БАРАҚҰЛЫ ЖӘНІБЕК
Барақұлы Жәнібек хан (? – 1480 ж.) – Қазақ хандығының шаңырағын көтерушілердің бірі, Көк Орда ханы Өрістің (Орыстың) шөпшегі, Барақ ханның баласы.
Есімі мен дереккөздердегі аталуы
Негізінде, Жәнібек – ханның лақап аты. Оның азан шақырып қойған есімі Әбусаид (кей деректерде Бусаид) деп көрсетіледі.
Жәнібек жөнінде нақты дерек аса көп емес. Сол дәуірден жеткен жазба дереккөздерде оның есімі көбіне Керей ханмен қатар аталып отырады.
Алғашқы саяси-әскери қимылдары
Оның алғашқы белсенді қимылы өздеріне қоныс берген Моғолстан ханы Есен-бұғаға көмектесіп, қалмақтарға қарсы шайқаста көрінеді.
Кейін ол Әбілхайыр ханның ұлы Шейх-Хайдарға қарсы соғыста бірнеше ел ағаларымен келісімге келіп, оларды өз одақтасына айналдырады. Осы соғыста Жәнібектің есімі Керей хансыз, алғаш рет жеке аталады.
Керей ханмен қатар билік және хан атануы
Қазақ хандығының бастапқы кезеңі туралы мол мәлімет қалдырған тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати қазақтардың Моғолстан жеріне келгенін баяндағанда, үнемі Керейді хан, ал Жәнібекті сұлтан ретінде айырып жазады.
Әбілхайыр қайтыс болғаннан кейін оның қол астындағы елдің ыдырауы күшейіп, бұрынғы көшпелі өзбек тайпаларының едәуір бөлігі қазақтарға қосылады. Елдің саны артып, жері кеңейген осы кезеңнен бастап, деректерде Кереймен бірге Жәнібек те хан деп атала бастайды.
Түйін
Осыған қарағанда, Жәнібек Керей хан тұсында «кіші хан» ретінде елді онымен бірге басқарған, ал Керей қайтыс болғаннан кейін билікті толық өз қолына алған тәрізді.
Мұны Қадырғали Жалайыридің: «Оның (Барақтың) ұлы – “кіші Жәнібек хан” деп атанған. Осы Жәнібек хан атасының ұлысын өзі биледі» деген дерегі де нақтылай түседі.
Биліктің ауысуы және әулеттік жалғастық
Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін билік басына Керей ханның баласы Бұрындық келеді.
Жалпы, Жәнібектің аты көбіне оның жеке істерінен гөрі, бірінен бірі өтетін тоғыз көкжал ұлының қызметімен әйгілі. Бұрындық ханнан кейін Қазақ хандығы тағын иеленушілердің басым бөлігі Жәнібектің балалары мен олардың ұрпақтарынан шығуы да – соның айқын дәлелі.