемдей көгілдір көрікке ендім.
От кеудемде жыр-ұшқын жылтыңдаса,
өшірмес деп еліме сеніп келдім.

Талқысына тағдырдың көне білген
баба рухын өзіңнен көремін мен.
Өр мінезді Өлеңім, өлшемі жоқ
өміріңнен үлгі алып келемін мен.

Өмірімді өлшей бер, Өлең менің,
өркенімді өркейтер төрем менің.
Адам болып қалғаным, ақын болып –
бесігінде байлықтың бөленгенім.

Мөлдір – өлең

Таңғы шықтың мөлдіріне ғашықпын,
мөлдір реңді сол бір күнге асықтым.
Мөлдір болса жүрегім де, жаным да,
қабылдар ма кең құлашын ашып түн?!

Мөлдірейді қарашықта бұл әлем,
мөлдіремес бұлақты да сынар ем.
Мөлдір болса өзегім де, сөзім де,
мөлдір сезім заңғарына шығар ем.

Мөлдір-мөлдір махаббатты жинаған,
мөлдіретіп жанарыңды қи маған.
Жан дүниемді, бар дүниемді берейін,
жалпағына жалғанның бұл сыймаған.

Мөлдірімен сүйсіндірер тұнықты
мөлдір оймен ойыстырып кім ұқты?!
Мөлдір тірлік шаршатады екен ғой,
аңсаттырып аданасты қылықты.

Болсын мейлі өмір мынау шырғалаң,
мөлдір сырды мөлдір етіп тұрмаған.
Мөлдір өлең, мөлдір әлем болғайсың,
мөлдірсіздік патшалығын құрмаған.

Шүкіршілік

Жайлау кеші.
Қапталым заңғар биік,
ақша бұлттар бауырын алған сүйіп.
Тұяқтарын тоздырып, барады өрлеп
шың құмартып желіккен аңғал киік.

Көзге ілмейді жар тасын дөңге шығып,
керіледі алаңсыз кең көсіліп.
Сабыр таппай жүрегім аласұрдым,
сырып тастап пердесін пендешілік.

Естігенде көкжалдың ұлығанын,
сезді жануар өлімнің улы дәмін.
Асқарына шығам деп арманының,
білмеді ғой, бейшара, құрығанын.

Дәм түгесер сағат па жазып қойған,
дәл осы ара орды кім қазып қойған?
Құлдырады құйындай бала киік,
азулыға жазықсыз азық болман!

Жазым болу байғұстың үкімі екен,
қанағатты білмеу де – күпір екен...
Шың-құздарға тамсанып, жерді басып,
есен-аман жүргенге шүкір етем.

***

– Жамбыл жүзге бекер келген жоқ шығар, -
деп біреулер жақсылыққа топшылар.
Аз ба, көп пе – тағдырдың ол жазуы,
Хас талантта – жоқшы бар.

Әркім қолы жеткен жерге тоқсынар,
әркім шама-шарқысымен бақ сынар.
Бірақ, бүгін мойындайтын бір-бірін,
хас таланттар жоқ шығар?!.

– Абаймын – мен! – деді біреу асқынып,
– Шәкәріммін! – деді бірі бәс тігіп.
Кеудесінде бір тұтам жоқ қарауға,
жан ашыды,
жанарыма жас тұнып.

Мұқағали болғысы бар біреудің,
Жұмекен боп төгілдірді біреу мұң.
Қарашығы тоқтап қалған жансызға,
я жыларын,
я күлерін білер кім?

Мықтымсуы керек емес біз үшін,
көсемсініп сөйлегенде – ір шын.
Беу, Жаратқан!
Естіртпеші бұларды,
жөндей алмай жүрген жүріс-тұрысын.

Пірадарлар,
Данышпандар ақылы –
құрысыншы...
Өздерімен құрысын...

***

Ойлы-қырлы ой мен мұңның арасы,
кете бардым адасып.
Сағымданып қызыл-жасыл даласы,
бұлдырайды қарашық.

Қырдан аса арман қашып барады –
алдағаны тағы да.
Көктем қыздың сәуле шашып жанары,
нұр сыйласын жаныма.

Маңдай біткен Бақ пен Сорды терлеткен
сыншы күнім көп алда.
Жүрегімнің нақ төрінде тербеткен
сәби жырым, жоғалма!

***

Тірілігімді айтам ба, тірлік оңбаса,
ірілігімді жалмады күндік далбаса.
Ойым бір жақта, сезімім басқаны көксер,
қайтемін, бірлік болмаса?!

Не етермін, көңілге баяу
салып жатқанда құсалық-шөгір де қаяу?!
Ұйықтап қалған сана да масылдық басып,
мәнісі қайсы болғанның өмірде ояу?

Наздана беріп керек пе тағдырға дәйім,
көрсете бермес бейкүнә балдырған-райын?!
Таңдана қоймас, ешкімді толғанта қоймас
есімнен тандырған жайым.

Талайдың бірімін мен де,
таласқа толы ортада тірімін мен де.
Тәубеге келіп, тізерлеп қалады пенде,
тартысқа түскен қу жаны сіріленгенде!

***

Бәйге ме бұл тіршілік,
тұлпарымның тұяқтарын жалмаған?!
Аңсамайды жыршы-үміт
күндерін кеш белгілері қалмаған.

Адастырмақ арманның
ізін кештім, күйін шертіп жат ұлдың.
Шындығы сол жалғанның –
түгесілмес саптаяғы ақылдың.

Сенімімді жалғар ма,
сыр түбіне үңілетін таң бар ма?!
Жөн сұрасып жүретін
азайыпты-ау жүгінетін жандар да?!

Құнықты жұрт бәйгеге,
қайраңда қап, қаусап жатыр ой-кеме.
Қадалады қай жебе?
Қан тамады қай жерге?
Қой деме!

Неге?
Неге?
Несіне мен бұлданам,
ең асылы әперетін мұң маған:
шыңға сапар шегіп барад жыр-балам!
Жар бола гөр, қылқалам!

***

Тарқатсам шерді толқыған,
қарайсың неге таңдана?!
Сезімді шындап шолпыды ән,
нұрымен өпті паң дала.

Жайдары едің, үкілім,
жалыннан үміт үзбейтін.
Жүрегім, енді лүпілің
сезінер жанды іздейсің.

Арманға алыс жетелеп,
бұла күш бойдан тасыған.
Бақыттың барар төтелеп
жолы жоқ...
Қайда асығам?

