Құрбан шалудың пайдалары

Ашық сабақ Тәрбиелік мән Құндылықтар

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Құрбан айт мерекесінің қасиеті мен мәнін түсіндіру.

Тәрбиелілік

Оқушыларды сабырлы, әдепті, ұқыпты болуға тәрбиелеу.

Дамытушылық

Имандылық қасиеттерді қалыптастыру, ойлау мен пікір айту дағдыларын дамыту.

Құрбан айт туралы түсінік

Айт сөзі араб тілінен аударғанда «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намазының уәжіптігі Құран мен сүннетке сүйенеді. Мұсылман қауымы үшін екі ұлық мейрам бар: Рамазан айт және Құрбан айт.

Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді: яғни сауапты істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — белгілі шарттарын сақтай отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау.

Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — Ханафи мәзһабында шамасы жеткендер үшін уәжіп.

Құрбан шалудың уәжіп болуының шарттары

  • Мұсылман болуы
  • Ақылды әрі балиғат жасына толуы
  • Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы
  • Негізгі қажеттен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы

Нисап мөлшері

Нисап мөлшері — 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Қолында бұл мөлшерде байлығы жоқ адамға құрбандық міндет емес, алайда жағдайы келсе құрбан шалуға рұқсат.

Ибраһим (а.с.) пен Исмайыл (а.с.) оқиғасы

Ибраһим (а.с.) пайғамбар өзінен кейін елді тура жолға бастайтын ізгі ұрпақ тілеп, ұзақ жылдар бойы Алла Тағалаға жалбарынған. Бұл тілегі қартайған шағында қабыл болады.

Бір күні Ибраһим (а.с.) түсінде баласын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Белгінің Жаратушыдан келгеніне көзі жеткен соң, әмірді орындауға бекінеді. Ұлына: «Балам, түсімде Алланың әмірімен сені құрбандыққа шалуға ниеттеніп жатыр екем. Бұған не дерсің?» — дейді.

Баласы: «Әкетай, тартынбаңыз. Хақ Тағаланың бұйрығын орындаңыз. Тәуекел етіңіз» — деп жауап береді.

Әке мен бала бұйрықтың Ұлы Жаратушыдан келгенін терең ұғынып, қыңқ деместен сынаққа мойынсұнады. Сол сәтте Алла Тағала Ибраһим (а.с.) пайғамбарға аян беріп: «Ей, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адал болдың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылай марапаттаймыз», — дейді.

Бұл оқиға — адалдықтың, толық мойынсұнудың және тәуекел етудің айқын үлгісі. Алла Тағала Исмайылды құрбан етуді қаламады, Ибраһим (а.с.) пайғамбардың ықыласы мен беріктігін сынауды қалады.

Құрбан шалудың тарихи орны

Ибраһим (а.с.) дәуірінде құрбан шалу қажылықтың бір шарты ретінде сүннетке айналып, соңғы елші Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) дейін жетті. Осы кезден бастап құрбан шалу тек қажылық рәсімі ғана емес, бүкіл мұсылман жұртшылығына ортақ құлшылық түріне айналды.

Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін, һижраның екінші жылы құрбан шалу (қажылықтан тыс мұсылмандарға да) міндеттелді. Осы кезеңде айт намазын оқу және құрбан шалу уәжіп ретінде бекітілді.

Сабақтың барысы (жоспар)

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды екі топқа бөлу.

II. «Құрбан айт туралы не білеміз?»

Айт ұғымы, оның діни негізі, Құрбан айттың мәні мен құрбан шалудың шарттарын талқылау.

III. Топтық жұмыс

1-топқа тапсырма

  • Құрбан шалудың пайдаларын атау
  • Құрбандыққа шалынатын мал қанша адамға жетеді?

2-топқа тапсырма

  • Құрбандыққа шалынатын малға қойылатын талаптар
  • Құрбандық шалудың уақыты

IV. «Өзіңді таны»

1-топ

Адам бойында кездесетін жаман қасиеттерді жазу.

2-топ

Адам бойында кездесетін жақсы қасиеттерді жазу.

V. Мақал-мәтелдер сайысы

1-топ

Адамгершілік, мейірімділік, ұқыптылық, тазалық туралы мақал-мәтелдер.

2-топ

Еңбек туралы мақал-мәтелдер.

Қорытынды ой

Тәуелсіз еліміз — көпұлтты Қазақстан — жылдар ішінде дүниежүзіне жан-жақты жаңарған, экономикасы серпінді дамыған, өсіп-өркендеуге мүмкіндігі мол, діні мен тіліне қарамастан барша адамзатты бауырына басқан еңселі мемлекет ретінде танылды. Тұғыры берік тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі — халқымыздың ділімізбен қайта қауышуы.

Үш күн бойы аталып өтетін Құрбан айттың мән-маңызы барша мұсылман үшін айрықша. Ауқатты, тұрмысы жақсы адамдар Алла разылығы үшін құрбандық шалып, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетеді.

Құрбан айт — адамдардың бір-біріне ізгі тілек айтып, кешірім жасап, жүрекке қуаныш ұялататын күн.

Қасиетті Құрбан айт жүрегімізді нұрландырып, рухани тазалығымызды бекемдесін. Ақ ниетті істерімізге береке дарытсын.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы