Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос
Абайды тану — қазақтың өзін-өзі тануы
Қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. Абайды тану — қазақтың өзін-өзі тануының басы да, соңы да. Абайды тану дегеніміз — оның айтқан сындарынан толық қорытынды шығару.
Айдай анық: Абай ақын ғана емес. Ол өлеңдері арқылы өз халқының төрдегі басын есікке сүйреп келген, басты міндерін батыл көрсеткен тұңғыш дана сыншы.
Өкінішке қарай, Абайдың әлеуметтік-философиялық өткір сындарын бүгінге дейін толық қабылдап, толыққанды қорытынды шығара алмай келеміз. Бұған сындарлы пікірді қабылдау мәдениетінің әлсіздігі әсер етті. Мұны жасыру мүмкін емес: біз осы кемшіліктен әлі де толық арыла алмай отырмыз.
«Біріңді қазақ бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға
Қор қылма, қорға, татулас...»
Ұлы тұлғаны танудың жолы көп
Әлем әдебиетінде Абай секілді алыптарды танудың сан түрлі жолы бар. Мәселен, орыс әдебиеті Пушкинді әлі күнге зерттеп, зерделеп бітіре алмай келеді. Қуанарлығы — біз де данышпан Абайдың сондай қырларына тереңірек бойлай бастадық.
«Абай жолы» және кейінгі зерттеулер
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын ақ орда десек, жазылып жатқан және алдағы уақытта жазылатын еңбектер оның көркіне көрік қосатын ақшаңқан отаулардай кең қанат жая береді.