Сарқырап аққан бұлаққа
тілейді ғұмыр гүл-өңір.
Тасқынды өзі, бірақ та,
алтыннан қымбат бұл – өмір!
***

Аспан да жалғыз болмайды екен –
төсінде бұлттар аунайды екен.
Жүректі сезім толғайды бөтен,
көңілді ойлар жаулайды секем.

Сарсаңға түсіп, сабасын баққан,
санаға таңба-тағасын таққан.
Құдайдан ғана жарасым тапқан –
жалғыздық кімнің жарасын жапқан?

Адалдық әркез аяусыз болар,
шындық та ащы сұраусыз қалар.
Сұлулық нағыз – бояусыз жандар,
сүйгенін іздеп, күмәнсіз табар.

Асқар да асқақ тауына қарап,
бақшасы менен бауын аралап.
Тіледім жырдың бауырға балап,
досына сыңар – жауына да бақ.

Аққулар қияр некені көлде,
жауқазын гүлдер мекені – белде.
Шаттығым сыйлап жетемін елге,
көктеммен егіз екенмін мен де.

Боздаққа бұйырған бақ қышқыл

Жылайды жаным, тағдырым артты салмағын,
сүрініп жатсаң, сүйемес, тіпті, сені ешкім.
Заманым – түлкі, тазы боп шала алмадым,
кей сәтте қалып қатардан, кейде теңестім.
Кездер де талай шайнауда қалған бармағым,
жазмышым солай, кінәлі оған емеспін.

Кештірген тайғақ тар жолдан өтіп барамын,
мәңгіріп жүріп, мәңгүдік бола жаздаппын.
Қалыппын білмей таусылғанын да шараның...
Жинадым есті.
Шықпадым шектен.
Тозбаппын.
Сыртымнан көрсең – баласы туған ананың,
сырымды білсең – жанбаған бағы боздақпын.

Басқалар қарап, күледі іштей мысқылдап,
қанына біткен қасиет мәңгі арылмас.
Соларға деген ашудан алау ұшқындап,
амалым жоқта от көзге тұнар жалын жас.
Бұйырған шығар,
боздаққа мендей қышқыл бақ,
өзгеге, сірә, мұндай да олжа табылмас.

Шыңғырып айтқан шындықта болмас
шырын бал,
өмірдің білем айналып қайта келмесін.
Тасыған қаны тамырды басар жырым бар,
тірліктен мына күтемін тағы мен несін?
Жазықсыз соққан жүректің мұңын ұғыңдар,
жарасын жанның уақыттың өзі емдесін!

Сапар шекті жыр-балам

Жүрші, жаным, қайтайық бір қыдырып,
тұрмайықшы тұсалғандай кідіріп.
Махаббаттың ұлылығы рас болса,
қалмақ емес жүректерде тығылып.

Сезімге кеп ұялаған ұятты
перделеген көңілімнен күй ақты.
Дөңгеленген дүниенің қызығын
екеумізге сыйлай салған сияқты.

Қиял, шіркін, көлбең-көлбең етеді,
арудайын желбіреген етегі.
Тағдырларды беріп ынтық жандарға,
бағымызды байламасаң не етеді?!

Шомылайық махаббаттың нұрына,
қалсын бәрі – жаласы да, мұңы да.
Жүрші, жаным, шақырады біздерді
шымылдығын судыратып шұғыла...

***

Ерте, әлде, біреуден кеш тая ма,
Бақыт, шіркін, уақытқа дес қоя ма?!
Нәпсісінен күйреген нәумездердің
талай шағын көрдім ғой, есте, аға.

Сақтай білген бабалар мұрағатын,
ұғына алар ұлылар ұлағатын.
Жалт-жұлт еткен жалғанда бақ дегенің –
рух күші екен шыңдарға шығаратын.

Қарай-қарай жан-жаққа жалыққанның,
есебі жоқ ес кетіп тарыққанның.
Мен – Алпамыс, Найманның Төртуылы
ауыздықтар талайын алыптардың.

Зымырайды, зырлайды құралай-күн,
жалаң аяқ, жалаң төс қуалаймын.
Құлап аққан тау-тастан Жеменейдей
дүркіреймін, бірақ та жыламаймын.

Өтіп барады күндерім алып-ұшып,
бұйрығына Уақыттың бағынысып.
Жаным – Зарлық, арманым – Мұңлықтайын,
кездесе алмай жүретін сағынысып.

Жорғалаған бұлттармен жарыстырып,
ауыздықпен намысты алыстырып,
өткен менен бүгінді табыстырып,
мен келемін – көк бөрі, барыс тұрық.

Бейнетімнен болсыншы бағым басым,
тірліктегі тынысым тарылмасын!
Жалғанда бұл жүрегім – лүпілінен,
жақ пен тілім тілектен жаңылмасын!

***

Асау толқын – менің албырт жастығым,
ақ маңдайын тасқа соғып, басылған.
Ақ шалыпты самайымды, рас бүгін,
ақ көбіктей жағалауда шашылған.

Бозбала сыр – айдын көлдің шалқары,
сұлулығы арнасынан артылған.
Азайыпты арманымның жауһары
қайран менің Аралымдай тартылған.

Жылдар өтіп, сұлулықтан әр тайған,
тұла бойдың күш-қуаты ортайған.
Мен өлсем де, жырым қалар қасқайып,
мың жасаған Алтайымдай қартайған.

***

Жоқ демегін!
Қызғаншақтар бар әлі,
солар үшін сыздайды ғой жүрегім.
Ондай жандар – көре алмаудан жаралы,
Жаратқаннан рахым сұрап жүремін...

Оңдырмаса оралмастай оралы,
Жаһаннамнан тапсын, лайым, бір емін!

***

Өмір барда өлім барын білгенмен,
қимайды екен бұл фәниді өр-кеудең.
Жолкөзері жер қойнына сіңгенмен,
көшті ілгері ақшомды бір күн-керуен.

Бекер жиып шашпақ үшін мал басын,
қашанғы адам өзін-өзі алдасын?!
Дүние – жалған,
Ғайып болар сағымдай,
ағатайым, біл дәнеме қалмасын.

Түгесілмес тіршіліктің михнаты,
нәпсі – жанның айықпас дерт, сырқаты.
Тәубе етемін, мәңгіліктің мұрасы –
ақындардың жазып кеткен жыр-хаты.

***

Тәуекелің – жел-қайық жүзсе кері
үміт оты жүз жанып, жүз сөнеді.
Жігеріңді құм қылар жалған тірлік
жарасына жаныңның тұз себеді.

