Содан соң, араққа әйелін жұмсайды деп жазыпсыздар

Құрметті жолдас редакция! Сау-сәлемет боларсыз. Төменде қол қойып, сізге арыз жазуыма себеп — мынау.

Шынымды айтсам, мен әдебиетті көп оқымаймын. Біріншіден, қол тимейді. Екіншіден, қазір лесхозда жұмыс істеймін — әдебиетпен ешқандай байланысым жоқ.

Оқиғаның басталуы

Бүгін түскі тамақтан қайтып келе жатқанымда, біздің секретарь әйел: «Әбдіғали, сені журналға жазып қойыпты. Мә, мына әңгімені оқышы» — деді.

Жүрегім су ете қалды. «Ойпырмай, неге жазады, не қылмысым бар?» деп, оқи бастадым. Мақала өзі — сала құлаш ұзақ очерк екен. Сонда да бас алмай отырып, түгел оқып шықтым.

Сөйтсем, очеркте Әбдіғали деген маскүнем туралы жазылған. Аты ғана ұқсас болмаса, қалғанының бәрі — менің басымнан өткен оқиға емес.

Неге бұл мен туралы деп ойладым?

«Бұл қайтіп мен туралы болады?» деп біраз ойланып, ақыры бір түйінге келдім.

1) «Н.» деген аудан

Автор Б. Сәрсенов: «Н. ауданының орталығына келіп түстім, мезгіл көз байланып қалған кешкі уақыт еді» деп жазады. Мұндағы «Н.» — сөз жоқ, біздің Нарын ауданы. Өйткені облысымызда «Н» әрпінен басталатын басқа аудан жоқ. Мұны райсоветке барып, анықтап та білдім.

2) Әбдіғали есімі

Нарын ауданы болса, ондағы «маскүнем Әбдіғали» — демек, мен. Өйткені мұнда меннен басқа Әбдіғали деген ешкім жоқ.

3) Автобус уақыты

Оның үстіне, автобус біздің ауданға Алматыдан күнде кешқұрым, көз байлана келеді. Ендеше очерктегі «Әбдіғали» менен басқа адам болуы қиын.

Әдебиет «айласы» және менің наразылығым

Қымбатты жолдас редакция, әдебиетті біз мектепте оқығанбыз. Оның кейбір «айласын» да білеміз. Бізді ештеңе білмейді, сезбейді деп ойламаңыздар — қателесесіздер.

Жазушылардың өтірікті шындай, ақсақты тыңдай қылып, ойдан қосып, болмағанды болғандай етіп жазатын әдеті бар. Міне, сіздер де солай істепсіздер: мені «маскүнем» деген образға айналдырып, үстіне неше түрлі өтірікті жамап-жасқап қосып жазыпсыздар. Осы үшін мен сіздерге наразымын.

Мақалада аты-жөнімді өзгертпей, тура атағаннан кейін, өтірік қосып жазуға сіздерге кім құқық берді? Әуелі осыған жауап беріңіздер.

Нақты қарсылықтар

Көкен деген адам

Мақалада маған жолығатын Көкен деген адам бар. Мен ондай адамды танымаймын. Жоқ әлде сіздер Көдекті «Көкен» деп бұрмалап отырсыздар ма?

Егер ол «Көкен» емес, Көдек болса — мен онымен бірігіп арақ ішпек түгіл, екі жылға жуық болды, бетіне тура қарап сөйлеспеймін де. Бұрынғы жылы жайлауда Жұмағұлдың үйіндегі тойда төбелескеннен бері екеуміз ит пен мысықтай аразбыз. Мұны жұрттың бәрі біледі.

Әйелім туралы бұрмалау

Одан бөлек, сіздер очеркте әйелімнің образын да дұрыс көрсетпепсіздер. Аты Жәмила болса, сіздер Күлбала деп жазыпсыздар. Қисынға келмесе де, тым құрыса аты-жөнін шатастырмайтын еді ғой.

Түр-түсін, киімін де бұрмалапсыздар: «сыриған сары келіншек» депсіңдер. Ол қашаннан бері ондай болып еді? Қатпа қараның нағыз өзі емес пе? Оның арықтығына дейін жазыпсыздар.

Мұның бәрін не мақсатпен жазғандарыңызды білмеймін, бірақ дәл осыларыңыз — ұят. Біреудің әйелі арық, біреудікі семіз — онда сіздердің не шаруаларыңыз бар? Әлде мен әйелімді тамақ бермей аштан қатырып жүр демексіздер ме?

«Дәлелім бар» деген сөз

Тағы айта берсем, очерктің ішінде басқа да өтірік көп. Мен оның бәрінің астын қызыл қарындашпен ап-айқын қылып сызып қойдым. Керек болса, тиісті жерінде дәлелдеп берем.

Портретті «қолдан жасау»

Мәселен, сіздер мені «сатпақ-сатпақ сары китель киген» деп суреттепсіздер. Сөйтіп менің образымды мүлде бұзғансыздар.

  • Біріншіден, мен образымды бұзатындай жау емеспін, бай-құлақтың тұқымы да емеспін — совет адамымын.
  • Екіншіден, мен өмірімде китель киіп көрген жоқпын. Китель кисем, тамағым қысылып, өліп кете жаздаймын.

«Араққа әйелін жұмсайды» деген сөз

Тағы бір жерде «араққа әйелін жұмсайды» деп жазыпсыздар. Мен араққа әйелімді жұмсамаймын. Баламды жұмсаймын. Ол болмаса — көршінің баласын жұмсаймын.

Бірақ сөз арасында айтайын: азық-түлік дүкеніне жаңадан сатушы болып келген Күлсім деген әйел оқушы балаларға темекі мен арақ сатуға болмайды деген «заң шығарыпты». Ол қандай заң? Қайда жазылған? Меніңше, совет саудасы кімге болса да еркін болуы тиіс.

Егер сіздерге сынап жазуға материал керек болса, осыны неге жазбайсыздар?

Редакцияға қойылатын сұрақтар

Хатымның соңында, төменде қол қоя отырып, сіздерге қоятын сұрақтарым бар.

  1. Мақаланың авторы Б. Сәрсенов деген кім? Бұрын атын естімеген қандай жазушы? Біздің ауданға ол қашан келіпті? Егер мүмкін болса, шындықты сүйетін болсаңыздар, Сәрсеновке мен туралы «материал берген» адамның кім екенін де айтыңыздар.
  2. Біздің ауданда арақ ішетін адам тек мен ғана ма? Егер Сәрсенов жолдас біреудің айтуымен емес, өзі келіп зерттеп жазған болса, неге менен басқа маскүнемдерді қоспайды?

«Материал керек болса» деген мысалдар

Райфоның бухгалтері Иванов бір күн сау жүрмейді — арақты бөшкелеп ішеді. Соны неге жазбайсыздар?

Заготскоттағы Малбағаровты кез келген көшенің бұрышында тоқтатып, қалтасын тінтіп қараңыздаршы — не шығар екен? «Жартылық, арақ, жұдырықтай пияз» шықпаса, мен мұрнымды кесіп берейін.

Ол ұйықтағанда арақты жастығының астына қойып, соған жастанып жатады. Онсыз көзі ілінбейді. Міне, материал керек болса — осылар бар.

Сәрсенов жолдас большевиктік баспасөздің турашыл өкілі болса, әуелі осыларды неге жазбайды?

Қорытынды өтініш

Құрметті жолдас редакция, осы арызымды аяқсыз қалдырмай, тез арада тексеріп, қорытынды шығаруларыңызды сұраймын. Сол қорытындының бір данасын маған жіберсеңіздер екен.

Қол қоюшы: Әбдіғали Сәлменов