Тезекті жеткізіп берген бала
Өлмейтін сөз қалдырған қаламгер
Абай: «Көп адам дүниеге бой алдырған, / Бой алдырып, аяғын көп шалдырған. / Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, / Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп нысанаға дөп тигізіп айтқан. Белгілі қаламгер Қалмұқан Исабаев туралы қалам тербегенде, осы жолдар еріксіз ойға оралады.
Расында, артында өлмейтін сөз қалдырған қаламгердің екінші, мәңгілік ғұмыры басталды. Ол кеткен жоқ: өлмейтін сөздерімен қалың қазағының ортасында қалды.
Бір күні Алматыдан қаламгердің қызы Баян хабарласты. Қазан айының аяғында Қалмұқан ағаның жылы өтетінін, әкесінің қолжазбасы кітап болып шығуға жақын қалғанын айтты. Кітап — қуаныш, үлкен еңбек.
Қалмұқан аға — көп еңбектенген, талай сүбелі дүниені жарыққа шығарған қаламгер. Шығармашылығы жұрт көз алдында. Ал отбасы ішіндегі, яғни жеке өмірі қалай өрілді?
Бір жылы шаңырағында болғанымда, Зәбира апай екеуінің арасында ерекше ілтипат барын аңғарған едім. Отбасына қайта хабарласып, осы ойымды айтқанда, Зәбира апай бірден келісім берді. Сұхбат осылай басталды.
«Бір қап тезек»
Сұрақ
Апай, Қалмұқан ағамен қалай таныстыңыздар?
Жауап
Қалмұқан маған кейде әзілдеп: «Сенің құның — бір қап тезек» дейтін.
Біз Баянауылда көрші тұрдық. Екеуіміздің де әкелеріміздің есімі — Әли. Жұрт шатастырмас үшін бірін «бала Әли», бірін «мұртты Әли» деп атапты.
1937 жылы, бала Әлидің келіншегі толғатып жатқан кезде (мен дүниеге келер шақ), анадайда ойнап жүрген мұртты Әлидің он екі жасар баласы Қалмұқанды нағашы апам Күләш шешей бір қап тезекке жұмсайды.
Тезекті әкелген бала «Апатайымның жағдайы қалай?» деп сұрағанда, шешей: «Апатайың аман-есен, қол-аяғын бауырына алды. Дүниеге шынашақтай қыз келді. Осы қызды түбінде саған беремін» депті.
Ес біліп қалған бала бұл сөзден ұялып, жалт бұрылып қаша жөнеліпті. Сол қыз — менмін.
Көрші болған соң, екі үйдің арасында шапқылап жүретін қағылез қыз едім: «алып кел», «барып кел» дегеннің бәрі менің мойнымда.
Жылдар өтті. Бойжеттім. Сөз айтқан жігіт көп болғанымен, ешқайсысы көңіліме қона қоймады. Қалмұқан әскерден оралған соң елге келді: Алматыда тұрады екен. Соғыстан кейін Германияда Ильменау қаласында қызмет етіпті. Көзі ашық азамат, офицер, жинақы, үсті-басы мұнтаздай, қолында қолғап — жанары оттай жанып тұрды.
Келген сайын ертелі-кеш біздің үйге соғады. Жеңгелерім де байқап қалып: «Әли ағайдың баласы неге жиі келіп жүр?» деп әзілдейтін. Нағашы апам Күләш та тіл табысуымызға көмектесті. Сөйтіп мен Қалмұқанға ұзатылып кете бардым.
Жұрт менің анамды да, Қалмұқанның анасын да «Тәтті апа» дейтін. Енем ісмер жан еді: маған көйлек пен камзолды өзі пішіп, тігіп беретін.
Қалмұқанның тәртібі мен тәрбиесіне тез үйрендім. Өйткені біз бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Кейін әзілдегенде баяғы сөзін қайталап: «Сенің құның — бір қап тезек» дейтін.
Кеңпейілдік пен жауапкершілік
Сұрақ
Ұлы Отан соғысы, кейін Германиядағы әскери қызмет... Мұндай өмір адам мінезіне әсер етпей қоймайды ғой. Қалмұқан аға әріптестерімен, жора-жолдастарымен қалай араласты?
Жауап
Соғыс пен қиыншылық ағаңның мінезіне көлеңке түсіре қоймады. Бойында қазақы қасиет көп еді.
Әскерден келген соң Алматының шетінен төрт бөлмелі үй алыпты, кейін Жазушылар одағына жақын болу үшін орталықтағы бір бөлмелі үйге айырбастаған. Мен сол үйге келін болып түстім.
Соғыстан кейінгі қиын жылдар ғой: он сегіз шаршы метрлік үйде он үш адам тұрдық. Енем, қайным, келінім, туыстардың балалары, елден келетін жастар бар. Оның үстіне Қалекең баспанасыз жүрген достарын да ертіп әкелетін.
