Ауыл мұғалімі
— Сіз Мәшһүр Жүсіп Көпеевті білесіз бе?
— Иә, — дедім мен. — Ол кісі біздің жерлесіміз ғой.
— Бейіті қай жерде?
— Жаңажол совхозында.
— Жоқ, дәлірек айтсаңызшы.
— Оны онша біле қоймадым.
Менің біршама қысылып, қолайсызданып қалғанымды аңғарған ол:
— Ол кісінің бейіті өзің айтқан Жаңажол совхозының Ескелді деген жерінде. Басында болмағаның көрініп-ақ тұр. Тек шыныңды айтшы: қазір сен қатарлылардың көбі атеистер ғой, Мәшекеңе деген көзқарасың қалай?
— Шынымды айтсам, атеистігім шамалы. Алла мен аруақты ауыздан тастамай келе жатқан жай бар, аға. Ал аруағыңнан айналайын Мәшекеңді…
— Жә, жетер. Ниетің дұрыс екен. Біз ол кісіні діндарлығы үшін ғана емес, ақын, философ, тарихшы ретінде де құрметтеп, қастерлеуіміз қажет. Иә, бізге сол кісінің бейіті мен мұражайының суреті керек еді.
Манадан бері аяқ астынан басталып кеткен әңгіменің аңысын аңғара алмай отырмын. «Енді мына кісі Мәшекең жайлы тереңдей сұрай қалса, масқарам шықпаса игі еді», — деп мазасызданып, мәнім кетіп отырған.
— Суреттері керек дейсіз бе? Аманшылық болса, көп кешіктірмей қолыңызға тигіземін, — деп уәде беріп те қойдым.
Сурет іздеу: уәде мен мүмкіндік
Әйтеуір «өлдім-талдым» дегенде оның да орайы келді-ау. Өйткені астында көлігі жоқ адамға Баяннан Жаңажолға фотограф алып барып, сурет түсіртем деу — екіталай екен. Бұған көп ұзамай көзім жетті.
Менің «автобуспен барып-қайтайық» деген ұсынысыма: сурет түсіретіндерге ол қолайлы бола қоймас, барсақ машинамен барғанымыз жөн ғой, — деген уәж айтылды.
Сол күндері Мойылдыда еңбек озаттарының слеті өтіп, мерекеде жолығып қалған жаңажолдық Егінбай Қоңырбаев аға амандықтан соң: — Ал, бауырым, мына тойдан ескерткіш болсын, — деп фотоаппаратын қолына алды.
— Аға, мені қайтесіз… Мүмкіндігіңіз болса, Мәшекеңнің бейітін, мұражайын бірнеше данамен түсіріп беріңізші, — деп өтінішімді айтып, жата жабыстым.
Көп ұзамай Егінбай аға сұраған суреттерімді қолыма тигізді.
Қуаныш сыйлаған суреттер
Қарағандыдамын. Әкелген суреттерді көргенде философия ғылымының кандидаты, Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, кейінірек қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болған Құлмағанбет Еспаев ағаның қуанғанын көрсеңіз ғой.
— Енді, — деді ол, — студенттерге Мәшекең жайлы азды-көпті сөз қозғағанда мына суреттерді көрнекі құрал ретінде пайдаланатын боламын.
Сонан соң әлдене есіне түскендей: — Ал ол кісінің мұражайын ұйымдастырған кім? — деп сұрады.
— Аманкелді Омаров. Ауыл мұғалімі.
— Әріптесіміз екен ғой. Әй, оған да оңай болмаған шығар, — деді ол бір сәт ойға шомып.
Қадір тұтатын ағаның «әріптесіміз» деуі мені қатты қуантты. Сол сәтте ішімнен: Баянға барсам, Мәшекеңнің басына барып тәу етіп, мұражайын араласам, туған-туысымен, өрен-жаранымен жақын таныссам, сосын Аманкелдімен кездесіп, тың дерегі болса көрсем, — деп ойладым.
— Аға, — дедім мен, — Аманкелді тек Мәшекеңнің мұражайын ұйымдастырып қана қоймай, сонымен қатар Сұлтанмахмұт Торайғыров ағамыздың да мұражайын ашып, Баян өңіріне келген қонақтарға ақынның көпшілік біле бермейтін өмір деректерімен танысуға мүмкіндік туғызды.
