Жоғал дегесін жоғал енді
Кездейсоқтықтан басталған қасірет
Көңілді кештердің бірінде мекеменің шаруашылық жағымен айналысатын қызметкер Иван Дмитриевич Червяков екінші қатардағы креслолардың бірінде отырып, «Корневиль қоңырауларын» дүрбімен тамашалап отыр еді. Көргені көңілінен шыққаны сонша, шаттығы тасып, төбесі көкке сәл жетпей тұрғандай болды.
Бірақ кенет... Әңгіме біткеннің осы бір «бірақ кенеттен» аяқ алып жүргізбейтін әдеті бар ғой. Дегенмен, өмірдің өзі кездейсоқтыққа толы болса, автор байғұстардың жазығы қанша?
Бір ғана түшкіру
Кенет Червяковтың беті бүрісіп, көзіне жас толып, тынысы тарылып кетті. Дүрбіден көзін жұлып алып, еңкейе беріп: «Әтпішу!» — деп қалды. Яғни, түшкіріп жіберді.
Түшкіру — айып па?
Кім-кімнің де, қайда болмасын, түшкіруге қақысы бар шығар. Мұжықтар да, полицмейстерлер де, анда-санда тіпті құпия кеңесшілердің өзі де түшкіріп қалып жатады. Түшкіргенде тұрған не бар — жұрттың бәрі түшкіреді.
Червяков та қысылған жоқ: орамалын алып сүртінді де, «біреудің мазасын алып қойған жоқпын ба?» деген оймен жан-жағына көз тастады. Сол сәтте зәресі зәр түбіне кетті.
Тап алдында, бірінші қатарда отырған кәрі кісі бірдеңе деп міңгірлеп, биялайымен мойнын, маңдайының қасқасын сүртіп жатыр екен. Ол — қатынас жолдары мекемесінде істейтін статс-генерал Бризжалов екенін Червяков бірден таныды.
Кешірім сұраудың басталуы
«Шамасы, түкірігім шашырап кетті-ау», — деп ойлады Червяков. «Менің бастығым емес, бірақ бәрібір ыңғайсыз. Кешірім сұрағаным жөн шығар».
Червяков жөткірініп, денесін ілгері ұмсынып, генералдың құлағына сыбырлады:
— Мәртебелі тақсыр, байқаусызда түкірігім шашырап кетті білем, кешірерсіз.
— Оқасы жоқ, ештеңе етпес...
— Құдай үшін, кешіре көріңіз. Менде ешқандай жаман пиғыл болған жоқ.
— Жә, абыржымай тыныш отырыңыз. Тыңдауға кедергі келтірмеңізші.
Червяков қысылып қалды. Нақұрыс кісіше ыржалаңдай күлді де, сахнаға қайта көз салды. Бірақ жаңағы жанға жайлы рақат әп-сәтте жоғалып, орнына мазасыздық келді.
Мазасыз ойдың ұлғаюы
Үзіліс кезінде ол Бризжаловтың қасына жақындап, айналсоқтап біраз жүрді де, әрең дәті барып:
— Мәртебелім... Үстіңізді бүлдірдім білем... Кешіріңіз, мен сізге өйтіп...
— Жә, қойсаңызшы... Мен әлдеқашан ұмытып кеттім, сіз баяғы әңгімені әлі айтып жүрсіз!
Генералдың астыңғы ерні жыбырлап қоя берді. Червяков генералға күдіктене қарап: «Көзінде кекесін бар-жоғын да байқамадым... Тіпті сөйлескісі де келмейді. Ешқандай арам пиғылым болмағанын әбден түсіндіруім керек еді», — деп ойлады.
Ойы барған сайын ушыға берді: «Табиғаттың заңы осындай болса да, ол мұны қорлау деп қабылдауы мүмкін... Қазір ойламаса да, кейін ойлайды ғой».
Үйдегі кеңес
Үйіне келген соң Червяков болған жайтты әйеліне айтып берді. Әйелі бұл оқиғаға онша мән бермеген сияқты: әуелі сәл үрейленгенімен, Бризжаловтың басқа мекемеде істейтінін білген соң сабасына түсті.
— Дегенмен барып кешірім сұрасаңшы, — деді ол. — «Қауымда өзін қалай ұстауды білмейді екен» деп ойлап жүрмесін.
— Менің де ойым сол. Кешірім сұрап едім, ол кекірейіп құлақ аспады. Дұрыстап жауап та берген жоқ. Тіпті сөйлесіп тұруға да жер тар сияқты.
Қабылдау бөлмесіндегі суықтық
Ертеңіне Червяков жаңа вицмундирін киіп, мұнтаздай боп қырынып, «бәрін толық түсіндіріп қайтамын» деген ниетпен Бризжаловқа тартты. Қабылдау бөлмесіне кірсе, арыз айтуға келгендер ығы-жығы. Арасында арыз қабылдап жүрген генералдың өзі де бар екен.
— Кеше «Аркадияда», жадыңызда шығар, мәртебелім, — деп бастады Червяков. — Мен абайсызда түшкіріп қалып... үстіңізді бүлдіріппін... ғафу...
— Құдайым-ай, сондай да сөз болады екен! Сізге не керек еді? — деді генерал келесі кісіге бұрылып.
Червяковтің өңі боп-боз болды: «Демек, өлердей ашулы... Мұны бүйтіп аяқасты қалдыруға болмайды. Дұрыстап түсіндірейін», — деп бекінді.
Генерал төр жақтағы бөлмелерге беттей бергенде Червяков міңгірлеп соңынан ілесті:
— Мәртебелім! Егер қайта-қайта мазаңызды алсам, онда тек сізге өкінішімді білдіргім келгенін түсініңіз... Өзіміз де білесіз ғой, мен оны қасақана істеген жоқпын!
Генерал жыларман болғандай иегін кемсеңдетіп, қолын бір сілтеді: — Сізге, шамасы, қылжақ керек қой деймін, жігітім!
«Қайдағы қылжақ? Қылжақтағаннан құдай сақтасын! Генерал басымен қалай түсінбейді?» — деп күйінді Червяков. «Онда бұл кеудесіне нан піскен кердең немеден енді кешірім сұрамай-ақ қояйын. Енді келмеймін... хат жазсам ғана жазармын», — деді ішінен.
Бірақ ол хат жазбады: қанша ойланса да, не деп жазарын таппады. Сөйтіп ертеңіне тағы да баруға мәжбүр болды.
Шегіне жеткен сәт
Бұл жолы да ол өзін ақтауға тырысты:
— Мен кеше сізге келгенде, мәртебелім, сіз ойлағандай қылжақ етуге келген жоқ едім. Мен тек анадағы түшкіріп қойып, үстіңізді былғағаныма кешірім сұрауға келдім. Күлкі қылу ойымда да болған емес. Сізді күлкі етуге қайдан батылым барсын! Егер сіздерді біз қылжақ қыла бастасақ, онда... сыйлы адамдардан қадір қала ма?..
— Жоғал!
— Не дедіңіз? — деп қылғына сұрады Червяков, қорыққаннан тілі күрмеліп.
— Жоғал дегесін, жоғал енді!
Сол сәтте Червяковтің ішінде әлдене үзіліп кеткендей болды. Ештеңені көрместен, ештеңені естіместен, есікке қарай шегіне берді; көшеге шығып, ілбіп басып жүріп кетті.
Аяқталуы
Үйіне кірген бойда вицмундирін шешпестен диванға құлай кетті де... дүние төңкеріліп жүре берді...
Аударған: Ә. Кекілбаев