Ол кезде үйде су да, газ да жоқ. Енем бөлменің бір бұрышынан бізге шымылдық құрып беретін.
Кейін төрт бөлмелі үй алдық. Бірақ бірден көшіп кетпедік: Қалекең «Социалистік Қазақстанда» бірге істеген досы Өтебай Қанахинді сол үйге орналастырып қойыпты. Өтебай жұбайымен жараспай қалған екен. Біз көшіп келгеннен кейін де ол бір жылдай бізбен бірге тұрды.
Жалпы, Қалекең қолы ашық, кеңпейіл, дос-жаранға адал еді.
Үй ішіндегі мәдениет, архивтегі табандылық
Сұрақ
Апай, Қалмұқан аға қаламгерліктен бөлек немен айналысқанды ұнатты? Өмірлік ұстанымы қандай еді?
Жауап
Ағаңның ашылмаған қырлары көп болатын. Сурет салуға өте шебер еді. Тіпті, партия жиналыстарында жанында отырған кісінің суретін салып, замандастарын портреттерімен қуантатын.
Үй шаруасына да пысық болды: ер адам білуге тиіс істің бәрін өзі атқаратын. Еден қағу, бұзылған шүмекті жөндеу — Қалекең үшін түк емес. Құрал-саймандарын қара шабаданында сақтайтын.
Тағам талғамайтын, қандай ас болса да сүйсініп ішетін. Адам көңіліне қарайтын, ешкімнің кемшілігін бетіне баспайтын.
Дастарқанда өте мәдениетті еді: нанды сәндеп кесіп, қасық-шанышқының өз орнында тұрғанын қадағалайтын. Германияда тұрған жылдары сіңірген ұқыптылық пен жинақылық бойынан байқалатын.
Дастарқан басына бәріміздің түгел жиналғанымызды ұнататын. Айрандай ұйып отырып тамақтанып, бізбен тілдесіп, қызықты оқиғаларын әсерлі етіп айтып беретін.
Зерттеуге жақын болды. Архив жабылғанша отырып, жұмысын бітіргенді жөн көретін. Тіпті, кешкі асқа келіп, тамақтанып алған соң: «Архивтің жабылуына әлі екі сағат бар, үйде жай жатқанша, барып жұмысымды бітіріп келейін» деп қайта кететін.
Суретке түсіруді қатты жақсы көрді. Жеке фотоаппараты болды. Ертіс–Қарағанды каналының құрылысын басынан аяғына дейін түсірген де — осы Қалекең.
Кітап оқуды жанындай жақсы көретін. Бала күнінен қалыптасқан әдеті өмір бойы үзілген жоқ: іссапарға шықса да, кітап алып кететін.
Өмірлік ұстанымы: «Жақсылыққа — жақсылық, жамандыққа да — жақсылық». Ешкімге зияны тимеді, ешкімге қиянат жасамады.
Өте шыншыл еді. Шындықты бетке айтатын, бірақ оны адамның көңіліне тимейтіндей етіп жеткізе білетін. Осы қасиеті үшін достары қатты сыйлайтын.
Әзілге де жүйрік. Үйде бізге, балаларға ешқашан дауыс көтерген емес. Баламен бала болып сөйлесетін. Мен үйде болмай қалсам, сыртта күтіп отыратын. Әрдайым қолдап, күлдіріп, бақытты етуге тырысатын.
Арман: «Семей — Веймар»
Сұрақ
Қалмұқан аға көп жазды, көп зерттеді. Дегенмен көкейінде «жазсам, танытсам» деген тақырыптары болды ма? Бос уақытында немен әуестенетін?
Жауап
Көкейінде қалған тақырыптар болды. Соның бірі — Семей қаласы мен Германияның Веймар қаласын туыстас қала еткісі келгені.
Бұл ой Берлиннің бір көшесіне Абайдың есімін бергізген кезде туған екен. Бірақ бұл жөнінде қағазға түскен нақты дерек қалмады: дәлелдің көбі ойында еді, жарыққа шықпады.
Неге дәл Семей мен Веймарды таңдағанын анық білмедім. Бірақ осы арманды жүрегінде алып өткенін жақсы білемін.
Қалекеңнің бос уақыты өте аз еді. Уақытының көбін зерттеуге арнады. Ал сирек босаған сәттерінде достарымен бильярд ойнайтын, балаларымен көбірек бірге болуды ұнататын.
Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен уайым
Сұрақ
Қаламдастары кеңестік кезеңнің ағынымен жүрді. Ал Қалмұқан аға Тәуелсіздікті көрді. Бүгінгі күннің қандай мәселесі оны көбірек толғандырды?
Жауап
Қалекең бақытты жан еді: бір ғасыр өмір сүрді. Ашаршылықты да, сұрапыл соғысты да көрді. Қиындыққа мойымай, бәрін жеңе білді.
