Ер балалар әдетте қыз балалармен қосылып ойнай бермеуші еді

Балалықтағы шекаралар: қыз ойыны мен ұл ойыны

Ер балалар әдетте қыз балаларға қосылып ойнай бермейтін. Бұған үлкендердің «ұлдар қыздардың ойынын бұзбасын» деп қадағалап, ескертіп жүруі де себеп болса керек. Оның үстіне, үлкендер көбіне алдымен қыз балалардың сөзін сөйлеп отырады. Сондықтан ер балалар үлкендерден именіп, өздерін кейін тартып қоятын. Мұның бәрі, сірә, ертеден келе жатқан әдет пен дәстүрдің ізі сияқты еді.

Көктем шыға қыздар жерге сызып, сызық бойымен ойналатын ойындарға кірісетін. Ал балалардың аты — бала: ер балалар кейде қыздардың ойынына жақындап: «Біз де ойнап көрейікші!» — дейтін.

Қыздар болса: «Кетіңдерші, ойнай алмайсыңдар!» — деп қақпайлайтын. Ер балалар: «Ойнай аламыз!» — деп қасарысып көргенімен, қыздар секілді епті қимылдай алмайтын. Кейбірі аюша қорбаңдап жүріп, сызықтарды басып кетеді. Сол-ақ екен, қыздар шу ете түсіп: «Шығыңдаршы! Сызықтарды өшірдіңдер ғой!» — деп наразылық білдіретін.

Ер балалардың мысы құрып, қыздардың бұл қылығына ызасы келіп-ақ тұратын. Сосын: «Қойыңдар бұларды! Бұлар ешкі құсап секектегеннен басқа не біледі?! Одан да өз ойынымызды ойнайық» — деп, өздерінің «соғыс» ойынына ауысып кететін.

«Соғыс» ойыны және Әлия мен Мәншүк

Дәл осы кезде қыздар да қызығып: «Біз де ойнайық!» — дейтін. Ер балалардың «мерейі үстем» болатын тұсы осы: «Сендер “соғыс” ойнасаңдар не бітіресіңдер?!» — деп, оларды менсінбей тастайтын.

Қыздардың уәжі

Қыздар да құр қалмай: «Әлия мен Мәншүк те соғысқа барған!» — деп жауап қататын.

Ұлдардың «жеңісі»

Мұны естігенде ер балалар бір-біріне қарап жымиып: «Сендер өздеріңді Әлия мен Мәншүкпіз деп жүр екенсіңдер ғой…» — деп, сөзбен «өшін» алатын. Аз ғана бұрын сызықты басып кетіп, қыздардан сөз естіген кегі осылай қайтарылғандай болып, кішкентай жауырындарын күжірейтіп, «соғысқа» аттанып кететін.

Келіспейтін жері бар, бірақ жұмсаратын сәті де болатын

Дегенмен ер балалар қыздармен үнемі шәлкем-шалыс келе бермейтін. Әсіресе, қыз балалар велосипед сұраған кезде.

Велосипедтің жүксалғышы ұстататын нәзік өтініш

Қыз ер балаға қиылған дауыспен: «Велосипедіңді бере тұрасың ба?» — дейтін. Дауыстың нәзіктігі сондай — велосипедін «сындырып алады» деп бермей тұрған ер бала қалай келісіп кеткенін өзі де аңғармай қалады: «Ала ғой» — дейді.

Қыз велосипедке мінерде, одан да нәзік үнмен: «Жүксалғыштан ұстап жүресің бе?» — деп қояды. Ер бала: «Неге ұстап жүрмеске?» — дейді. Қыз қиқалаңдап тепкен сайын, ер бала жүксалғыштан ұстап, құлап кетпесін деп соңынан өкпесі өшіп жүгіріп келеді.

Үлкен ағалардың ойыны: мәртебе мен күлкі

Кейде бала сүйіп, келіншек алып отырған үлкен ағалардың да қосылып ойнайтын кезі болатын. «Кәне, біз де ойнайық» — дейді олар. — «Сендер ортаға түсіп алып жүгіріңдер, біз сендерді екі жақтан доппен ұрып тұрамыз.»

Ер балалар ортаға түсіп алып, алаңқайдың ана шетіне бір, мына шетіне бір киікше зымырап, құлдыраңдап қашады. Ал екі шетте тұрған екі аға кезек-кезек доп лақтырып, дәлдеп ұрып тұрады. Доп тиген бала ойыннан шығады. Қарулы білектен серпіліп шыққан доп арқасына тигенде ауыр соқса да, ер балалар сылқылдап күліп жататын. Өйткені үлкен ағалардың бірге ойнауы — өз алдына бір мәртебе.

Ересек шақтағы кездесу: «Біз бірге ойнағанбыз»

Уақыт өте ер балалар есейеді, жігіт болады. Баяғы бірге ойнаған екі ер бала кездейсоқ ұшырасып қалады. Бірі: «Бірге ойнағанымыз есіңде ме?» — дейді. Екіншісі: «Білмегенде ше!..» — деп күледі.

«Үйге жүрсейші!» — дейді бірі. Себебі олар кластас та емес, жасты да емес: әр жылқының төлі секілді, жастары қабыса бермейтін. Сол себепті он жылдық, жиырма жылдық «кездесу» дегендері де бұларға келе қоймайды.

Үй ішіндегі таныс сөз

Үйіне ертіп келіп, келіншегіне: «Біз бірге ойнағанбыз!» — дейді. Келіншегі жымиып: «Білем. Бұрын да айтқансың ғой» — деп жауап береді.

Ол болса: «Айтсам несі бар? Тағы да айтам! Бірге ойнағанымыз рас қой?» — дейді. Анау да жымиып: «Рас!» — деп қояды.

Екеуі өткен шақты еске алып, біраз дуылдасып отырады. Сосын шарап толы ыдыстарын түйістіріп: «Кел… енді қайтып оралмайтын балалық шақ үшін ішейік» — дейді.