Анам менің - кеудемдегі жүрегім
Анаға арналған жыр
Балғын тәтті тілегіңмен алға басып, ілгері келем. Күннің нұрлы, ай сәулесінен өткен күннің іздерін көрем. Құшағыңды сағындым, ана. Жанымды сан ән жұбатады. Қасиетім, қорғаным ең — саған әніммен де табынам.
Бөбегіңнің ұйқысын бөліп, құшағыңа алып «күнім» дейтінсің. Ертеңімді әрдайым ойлап, «арман болсын балам» дейтінсің. Өмірге сұрағым көп… Мұң да бар, көңілде қырау да бар. Бақыт нәрін сезген сәттерде қуат берген — сенің демің, жан ана.
Аяулы ана, ардақты ана — бұл өмірде сенен жақын, сенен қымбат кім бар екен?
Ана — адам өмірінің сәулетшісі
Жүзінен мейірім мен жылылық төгілген, адамзатқа өмір сыйлаушы, перзентіне нұрын шашып, келешекке ақ жол мен адал ниет нұсқайтын асқақ құдірет иесі — ол Ана.
Салтанат Тоқмырзақызы туралы
Өмірбаян
Анамыз Салтанат Тоқмырзақызы 1923 жылы бұрынғы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Еспол өңірінде (қазіргі Индер ауданы) дүниеге келді. Ол Қаратоқай руынан шыққан Тоқмырза ақсақал мен Әуес ананың үш перзентінің бірі еді.
Анасынан ерте айырылып, әкесінің тәрбиесінде өсті. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, жоқшылықтың зардабын тартты. Балалықпен ерте қоштасып, еңбекке ерте араласты.
Мінезі мен болмысы
Кішкентайынан елгезек, тілалғыш болғанымен, қиындық пен ауыртпалыққа қарсы тұра білетін өр мінезі, еңбекқорлығы, қайсарлығы ауылдастары арасында аңызға айналған. Қандай жұмыс болса да тартынбай, аяғына дейін жеткізетін.
-
Адалдық
Өтірік-өсекке жоламай, біреудің ала жібін аттамай өтті.
-
Кішіпейілділік
Үлкенге қызмет, кішіге ізет көрсетуге әрдайым даяр болды.
-
Татулыққа ұйытқы
«Ең бірінші татулық пен бірлік керек» деп отыратын.
-
Ұрпаққа бағдар
Тәрбиенің бастауы халықтың өсиет-өнегесінде екенін ұстанды.
Отбасы және ұрпақ
Соғыстан кейін Адай руынан шыққан Омаров Байбақты есімді азаматпен отау құрып, өмірге үш ұл, үш қыз әкелді. Сүйікті жар, аяулы ана атанды.
Әке тұлғасы: Байбақты Омарұлы
Шаңырағымыздың бәйтерегі — әкеміз Байбақты Омарұлы 1902 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген, соғыс ардагері. Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отан қорғауға аттанып, 1945 жылы Берлин түбінде жараланып елге оралды.
Өзінің еңбекқорлығымен, табандылығымен, кісілік келбетімен, сабырлы да салмақты мінезімен, адалдығымен және бала-шағасына деген мейірімімен ел ықыласына бөленген жан еді.
Өмірдің өлшемі
Адамдықтың ақ туын биік ұстап өткен әкеміз Байбақты Омарұлының бұл дүниеден өткеніне 44 жыл болса, балаларын жыр тұтқан, ағайындықты ту еткен анамыз Салтанат Тоқмырзақызының дүниеден өткеніне биыл 10 жыл толды.
Сынақ пен сабыр
Тағдырдың сынағы алда екенін ана жүрегі сезбей қалмады. 1988 жылдың жазында перзенті Қонысбайдан қапыда айырылды. Небәрі 38 жыл ғұмыр кешіп, өмірдің қызығын енді ғана көріп, жар сүйіп, әке атанған шағында дүниеден өтті.
Ана жүрегіндегі бұл қасірет өмір бойы жазылған жоқ. Дегенмен, анамыз мүжілмей, еңсесін түсірмей, қайсарлығын ұрпағына үлгі етіп өмір сүрді. Замандастарының «Салтанат әйел затынан емес, ер азаматтай еді» деуі бекер емес.
Өсиет болып қалған сөз
«Ең бірінші татулық пен бірлік керек. Сол екеуі бар жерде бәріне қол жеткізуге болады».
«Мен байлық жинаған жоқпын, атаққа таласқан жоқпын. Менің бар байлығым — балаларым, ұрпағым».
Өмірінің соңғы жылдарына дейін ағайын-туысқа, бала-шағаға ақылын айтып, тілегін тілеп отырды. Немере, шөбере, жиендерінің тәрбиесіне қолғабыс етіп, бар күш-жігерін аямай жұмсады.
Сағыныш жыры
Анам менің — аялаған ақ гүлім.
Анам менің — бақытым мен шаттығым.
«Анашым» деп балаң жырын арнаған,
Неге ғана естімедім тәтті үнің…
Анам менің — өмірдегі тірегім.
Анам менің — кеудемдегі жүрегім.
Егер менің қасымда сен болмасаң,
Бұл өмірде қалай ғана жүремін…
Анамыздың байсалды тұлғасы, күлімдеген келбеті, әдемі әңгімесі, мейірімге толы жанары, өмірдегі ең жұмсақ алақаны, айдын шалқар ақылы мен кең жайлаудай кешірімі — бәрі де жадымызда. Сағыныш оты жүректің түбінде маздап жанып, көңіл босап, жанарға еріксіз жас үйіріледі.
Ауыл азаматтарының естеліктерінен анамыздың абыройлы, беделді, елге сыйлы болғанын естіген сайын, көкірегімізді мақтаныш кернейді. Қазақ әйеліне тән асыл қасиетті бойына жинаған, абыз ойлы, шешен тілді ананың ошағы ешқашан сөнбейді, асыл бейнесі ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталады.
Дұға мен аманат
Жан анам, аяулы анам, ардақты анам —
Сағынып, іздеп жүр ғой бала-шағаң.
Он жыл толды, міне, бүгін жоқтығыңды
Мойындамай келеміз, жаным анам.
Жан анам, болмаған соң арамызда,
Кім бізге ем табады жарамызға?
Өнеге, өсиетің — парасатты,
Өшпестей сақтаулы тұр санамызда.
Қастерлейміз бейнеңді, ұмытпаймыз,
Жамандықты ешқашан жуытпаймыз.
Сізге деген ыстық жүрек отын
Тірі жүрсек, бір сәтке суытпаймыз.
Ақ жүректі жан едің жаралған…
Анашым, айналайын, ақтаңгерім.
Бақұл бол артта қалған жанұяңа.
Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын.
Ұрпағыңды жебеп-желеп жата көр, жан ана.
Авторы
Танзиля Омарова