Қайсекең жоқ жерден шытынап
Аптаптағы бір сәт және оның салмағы
Аспан айналып жерге түскендей. Шақырайған шарболат күн балқып барады. Бұйрат-бұйрат құмның іші қайнап тұр. Құс ұшпайды, тышқан жүгірмейді — аптап. Тек шегірткелер жаппай жамырап, берекесіз шырылдайды.
Трактор сүйреген бес шөп машинаның қайшылары жалаңдап, сыр-сыр етеді. Машинист балалар көздерін бір ашып, бір жұмып, қалғып-шұлғып отыр. Машина дөңгелегі томарға соғылса, қопаң ете қалады да, дереу көтергіш тетікке жармасады. Трактордың гүрілі құлақ тұндырады, жанармайдың күлімсі иісі танауды жарады. Көзге шыбын-шіркей тығылады; кейде орақ қиған қурайдың сынығы ұшып келіп, бетке сырт етіп тиеді.
Кенеттен туған қызық
Балалар аздан соң бастары былғаңдап, қайтадан қалғи бастады. Агрегат қамысты жапыра шауып, қалың қауға кіре бергенде, трактордың таңқиған тұмсығының астынан үш бірдей киік атып шығып, қырға қарай аңқыды. Трактор солқ етіп, кілт тоқтады.
Қайсабай тракторист кабинадан бас қылтитып, саусағын шошайтып: — Елік! Әне, елік! — деп қырылдады.
Балалардың ұйқысы шайдай ашылып, машинадан түсе-түсе жүгірді. Киіктер көкмайса бетімен сары майдай сырғып барады. Енелері қоға мен қауданның басынан аса ырғып-ырғып тез ұзап кеткенімен, құртақандай қос лақ мандымады: қурай мен қамысқа шырматылып, таяқ тастам жерде тыпырлайды.
Оқушылар қолтықтарына қанат біткендей шабыс үстіне шабыс қосты. Күннің ыстығында лақтар көпке шыдамады: екі өкпесін соғып, тілі салақтап, бұта түбіне жата кетті. Мәз-мейрам балалар қос құралайды қолтықтарына қысып, агрегатқа беттеді. Лақтар зар-зар маңырайды.
Сол-ақ екен, құм етегіне зырқырап барып қалған енелері кең орай бере қайырылып, қайта шапты. Бастан аса ырғып өтетіндей екпіндеп келді де, таяқ тастам жерге дік етіп тұра қалды. Қос құлағын едірейтіп, жерді кішкене тұяғымен дік-дік теуіп, танауынан осқырынады.
Адамның бір сәттік қызығы мен жануардың бір өмірлік зардабы
Балалар ұлардай шулады:
- — Қап, мылтықтың жоқтығын қарашы!
- — Тарс дегізетін еді, ә!
Қу жанын қоярға жер таппаған ана елік балалардың алдын алай бір, былай бір кесіп, шөпті жапыра жүгіріп өтеді.
Қарт тракторист балалардың лепірме сөзі мен даурықпа айқайын елемеді. Ыстық күнде тоңып бүріскен лақтардың басынан кезек-кезек сипап: — Көп әурелемей, қоя берсек қайтеді? Әне, енесі көзі боталап бізге қарап тұр. Ана мен баланың обалына қалармыз, — деді.
Тас лақтырым жерде ана елік шынымен оқшырайып тұр еді. «Иә, Қайсабай аға дұрыс айтады, сол кісінің тілін алыңдар. Бауыр еті баламнан айырмаңдар. Өздерің де баласыңдар, мен секілді шешелерің бар шығар» дегендей болып, маңырап-маңырап жіберді.
Бірақ құмарлық пен қызық жеңді. Беттері бал-бұл жанған балалар көнбеді:
- — Әрең ұстадық өзін!
- — Қосқа апарып сүт береміз!
- — Қолға үйретіп, үйдегі қозы-лаққа қосамыз!
- — Мектепте «тірі табиғат» бұрышы бар. Құралайды соған қоямыз. Оны көру үшін көрші мектептен балалар делегация-делегация болып келеді. Билет сатып көрсетеміз!
Қайсабай тракторын баппен ұстайтын, жұмысқа мұқият, балаларға зәрі жоқ, мінезі жұмсақ адам еді. «Жұмсақтықтан» опық жеп қалатын кезі де болатын. Соғыста оқ жұлып әкеткен молақ саусағын шолтаң еткізіп бір сілтеді: — Мейлі, асырауын асырайсыңдар-ақ. Ал анау енесін қайтесіңдер?