Алтын арай күтетін таңдарыңда
аласұрып, тұншықса жан да мұңға,
қасіреттен қабырғаң қайысқанда,
қарғыс айтып қаларсың жан-жағыңа.

Сырқырайды сүйегің сатқындыққа,
сары уайым сорлатқан Бақ – құлдықта.
Жанашырлық жасауға жарамасаң,
жармасады жағаңа жат құлық та.

Барлығына жетеді құты көктің,
бір Аллаһның рахымын күтіп өткін!
Жерің – тыныш, еліңнің аманына,
иманына жүректің шүкір еткін!

***

Сіз де біздей болғансыз,
біз де Сіздей болармыз.
Арманда, әлде армансыз,
бір мекенге барармыз.

Алтын нұрға зарығып,
Айды аңсайтын күн туар.
Үзіледі бар үміт,
есіміміз ұмытылар.

Көктем қайта оралар,
біз марқайған жерлерге.
Қайың ұлпа оранар,
мұз қонақтап көлдерге.

Мәңгілікке туғам жоқ,
мен де бір күн өлемін.
Ұрпағыма мұрам боп
қалатын сен, Өлеңім!

***

Тар жол тайғақ кешті мың,
көшкен сайын есті мұң.
Күншығыстан жалындап,
күнбатыста өшті күн.

Керуен соңы туған ай
жетті күнді қуалай.
Сиыспайды екеуі,
О, Жаратқан, бұ қалай?

Тербеліссіз өтпейміз,
талбесікте көктейміз.
Жарығымыз сөнгенде
Жер-бесікке беттейміз.

Таңданамыз несіне,
ертесі не, кеші не?
Ай мен Күндей алмасар
рухымыздың көші де.

***

Жүдеткен мені көп ойдың
бірі де бүгін қалмаған.
Жапырағындай тоғайдың
жегі құрт түсіп жалмаған.

Көңілде күпті көп үміт
тіршілік үшін тоналған.
Адалдық жігі сөгіліп,
ақ маржан сенім жоғалған...

***

Ай сәулесі ұрланып,
тінтіп жатыр бөлмемді.
Түгендейді сұрланып,
көрмеген мен көргенді.

Кеудеме кеп қонды да,
ұзақ тұрды...
Дір еттім...
Ұрлап алмақ болды ма,
жауһар жырын жүректің?!

Алсын, мейлі, күміс Ай,
адамға сыр бермеспін.
Ит-тірлігім, құрышы, әй,
соңыңнан бәрібір ермеспін!

***

Ақынды ұқпас зәлімнің
заты – жауы жанымның.
Сөзі Құран Кәрімнің –
ақ айнасы арымның.

Сеніп жүрген адамың
қалдырғанда ұятқа –
шалынады қадамың,
тас та батар тұяққа.

Дос көңілі арбалар,
пендешілік шырмаса.
Ақ сезімің алданар,
нақ сөзінде тұрмаса.

Жақсылыққа жол бастар
сәуле күтем таңымнан.
Аулақ жүрсін ол достар
жүрегім мен жанымнан!

***

Алалдықты жүрдім әркез қонақ қып,
жораласы жалғанның бұл тұрақсыз.
Алғаным жоқ ол үшін де қолақтық,
қалсам-дағы бастан олжа – шұнақсыз.

Кербезденіп түсе қоймас әркімге,
ақ айрандай ұйытпаса ниетін.
Арай шашпай қояды екен таң мүлде,
пейілінен ұнатпаса иесін.

Абайсызда болып қалып кінәлі,
содан бері ізін әбден суытты.
Ар алдында арқаладым күнәні,
ішкен асым – усойқыдай уытты.

Содан бері кері кетті тіршілік,
(Ажарынан алыстады адамдық).
Бес уақыт – Жаратқанға құлшылық,
бес уақыт – тілейтінім алалдық.

Жан жыласа...

Сыры басқа мен үшін баяғының,
сыны басқа сұрықсыз аярының.
Сүрінбедім, сұлатпақ тағдыр-сынның
тигенде де екі ұшы таяғының.

Үні басқа мен үшін кешегінің,
күні басқа кешірген көшелінің.
Жығылмадым, жақынның жас жаныма
жармасқанда кереғар кеселі мың.

Өңі бөлек мен үшін бүгінгінің,
жөні бөлек күнімнен түңілді кім?!
Таңның мынау сәулесі сығалаған
жаным мынау – жарадан тілім-тілім.

Жайын айтқым келмейді келешектің,
өйткені мен бүгінге берешекпін.
Жылатпаса жанымды болғаны ғой,
қосып қойып ішіне көп өсектің.

Өз-өзіме сенбеймін...

Ғайып күннің ізін кесіп таппадым,
айыптымын...
Үміт-шырақ жақпадым.
Келмес тағы ақталғым да ақтағым,
көнбес еркім жарамады бапқа мың.
Бәлкім, бірдің сенім отын өшірдім,
бәлкім, бірдің гүл-сезімін таптадым.

Біреудің бар маған кінә таққысы,
біреулердің жетпей жүр ғой дат күші,
қолайлыда кеп тұрады сатқысы,
қараңғыда мылтық алып атқысы.
Мені арбады алаяқтың мықтысы,
мені алдады арамзаның әккісі.

Мәпелеумен өсіп-өнер жас шыбық,
судан, нұрдан күтетұғын жақсылық.
Жерге сіңсе тамырынан жас шығып,
топырақ иіп, қала берер тас жібіп.
Жас шыбықтай кезім еді, аптығып,
тағдырыммен мен де көрдім бәс тігіп.

Бірақ, бірақ...
Өмір мені сынады,
жаным өксіп, жас жүрегім жылады.
Тарап кетті сансыз ойдың мұнары,
қурап кетті талай арман шынары.
Содан, білсең, өзге түгіл, шын әлі,
өз-өзіме сенгім келмей тұрады.

Қайың-үміт

Қамығады қағынан айырылып,
қараңғылық қойнында қайың-үміт.
Қалтыратып арсыз мұң азынаған,
үркітеді ұятсыз уайым үріп.

Құс та шоқып кетеді арасында,
ит иттігін жасайды, қарасын ба?!
Тағдыр бұған жазыпты жалғыздықты
ен далада, сазды көл жағасында.

Жармасады бір қоқыс желегіне,
бұл қоқысқа желектің керегі не?!
Құрт-құмырсқа қаумалап тамырын да
айналдырған бір жылдық қорегіне.

Бақа-шаян жиылып басынады,
қотыр ешкі келіп бір қасынады.
Қайың-үміт жақында сүйенетін
тал-сенімнің жоғына ашынады.

Жазмышына көнбеске амалы жоқ,
серік етер жақсылық жамалы жоқ.
Ардақ таңы атқанша, демеу болар –
қуат кетпес бойынан қамалы боп.

Ұстаздардың ұстазы
(Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа)

Қанағат ап қиялдың қанатынан,
асуында арманның таң атырған.
Әбікей ол – ұстазы ұстаздардың
Баянаула тасынан жаратылған.

Әбікей ол – қатардан асып туған,
Жаратушы ілімді нәсіп қылған.
Сөздерінен Баянның самалы есіп,
Шадыраның жұпарын шашып тұрған.

Әбікей ол – торғайдай шырылдаған,
ұлты үшін жан сөлін сығымдаған.
Тораңғыдай тамырын терең тартқан,
сексеуілдей дауылға жығылмаған.

Әбікей ол – тәлімді жетелеген,
асқарына білімнің төтелеген.
Баянтаудай абырой жинаса да,
биіктемей жүріпті бетегеден.

Әбікей ол – Сәкен де даралаған,
сөзін өлшеп,
санасын саралаған.
Мың өліп, мың тірілген қазағының
тағдыры ет жүрегін жаралаған.

Тас бұлақтай санасы сарқыраған,
ақ айдындай жүрегі жарқыраған.
Әбікей ол – тумасы табиғаттың,
ұстаздардың ұстазы, Алтын адам!

Досымды іздеймін

Сағыныштың желкені желбірейді
тербелгенде өмірдің кемесінде.
Жан жүрегім езіліп, елжірейді,
жүрген кезде, жан досым, сен есімде.

Қайдасың бүгінде,
арманның көгіне
қалықтаған, шарықтаған,
іздеймін жан досым?!

Іздеріңді табатын сияқтанып,
жылдар бағын жиірек араладым.
Парақтарын жастықтың жиі ақтарып,
сырлас жанды бір сендей таба алмадым.

***

Тыңда достым,
жақ аштырмай келіп ең,
қызғаныштың найзағайы жарқырап,
өтсін күні күркіреумен,
ал бірақ,
көкжиекке сіңеді күн керуен.

Білші достым,
түгесілмес ойраны
күншілдіктің қайнаса да қазаны,
отына май құйылса да,
ғажабы –
сабырлықтың ұйи түсер айраны.

Айтшы достым,
сенде бар бұл пенделік,
менде бар ма жасап жүрген сол айла?
Ырылдасып жүрсе де іштен, алайда,
қансыраған ешкімді де көрмедік.

Келші достым,
ит тірліктен шаршаған,
нәпсімізді тыяр жағыз құдайым,
нәпақасыз қалдырмайды ылайым,
маған да бар, несібесі бар саған.

Өмір неткен керім еді?
(Талаптан Ахметжанның рухына)

Өмір бізге неліктен беріледі,
біз күткеннен өзгеше өріледі?!
Тағдыр деген – тарқатсаң ала шыттай,
ойламаған жеріңнен сөгіледі.

Бақ дерсің бе ғұмырдың қысқалығын,
бір Алланың әмірін құшпады кім?!
Солқылдатып жанымды балғасымен,
сомдап келед бейнесін Ұста-Күнім.

Кеудесінен, тілесең, жақұт төгер,
жанарынан баянды бақытты көр!
Әлди-әлди, қайғымды тербетумен,
ұйықтатып барады Уақыт-Шебер.

Есім ояу, бір сәт те мызғымайды,
сана-қамал қақпасын бұзғылайды.
Оны іздейді көлінің толқындары,
оны аңсап Марқадан мұз құлайды.

Ол да – менің жанды бір жерім еді,
ойлап кетсем жас-моншақ төгіледі.
Жеңілетін, бәрібір жегілетін,
өмір неге қысқа боп беріледі?!

Өмір неткен керім еді...

Шындықтың шырақшысы

Қазақстан телеарна жобасында
мықтылар түсіп жатты Дода-сынға.
Болатхан Тайжан тұрды ұлттың қамын
көксеген көпшіліктің ортасында.

Мінберге шықты-дағы шындықты айтты:
сананы жаулап алған құлдықты айтты.
Қазақтың тілі үшін жан ашытпас,
Қазақтың ішіндегі сұмдықты айтты.

Атасыз сәйгүлігін баптай алмас,
батасыз баба салтын сақтай алмас.
Айтқаны: ділсіз, дінсіз өскен ұрпақ
Ананың аппақ сүтін ақтай алмас.
Діттеген еліміздің мәдениетін,
үптеген тарихы мен әдебиетін.
Болатхан Тайжан жүрді алғы шепте
қауымның қорғаштаған өркениетін.

Елші боп еміренді елдік үшін,
тартысты тәуелсіздік, теңдік үшін.
Кетсе де көз алдынан тым ертерек,
шығармас ел жадынан ерлік ісін.

Бәйгені байтал шауып ала алмайды,
көп қарға бұлбұлдай ән сала алмайды.
Кез-келген, ақиқатты жалаулатқан
Тайжанның Болатханы бола алмайды.

Бұйрық
(Рүстем Есдәулеттің қазасына)

Беу, Жаратқан, қара жер тоймайды екен,
қанша алса да қойыны толмайды екен?!
Қарамайтын жасқа да, басқаға да,
бір Алланың бұйрығы қоймайды екен!

Тамырында бүлкілдеп тектілігі,
таңғы нұрға ынтызар өтті күні.
Қара пәле қайнатса қан қазанын,
қыза түсер бойында бектілігі.

Орда бұзар шағында – отызында,
төрт соқа із қалдырып атызында.
Кете барды асығып...
Жұрты қалды
егілумен Шығыста батысына.

Жүруші еді жанталас, арпалыста,
қуанатын балаша әр табысқа.
Сезбей қалды-ау жүрегі аңқылдаған,
тұратынын ажалдың қалтарыста.

Күрсінерім, білмеймін, жыларымды,
беу, Жаратқан, өшірдің шырағымды?!
Бұ дүниеде жүргенін көпсіндің-ау,
о дүниеде аяма жұмағыңды!

Көктем

Қар еріді,
жылғалардан су ақты,
бұлбұл сайрап аулада.
Төгіп салды терезеден шуақты,
көктем келіп далаға.

Жерін жыртып,
егін егіп, ағалар
күндіз-түні тынбаған.
Нұр көктемді қарсы алады балалар
бір орында тұрмаған.

