Бауыржанға қарашы

Биік дуалдың ар жағындағы өмір

Биік-биік дуалдардың ар жағындағы әсем коттедждер әрең көрінетін көшемен жоғары өрлеп келемін. Мына керемет үйлер біз тұратын ықшамауданмен көршілес екеніне өзім де сенер-сенбесімді білмеймін. Өз үйімді қорашсынып қалғаным да рас. Мұндағы үйлердің сәулеті бірінен бірі асады. Сыртынан көріп жүрсем де, бұл сарайлардың ішінде қандай өмір қайнап жатқанына осы күнге дейін онша қызықпаппын.

Еменді ықшамауданындағы №5 үйді іздеп келемін. Бұл ауданның көшелерінде атау жоқ. Біріне-бірі иін тірестіре салынған, қос дуалдың ортасынан екі жеңіл көлік әрең сығылысып өтетін көшелерге елдік тұлғалардың аты берілмегені де дұрыс шығар: мына жерге қор болар еді.

Ертеңнен бастап — күзет

Ертеңнен бастап №5 үйге күзетші боламын. Бұған дейін «тышқан мұрнын қанатып» жұмыс істеп көрмеген ерке едім. Әкем мен анамның зейнетақысын жырымдап, оқу ақыма төлеп жүргені ойландырды. Бір күні ішкі істерде қызмет ететін ағама: «Жұмыс тауып бер» деп, өзіме сенімді кісідей міндетси сөйлеппін.

Үшінші курстамын, енді ата-анама салмақ сала беруім дұрыс емес деп қадап айттым. Ағам менің аяқ астынан «ес жиғаныма» сенер-сенбесін білмей, бетіме күдікпен бір қарап алды да: «Табамыз. Шынымен жұмыс істегің келсе…» деп қысқа қайырды.

Тапқаны — күзетшілік. Жұма күні қолыма аздап ескірген жұмыс формасын және әлдебір куәлікті ұстатты. Мекенжайды да тәптіштеп түсіндірді: бағдаршамнан солға бұрылсам, қызыл шатырлы үлкен үй көрінеді; соның қатарымен жоғары өрлеп, екінші бұрылыстан №5 үйге тірелемін. Онда Марат пен Тамыр деген жігіттер бар, соларға «Әсеттен келдім» десем, бастықпен таныстырады.

Маңыздысы: өзімнің студент екенімді айтпауым керек. «Ішкі істер қызметкерімін» — болды.

Қақпа, құжат, «кіші сержант»

Әуелде №5 үйде әлдебір кеңсе бар шығар деп ойлағанмын. Ағамның тоңмойын мінезінен именіп, толық сұрап та үлгермедім. Не де болса барып көруге бел байлап, нән қақпаның қоңырауын бастым.

Құлақ түбімнен «Кто там?» деген дауыс гүр ете қалғанда селк етіп: «Мен… Әсеттен келіп тұр едім…» дедім міңгірлеп. Қақпаның шетіндегі шағын есік үн-түнсіз ашылды.

Полиция формасын киген, жүзі жылы жігіт ағасы: «Сен Бекетсің бе?» деп сұрады да, жауабымды күтпестен сөйлеп кетті. «Әсет айтты. Қожайынмен келісіп қойдық. Кір, кір. Куәлік жасаттың ба? Кәне, әкелші… О-о, кіші сержант. Болады, әбден болады» деді.

Шамасы, бұл кісі — Марат. Ағамнан екі-үш жас үлкен, университетте бірге оқыған екен. Марат бетіме үңіле қарап: «Тым жас көрінесің. Түк емес. Қожайын сұраса, жиырма екідемін дей сал» деді. Мен бас изедім. Ә дегеннен-ақ Мәкеңе тәуелді болып қалғанымды да сезіп тұрмын.

Ереже, кезек, камера

Бұл — соңғы жылдары қалтасы қалыңдаған, Нысанбек есімді кісінің үйі екен. Менің міндетім — қақпадан кім кіріп-шығып жатқанын қадағалау. Ауысым соңында арнайы дәптерге белгі соғып, кезекті келесі жігіттерге тапсырып кетемін. Еңбекақыны Марат арқылы аламын.

Кезекке үш күнде бір түсемін. Маратпен ақылдасып, сейсенбі, жұма, жексенбі күндерін таңдадық: сабағыма да ыңғайлы. Сейсенбі — әскери сабақ, оған қатыспаймын. Жұма — бір оқытушының қатарынан үш дәрісі, келісуге болады. Жексенбі — бос күн.

Жазылмаған заң

Уақыт өте бір нәрсе анық болды: бұл үйдің ауласында біз бас сұғуға тиіс емес, шек қойылған жер көп. Тіпті қақпадан бейсауат бас шығарып қарауға да болмайды. Үйдің айналасына алты камера қойылған — бәрін экраннан көз алдыңа шып-шырғасын шығармай әкеліп береді. Сол себепті бірте-бірте орныңнан тұруға да ерініп кетеді екенсің.

Үйдің ішіне кіруді мүлде армандамайсың. Тек айлық беретін күні Марат қана қожайынмен жүздеседі. Бірде қызығып: «Үй іші қандай?» деп сұрадым. Марат қолын бір сілтеп: «Ондағы сән-салтанат сенің түсіңе де кірген жоқ» деді.

Баур, Гүлжан және қожайын

Бір күні сырттан мәшине бипілдеді. Марат экранға қарап: «Баур келді» деп тетікті басқанда, қақпа сықырсыз сырғып ашылды. Ішке есік пен төрдей қара джип екпіндей кіріп, үйдің астыңғы бөлігіне текіректей енді де, әрең тоқтады.

Бауыржан — осы үйдің жалғыз ұлы. ҚазМУ-да, заң факультетінде оқиды. Мұны естігенде денем дір ете қалды: бір университетте жүрсек, ертелі-кеш ұшырасармыз ғой.

Таңертең алдымен Бауыржан, сосын қарындасы Гүлжан сабаққа кетеді. Сегізге он-он бес минут қалғанда дыбыс күшейткіштің жасыл жарығы жыпылықтап: «Ребята, я в сборе» деген дауыс естіледі. Бұл — «гараж бен қақпаны ашыңдар» деген бұйрық.

Бауыржан бізге көз қиығын да салмайды. Тұспалдап қолын көтергені — амандасқаны. Шыны керек, оның бет-әлпетінен гөрі алақанының сипатын, қай тұсында қандай сызық барын анық білеміз: күнде көретініміз — сол.

Артынша Гүлжан Lexus-пен шығады. Тәкаппар мінез: көзіңді тік қадап, алдымен сенің амандасуыңды күтеді. Қақпаға дейінгі он-он екі метрді шашын түзеп, айнасына үңіліп, көлігін кібіртіктетіп әрең басады. Болмашы кірпік қаққаны — амандасқаны.

Қожайын — жасы қырық бестен асқан, төртпақ кісі. Жұмысқа асықпай, тоғыз жарымдарда жиналады. Әуелі даусы естіледі, сосын көрсе көз тойғысыз, сүлік қара Camry-імен жоқ болады. Қайту уақыты — баянсыз: түн орталап келетін кезі бар, кейде тіпті келмей қалады. Апталап шетел сапарында жүретіні де айтылады. Негізгі кәсібін күзетшілер ашып айтпайды, «қалада бірнеше мейрамханасы бар» деген сөз ғана құлағыма шалынған.

«Танысуға тиіс бір жан бар»: Аскарик

Марат бір күні: «Мұнда сен қалайда танысуға тиіс бір жан бар. Онымен дос болсаң, сені ешкім шетке қаға алмайды» деді. «Ол кім?» деп тұтыға сұрадым. «Кім емес, не. Ит. Кәдімгі алабай» деді.

Ауланың бір шетіндегі қызыл шатырлы шағын үйшікте тілін салақтатып дәу ит жатыр екен. Көзіне тура қарау қиын: айбарлы. Бойы тайдай. Добалдай басы тықыр денесіне үйлеспейтіндей көрінсе де, өзіне жарасып тұр. Мойны жуан, кеудесі зор күшті ішіне бүгіп жатқандай. Басын көтеріп, мені зерттей қадалды; ауа жұтып, иіс алып тұр — бөтен екенімді сезгені анық.

Үйшігі де жай ұя емес: қабырғалары боялған, тіпті суреттермен әшекейленген. Тек төменгі жағы сүйкенгеннен сарғайып қалған. Артында қыстық жайы бар дейді — іші тіпті керемет шығар.

Аты да «адамша»

Иттің аты — Аскарик. Баурдың ең жақын досының аты екен, «қалжыңдап қоя салдым» дейді. Итті адамның атымен шақыру біртүрлі көрінді. Сонда да сездірмей, алыстан «Асқар, Асқар» деп еркелетіп қоямын.

Ақыры шынымды айттым: «Мынау бір бақытты ит екен…» дедім. Марат күліп: «Аскариктің жағдайы алматылықтардың жартысынан жақсы. Жылы қора, дайын тамақ… Бірақ бұл — сән үшін, сырт көзге айбар үшін ғана ұсталған тірі экспонат» деді.

Күзетші өмірі: сыртта жүріп ішін аңсау

Жұмысқа тез үйрендім. Ешкім тексермеді; құжатым алдын ала таныстырылған соң, қожайын қағазға көбірек сенетін сияқты. Ең қызығы — екі апта өтсе де, үй адамдарының ешқайсысымен бетпе-бет сөйлесіп көрмеппін.

