Күннің нұры

Асфальт астындағы арман

Оның бұл жерге қашан түскенін өзі де білмейтін. Жер бауыры жылынған сайын бойында бір ерекше сезім оянып, әлденеге ұмтылды. Бірақ қанша талпынса да, еңсесін тіктей алмады. Әсіресе соңғы күндері жауын жиілеп, топыраққа нәр жүгіргенде, бойындағы асау күш тіпті бұлқынып сала берді. Бұрынғыдан гөрі жылу да молырақ сезіледі.

Тас құрсауымен алғашқы сөз

Ол өзін босатпай тұрған асфальттан сұрады:

— Білесіз бе, маған бұл жерден бөлек, керемет бір әлем бар сияқты көрінеді. Ол туралы естіген бе едіңіз?

— Естідім. Тіпті, мен сол әлемді күнде көремін.

— Керемет! Мен де сол әлемді көрсем бола ма? — деп нәзік сабақ үміт отын маздатты.

— Жоқ, сен оны ешқашан көре алмайсың. Өйткені сен тым әлжуазсың, — деді асфальт міз бақпай.

Нәзік сабақтың еңсесі түсіп кетті. Расында, әлжуаз қалпымен қайда барады? Бірақ ол арманынан бас тартпады.

Құмырсқаның қысқа сөзі — үлкен тірек

Бір күні илеу қазып жүрген құмырсқаның жолы бүк түсіп жатқан нәзік сабақтың үстімен өтті. Жыбырлаған тіршілік иесін көрген сабақ одан жарық әлем туралы сұрады.

— Сіз жарық әлемнен келдіңіз бе?

— Иә. Ал сен неге бүк түсіп жатырсың?

— Мен тым әлжуазбын. Жарық әлемді көрсем деймін. Бірақ «ешқашан көре алмайсың» деді.

— Кім айтты?

— Асфальт.

— Соны да сөз деп! Тас айтты деп басыңды тасқа соқпақсың ба? Арманыңнан бас тартпа. Жә, мен кеттім. Жұмысым бастан асады. Жарық әлемде кездескенше, — деп құмырсқа асығыс жүріп кетті.

Осы қысқа тілдесу нәзік сабақтың жігерін жандырды.

Күн сайынғы күрес

Ол төбесінен төнген асфальттан саңылау іздеді. Әлсіз жапырақтарын тіреу етіп, титтей жарықтарға қарай ұмтылды. Біраз уақыттан кейін асфальт оған мысқылдай күлді:

— Әй, әлсіз сабақ, қайда асықтың? Сен менің мықты құрсауымды жарып шыға аламын деп ойлайсың ба?

— Әрине. Қиындықтың құрсауы бір күнде емес, әр сәт сайынғы күреспен қирайды, — деді нәзік сабақ.

— Көрерміз, — деп асфальт мырс етті.

— Көрерміз, — деді сабақ та.

Ол нәзік болса да, қайсар еді. Күн сайын асфальттың қабатын итере берді. Әрбір талпыныспен тамыры тереңдеп, сабағы жуандап келе жатқанын сезді. Асфальт та қарысып бақты, бірақ сабақ алған бетінен қайтпады.

Жарық әлемге шығу

Бір күні бойын ерекше қуат пен қуаныш биледі. Бар күшін жинап, кішкентай саңылауды кеңейтіп, сыртқа шықты.

Күннің нұры! Қандай керемет!

Бойына лезде жылу жүгірді. Жарық әлем, кең әлем — осы екен. Тап-таза көк аспанда аппақ кемедей ақша бұлттар жүзіп жүр. Құстар сайрайды, құрт-құмырсқа жүгіріп, тіршілік қазаны қыз-қыз қайнайды.

Оның алып-ұшқан көңілі бұл әлемнің барын баяғыдан-ақ сезгендей еді. Болаттай берік асфальтты жарып шыққан нәзік сабаққа айналадағы тіршілік таңырқай қарады, қайсарлығына тәнті болды. Алыстағы күннің өзі де жылуын аямай төкті.

Қайсар гүл

Ертесіне ғана жерге бекіген нәзік сабақтың төбесінен әдемі күлтелер бас көтерді. Бұл — Гүл еді. Қайсар Гүл.

Асфальттың өзі жеңілгенін мойындағандай төменнен қарап жатты. Зу-зу етіп өтіп жатқан көліктердегі адамдар да:

«Анау қара! Асфальтты жарып гүл өсіп шығыпты! Қандай керемет!»

— деп таңдай қақты.

Өмірде талай қиындық көріп, күресуге дәрмені жетпей жүрген жандар асфальтты жарып шыққан нәзік гүлден үлгі алды. Бірі үмітін қайта оятып, бірі өмірін жаңаша бастап кетті. Қайсар Гүл осылайша өз арманына жетіп қана қоймай, өзгенің арманына да жігер берді.