Перзент парызы

Арнау және естелік

Тау тұлғалы, шынар болмыс заңғарлар, Деді ме ұлтқа: «Баба жолын жалғаңдар!» Олар еңбек ортасында шынығып, Сын сағаттың жауынгері болғандар.

(«Әкелерге арнау» өлеңінен)

1998 жылы Қазалы аудандық «Қазыналы Қазалы» газетінде «Ана туралы баллада» атты өлеңім анам Күлжәмиланың рухына арнаумен жарияланған еді. Ал 2001 жылы осы газеттің бетінде ел аузында айтылып жүрген әңгімеге сүйеніп жазылған «Перзент парызы» өлеңі әке Қолғанаттың рухына арнаумен жарық көрді. Бұл мәтін сол арнаумен қайта ұсынылады.

Әкем Қолғанаттың өмір жолы

Туған жылы

1925

Ата-анасынан айырылуы

1934 ж. әкесі Қожахмет, 1942 ж. анасы Ұлболсын дүние салды.

Білім, алғашқы еңбек

  • 1942 жылы №9 Аранды ауылдық кеңесіне қарасты М. Горький мектебін бітірді.
  • Сол жылы мектеп әкімшілігі мен ұстаздары қол қойған мақтау грамотасымен марапатталды: «Өте жақсы оқып, үлгілі тәртіп көрсеткені үшін».

Соғыс жылдары

  • 1943 жылдың наурыз айында әскер қатарына шақырылды.
  • 1943 ж. наурыз – 1944 ж. тамыз аралығында Ленинград майданында жауынгер болды.
  • 1944 жылдың тамызында денсаулығына байланысты әскер қатарынан босатылып, елге оралды.

Қызмет жолы

1944 ж. тамыз – 1944 ж. желтоқсан

Жданов колхозы басқармасының хатшысы.

1945 ж. 1 қаңтар – 1947 ж. наурыз

Жданов мектебінің меңгерушісі.

1947 ж. наурыз – 1951 ж. қазан

Аранды ауылдық кеңесіне қарасты оқу үйінің меңгерушісі.

1951 ж. қазан – 1954 ж. желтоқсан

Аранды ауылдық кеңесінің хатшысы.

1954 ж. желтоқсан – 1963 ж. мамыр

Аранды ауылдық кеңесі жанындағы кітапхана үйінің меңгерушісі.

1963 ж. 20 мамыр – 1977 ж.

Қазалы аудандық байланыс торабына қарасты, сол кезеңде құрылған Энгельс кеңшарындағы байланыс бөлімшесінің бастығы.

Қоғамдық сенім және марапат

1953 жылдың 1 наурызында №8 Теріскенді сайлау округінен, 1965 жылдың 14 наурызында №12 Социализм сайлау округінен екі мәрте Аранды ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды.

Еңбек жетістіктері

  • Социалистік жарыстың жеңімпазы жалаушасы (вымпел).
  • Жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Қазақ КСР байланыс қызметкерлерінің Құрмет тақтасына енгізілгені туралы куәлік.
  • Облыстық байланыс басқармасы бастығының Құрмет грамотасы.
  • Қазалы аудандық байланыс торабының Құрмет грамоталары, алғыстары, бағалы сыйлықтары.

Әскери марапаттар

  • 1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл мерекелік медалі.
  • Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 25 жыл белгісі.
  • КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл медалі.