— Бәрекелді, бұл өзі бір қолынан іс келетін, әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын жігіт болды ғой, — деді Құлмағанбет аға ризашылықпен.
Аманкелдінің еңбегі: жанашырлықтың салмағы
Құлмағанбет аға құт-береке дарыған Баян топырағын әлденеше рет басты. Ақ көбігі аспанға атып, буырқанып жататын Жасыбайдың жасыл жағалауында талай рет демалды.
Тек өзін автостанция басынан әдетінше жаяу қарсы алып тұратын «інісінің» (өзі солай деуші еді) жігерін құм етіп, әлдекімдерден жеңіл машина сұратып, пенде қылғысы келмеді ме екен — әйтеуір жоғарыдағы тілегін қайталаған емес.
Есімде қалғаны: — Әлгі Аманкелді Омаров бұл жерден алыс тұра ма? — деп сұрағаны. Ол жылдары Аманкелді аға Ж. Шанин атындағы совхозда тұратын.
«Хабар салсам қалай болады?» дегенімде: — Қой, қолайсыз болар, — дегені де бар.
С. Торайғыровтың тойына арнайы келген ағаны қуана қарсы алдым. «Келер жылы Жасыбайға келіп дем алып қайтыңыз, орайы келсе Мәшекеңнің басына да зиярат етерсіз» дегенімде қатты қуанып: — Мерзімін өзің хабарларсың, — деді.
Сол сәтте бұл жаны жайсаң, қазақтың ірі ғалымдары, жазушы Мұхтар Әуезов пен Евней Букетов жайлы төгіле сыр шертетін (бірінің шәкірті, екіншісінің қарамағында көп жыл қызмет істеген) жақсы ағаны соңғы рет көріп тұрғанымды сезбеппін.
Ескелдідегі ой: халықтық істің иесі
Мәшекеңнің 135 жылдық тойы Ескелдіде өтіп жатты. Бір кезде айнала тұрғандарға басын әнтек изеп, әдетінше жылдам аяңдап бара жатқан Аманкелдіге көзім түсе кетті.
Сол сәт Құлмағанбет ағаның: «Әріптесіміз екен ғой… Мұндай халықтық мәні бар іске жан жүрегімен берілген шынайы жанашырлар болмаса бола ма?» — деген сөзі есіме оралды.
Құлекеңнің Омаровқа берген бағасына әлденені үстеп айту да қиын. Өйткені қазақ үшін жүрек майын шырағдан еткендердің бірі — Сұлтанмахмұт Торайғыров; тұңғыш режиссер Жұмат Шанин; халқының інжу-маржан жырларын тарих тозаңынан қағып аршып, талмай жинаған ақын, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.
Сәкен Сейфуллин «Қазақ әдебиеті туралы хат» атты мақаласында: «өте-мөте керек болып отырған мағлұматтар — Асан қайғы сөздері, Бұқар жырау сөздері, Шортанбай сөздері, Мәшһүр Жүсіп сөздері, әсіресе хал-ахуалы» — деп іздеу салатын мұралардың иесі де осы Мәшекең емес пе?
Осындай тұлғаның мұражайын ұйымдастыруды қолға алып, ұйытқы болу — Аманкелдінің шынайы жанашыр екенінің айғағы.
Табандылықтың бағасы
Шынайы жанашыр болу ауыл мұғалімі Аманкелдіге оңай тиді дейсіз бе? Қатардағы мұғалімді былай қойғанда, мектеп директорларын да шартты жерден қабылдамай қоятын әртүрлі дәрежедегі кабинет иелері оны құшақ жая қарсы алды дей алмайсың.
«Мәшекеңе мұражай ашпақ ойда едік, мынадай көмек керек» дегеніне еліп ете қоюлары да екіталай. Бірақ ойға алған ісінің орайын келтірмей тынбайтын мақсаткерлігі, өжеттігі, тіпті асыра айтсақ, ерлікке пара-пар табандылығы талай қатқыл қабақтың сірескен мұзын жібітті ме — кім білсін.