Сол сындар шыңдаса да, ол ізденімпаз, ойшыл, жаңалыққа құмар қалпынан айнымады. Қатал тағдырдың тәлкегіне қарамай, мейірімді адам болып қала білді. Ел үшін күш-жігерін аяған жоқ.
Еліміздің Тәуелсіздік алғанын қуанышпен, мақтанышпен қарсы алды. Сол сәтте өмірінің зая кетпегенін, елінің азат таңын көргенін терең сезінді.
Оны ерекше толғандырған мәселе — тіл еді. Өз тілін ұмытқандарға іштей қынжылып: «Мен Германияда тоғыз жыл өмір сүрсем де, өз тілімді ұмытқан жоқпын!» дейтін.
Осы бағытта Петропавл қаласында Қазақ тілі қоғамын құруға үлес қосты.
«Менің Қалмұқаным» бола ма?
Сұрақ
Кезінде Сәбит Мұқановтың жұбайы Мәриям апа «Менің Сәбитім» атты естелік кітап жазды. Сіз де Қалмұқан ағаның ашылмаған қырлары туралы осындай дүние жазар ма едіңіз? Оны игі істерге жетелеген қандай күш деп ойлайсыз?
Жауап
Ол өте ұлтжанды азамат еді. Германияда жүргенде олардың Гетесінен біздің Абайдың кем еместігін айқын ұққандай болатын. Абай — күллі қазақтың, ал Гете — неміс халқының мақтанышы.
Елден жырақта жүріп, ұлтының абыройын асқақтатуды мақсат етті. Сол жолда Берлиннен Абай есімін көшеге бергізді — бұл аз еңбек емес.
Ұлы Отан соғысында Италияның Триест қаласында оққа ұшқан қазақ жауынгерлеріне ескерткіш-белгі орнатуға бастамашы болды. Италия билігі оларды өз тізіміне қоспақ болғанда, Қалекең келіспей, қазақтың қаны тамған жерге белгі қойдыруды талап етті.
Ескерткіште үш тілде — қазақ, орыс және итальян тілдерінде — Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі және соғыс ардагері Қалмұқан Исабаевтың бастамасымен, Триест қаласының жұртшылығы мен мэриясының қолдауымен орнатылғаны жазылған.
Отбасы, балалар, немерелер
Біз Қалмұқан екеуіміз жұбымыз жазылмай елу жеті жыл бірге ғұмыр кештік. Балалы-шағалы болдық.
Балалардың есімін өзі қойды. Тұңғышымыз — Азат, кейін Айқыз бен Серік, Қали есімдері тарихи кейіпкерлермен байланысты. Қызымыз Баян Баянауылда туған соң — Баян, ал кенжеміз Алма Алматыда туғаннан кейін — қаланың құрметіне Алма атанды.
Балалардың мамандық таңдауына ықпал етті, қазақ мектебінде оқытты. Төрт немереміз бар. Немерелерін ерекше жақсы көрді. Немерелері де оны сезіп, аталарын «кәмпит ата» деп атап кетті.
Қолжазбаның алғашқы оқырманы
Мен Қалекең шығармаларының бірінші оқырманы болдым: іссапардан оралған сайын жазғанын маған беретін. Мен оны теріп шығатынмын.
Машинкасын Германиядан әкелген еді — қолға ұстап жүруге ыңғайлы, шағын болатын. Сол машинкамен Қалекеңнің талай туындысын, Ертіс–Қарағанды каналы туралы жазбаларын бастан-аяқ тердім.
Көршілік, жылы сөз, жарқын шақ
Біз Дінмұхаммед Қонаевпен, Сәбит Мұқановпен көрші болдық: олар М.Төлебаев көшесінде, біз Фурманов көшесінде тұрдық.
Қонаевтың үйі үш қабатты, ауласы кең, салтанаты келіскен еді. Сәбит Мұқановтың жұбайы Мәриям апа да жақсы адам болатын: көрген сайын жылы амандасып, хал сұрайтын.
Осындай жарқын сәттер өмірімізде аз болған жоқ.
Естелік кітап туралы ой
Ал естелік кітап... (күледі). Бұл — жақсы ой. Әрине, осындай ірі тұлғамен ұзақ жыл бірге ғұмыр кешкеннен кейін, салмақты да салиқалы дүние жазуға ойлануға болады.
Бәрі уақыттың еншісінде.
Түйін
Бұл әңгіме — бір адамның тағдыры ғана емес. Бұл — дәуірдің бедері, отбасы жылуы, азаматтық ұстаным, ұлттық намыс және ең бастысы — өлмейтін сөздің қуаты.
Қалмұқан Исабаевтың өмірі мен мінезі, еңбегі мен өнегесі Зәбира апайдың естелігі арқылы жақындай түседі: қарапайым тұрмыстың өзінен биік мәдениет, ал күнделікті тіршіліктің ішінен үлкен тұлғаның бітімі көрінеді.