Қазір Баянауыл ауданының әкімдігі

Бастауын күні кешегі «Лениншіл жас» газетінен алатын, қаймана қазақтың жасындай жарқылдаған «Жас Алаш»95-ке толды. Осындай қуанышты сәтте өткеніңе ой көзімен үңіліп, өзіңнен: «Мен қаламгер ретінде “Жас Алашқа” қаншалық жақын болдым?» деп сұрайсың.

Алғашқы қадамдар: «Лениншіл жас» жылдарындағы еңбектер

Аллаға шүкір, 1984–1989 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде бірқатар мақалаларым жарық көрді. Солардың ішінен ең негізгілерін ғана атайын: «Әдептен озбайық», «Тойдан соң», «Сахнада», «Ақ көгершін», «Қалақ қолға кеш алынды», «Жол мұраты жету ғана ма?», «Барымызды бағалай білеміз бе?».

Әсіресе, «Невада – Семей» қозғалысын қызу қолдап, сол тақырыпта материалдар жинағаным — өмірімдегі маңызды істердің бірі. Соның бір дәлелі — «Жауырды жаба тоқымайық» атты мақаланың «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетінде жариялануы.

Ол жылдары газет тізгінін ұстаған редакторлар С. Бердіқұлов, У. Қалижанов және Шерағаң қалыптастырған сара жолды сәтімен жалғастыра білді. Мұны редакция ұжымының авторлармен жұмыс істеу мәдениетінен анық аңғаруға болатын.

«Көзқарас» айдары: мәселе көтеру мәдениеті

Бірде «Баян көркін, Жасыбайды ойласақ» атты мақалам «Көзқарас» айдарымен жарық көрді. Материалдың редакциялық сілтемемен берілуі — авторға көрсетілген шынайы қолдау еді:

«Мән берсек, ел дәулетін еселеуге, мәдениетін көтеруге септігі болар, бірақ сіздің де, оның да, баршамыздың назарымыздан тыс қалып, елеусіз көрінетін проблемалар аз ба? Келіңіз, жаңа рубрикаға атсалысып, ой бөлісейік, мәселе көтерейік».

Су тасқыны туралы дабыл және нақты ұсыныс

1989 жылы сол «Көзқарас» айдарымен «Суға кеткен есіл еңбек» атты мақалам жарияланды. Онда көктемгі су тасқыны салдарынан Баянауыл ауданындағы Бірлік, Жаңажол ауылдарын және Лекер мал бордақылау пунктін су басқанын, сондай-ақ Сәтпаев атындағы кеңшар тұсында жолдың бір бөлігін тасқын шайып кеткенін айтып, мәселе көтердім. Ең бастысы — дабыл қағып қана қоймай, өз ұсынысымды да қоса жаздым.

Естеріңізде болар: өткен жылы да Бірлік ауылы маңындағы жолдың біраз бөлігін су шайып, Теңдік елді мекені тұсындағы көпірді бұзып кетті. Қазір Баянауыл ауданының әкімдігі: «Бәріне сақадай саймыз», — дейді. Не десе де мейлі, әйтеуір елді су баспаса болғаны.

«Жас Алаш» — жастықта сырлас, қартайғанда мұңдас

Жастықта сырласым, қартайғанда мұңдасым болған кешегі «Лениншіл жас» — бүгінгі «Жас Алаш». Жасым 70-ке толғанда «Баянауыл Баязитовін әспеттеді» деп қуанышыма ортақтасты. Кей сәтте бәзбіреулерге ренжігенімде, журналист С. Байбосын «Қайырымсыз қоғам, қарт қаламгер» атты мақаласын жариялап, көңілге демеу болды.

Бір кездері «Сүзеген сөз» айдарында «Бір саясаттанушыға», «Балапан партиялар» атты шымшымаларымды да жарқ еткізіп шығара қойды.

«Жас Алаш» 95-ке толуы — бір газеттің ғана мерейтойы емес, жалпы Алаш жұртының қуанышы.

Десе де, бір өкініштісі: керітартпа заң мерейтой қарсаңында Алаш жұрты үшін Абылайдың ақ туындай болған «Жас Алашты» Жасан Зекейұлы деген біреуге жығып беріп отыр. «Адамнан ар, қоғамнан ұят кетті» деген осы.

Бірақ «Аққа қара жұқпас» дейді. Түбі әділдік жеңетініне сенеміз. Себебі «Жас Алаштың» артында қара ормандай қалың ел тұр.

Газетке тілегім: әділеттің сөзін сөйлей бер

Енді «Жас Алашқа» айтар тілегім мынау: жыл құрғатпай өңделіп, жөнделіп жататын шикілі-пісілі заңдарды қадағала; алатын айлығын ақтап жеуге шамасы жоқ депутаттарды тәубасына келтір; парақұмар пәлекеттер мен жемқорлардың жегенін желкесінен шығару жолындағы күресті одан әрі жалғастыра бер.

Тірегің — туған тіл болсын, жүрегің — Алаш деп соқсын.