Әйтеуір, Аманкелдінің көпшілігінің алдынан құр қол қайтпағаны — ақиқат. Бәлкім, өзі өмір бақи ауызынан тастамай айтып жүретіндей, ұлылардың аруағы желеп-жебеген болар.
Қалай болғанда да, жұрт өз есебін қалай түгендерін білмей абдырап жүрген заманда Аманкелді ұлы мақсат жолында өзін ұмытты. Ол елдің есіне Сұлтанмахмұтты, Мәшекеңді, Жұмат Шанинді салды; олардың халқы үшін сіңірген еңбегін қайта сөйлетті. Мұның өзі оның жан дүниесінің байтақтығы мен батылдығын, өзгелер үшін өмір сүре білетінін дәлелдейді.
Кейде ауыр сөз де айтылады
«Сыбырлағанды Құдай естімей ме» дегендей, осы әз ағаны да кезінде ренжітіп алғанымды несін жасырайын. Сол реніш үстінде ол маған: «Мен тарихта қаламын», — деген еді.
Тәңірім-ау, ашу үстінде айтылған осы сөзге күлушілер де, кекетушілер де табылар. Бірақ мен қарсы алдымда отырған шүйкедей шалдың оған сай еңбегі бар екенін кейін ойлана келе мойындадым.
Өйткені ол экспонаттарды жаяу-жалпы жинады; бір деректің барын естісе, кез келген жүк машинасының, трактордың қорабына жармасып жолға шықты. Кейде қалаларда қонақүйден орын тимей вокзалда қонды; кейде қара нан мен қара суды азық етті. «Мұражай керек болса, үкімет ашпай ма?» деген мысқылды да ести жүрді. Сонда да ашқан мұражайлары — қандай өлшеммен қарасаң да жоғары бағаға лайық.
Аманкелді аға алғыс айтқан есімдер
- Аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Зарлық Сәдуақасұлы
- Мәшһүр Жүсіп атындағы кеңшардың сол кездегі директоры Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов
«Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, ол кісілердің көмегін Аманкелді аға құрметпен еске алатын.
Бәлкім, кезінде қолдау көрсетпек түгіл кабинетіне кіргізбеген басшылар да болған шығар. Бірақ олардың сол қылығын Аманкелді аға әлдеқашан ұмытқандай: аузына алмайды. Текті адамның кегі ұзаққа бармайтынының бір айғағы да — осы.
Бастаудың қадірі
Қазір С. Торайғыровқа да, М. Көпеевке де өз аттары берілген елді мекендерде осы заманғы сәулетті мұражайлар бой көтерді. Әрине, оларды Аманкелді аға мұрындық болған, мектеп бөлмесінде не клуб ішінде ашылған алғашқы мұражайлармен салыстыру қиын.
Әйтсе де, бүгінгі еңселі мұражайлардың бастауында Аманкелді Омаров салған із жатқанын ұмытпауымыз керек. Тіпті, мұражайға келгендерге әңгімені: «Бұл істің негізін ауыл мұғалімі, кейін мұражай директоры болып жемісті қызмет атқарған Аманкелді Омаров қалаған еді» — деп бастаса, еш ағаттық болмас еді.
Еске түсетін өлең
Қадыр Мырзалиев:
Қажет пе кішісің бе, ірісің бе,
Жақсының қалт жібермей бір ісін де,
Өлгенін, жерлегенін күтіп жүрмей,
Талантты қадірлейік тірісінде.
Ақын айтпақшы, біз де ортамызда сан жыл жас жеткіншекке білім берумен қатар, өмірінің саналы жылдарын Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге, оған мұражай аштыруға, Мәшекеңнің басына өшпес белгі соқтыруға, Ж. Шанин музейін ұйымдастыруға арнаған азамат ағамызға көзінің тірісінде-ақ құрмет көрсетсек артық па?
Аталған ауылдардағы көшелерге есімін бергізу де — орынды ұсыныс. Тарихты халық жасайды, ал сол халықтың ішінде Аманкелді Омаров сияқты қарапайым, бірақ қайсар ұлдар барын естен шығармайық, ағайын.
Сүлеймен Баязитов