Бір жағынан, өзімді осы үйдің ішіне кіріп кеткендей елестетемін: бірде Бауыржанның джипін шыңғырта айдап шыққандай боламын; бірде еркектер халатын киіп, Марат айтқан хауыздың жағасында шырын сораптап отырғандаймын; тағы бірде үшінші қабаттағы сырғымалы қабырғаны пультпен ашып, балконнан Алатауға қарап тұрамын.

Шынымды айтсам, сол үйдің иесі өзім болғым келетін. Осынша байлық менікі болса-шы деп қиялға батып жүретінмін. Бірақ күн өткен сайын бұл қиялдың өңі өзгерді.

Аскарикпен дос болу

Аскарикпен тез-ақ тіл табыстым. Темір торға асылып алып, шолақ құйрығын дірілдетіп бұлғаңдап тұратын дәу ит арсылдап үрмейді; тамағынан ыңырсығанға ұқсас үн шығарады. Тар жерде іші пысатыны білінеді. Оны серуендету үшін үй иесінен арнайы рұқсат керек.

Қызығы — Аскарикке Бауыржан да, қожайын да жақындай алмайды. Тамағын беретін — біз. Қыдыртатын — біз. Астын тазалайтын — біз. Торға кіргенімізде, ол алапат күш тұнған кеудесін көтеріп, екі аяғымен иығымызға асылып алады; күректің сабын тістеп, ойынға шақырады. Тістеген жерінен айырылмайды.

Тамырдың сабағы: алабайдың мінезі

Бір күні Аскарикті көшеге қыдыртуға алып шыққанымда, Тамыр: «О-о, бұл дегенің нағыз ит қой» деді. Баурдың оны қайдан алғанын білмейді екен, бірақ таза қандысын тапқаны анық көрінеді деді.

Мен әзілдеп: «Сіз құр отырмай, алабайларды зерттеп алғансыз-ау?» дедім. Тамыр езу тартпады. «Мен кинологпын» деді де, бірден қыза сөйлеп кетті.

Негізгі ой

  • Алабай — «ұсақтыққа бармайтын» ит: босқа шәуілдеп, әркімге ұмтылмайды. Өз ауласына бөтен кірсе ғана айбат шегеді.
  • Нағыз алабай маңғаз, бекзат; ал будандардың жүйкесі әлсіз, мінезі шәлкем-шалыс болады.
  • Тамырдың айтуынша, алабайдың қанын таза ұстау — малды ауылдағы шопандардың «жазылмаған тәртібі»; қасиет жоғалмасын деп будандастыруға жол бермеген.

Тамырдың әңгімелерінен кейін Аскарикке аянышпен қарай бастадым. Дала еркіндігін тар аулаға, тар құжыраға қамап қойған қожайынға да іштей тіс қайрайтындай күй кештім. Өздері басынан сипап еркелете алмаса, мұндай асыл текті итті неге ұстайды?

Бәлкім, Аскарик бақытты емес шығар. Тек біреулердің «бақытты» өмірін дәлелдейтін декорация ғана шығар.

Еттің «сыбағасы» және ысырап

Түскі үзілісте қызметші әйелдер пісірген астан ауыз тиіп, газетті аударыстырып отырғанмын. Сырттан қара джип ысқырды: Бауыржан әдетінше гаражға екпіндете кірді. Артынша дыбыс күшейткіштен: «Ребята, не поможете?» дегені естілді.

Шықсақ, Бауыржан сиырдың сан етін қойқаңдай көтеріп келеді екен. Елп етіп қолындағысын алып, сыртқа шығардық. «Бұл кімге?» деп сұраппын абдырап. Тамырдың даусында ашу бар еді: «Кімге емес, неге? Аскариктің сыбағасы…» деді.

Көрінген «байлық» бәріне ем емес

Тамырдың ойынша, Бауыржан Аскарикті де өзі сияқты «нан соғар» деп есептейді: аптасына бір рет жаңа сойылған ет әкеліп тұрады. Ал текті итке мұндай көп ет қажет емес; бабын бұзбайтын болмашы тамақ та жетеді.

Расында, Аскарик етті өлшеп берсек те, шұқып қана жеді. Бір иіскегеніне қайта жоламайды. Астын тазалағанда шыбын қонып, рәсуа болған етті амалсыз сыртқа шығарып тастайтын болдық.

Қорқынышпен қоршалған «жеке мемлекет»

Бірте-бірте бұл үйдің адамдары бізден бөлек, мүлде басқа әлем екенін сездім. Ең бастысы — көп жағдайда ойланбайтын адамдар секілді. Дуалмен қоршалған әдемі үйді «жеке мемлекет» санайды: дуалдың сыртындағы өзгеріс оларға қатыссыз сияқты. Сөйте тұра, қоғамның тірегі өздері деп ұғады. Ал біз — күзетшілер мен анда-санда келетін-кететін кісілер — сол «мемлекеттің» қызметшілеріміз.

Бір кезде өзім де осылардай болғым келіпті. Енді ойласам, қалай ғана? Иә, аста-төк байлық пен мұқтажсыздықтың тартымдылығы бар. Аспаннан ақша жауса, «иесі кім?» деп сұрамай-ақ ұмтылатын мінез бәрімізде де бар. Бірақ сонша байлық сонша үрей әкелетіндей.

Бауыржан — менімен құрдас. Өзін әлем қожасы сезінгендей. Бірақ өзі қорқақ. Мараттың сөзімен айтқанда, оның санасына үрей егілген. Әке-шешесі байлығын қорып қана қоймай, балаларын да сыртқы әсерден «сақтайды». Оларға салсаң, айналаның бәрі — жау.

Бір жолы үйдің төбесінен тікұшақ гүрілдеп өткенде, үйдегілердің бәрі жандалбасалап сыртқа жүгіріп шыққаны есіме түсті. Көздері атыздай: террористік шабуыл басталды деп ойлағандай. Бауыржанның бізбен алыстан сөйлесетіні, көліктен түспеуге тырысатыны да содан шығар.

Көршілік жоқ көше

Осы үйде біраз уақыт жұмыс істесем де, тұрғындардың бір-бірімен араласқанын көрмедім. Биік дуалдың ар жағына тығылып алып, жұмбақ өмір кешеді. Көршіге кіріп-шығу, бір-бірінің жақсылығына қуанып, жаманшылығына қайғыру — атымен жоқ. Тіпті көшеде бала да ойнамайды.

Тек нән темір қақпалардың дыбыссыз ашылып, дыбыссыз жабылғанын көресің. Бір-бірінен жасыратын керемет сыры бардай. Ал осы жерден бір-екі шақырым төмен түссең, қоршауы да жоқ үйлер басталады: ондағы жұрт бірін-бірі таниды, қуаныш-қайғыны бірге көтереді. Бірақ олар да ертең дуалдың ар жағынан сығаласып кетпесіне кім кепіл…

Университеттегі кездесудің «ештеңесі»

Университетте Бауыржанды бір-екі рет жолықтырдым. Біздің факультет пен оның заң факультетінің ғимараттары университеттің екі қанатында: арнайы бармасаң, жолыға бермейсің. Күзетшілікке тұрғаннан бері заң жаққа аяқ басудан да тартынатын болдым — көріп қойса, «ты че здесь делаешь?» деп сұрақтың астына алар ма деп сақтанамын.

Темекіге үйірлігіміз бар: қалтада тиын қалмаған күні заң факультетінің әжетханасына кіріп, таныс-құрдастардан «біреуін» сұрап аламыз. Бір күні сол әдетпен темекі қыстырып тұрғанымда, Бауыржан кіріп келді. Көзім көзіне түйісіп қалды. «Ұрлығым ашылғандай» қипақтап кеттім: жұрттың көзінше мені «күзетшім» деп мазақ қылар ма екен деп ойлап үлгердім.

Бірақ ол маған назар салмады. Өз шаруасымен болып, езуіне темекі қыстырып, әдемі оттықпен тұтатты да, шығып кетті. Бір сәтке тіпті: «Шынымен танымағаны ма?» деген ой келді.

Сол бір таң: жеңілдік те, ызақорлық та

Ертеңіне менің күзетшілік кезегім еді. Таң қылаң бере жұмысқа бардым. Дұрыс ұйықтай алмадым: «бүгін қызметімнен қағылармын» деген үрей де болды. Қырық мың теңге бізге аз көмек емес, үйдің шаруасына жәрдем.

Анам қабағымдағы кірбіңді бірден аңғарып: «Жұмысың жайсыз болып жүрген жоқ па, құлыным?» деді. «Жоқ» деуге тырыссам да, үкім күтіп тұрған адамдай қинала шықтым.

Бірақ Бауыржанның маған «жұмысы» болған жоқ: әдетінше қара джипін ышқынта айдап, борпиған саусақтарымен сәлем беріп, сабағына кетті. Сол сәтте ғана терең тыныстадым: демек, мені мүлде танымаған.

Ашуландым. Кейін өзіме келдім: мен ешкімнің адал асын ұрлап ішіп жүрген жоқпын ғой. Бір «боқмұрын» танымады екен деп, намыстанып тулағаным не? Қайта, өмірім жаңа басталып жатқанда осындай адамдарды танып, біраз нәрсеге көзім ашылғанына шүкір деуім керек шығар…