Көркемдік әрекет

Илиясова Асель Жалмурзаевна, Ақтөбе қаласы, №53 орта мектептің физика пәні мұғалімі

Дарынды оқушының қабілеті мен талантын дамыту

Психикалық қасиеттер — бір адамды екінші адамнан ажырататын ең маңызды әрі тұрақты ерекшеліктер. Оларға мінез бен темперамент, қабілет пен дүниетаным, сенім мен талғам, қызығушылық секілді қырлар жатады. Мектеп тәжірибесінде біз кейбір балаларға «қабілетті» деген мінездеме береміз, алайда қабілеттілік әртүрлі салада және әр деңгейде көрінеді.

Қабілет қалай байқалады?

Оқушыларға әртүрлі міндет жүктелгенде біреуінің ұйымдастырушылық, екіншісінің музыкалық, үшіншісінің суретшілік қабілеті айқын көрінеді. Бұл — әр адамның белгілі бір әрекет түріне бейімділігін көрсететін дара ерекшелік.

Ерекшеліктер іс-әрекетті орындау барысында, әсіресе оның нәтижесінен анық байқалады: біреуі істі жылдам әрі сапалы аяқтаса, екіншісі баяу қимылдап, нәтижені төмендетуі мүмкін. Бұл салыстыру қабілеттіліктің деңгейі әртүрлі болатынын көрсетеді.

Маңызды қағида: «Қандай да болсын бір нәрсеге қажеті жоқ адам болмайды». Қабілет біреуде күшті, біреуде әлсіз болуы мүмкін, бірақ әр адамда белгілі бір әлеует бар.

Нышан, қабілет және дарындылық

Тәжірибе мен парасат адамдардың тең емес екенін дәлелдейді. Мұндағы «теңдік» көбіне қабілеттердің немесе дене күштері мен рухани мүмкіндіктердің бірдейлігі ретінде түсіндіріледі. Адамның кейбір өзгеше қасиеттері ана құрсағында қалыптаса бастайды.

Анатомиялық нышан

Баланың ата-анасына ұқсап тууы сияқты тұқым қуалайтын белгілер.

Физиологиялық нышан

Жүйке жүйесі мен анализаторлар ерекшелігі. Анализаторлардың қасиеті қабілеттің көрінуіне ықпал етеді.

Нышан өздігінен жеткіліксіз: егер адамда белгілі бір нышан болып, ол дұрыс тәрбиеленбесе және қолайлы орта қалыптаспаса, қабілет толық дамымайды. Ал қолайлы жағдай туғанда бала қиыннан қиыстырып шешім табатын ізденімпаз болуы мүмкін.

Нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттіліктің дамыған түрі дарындылық деп аталады.

Дарынды баланың ерекшеліктері

Мектеп бағдарламасын жылдам меңгереді, зеректігі мен байқағыштығы жоғары болады.

Уақытының бір бөлігін шығармашылық жұмысқа арнайды: сурет салады, өлең жазады, жобалар құрастырады.

Қуат-қабілеті шарықтайтын кезеңде санасы айқындалып, бақылампаздығы күшейеді.

Мысал ретінде Ч. Дарвиннің бала күнінде көп уақытын көбелек қуып, коллекция жинауға арнағаны айтылады. Мұндай қызығушылық — байқампаздық пен ізденістің белгісі.

Оқыту мен тәрбиенің рөлі

Ж. Аймауытовтың пікірінше, адам өмірге табиғи қасиеттерімен және қабілеттерімен келеді. Ал баланың бойындағы туа біткен қасиеттерді дамытатын — оқыту мен тәрбие.

Баланың қабілеті мен талантын дамытуға неғұрлым ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Америкалық ғалымдар да бала бойындағы ерекше қасиеттерді жақын ортасы — жасы үлкендер, ата-ана, педагогтер — дұрыс әрі жеткілікті бағаламаса, бала көпшілікке ұқсап, ерекшелігін жоғалтуы мүмкін екенін атап өтеді.

Дарындылықтың негізгі бағыттары

  • Ой-өрістің жоғарылығы
  • Академиялық табыс
  • Шығармашылық және тиімді ойлау, пікір айту
  • Көркемдік әрекет
  • Қатынас және белсенділік
  • Қозғалғыштық

Әлеуметтік орта және бақылау

Адамның жан-жақты дамуы және өздігінен жетілуі (жақсы қасиеттері мен қабілеттерін саналы түрде тәрбиелеп, жетілдіруі) үшін басқа адамдармен қарым-қатынас жасауы маңызды. Дарынды балаларды анықтауда және олармен жұмыс істеуде баланы қоршаған ортаның педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік жағдайына ерекше назар аудару қажет.

Балаға әсер ететін орталар

Ата-ана Мұғалім Мектеп Жұртшылық БАҚ Жолдастары

Жұмыс барысында баланың осы орталармен байланысын жүйелі бақылап отыру керек. Ол үшін арнайы тесттер мен бақылау құралдары қолданылады.

Дарынды балалармен жұмыстың түпкі нәтижесі — оқушыны білімді өз еркімен, өз бетінше меңгере алатын деңгейге жеткізу.

Мұғалімнің кәсіби талаптары

Дарынды балалармен жұмыс барысында мұғалім көпқырлы кәсіби тұлға ретінде көрінуі тиіс. Ең алдымен оның кәсіптік қабілетіне нақты талап қойылады.

  1. 1

    Бақылау жүргізу қабілеті: анықтауға арналған тесттер мен бағдарламалар құра білу.

  2. 2

    Диагностикалық қорытындыға сүйену: алынған нәтижелер бойынша баламен жұмыс бағдарламасын жасай білу.

  3. 3

    Икемді оқу үдерісі: оқу бағдарламаларын қажетіне қарай өзгерте білу.

  4. 4

    Бағытты дәл айқындау: оқушының икемін нақты ажыратып, ықпал ету жолдарын сауатты талдай білу.

  5. 5

    Арнайы жоспар: жеке оқу жоспарымен жұмыс жасай білу.

  6. 6

    Коммуникация: сөйлеу шеберлігі, ой қорыту деңгейінің жоғарылығы.

  7. 7

    Отбасымен серіктестік: ата-анамен байланыс орнатып, кеңес бере білу.

Сонымен қатар мұғалім оқыту барысында кездесетін терминдер мен ұғымдарды жақсы меңгеруі керек. Өз мүмкіндіктеріне үнемі баға беріп, күшті және әлсіз жақтарын ескеріп отырса, кәсіби тиімділігі артады.