Қайсар мектептен оралған соң екеуі асыр салып ойнайтын

Қыстың қатал түні

Қыстың қақаған түні. Ақтөс тағы да дүкен жанындағы қоқысқа шығарылған қораптардың арасын паналап, аязды түнді өткізіп жатыр. Тұла-бойы мұздап, жарақаттанған аяғы сыздап ауырады. Кейде шыдай алмай ыңырсып қояды. Көз жасын тыя алмай, кәдімгі жас баладай егіліп жылайды.

Осы сәттегі хәл

Суық — жанын қарып барады. Аштық — әлсіретеді. Жара — тынысын тарылтады. Бірақ оның ішінде әлі де бір сезім бар: күту.

Бір кездері бәрі басқаша еді

Ақтөс бір кездері бақытты болатын. Туғаннан бастап анасының жылы, жұмсақ бауырында мамыражай күй кешті. Бауырына басып, еркелеткен мейірімге тояттап өсті. Өзімен бірге туған күшіктермен күні бойы ойнап, асыр салып жүретін.

Екі ай өткенде еңгезердей бір ер адам оны қорапқа салып алып кетті. Әуелде мұны ойын шығар деп ойлаған. Бірақ қораптың тербелісі тоқтап, айнала тынши қалған сәтте-ақ, бұл ойын емес екенін түсінді. Тып-тыныш. Құлағын түріп тыңдаса да, ештеңе естілмейді.

Бір кезде сырттан тырсылдаған дыбыс естілді. Қораптың қақпағы ашылып, ішіне жарық құйылды. Ақтөс көзін ашып, қараңғы қапастан тезірек құтылғысы келді. Сол сәтте оған мейірімге толы жанарлар қадалды.

Қайсар және «Ақтөс» есімі

Бұл — он жасар Қайсар еді. Әкесі оған күшік сыйлауға көптен уәде берген. Сол уәдесін дәл туған күні орындап, сыйлыққа Ақтөсті әкеліпті. Қайсардың қуанышында шек жоқ: әкесіне қайта-қайта алғыс айтып, күшікті бауырына басты.

Қайсар Ақтөстің төсіндегі аппақ түкті көріп: «Ақтөс» деп ат қойды.

Алғашқы күндері Ақтөс қиналды. Анасын, бауырларын сағынып, түн бойы қыңсылайтын. Ондай түндері Қайсар оны қасына алып, бірге ұйықтайтын. Уақыт өте екеуі ажырамастай досқа айналды.

Бес жылдық достық

Қайсар өте қамқор болатын. Ақтөсті уақытылы тамақтандырып, жуындырып, баладай мәпелейтін. Қайсар мектептен келген соң екеуі аулада ойнап, асыр салып жүретін. Сөйтіп бес жыл зулап өте шықты. Қайсар ержетсе де, олардың достығы сол күйі берік еді.

Ақтөс Қайсардан бір елі қалмайтын: мектепке дейін бірге барып, Қайсар шыққанша мектеп алдында күтіп жататын.

Күтудің ұзақ күндері

Бір күні Қайсарды әкесі машинаға отырғызып алып кетті. Сол кеткеннен Қайсарды Ақтөс қайта көрмеді. Қайсар кетерінде: «Ақтөс, мен оқуға барамын. Бұйырса, келген соң көрісеміз. Оған дейін үйді күзет. Жарай ма?» — деп қоштасты.

Содан бері Ақтөс күн сайын күтумен болды. Бірақ бір күні үйдегілердің орнына бөтен адамдар келді. Олар Ақтөсті шарбаққа жолатпай, әбден әбігерге салды. Ашуға булыққан жаңа үй иесі Ақтөсті ұстап алып, машинамен өзге қалаға апарып тастады.

Сол күннен бастап

Ақтөс көшедегі қаңғыбас иттердің біріне айналды. Тамақ үшін талай таяқ жеді, иттерге таланды. Жауын мен боранды түндерді өткерді.

Қатыгездік және сынған аяқ

Кеше ғана дүкен алдына келген сәнді киінген бір жігіт Ақтөсті теуіп, аяғын сындырды. Енді жағдайы мүшкіл: қара суықта жатып қалды. Аяғынан аққан қан қатып қалған, қанша жалап тазаласа да тоқтар емес. Ішіне өткен ызғар бүкіл денесін қарып барады.

Ақтөс талықсып бара жатып, ұйқыға кетеді. Түсінде баяғы жан досы Қайсарды көреді. Ол сондай мейірімді еді. Ақтөс адамдардың бәрі сондай деп ойлайтын. Сөйтсе, қателескен екен: адамдардың қаталы да, мейірімсізі де аз емес.

Таңғы үміт

Дене қызуы аздап қайтқандай болып, көзін ашса, таң атыпты. Бар қалған күшін жинап, дүкеннің алдыңғы жағына қарай жылжиды. Іштей бір ғана ой: мүмкін өзі күткен жанды жолықтырып қалар.

Дүкен алды ығы-жығы адам. Ақтөс қардың үстіне қайта жата кетті. Көзін ашуға да шамасы жетпейді: аштық пен суық әбден әлсіреткен. Кенет таныс дауыс естілгендей болды. Ол бар күшін жинап, көзін әрең ашты.

Кездесу

Қарсы алдында баяғы мейірімге толы көздер қарап тұр екен. Ақтөс селк етіп орнынан тұрғысы келді. Сол сәтте бүкіл денесі жылынғандай болды. Иә, бұл — осы қалада оқып жүрген Қайсар еді.

Мәлімет

Оқушы
4 «г» сынып оқушысы Амангелді Гауһар
Өңір
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
Мектеп
№18 М. Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп
Жетекші
Шегирова Жанаргуль Сайлауовна