«Перзент парызы»

Өлең

Тіршіліктің танылғандай дастаны, Ар жолына ашылғандай аспаны. Әкесіне келіп бірде баласы Былай деп сөз бастады: – Ұзақ өмір артыңызға қалдырып, Сүрген жоқсыз бекерлік. Көрсететін келді кезім ар қылық, Перзенттік бір парызымды өтерлік. Бұл ісіме кейінгі ұрпақ таң қалар, Бұл парызым үлгі болсын көпке де. Ұзақ жолмен өзіңізді арқалап, Апарайын Меккеге. Қалғандай-ақ перзент парыз өтеліп, Мына қадам игі іс болар секілді. Содан кейін әке басын көтеріп, Былай деп сәл жымиды: – Бұл сөзіңе жауабымды жұптайын, Таңдап бірін алыпсың ғой ер істің. Ұлым, мен де қадамыңды құптайын, Бұл ісіңе келістім! Перзентінің нұр ойнады бетінде, «Бір парызым кетпеді» деп, текке анық. Жолға шықты сәрсенбінің сәтінде, Құбыланы бетке алып. Көрінгендей елесімен сағымның, Әке байғұс арқасында баланың. Ал ұлына аңызақ жел, шағыл құм Аттатпайды қадамын. Кенет әке перзентінен сұрады: – Балам, анау не нәрсе екен, қарашы?! Тани қойып алыстағы қараны: – Түйе ғой, – деп жауап берді баласы. Тағы сұрақ берді әке жүйелеп, Іздегендей сол сағымнан жоқты нақ: – Әке, жаңа айтқам жоқ па, түйе деп?! – Бала бұл жолы жауап берді қаттырақ. Осынау жол перзентіне екен сын, Шаттық әні енді қайдан табылмақ? Бала байғұс арқалап ап әкесін Жылжи берді адымдап. Кенет әке тағы берді сұрағын, Перзентінің таусылғандай төзімін: – Бір түйені әке тағы сұрадың! Мына жолда аз сөйлеудің өзі мұң! Манадан бері қабағымды шытпадым, Ал, әке, сен жайымды бір ұқпадың! – Сол сәт ішке жиналғандай наласы, Бұрқан-тарқан ашуланды баласы. – Тоқта, – деді әкесі. – Көңіліңнің болса қазір түйері, Шаршасаң, бір дамылда. Көрмей келе жатырғам жоқ түйені, Оранған бір сағымға. Сенің бала шағыңның Еске алғандай сұрағын, Ұлым, сені сынадым. Есіңде ме бала кезгі ұғымың Табиғатпен ұғысқан? Сол кезде мен, құлыным, Шаршап талай келуші едім жұмыстан. Әке көңілі неге соны сағынды? Келем соған таңғала. Сол бір шақта алдырмастан дамылды Мінуші едің арқама. Жүзіңді көрген сәтте, балам, мен Жүруші едім ұзақ түнді қалқалап. Дайын тұрған тамақты да ішпеуші едім анаңның, Сені тағы арқалап. Перзентің қасыңда болса, шаршама, Жүрегіңді жауламасын қайғы-сең. Сол бір шақта: «Анау не?» – деп сұраушы едің қаншама, Аспандағы Айды сен. Шаршаған бір көңіл соған тыңайды, Кінә артқам жоқ айыппен. Қаншама рет сұрасаң да бір Айды, Түсіндіргем байыппен. Талса дағы өзегім, Өзімді өзім күштегем: Сен қуансын деп, Сен жұбансын деп, Сен ұғынсын деп, Әке шуақ отына жылынсын деп, Мен осылай істегем. Шыдамыңмен неге алмадың сынақты? Ал мен саған небәрі үш-ақ рет қойған ем ғой сұрақты. Берген жоқсың, рас, кезек дамылға, Алған жоқсың ұзақ жолдың тынымын. Осы жерден орала ғой ауылға, Ниетіңе ризамын, құлыным! Әке сөзіне болмай ешбір таласы, Ойға батып, жанары үнсіз қалды баласы.

Түйін

Иә, солай: әке мен ананың алдындағы парызды да, қарызды да — олардың сіңірген еңбегіндей өлшеусіз жақсылықты — бұл жалғанда толық өтеу қиын.

Сондықтан ұрпақтың өтеуі мен өтемі, ұрпақтың парызы мен қарызы көбіне арманға айналып қала береді. Бірақ сол арманның өзі адамды ізгілікке жетелейді: ниетті түзейді, сабырды өсіреді, жүректі жұмсартады.