Жел астында суылдап толқып жатқан бидай алқабынан көзін алмай ойлана қарап тұрған қалпы күн қаққан қараторы бетіне ғана күлкі тепсінді

I

Баяғы қазақ: «Жолаушы үйден қырық қадам ұзап шыққаннан-ақ басына мүсәпірлік түседі» деген. Кім біледі, қазіргідей алдына алақанын тосып, ас-суын әзірлеп күтетін қонақ үй болмаған соң, сыбай-салтаң жолға шыққан салт атты жолаушының күні мүшкіл болатыны рас та шығар. Атқа жем керек. Талықсып тоқтаған жерде өзіне де бел шешіп қонатын, түстенетін баспана керек. Бір қырдан ассақ, тағы сондай бір қыр қарсыңнан шыға беретін ақыраған сары далада жалғыз атты жолаушыға жөнді жолдас та кездесе қоя ма?

Бұйрат арасынан бұралаң бір сүрлеуге түссең, бас еркің қолыңа тигендей көрінгенімен, ол бұйдаңнан жетелеп әрі-бері тәлкек қылады. Жапан түзде жолыққан жалғыз кісіні «басынып» қылжақтайды: мазақтайды да, ақырында бір шағылдың шетіне келгенде көк көдеге құйрығын шаншып алып ырғалақтаған ақ ши арасына сып беріп кіріп, ізіңді адастырып кетеді. Сен ат үстінде ақырып тұрасың да, тебініп қайта жүресің. Жә, бір кезде солай болған.

Ал қазір ше? Жапан түзде жалғыз жорытқан кісінің көңілін құлазытып бітетін жұтаң сезім бүгінгі жолаушының басында бола ма екен? Рас, ата-бабамыздың заманында адамның аяғы қысқа еді: үйде де, түзде де мешеулік жанын жегідей жеп, қыс — қыстаудан, жаз — жайлаудан ұзап шықпаған. Ат жетпес, атан жетпес алысқа жалғыз-жарым ғана барар, қалған қазақ мал өрісінен аспапты.

Ілгеріректе жасаған бір атамыздың сөзін жұрт әлі күнге күліп айтады екен. Сол кісі дүние салар шағында, бақұлдасуға жиналған ағайын-туысына қарап: «Өмірде арманым жоқ... Бұл ағаң жер түбіндегі Аралға да қыста тоң балық тасыған кірешілермен ілесіп барып қайтты ғой» — депті. Ол кезде жиналған жұрт «рас қой, рас қой» деп мақұлдапты. Ал қазір күледі.

Неге? Заман заманға күле ме? Адам адамға күле ме? Әлде бұрынғы ұрпақтың басындағы мүшкілдік бүгінгі «болған-толған» шақтағы мырзамсыған жандардың жүрегінде аяныш оятпай, керісінше менмендік қозғай ма? Өткеннің бәріне күлкімен қарау — тоқшылықтың белгісі ме?

Әрине, ұрпақ пен ұрпақ арасындағы қайшылық әуелі ұғымнан басталады. Ұғым көзқарасты өзгертеді. Баяғыда Аралға барып қайту арман көрінсе, бүгін біздің ауылдың кәрі-жасы Аралға қырық минутта ұшып барады. Қазіргі жолаушы «жарым жолда көлігім болдырып қалар» деп қорықпайды. Жол-жөнекей қонған ауылдың пиғылы қалай болар екен, өзіне — ас, көлігіне — шөп бере ме, жоқ па деп, төріне шыққан соң да жетім баладай қайта-қайта үй иесінің қас-қабағына жаутаңдамайды. Қайда барсаң да, астыңда көлік әзір, алдыңда ас-су әзір. Қонақ үйде қол қусырып, көңірсіп тұрады.

Бірақ... білмейтін жердің ой-шұқыры көп. Оның үстіне бұл кез — жұрт көп жүретін шақ. Жаз бен күздің екі арасы: демалысқа шыққан кісілер курортқа ағылып, қайта ағылып, мазасыз кезең. Самолетке билет табыла ма деп алаңдайсың; чемоданың салақтап, арып-ашып жеткеніңде қонақ үйден орын табылмай қала ма деп тағы қорқасың.

Танымайтын кісілердің арасында тілім байланып, түйілген жіптей күрмеліп бітетін қысылшаң әдетім бар. Міне, қазір де Арқаның кербез сұлуы атанған Көкшетауға келіп алып, бір топ бейтаныс кісінің арасында терлеп-тепшіп отырған түрім осы.

Тосын кездескенде тіл қату қандай қиын. Үнсіз томсырайып отырған бейтаныстарға сұрақ қоясың. Жауабының ыңғайына қарай сыр тартпақ болып отырғанда, кейде күн-түн қатып еңбек етіп жүрген қарапайым кісінің алдында өз шамаңды бір-ақ танытып қоюың оп-оңай.

Ел ішінде сені жас баладай алақанына қондырып алып, көзінің қиығымен ғана бір қарап, арғы-бергіңді айнаға түсіргендей түгел аңғарып шығатын жандар болады. Көзін тайдыра бере бір мырс етпесін... Егер мырс етіп, бетін бұрып әкетсе, мың жерден жазушы болсаң да — бәрі бекер: қырағы көз сенің шама-шарқыңды біліп қойғаны.

Осыдан кейін астанадағы абырой-атағың да, қойныңдағы қарыс сүйем дипломың да, қайта-қайта булана беретін қара мүйіз көзілдірігің де, төбеңдегі қарыс сүйем шашың да ел кісісінің қомсынып қалған көңілін бастапқы қалпына қайтара алмайды.

«Қонақ аз отырып көп сынайды» дейді. Сол сын көз қонақ күтушіде де кем емес. Ел қазағы ежелден түзде жорытқан жолаушыны шапанына қарап емес, сөзіне қарап сыйлаған. Соны ішіме түйген соң, мына бейтаныс кісілер алдындағы сөзімді дұрыстағым келді.

Жөндеп сауал қою үшін де адам әр нәрседен хабардар болуы керек екен. Ал мен болсам, бұл жасымда туып-өскен Арал өңірінен алысқа ұзап шыға қоймаппын. Бала кезден қаныма сіңген балықшы өмірінен сәл табаным тайып, басқа кәсіп, басқа әңгіме қозғала бастаса-ақ, өзімнің шорқақтығымды сезем.

Астық жөнінде бірдеңе деу керегін білем. Бірақ қанша оқталсам да, қас қылғандай аузыма сөз түспейді, басыма ой келмейді. Үнсіз отыра берудің ыңғайсыз екенін сезіп, көзімнің астымен қасымдағы жігітке қараймын: «мына күйден құтқар» дегендей. Бірақ не пайда... жер түбінен арнайы іздеп келген Сарыадыр бөлімшесінің бастығы да мен сияқты жұмған аузын ашпайтын тұйық жігіт екен.

Екі тұйық адам қосылған жерде тым-тырыс отырыс болады. Біз бағана Сарыадырға келіп, бөлімше басшылығы тұратын жар қабақтағы ақ үйдің алдына тоқтаған машинадан түссек те, ішке кіре қоймай, есік алдында иіріліп тұрып қалғанбыз.

Қай жағымыздан шыққанын аңғармай қалдым: бойы ұзын, мойны ұзын, мұрны салбыраған ұп-ұзын ақсары жігіт жанымызға кеп тоқтады. Бірдеңе деп күңк етті. Сәлемі ме, әлде ұнатпағанының сыртқа шықпай, ішінде булыққан ызасы ма — айыру қиын. Әйтеуір ыңғайсыз райы байқалды.

Бетіне қарасам, қабағы қатулы. Кірпігі көлегейлеген көзін бірімізге тіктемей, төмен тарта береді. Қолтығындағы жуан сары папканы дүние байлығын ішіне тығып алғандай тас қып қысып алыпты. Осы тұрғандардың ішінде маған ала-бөле қыжыры бардай сезілді. Тіл қатайын деп оқталып келе жатқанымды аңғарса керек, түсін дереу суытып алды.

Басындағы қара қалпақтың көлеңкесі бұртиған ашулы жүзін бүркеп алған. «Енді бірдеңе десең, сырт айналып кете беретіндей» түрі бар. Қанша жүгіртсем де, бір кісінің ар жағында тұрған оның қалпақ шалғайынан иегін көрем, аузын көрем. Ұзын мұрнының үстінен сырғып түсе беретін мүйіз көзілдірігі көзге ұрады. Қара әйнегі мұздай: қараған сайын көңілге суық тиді.

Сарыадырға бастық болып тағайындалғанға дейін оның бастауыш мектепте мұғалім болғанына сенер-сенбесіңді білмейсің. Шүбәң ұлғая бастағанда, тұнжыраған болмысынан оқытушылықтың жалғыз айғағындай боп ана мүйіз көзілдірігі көрінеді де, амалсыз сенесің.

Сол кезде де дәл осындай үндемес мұғалім болған шығар деп ойлайсың. Мектеп есігін алғаш ашқан қылқандай балалар қарсы алдында ат жақты, түсі суық ағайдың қай жағынан шығарын білмей үркектеп, қол-аяғын бір уыс қып бауырына қысып алған болар. Парталарға тізілген балалар қаттырақ дем алуға да қорқатындай. Класс жым-жырт.

Кенет мұғалім үнсіз түрегеледі. Қолында бор. Қара тақтаға бұрылып, әліппенің алғашқы бетіндегі бірінші әріпті асықпай, ап-анық қып жазып қояды. Сосын артына бұрылып, мүйіз көзілдіріктің астынан да, үстінен де қарап: «Балалар, бұл — А» — дейді.

А... Жас төлдей жас бала да адам баласына ықылым заманнан мекен болған ұшы-қиыры жоқ жердің алақандай ғана бір бүршігін алғаш рет буыны қатпаған аяғымен апыл-тапыл басады. Осыдан кейін ол әлде қысқа, әлде ұзақ ғұмырында қара жерді талай қарыштап басады: бірде шырқар, бірде құлар. Тірліктің ащысын да, тұщысын да татады. Бірақ соның бәрінде де өмір бойы ұмытылмайтын бір ыстық сәт адам жадында қалады: тұңғыш қадамы. Әліпби кестесінде көшбасшы тұрған бірінші әріп. Мектеп есігін ашқан жас буын өз өмірінің пісмілласын осы А-дан бастайды.

Кейін біз сұлулықтың сырын ұқсақ та, ғылым-білімнің тереңіне бойласақ та, еңбекке, ерлікке баулынсақ та, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болсақ та, сүйюді де, күйюді де үйренсек те — әр дүниеге келген жан тірліктегі таудай талабын осы А-дан бастайды.

Сондықтан әлгі үндемес мұғалім де әр оқу жылын бастағанда А әрпін үйретерде бойындағы бар жалыны мен жүрегіндегі жылылығын дірілдеп шыққан үніне салып, жан-тәнімен айтқан болар. Бұл ой кейін келді. Ал алғаш кездескенде... жасыратыны жоқ, онша ұнатпадым.

Мінезі тұйық. Томырық. Сауалыңа жөндеп жауап бермейді. Қатқыл үні, қысқа қайырып кесіп тастайтын бір-екі сөзімен-ақ діңкеңді құртады. Сөзге жетелеу әрекетім нәтиже бермеген соң, ауылға көз тастап: — Үйлерің жақсы екен, — дедім.

Ол: — Жаман үйді біздің маңдайымызға жазып қойып па? — деп дүңк етті.

— Етке өткізген торпақтардың салмағын төрт жүз килоға қалай жеткіздіңдер?
— Жеткізу керек болды — жеткіздік.

Іштей ыңғайсызданып қалдым. Біздің ауылдың Жасекен деген бір ақылды қариясы: «Жігітке сауал қоя білу де — өнер» дейтін. Сірә, сауалым сәтсіз болды-ау. Әңгімеміз тұтанбай сөніп қала берді. Мына үндемейтін ұзын сарыдан көңілім қалды. Кеткім келді.

Серіктеріме қарасам, Рузаев тәжірибе станциясының парторгы Грицай: «Шайболда! Әй, Шайболда!» — деп дауыстап, арбасы сықырлап қасымыздан өтіп бара жатқан аласа сары қазақ жігітке қарай жүгіріп кетті.

Ал Грошев — енжар, сұлық. Бәрі бір: «Іздеген кісіңді ертіп әкелдім, ендігісі — өзің біл» деген кейіп. Аз ғана күнде байқағаным: бұл кісі ішкі сарайына жанды маңайлатпайтын аз сөзді, аузы ауыр адам. Өзі басқаратын станцияның көл-көсір шаруасына тікелей қатысы жоқ нәрсенің бәріне құлақ қоя бермейді. Құлағын тосып тұрғанның өзінде ойы басқа жақта екенін аңғарасың.

Егін орағы алдындағы абыр-сабырда әр күннің, әр сағаттың, әр минуттың өз қамы бар: бүгінгі шаруаны ертеңге қалдыруға болмайды. Жан-жақтан көмекке жіберілген машиналар, тракторлар, комбайндар ағылып келе бастады. Алдымен клуб жанындағы реквизит бөлмелеріне орналастырды. Ертең тағы жиырма машина келмек — орынды қайдан табады? Парды бүгін қалай жыртты? Уәлиханов совхозымен шекарадағы көк төбенің күнгей баурайын тұтас алып жатқан тың жерді де жыртып тастау керек еді.