Жетем саған, көктемім, жыр арқалап

Мамыр ойлар адасып далаға ұшқан,
өң мен түсте рухым сан алысқан.
Қара жерге тірелді қара табан,
қарауытып жанарым нала құшқан.

Қара суық,
сары күз,
ала көңіл
арпалысып,
құлазып барады өңір.
Қара дауыл үйіріп үміттерді,
қараңғыда есінен танады өмір.

Қара бұлттың түйілген қабағынан
қаралы маң боздатты назалы ән.
Қара орманда қаңғырып қан жұтады,
қара жебе қадалған жаралы жан.

Ақ сәулелі арманым қайда кеткен,
ақ пен қара арбасып, айлар өткен?!
Көгілдір бу көлбеңдеп көз алдында,
шалғынына аунамай қойды-ау көктем!

Көктем көзі нарқыздай күлімдейді,
ынтық демнен тынысы дірілдейді.
Иран-бақтың тербеткен құшағында
махаббаттың кірпігі ілінбейді.

Маңдайынан Күн сүйген жасыл далам,
жұпар аңқыр ақ нөсер – шашудай ән.
Ару түнді балқытып әкетеді
махаббаттың жалыны басылмаған.

Ессіз сезім ақылды тұрар қамап,
бал бақытқа бөленер, мұнар тарап.
Омыраулап бусанған белдеріңді,
жетем саған, көктемім, жыр арқалап!

Құтты болсын Ұлыс күн!

Бәйшешек бүрлеп,
қызғалдақ гүлдеп жайнайды.
Сыбдырлап құрақ,
сылдырлап бұлақ бойлайды.
Кел, Наурыз, төрлет,
жүректі тербеп таңғы үміт.
Көңілді көлдет,
сезімді селдет ән қылып.

Асқа толсын қазаның
бастауындай ырыстың.
Тарқамасын базарың,
құтты болсын Ұлыс күн!

Аңсап халқым сағынған,
мақпал шағын даланың.
Нұрдан алқа тағынған,
құтты болсын Жаңа күн!

Бұлбұлдар сайрап,
ұл-қыздар ойнап көктемде.
Аунатып төлін,
қаулаған шөбі көк белге.
Кел, Наурыз-думан,
шаттыққа тұнған мерекем!
Құлпырсын жерім,
тасысын, елім, берекең!

Өзіңсіз дүние бос

Нұр тұнған тілекпен дара туған,
Жанымның сен болдың әріптесі.
Сыр тұнған жүректен жаратылған,
Әнімнің сен болдың әліппесі.

Аялап, асқақ арманның
бесігін тербеп келемін.
Атырған нұрлы таңдардың
сәулесін сенен көремін.

Көгімде жымыңдап Ай күледі,
жұлдыздар куә боп махаббатқа.
Көңілің сарқылмас айдын еді,
сезімді толтырған шапағатқа.

Өзіңсіз дүние бос қалады,
қалықтап самғамас ой қыраны.
Өзіңнен өмірдің басталады
қуаныш кернеген той-думаны.

Жаңа жыл

Кірді, міне, есік қағып жаңа жыл,
ала келді айтылмаған жаңа жыр.
Ескі жылмен қоштасамыз әндетіп,
шыршаларды түрлі-түсті сәндетіп.

Жаңа жылым бақытты мол әкелсін,
бар халыққа қуаныш көп әперсін.
Бейбітшілік болып тұрсын елімде,
тыныш болсын ұлан-байтақ жерім де.

Әкім ағаларға

Салса да уақыт сынына талай,
шыдамас жұрттың мұңын арқалай.
Жүрер ме айтпай, ақыны жырды,
халқы үшін туған ұлына, қалай?!

Жастарды жебеп,
қарттарды демеп,
ағаларды да жүретін елеп.
Маңдайға біткен жұлдызы сынды,
адамға абзал – туған жан ерек!

Әліне басып әкіммін демес,
айтары әркез – ақыл мен кеңес.
Еңбегіменен,
ерлігіменен
жеңіп келеді асу мен белес.

Аласапыран – адамның күйі
адыра қалғыр жалғанның сыйы.
Жұмада әрбір мінәжат етіп,
баратын жері – Алланың үйі.

Көтеріп көкке көкөрім жасты,
әншісін қолдап, өнерге басты.
Қазақ халқының әз жүрегінің
қақпасын батыл беделмен ашты.

Отбасы үшін баптады гүлін,
күндіз бен түнде таппады тыным.
Есен-сау жүрсін,
жетсе де жүзге,
тұрсыншы шашып ақ таңы нұрын!

Мейірім шығып алдынан дәйім,
бермесін бас пен жанына уайым.
Аллаһның құлы – біртуарымның
ұзақ ет Аллаһ, бағын да, лайым!

***

Алматы – туған аймақ-ты,
айнала балдай қаймақ-ты.
Сыйлады Сізге сан гүлді,
аймана мекен бар бақты.

Жастық пен жалын көзінде,
ұлағат тұнған сөзінде,
ұстазын ұстап жадында,
бойжеткен сонау кезінде.

Әкелер жүрді әзілмен,
аналар жүрді мәзірмен,
арада болған дәмдестік –
кетпейді оның көзінен.

Тайынбайсыз да жасқанып,
игі істер жатты басталып –
мұрағат қорын ашқаннан,
келесіз кәміл басқарып.

Ұлыңыз қонды ұяға,
қыздар да қонды қияға –
береке тұрған ұяда,
болдыңыз бүгін сыйлы Ана.

Немере жолын ашыңыз,
шөбере сүйіп, тасыңыз.
Денсаулық болып әрдайым,
жүз жасқа жетсін жасыңыз!

Мұсылман апаларым

Адамның асыл қасиеттерін,
бабаның нақыл-өсиеттерін,
ақ жаулықты ана – апаларым ғой
жинаған бойға нәсіп еткенін.

Тұсауын кесіп тосылған ұлттың,
ақ кептерлерін ұшырған құттың.
Қақпасын ашты имандылықтың,
тұтқасын ұстап мұсылмандықтың.

Арайлы таңға тәубе қылатын,
бағыштап елге мүдде-мұратын.
Әжім торлаған ақ маңдайларын
апаларым ғой, сәжде қылатын.

Адасқандығын аңғармағанды,
Аллаһ барына таң қалмағанды,
хақиқи жолға салады дәйім,
жетелеп олар тал қармағанды.

Ізгілік нұрын төгеді жүзі,
еріп салады көңілдің мұзы.
Соңынан ерген ұрпақтарына
ақ даңғыл болып келеді ізі.
Әрбір қадамын басқан шындықпен,
күресіп әркез астамшылдықпен.
Аруаналарым, баулыған жасты,
адамшылыққа, Отаншылдықпен.

