Құрбан еттің жаныңды

Тәрбие сағатының мақсаты

Тәрбиеленушілердің бойында елжандылық сезімді қалыптастыру; туған елі мен жеріне сүйіспеншілігін арттыру; ана тіліміз бен тарихымызға құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • 1 «Желтоқсан жаңғырығы» тақырыбындағы плакат
  • 2 Нақыл сөздер жазылған плакаттар
  • 3 Желтоқсан құрбандарына арналған материалдар
  • 4 Желтоқсан оқиғасына байланысты буклеттер
  • 5 Магнитофон (музыкалық сүйемелдеу)

Тәрбие сағатының барысы

Сабақтың басталуы

«Әнұраным — жан ұраным, айтар әнім, сөйлер сөзім. Туған жерім — сағынарым. Мәңгі бақи шырқалады Республикам гимні», — деп сабақ Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталады.

Музыкалық фон

С. Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйі баяу ойналады.

Тәрбиешінің сөзі (үзінді)

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас,
Ел үшін жанын қиып, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас…
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас…

Осы ойдың өзегімен «Бүгінгі Қазақстан — елім менің» айдарымен өтетін «Тәуелсіздік таңы — атқан күн!» атты тәрбие сағаты ашық деп жарияланады.

Көріністер желісі

Көрініс 1: «Көңіл толқыны»

Күй баяу ойналып тұрады. Ортада Ана отырады. Сахна сыртынан Қайраттың рухы сөйлейді:

«Алижан, елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген…
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!»

Ана дауысты танып, жүрегіндегі сағыныш пен шерді сөзге айналдырады: бұл — әділетсіздікке қарсы тұрған Қайраттың үні.

Музыкалық ауысым

«Асылбек күйі (Детство)» ойнап тұрады. Ана сахнадан баяу шығады.

Тарихи анықтама

1986 жылғы 16 желтоқсан — тәуелсіздік туын алғаш көтерген тарихи күн. Таңертеңгі сағат 10:00-де небәрі 18 минуттың ішінде Қазақстанды 26 жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қызметінен алынып, ешкімнің пікірін сұрамастан Геннадий Васильевич Колбин тағайындалды.

Негізгі түйін

Осы әділетсіз шешім халықтың, әсіресе жастардың наразылығын күшейтіп, алаңға шығуына түрткі болды.

Өлең шумақтары (оқушылар орындайды)

Арман

Нашақор деп, ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде,
Қайғыға халық батқан күн.

Зарина

Темір құрсау біздерді бүргені шын,
Мұң шағады қапаста кімге құсың?

Динара

Ақ-қараңды тексерер түрме деген
Концлагерь болды ғой біздер үшін.

Абдурахман

Дүр сілкінді қайдан да қоңыр аймақ,
Бағы жана ма, қала ма соры қайнап?

Ескендір

Ұран жазып қып-қызыл ту көтерген,
Біз де шықтық алаңға, Елім-айлап.

Аружан

Бас көтеріп шықты жастар алаңға,
Тәуелсіздік орнасын деп даламда.
Қайрат, Ләззат, Ербол менен Сәбира —
Арқа сүйер батырсыңдар санамда.

Ортаға Сәбира, Ләззат, Қайрат, Ерболдың суреттерін ұстаған төрт оқушы шығады.

Қайратқа арнау

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
«Атам» десең атыңдар!

Ләззатқа арнау

Еліңнің намысы үшін
Құрбан еттің жаныңды.
Мазақ етіп қорлай алмас
Ешкім сенің арыңды.

Тілек

Тәуелсіз ел, азаттығың құтты болсын! Ынтымақ пен бірлігің мықты болсын. Өрлесін ұлылық пен қазақтығың, басыңнан арылмасын шуақты күн.

Көрініс 2: Алаң және естелік

Жігіт

Алматыға жолым түссе, міндетті түрде Республика алаңына соғамын. Сонда марғау дүниені дүр сілкіндірген қасіретті де қасиетті Желтоқсан оқиғасы ойыма оралады. Себебі алаңда егемендік үшін құрбан болған Қайратпен бірге мен де болған едім.