Апырай, мына күннің түйілуін қарашы. Ауа райы бұзылып кетпесе игі. Күз жақындаған сайын Көкшетаудың «қысқа күнде қырық құбылатын» қиқар мінезіне сену қиын. Жаз ортасынан бері күндіз-түні дамылсыз құйып, жұрттың зықын алған жаңбыр жақында ғана басылған. Содан бері көк аспан таңмен таласа тұрған диқандардың төбесінде жарқырап тұратын.

Көкжиектен күліп шыққан күн қызарып барып батқанға дейін Сарыарқаның көңіл ашар қоңыр самалы баяу есіп, егін басын ырғалтып, ақ қылшық «мұрттарды» судырлата шайқап тұратын. Диқан жұрт көңілді еді: «ауа райы осылай тұрса, енді бірер күнде кісі бойы көк сабағы сарғайып пісер-ау» деп үміттенетін.

Біз бөлімшеге беттеп келе жатқанда, тамылжыған сары шуақтың кенет шырқы бұзылды. Көкшетаудың көгілдір таулары мен теңгедей күміс көлдерінің үстінен ескен мап-майда жел аяқ астынан есіріп, ызғар жиып алды. Көк аспанда қалқып тұрған ұшпа ақ бұлттар әп-сәтте ұйқы-тұйқы боп, арқадан соққан ызғырықтың қамшысы астында сапырылысып көшіп жатты. Әсіресе, көк төбенің күнгей баурайына өрлеп салынған ақ үйлі поселкенің үстіне жақындаған сұр бұлттың бауыры салбырап, жерге сүйретіліп келе жатқандай.

— Сөйлесіп болсаңыз, жүрелік, — деді директор.

Мен не дерімді білмедім. Қолымдағы бір ауыз сөз жазылмаған қойын дәптердің аппақ бетін көрсетіп қоямын ба деп, оны жеңімнің ішіне тығып алдым. Үнсіз машинаға отырған соң да, кінәні өзімнен көріп, ызалы күлкі сыртқа тепсініп тұрды. Атақты біреуді көрсе есі шығып, қалам-қарындашы жалақтап қоя беретін жазушы атаулының осы бір сұғанақ мінезі-ай.

Өмір жыл сайын өзгеріп жатыр. Ұлы өзгерісті бала күніңде жалаңаяқ бұрқылдатып жүгіретін қисық көшелердің екі бетіндегі жарбиған үйлердің орнына қазір салынып жатқан салтанатты сарайлардан ғана іздеуге болмайды. Ұлы өзгеріс тірлік тұтқасын ұстап тұрған жас ұрпақтың мінез-құлқына, сана-сезіміне дейін әсер етті. Тек тілші ағайын ғана баяғы Стаханов дәуірінен сіңген қағидалы сауалын өзгерте алмай жүр.

Ұшқыр самолеттер шығып, аяқ ұзарғалы жаттанды сауалымызбен алыс ауылдағы атақты кісілердің де зықын алып, ығыр етіп біткенбіз. «Жә», — дедім ішімнен. Гүл бағының хош иісінен шырын жинамақ болып алыстан ұшып келген бал арасы сияқты тілші де мазасыз: аз уақытта әр гүлден бір шымшып, қызығып ұшып-қонып жүреді де, тұрақтамай тез тайып тұрады. Осы қас пен көздің арасында ол шешек атқан әсем гүлдің қай қасиетін таныды? Сұлулықтың сырына жете алды ма?

Қарлығаш тұмсығымен шымшып алған бір тамшыдан теңіз суының тереңдігін білуге бола ма? Жаңағы Сарыадыр бөлімшесінің үндемейтін бастығының ар жағында не жатқанын қайдан білдің? Қарапайым еңбек адамы көз ашқалы істеп келе жатқан ата кәсібін айтып беруге шорқақ. Әсіресе, үздік табысқа қалай жеткенін сұрасаң, сасып қалады: «жан-тәнін аямай жұмыс істеді, ерте тұрды, кеш жатты». Ал содан соң ше?..

Еңбек туралы бір естелік

Соғыс біткен жылы Шығанақ Берсиевті Алматыға шақырып, үкімет үйіндегі мәжілісте озық тәжірибесін сұрағанда, атақты диқан қария: «Менде ел таңдағандай озық үлгі қайдан болсын... Көп болса, еңбегім ғана артық болған шығар» — депті.