Әр өткен күні жасындай болар,
жеткізген үні – ғасырлап қалар.
Алқымдап жүзді, болашақ үшін,
аман болсыншы, асыл апалар!

Бақұл болсын қарттарым

Сиреп қалды,
аз еді өзі қатары
даналардың дуалы ауыз, баталы.
Шаңырақтың түзу ұшар түтіні –
қариялармен берекелі отауы.

Ақыл көзін табатұғын кенші еді,
сабыр, төзім алатұғын енші еді.
Тереңінен төл тарихтың сыр шертер
тұңғиық ол шеткіз, шексіз өлшемі.

Біреу ерте,
енді біреу кеш барар,
бұл жөнінде жетпейді ғой еш хабар.
Бақұл болсын, аруақтар, соңында
ұрпақтары қалып барад еске алар...

Ел-жұрты бар еміреніп еске алар...

***

Я, Аллам!
Барлығыңа күмәнданар
пенделер – адасқандар тұманда олар.
Хақ сөзің қасиетті Құранда бар,
жүрекке жұдырықтай тұмар болар.

Я, Раббым!
Сенбейтіндер бірлігіңе
тәуелді теперішті тірлігіне.
Сүреңнен жан азығын тауып келем,
аятпен жалғағанда күнді-күнге.

Жараттың төрткүл дүние тамашасын,
әйлеңкес әзәзілден арашасың.
Мейірлі,
рахымдысың құлдарыңа
күнәдан арылуды қаласа шын.

Иншаллаһ!
Таңы да атар ғаділеттің,
шындықты бір Өзіңнен танып өттім.
Алдыңда Қиямет күн есеп болар
иманым инауатқа кәміл еткін!

***

Бар мен жоғы базардың беймәлім боп,
күн оздырған опасыз ойларым көп.
Қызығына балдәурен тойғамын жоқ,
балаша бір тұрады ойнағым кеп.

Ерте татып дәм-тұзын бозбала күн,
балалықтың әуенін қозғамадым.
Боз ала таң атырып, боздап өстім
бозінгені сияқты боз даланың.

Салам десе талқыға тағдыр тағы,
көңіліңді дервиштей қаңғыртады.
Берем десе Жаратқан бақ дарытып,
босағаңа береке қондыртады.

Аттатпасын наданның босағасын,
алдыртпасын арамның садағасын.
Бір Алладан тілерім – бұ дүниеде,
өзі берген бұйыртсын нәпақасын.

***

Жас ғұмыр – ұлы үміт
қыршыннан қиылып.
Толастар емес-ау,
көзден жас тиылып.

Зулаған Уақыттың
сағатын сарқыттың.
Дәмін де татпадың
бал-шырын Бақыттың.

Асқақ ед арман көп,
бүние бұл жалған боп.
Сәбиін көтеріп,
сауық та салған жоқ.

Ақылға жүгініп,
санаға үңіліп,
Кетер ед еліне
еңбегін сіңіріп.

Рух биік қонсын тек,
ұрпағы өнсін бек.
Тілейміз мекені
жәннаттан болсын деп!

***

Жұлдыз ағып барады,
құлатты екен кім оны?!
Маған тіккен жанары
таққандай кіл кінәні.

Көкпен егіз екенмін,
кіндігім де жалғанған.
Ағып бір күн өтермін,
мен де осы жалғаннан.

***

Күн шықпаса ұядан таң бола ма,
рауан құшып, адамзат таңдана ма?!
Тірісінде қадірін білмегенде,
сарай соқса өлгенде хан бола ма?!

Тірісінде сый ету – міндетіміз,
Қасиетін кеш білу – індетіміз.
Қандай болсын жақынды жат тұтпайық,
Ол дегенің – Аллаға құрметіміз!

Сабырлық ет, ағайын!

Сабырлы бол!
Сабыр еткін, ағайын,
тоқтау айту қиын екен мұндайда!
Қайғы өртеді көңілімнің сарайын,
жоқтау айту қиын екен мұндайда!

Қатал тағдыр қаһарынан бағыңнан
үркіп ұшып үрейленген құс кетті.
Ашкөзді ажал бүрі жаңа жарылған
талшыбықтың бал ғұмырын қысқа етті.

Еркелігі ерекше еді, тәтті еді,
жиған нұрлы әлемінің жақұтын.
Сағымдай боп қуанышты сәттері,
қызықтатпай Әдемінің бақытын.

Тойдыра алмай кеткен назды қылығы
көз алдыңа келтіреді бейнесін.
Қас-қағымда ғайып болған құлынын
іздейді ана жаспен жуып жейдесін.

Нақ төбеден найзағайы соқты кеп,
қап-қара боп бұлттар төніп жеткенде.
Бұл қазаға шыдай алар жоқ жүрек,
бұл қазада жылай алмас жоқ пенде!

Қарлығаштың қарыштаған арманға
сұм жалғанда қанаттары қайрылды.
Сіз сүйікті нәрестесіз қалғанда,
бұл адамзат періштеден айрылды.

Жылап келген адам жылап өтеді,
дұға менен Құран оның өтемі.
Рас болса, жұмақтың бар екені,
пейіште ғой періштенің мекені!

Сабырлы бол!
Сабыр еткін, аманат –
қандай азап болса-дағы сабыр ет!
О, Жаратқан, бізден Сізге салауат,
аруақтарға дұғамызды қабыл ет!

Сүйіп пе ең...

Кең бөлме.
Көкіректе жатыр мұң,
(өңгерген өмір жүгін арқалап).
Кезі келген арайлы таң атырдым
көздерден күдігі көп қалқалап.

Сұлулық тек өзіңе тән еді,
ұлы үміт – аңдығаны жанымның.
Жығылып көрмегеннің әлегі –
тығылып жылуына жалынның.

Шырқаттым Төлегеннің ән-құсын,
тіл қаттың Қыз Жібек боп сен маған.
Жырлаттым жүрегімді, шалқысын,
сыр-бақтың үнін тыңдап, кең далам.

Тағдырым тәлкегіне салса да,
бақ нұрын көріп келем тегімнен.
Бар сырым елеусіз боп қалса да,
бал-жырым арнасынан төгілген.

Биікпен таласар көз қарасы,
иіткен сенсің сезім мамасын.
Күйіп пе ед,
жазылар жан жарасы,
Сүйіп пе ең,
сүйікті боп қаласың!