Наргиза

Бұл алаңға келген сайын «не айтасың?» деген үнді ішімнен естимін. Ақтық сөзің мен арманың хатта қалды. Қайрат, сен мені естисің бе? «Лагерьде шірітпей, ақтап алдың», — дегім келеді. Осы сөзді әр келген сайын қайталай беремін.

Ортаға Ана шығып, Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қояды. Қасында немересі болады.

Өсер елдің қалауы — бірлік.
Лаула, лаула, Желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Ар-намысты жас өркені бар елдің
Ешқашанда еңкеюге тиіс емес жалауы.

Желтоқсан құрбандарын еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланады.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет

1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран туралы заңға қол қойды. Осы орайда оқушылар рәміздерге арналған тақпақтарын оқиды.

Диас

Рәмізім — елдігімнің белгісі,
Білу керек, тіпті ең кіші.

Мәди

Рәміздерім — әнұран, ту, елтаңба,
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.

Қазақстан Туы (біріктірілген шумақ)

Көк аспандай көкпеңбек — Қазақстан жалауы,
Көк емес ол тектен-тек — елдің ашық қабағы.
Ақ ниеті — алтын күн, асқақ арман — қыраны,
Жалауы бұл — халқымның мәртебесі, мақтаны.

Елтаңба туралы (біріктірілген шумақ)

Елтаңбасы елімнің — неткен айбат, әдемі!
Тұнығындай көңілдің — ортада аспан әлемі.
Құт-береке, шаңырақ — орын алған ол төрден,
Қанатты қос арғымақ — екі жақтан көмкерген.
Тәуелсіздік жолында талай-талай тер тамған…
Билігім өз қолымда — еркіндігім Елтаңбам!

Әнұран туралы

Гимнім — жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім — сағынарым,
Мың қайталап айтам мұны.

Тәуелсіздік туралы ойлар

Тәуелсіздік — биігі бұл санамның,
Тәуелсіздік — таза ауасы даламның,
Тәуелсіздік — бұл арманы бабамның,
Тәуелсіздік — бақ-дәулеті баламның!

Тәуелсіздік — менің соққан жүрегім ғой,
Тәуелсіздік — ата-баба тілегі ғой.
Бар әлемді өзіне таң қалдырған,
Тәуелсіздік — еліміздің тірегі ғой!

Тәуелсіздік — шырайлы лағыл таңсың,
Жүректерге үміт боп жағылғансың.
Аяулысың — білмеген алақаннан,
Суып барып қайтадан табылғансың.

«Қазақстаным» әні хор орындауында шырқалады.

Қорытынды

Ынтымақты елге — ырыс. Аталардан қалған өнеге де осыны меңзейді. Сондықтан бостандығымыз баянды болуы үшін елімізбен тағдырлас, қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан жүздеген ұлт өкілімен арамызға сызат түсірмеу — ортақ міндет.

Қаз дауысты Қазыбек би сөзімен айтқанда: «Біз мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз». Демек, ең қастерлі тілегіміз — бейбітшілік, тыныштық, бостандық, ел босағасын нығайту.

Тәуелсіздік бізге жарқын болашаққа бастар жол ашты. Біз сол жолмен алға баса береміз.

«Желтоқсан» (өлең)

Желтоқсанның желі, аязы, ызғары —
Қанды мұзда талай қазақ сыздады.
Ұлт қамы үшін шыққан сол күн алаңға
Азап шекті қайсар қазақ қыздары.

Талай қазақ қыздарын да тоңдыра,
Талай қазақ гүлдерін де солдыра,
Ел билеуге алып келді Колбинді
Қазақ ұлы Қонаевтың орнына.

Егемендік — бұл елімнің елдігі,
Егемендік — барлық ұлттың теңдігі.
Егемендік — елін, жерін қорғаған
Ербол менен Қайраттардың ерлігі.

Желтоқсаным — тәуелсіздік тірегі,
Желтоқсанды қадір тұтып тұр елі.
Есте сақтап ағалардың ерлігін,
Жүректерде сақтау керек үнемі.

Дереккөз

http:wwwtarbie1398-patriot.html