«Күн сайын таң намазбен таласа оянам, кетпенімді алып егінге барамын. Диқандар астыққа, дәл бір ана баласына қарағандай, қамқор көңілмен қарауы керек. Астық та бала сияқты: ашқарақтап, шөлдеп тұрғанын сездіре алады. Шөлін қандырып су берем, әлжуазға қорек берем. Ал оның індеті бар: арам шөп. Балаң мешеу болып қалмасын десең, сол сойқанды көк егіннің арасында төбесі қылтиып көрінген күннен бастап отап таста» — деген екен.

Бұл — еңбек жыры. Кім біледі, ақ тарының атасы сол жерде қалың жұрт алдында өзін қарт жыраудай сезініп, қанаттанып сөйлеген болар. Белі бүгіліп, бейнеті мол диқан еңбегі бір күнде жұрт қызығып тыңдайтын жырға айналғанын көріп, кәрі көңілі көкке жеткен шығар.

II

Көліктен түспегелі екі күн. Қазір де біз отырған машина кісі бойы егіннің арасымен ақырын жылжып келеді. Оң жағың да — егін. Сол жағың да — егін. Алдың да, артың да — егін. Бүтін бір ұшы-қиыры жоқ мол алқап суық ызғары анық сезіле бастаған қатты жел астында дәл қазір ауыр денесімен тұтас теңселіп, дауылды күнгі теңіз бетіндей толқып, суылдап жатыр.

Екі күннен бері қанша аралассақ та, бас-аяғына бір шыға алмай қойған атақты Рузаев ауданының көлемінде шек жоқ екен. Бұл аудан былтыр мемлекетке он миллион пұт астық тапсырған. Ал, астық ерекше мол шыққан жылы жиырма бес миллион пұт берген көрінеді.

Қасымда отырған аудандық партия комитетінің бірінші секретары Мәулет Каримов ұстамды жігіт болса да, жол жиегінде жарланып тұрған бойшаң, бітік бидайдың жуан сабақтарына қызыға қарап алып, оқтын-оқтын балаша мәз болып: «Торғай басындай емес пе, ә!» — деп қояды.

Мен де көз алмай қарап, әлгі ұқсастықты іздеймін. Қауызын жарып шығатындай бадана дәні бадырайған бидайдың күн қағып қоңырқай тартқан жұмыр сабақтары қайта қарағанда, шынында да басына үйме-жүйме болып қонған торғайларға ұқсап кетеді.

Ойым орныға бергенде, Каримов тағы бір тосын теңеу тауып: — Кірпіштей екен, — деді.

Мен бірден түсінбедім. Соны сезгендей Каримов машинадан түсті де, жол жиегіндегі бидайдың бір талын ұстап, үзіп алуға қимағандай алақанына салып, зіп-зілдей басын маған қарай иді. Дәні әрі ірі, әрі қорғасындай ауыр. Қырынан қарағанымда бидай басы шынында да кірпішке ұқсап, төрт бұрышы текшеленіп тұр екен. Бұдан дәл теңеу жоқ.

Бидай басын алақаныңда уқалап үгіп қалсаң, баданадай дәндердің салмағын бүкіл денеңмен сезгендей боласың. Қазір қауызы сарғайып тұрған мынау мол егінге керегі — ыстық, ашық күн ғана. Сонда жаз басынан бері бабына келтіріп, әзірлеп қойған комбайндарды салып жіберуге әбден болады.

— Гектарынан жиырма центнерден кем алмаймыз, — деді Каримов.

«Солай емес пе?» деген кейіппен ол қасындағы Грошевқа көз қиығын тастады. Тәжірибе станциясының директоры қостаған да, қарсы да болған жоқ. Жел астында суылдап тұрған алқаптан көзін алмай, ойлана қарап тұр. Күн қаққан қараторы бетінде ғана әлсіз күлкі тепсінді.

Бұл өлкені алғаш аралаған адамның назары бірден бидайға түседі: арасына бір тал арам шөп жолатпай, дәні тырсиып, қисапсыз теңіздей толқыған астық. Қай жаққа бұрылсаң да — дариядай суылдаған егін. Соны көргенде, балапандай боп қылтиып шыққан кезінен кісі бойына жеткенге дейін жас балаша мәпелеп өсірген диқанға қаншама қажымас қайрат, мұқалмас күш, жасымас жігер керек екенін ұғасың.

Күн тиген жоны сарғайып, торғай бастанып қалған әр масағын уқалап жіберсең, алтын дән алақаныңды толтырып, сауылдап төгілгелі тұрады. Сүйсінбей көр.