Сезімді аяла

Көкжиектен сағым болған сұлуым,
өзіңменен жолықтырды ұлы күн.
Талайларды тамсандырған нұр бейнең
салды маған махаббаттың құрығын.

Жүректе арна сынды тұрар дәйім,
сезімді аялашы, құралайым.
Сағынып, мұңайғанда іздей-тұғын,
бір сенің наз күлкіңе қуанайын.

Дәурені өтіп, жүдеп тұрған қайыңның,
жақын келіп сұрайды екен жайын кім?
Сенің нәзік көкірегіңді келмейді
ғашықтықтың кәусарынан айырғым.

Сүйген жандар аралайтын бақтан біз
сырлы сезім маржандарын таққанбыз.
Сол бір түні серт берісіп, екеуміз
ақ үміттің мәңгі алауын жаққанбыз.

***

Кеше ғана күн сәулесі ойнаған
бұрымды едің,
Бүгін тойын тойлаған
бойжеткенсің.
Зымыраған Уақыттың
жылдамдығын кімдер болжап, ойлаған?!

Кеше ғана ата-ананың қызығы,
еркесі едің,
махаббаттың жүзігі
тағылды да сүйріктей саусағыңа,
Тасып жатты ынтық сезім қызуы.

Кеше ғана...
Барлығы да кеше еді,
күн зымырап ақша бұлттай көшеді.
Бүгін ғана жалғыздықты сезіндім,
кеш ойландым,
кешіре алсаң, кеш енді!

Көзіме бір көрінші

Алатаудай айбарлым ең, асылым,
жүрегімде ойнап өткен жасыным.
Шыңындағы қол жеткізбес заңғардың
сағымындай ғайып болдың, ғашығым.

Аңсар әнім төгілші,
басқа амалым қалған жоқ.
Көзіме бір көрінші,
одан асқан арман жоқ.

Көңілімді көркейтетін көріктім,
еркелеуші ең лағындайын еліктің.
Енді бүгін сені іздеумен зарығып
Сарыарқаның сайынына кезіктім.

Жас жанымды жаралады күйік тым,
күннен-күнге нала-мұңды жиі ұқтым.
Мәңгі өлмейтін махаббаттың алғашқы
белгісі боп қаласың сен, сүйіктім.

***

Сен жүрмесең, сүйгенім, көз алдымда,
қажеті жоқ мен үшін гөзалдың да.
Қаңғалақтап қаңғырған қаңбақтайын
күй кешемін, сен соны сезе алдың ба?

Сен тұрмасаң, қымбаттым, жебеп-демеп,
құлазыған көңілім бебеулемек.
Қан жылатар ынтызар жүрегімді
жылтыраған жалған бұл неге керек?

Сен болмасаң қасымда қуанғанда,
мәнісі не өрлеудің шың-арманға?
Кең тыныстап, бойына нәр жимаған
қуат кетер қасқайған шынардан да.

Сенсіз Бақыт көгіне қалықтаман,
жарық – түнек,
күнкөріс – тамұқ маған.
Фәнидегі, сүйіктім, махаббатым
бақилыққа айнытпай алып барам.

***

Саябақта серуендеп жүрген едім,
ашты-дағы алқызыл гүлдер өңін,
шыға келді алдымнан таныс бейне,
дауылдайын сезімге бір кенелдім.

Басталған сөз ақ терек аясында,
жалғасуда ақ қайың саясында.
Біз жайғасқан орындық орналасқан
көз сүзбейтін ағаштар арасында.

Қиғаш қасты суреттей бастадым дөп,
жайып салды дегендей шаштарымды өп.
Қиялы мен ұжданы арпалысты,
мойныма асып білегін тастады кеп.

Жиіленіп барады демі де алған,
болғаным ба ол үшін мөлдір арман?
Алақаным тигенде балқи берді,
қыпша белге буынсыз мың бұралған.

Ақ көйлектің ағытқан түймелерін,
ақ мамықтай төсіне тимеді ерін.
Жалындаған тәніне күймегенім –
жүрегіммен құмартып сүймегенім.

Жүзінде нұр тұнып тұр жанға бөтен,
қимай жүрмін,
сондықтан жырлап өтем.
Кешіре алса, кешірсін, аймаңдайым,
алдай алман,
сезімім жалған екен.

Пешенеге жазған-ау тағдыр мұны,
аяқ асты емес қой – ардың құны!
Кездесудің ақыры қоштасуға
ұласуы – өмірдің заңдылығы.

Қоңырау үні

Алғашқы қоңырау.
Мектеп алды лық толы.
Көңілде – қуаныш,
ата-ананың күпті ойы.

Әліппе аштырар тұңғыш ұстаз кім екен,
Құт қонған ұядан түлететін күні ертең?!

Қанатын бекітер қарлығашын іздеген,
Ұлағат үйретер ұстаз үміт үзбеген.

Тек сәби сезімі пәк қой аппақ парақтай,
Пернедей баспаған,
қысылмаған шанақтай...

Қыздары бойжетті,
көздерінде от ойнап,
ұлдары ержетті,
сауық салар атойлап.

Соңғы бұл қоңырау.
Мектеп алды лық толы.
Көңілде – қимастық,
бәрінің де жүкті ойы.

Алланың бұйрығы –
орындалды арманы,
ата-ана шаттанды –
нұрланып тұр бар маңы.

Ұстаздың он жылы кеше ғана ед басталған,
ал бүгін, ұрланып, жанардан бір жас тамған.

Қолдағы қаламмен жазуды алғаш үйретті,
ұстазбен қоштасу – жаралады жүректі.

Қоңырау үнімен,
ізгілікті жинаған,
сағыныш оянды,
тәтті сезім сыйлаған.

Мектебім мен ұстазым

Қолға қалам алдырдың,
ою-өрнек салдырдың.
Әсем әнді жаттатқан,
ойға түйіп қалдырдым.

Алтын ұя – мектебім,
өзіңде өсіп, көктедім.
Ұстазыма айтатын,
алғысым да көп менің.
Өмір бойы өтейтін,
парызым да көп менің.

Еркелете білесің,
ойнап, бірге күлесің.
Көз алдымда, ұстазым,
анамдай боп жүресің.

Сенде оянды бар үміт,
арман оты жағылып.
Кетсем-дағы есейіп,
жүремін-ау сағынып.

***

Адамдықтың шегінен аспайтұғын – ұстазым.
Адалдықтың жолына бастайтұғын – ұстазым.
Қылығына шаланың саспайтұғын – ұстазым.
Құпиясын баланың ашпайтұғын – ұстазым.
Қиындықты жеңуден қашпайтұғын – ұстазым.
Әзіл-қалжың айтып та тастайтұғын – ұстазым.

Көңіл-күйін әркімнің көре білген – ұстазым.
Бойында бар білімін бере білген – ұстазым.
Ізгілікті нұрларын төге білген – ұстазым.
Әр жүрекке гүл-сезім еге білген – ұстазым.
Шапағатын балаға себе білген – ұстазым.
Баянына бақыттың сене білген – ұстазым.

Игі ниет арнасы тола берсін, ұстазым!
Жүрегіңіз елім деп соға берсін, ұстазым!
Жадыңызда жақсылық қала берсін, ұстазым!
Ұрпағыңыз ұлылық ала келсін, ұстазым!
Әр уақытта денсаулық бола берсін, ұстазым!
Басыңызға бақ құсы қона берсін, ұстазым!

Домбыра

Қолыма алсам домбыраны,
шерткен өмір дастанын.
Арман-шыңға қондырады,
нұрға бөлеп қас-қағым.

Атамұра – домбыра,
қырандайын сырың бар.
Құмарыңды қандырар,
балапандай жырымды ал.

***

Қобызым, жеткіз баһадүрлердің дауысын,
делебем қозсын!
Жасындай ойнап намысым.
Надандық билеп,
арамдық төстер күн туса,
құрбан бол, жаным,
Адалдық пенен Ар үшін!

Қобызым, жеткіз Құлагер аттың шабысын,
рухына мінсін Ақандай туған арысым!
Тайраңдап жүрген Батыраштардың бүгінгі
кәлласын қақсын жазықсыз төккен қан үшін!

Қобызым жеткіз, абызым Абай өкпесін,
ұрпақтарына аруағы ренжіп кетпесін.
Екі дүниенің барына сенбес есмалта
ертеңгі күнге мұнафиқ дәнін екпесін!

Қобызым жеткіз, алмассын күнің түніңмен,
шабытымды оят!
Айтылмай қалған сырым мен
жазылмай жүрген жырымды,
жеткізем мен де
шындықтың зарын, қобызым, сенің үніңмен!

Сәулетай

Кең-байтақ қазағым көгінің,
Сәулетай – сұңқары елімнің.
Алтын Күн нұрынан төгілген
шуағы болғайсың жерімнің.

Бабалар аңсаған,
ұрпақты бастаған,
көтерді жалауын Сәулетай.
Арайлы таңымсың,
шырқаған әнімсің,
сөнбесін алауың, Сәулетай!

Даришь детям ты радость и смех,
лучик твой согревает сердца.
Пусть звучит эта песня для всех,
Саулетай – это праздник добра.

Так, давайте все вместе
запоем эту песню,
взявшись за руки крепче, друзья.
Станет дом наш светлей,
будут люди добрей,
Саулетай – это детства страна!

Сусындап, сәулеңнен нәр алған,
дәм берген қуатың таралған.
Бақ гүлін ұсынды Сәулетай,
мейірім, үміттен жаралған.

Қасқа құлын

Атам маған ауылда
қасқа құлын сыйлады.
Қарамайды жауынға,
аулаға да сыймады.

Күндіз шауып шынығып,
түнде алатын тынымын.
Күн аймалап тұлымын,
ойнақтаған құлыным.

Жазда бардым сағынып,
өсіп кеткен тай болып.
Тағалары қағылып,
бәйгеге тұр сай болып.

Ақ тұлпарым ағынды
кең даламда көсілген.
Қасқа құлын шағыңды
шығармаймын есімнен.
Жалқау

Қабақ түйіп барады,
тесіледі жанары.
Жалқау десе өкпелеп,
ренжігендей сөкпе деп.

Күнде оқудан қалады,
қалай адам болады?
Білім берген ұстазға
алғыс айтар ол әлі.

Сәби–тілек

Отан-ана,
Жер-ана,
одан кейін – ата-ана.
Сүйсін деймін, құрметтеп
әлемдегі бар бала.

Өткізетін қыс-жазын,
қадірлесін ұстазын.
Ата-әжесін ренжітпей,
демеу болып ұстасын.

Табиғатты қорғасын,
құрбыларын қолдасын.
Барлығымен дос болып,
дұшпандары болмасын.

Ашық болып аспаны,
айтылсын жыр-дастаны.
Жылдан-жылға көбейсін
Қазақстан жастары!

Тілек

Ақсақалдан бата алып ұлыңыз,
алдыңыздан жарқырады күніңіз.
Өзіміздің, тіпті бүкіл қазақтың
мақтанышы деп білеміз мұны біз.
Жеңісті күн тұғырынан көрініп,
желбіресін сенім атты туыңыз.
Ардакүрең ұл болғанда осындай,
ардақ тұтып, жалаулатып жүріңіз.
Алыс емес қыз қияға қонатын,
күн де келер оны-дағы біліңіз.
Болашақтың жемісімен – тіріміз,
болашақтың жеңісімен – іріміз.



Ұқсас жұмыстар

Ана - сарқылмайтын күш
КӨҢІЛДІ МЕРЕКЕЛЕР ЖӘНЕ ҚЫЗЫҚТЫ ЕРТЕҢГІЛІКТЕР
Ана - өмірдің шуағы
8-наурыз мерекесіне арналған сценарий
Махаббат философиясы
Қазақстан мемлекеті – Мәңгілік ел!
Ахмет Байтұрсынұлы сан қырлы талант иесі
Отбасындағы қыз бала тәрбиесі
КӨҢІЛДІ МЕРЕКЕЛЕР МЕН ҚЫЗЫҚТЫ ЕРТЕҢГІЛІКТЕР
Ардағым –ата жұрт
ҚР қоғамдық жаңа даму кезеңінде жоғары білім беру
ДОМАЛАҚ АНА
Оқытудың жаңа технологиясын пайдалану
Жаңа заман талабы
Бас тоғанның негізделуі, Арыс-Түркістан каналын суғару мақсатында пайдалану және су әкету
Пайда, оның экономикалық мазмұны, түрлері және анықтау әдістері «Қостанай минералдары»
Негізгі қорлардың амортизациясын анықтау әдістері және олардың кәсіпорынның негізгі капиталын жаңартудағы ролі
Локомотив құралдарын қалпына келтіру, жөндеу және жаңаша жабдықтау «Жолбарыс» ЖШС-не қысқаша сипаттама туралы
БАЙСЕЙІТОВ Қанабек
ЕРЖАНОВ Манарбек