Балалар тұс-тұстан жамырады: «Бәрібір қасқыр жеп қояды», «иісіміз сіңді — енесі жеріп қалса қайтеміз», «бір-екі күн бағып көрейік». Қайсабай артық сөзге бармады: қабағы түсіп, кабинаға кірді де, газды дүр еткізіп басып-басып жіберді.
Қамқорлыққа ұқсас әрекет, бірақ табиғаттың заңы басқа
Қос құралай қостың босағасына мықтап байланды. Обалы не керек, балалардың бағуында мін жоқ: ас үйден нан, сорпа әкеліп алдына қойды — ауыз тигізбеді. Иісі өзге. Жаңа орылған шөп әкеліп, ауыз жетер жерге байлап қойды — бір-екі иіскегені болмаса, оны да місе тұтпады. Күн ұзақ тұмсықтарын бауырына тығып, бұратылып жата береді, оқта-текте ғана суға тұмсығын матырады. Таңертең де сол, түсте де, кешке де сол.
Қайсабай бастаған кәрі механизаторлар: — Шөптің асылын таңдап жейтін тағы аң сорпа мен нанды қайтсін. Одан да ұзын арқан, кең тұсаумен қос артындағы көгалға қоя беріңдер, — деді.
Ақыл құп алынды, тиянақты орындалды. Бірақ қырсық лақтар бәрібір көнбеді: баяғы сіресу — сол сіресу. Жалын шашқан белес-белес құмдарға талыға қарап, белдері аспанға шығып, үнсіз тұра береді.
Соңғы кезде соғыстан қалған контузиясы түн ұзақ ұйқы бермей, көзі кіртиіп жүрген Қайсабай: — Балалар, мен білсем, бұлардың енесі түні бойы қос төңірегін айналшықтап кетпей жүр. Түн ортасында үзіп-үзіп, зорланып маңырағанын естідім, — деп қынжылды.
Өздері естімеген соң балалар бұл сөзге мән бермеді.
Апта өтпей жатып, лақтардың бүйірі ескі жез легендей қабысып, арып-азуға айналды. Әйтеуір, бір тұрып та қалғып, жатып та қалғып мүлгиді. Көздеріне көк шыбын үймелеп жатса да селт етпейді. Жүріп-тұрудан да қала бастады: тұмсықтары шошайып, сирақтары шілбиіп, тірі аруаққа айналды. Лақ емес, лақтың жіңішке қарындашпен салған шимай-шатпақ суреті секілді.
Күндердің күні бүкіл қос ал кеп, кесір балаларды жерден алып, жерге салып ұрыссын. Ақыры балалар лақтарды енелеріне қоя беруге келісті. Бірақ сәтте бар, сәтте жоқ құйын елікті құм ішінен қайдан іздеп табасың?
Қайсабай айтқандай, түн ортасына таман қосқа тақап келсе де, асхананың қалған-құтқан сорпа-суына жұнттай болып семіріп алған Майлыаяқ пен Алыпсоқ арпылдап, екі дүниеде жолатпас еді.
Кеш келген өкініш
Апта өткен соң, жуық маңдағы беті шаңы шығып жататын аппақ тұз сордан еліктің өлігі табылды. Борси бастапты. Тауып берген — аспан астын сызып ұшқан құзғындар. Қасқыр жарып кетті дейтін емес: терісі бүлінбеген, бүп-бүтін. Көзі жылтырап ашық жатыр, мойнын қос жаққа соза құлапты.
— Ауырып өлген, — деді бригадир.
Қайсабай жоқ жерден шытынап: — Сағыныштан сарғайып өлсе қайтесің? — деді де, шолақ саусағын тағы бір сермеді. — Алда жазған басым-ай, мына бұлардың тіліне қайдан ере қойдым! Кезінде қоя бергенде ғой — лақтар жаутаңдап жетім қалмас еді.
Екінші күні құралайдың біреуі ісіп-кеуіп өлді: таңертең күншуақ іздеп келіп, қос түбінде иіріліп жатқан құмның сары шұбар жыланы шағып алыпты. Аштықтан бұралған сыңары да көп ұзамады, соның кебін киді.
Бұдан кейін балалар құралай, елік, жалпы, айналаны қоршаған құмның тағы аңы мен жыбырлаған жан-жәндігі туралы жұмған ауыздарын ашпайтын болды.
Ал Қайсабай қарт: — Түн ортасында баяғы елік әлі маңырап, түн ұйқымды төрт бөліп, мазамды алып жүр, — деп, шекесін молақ саусағымен қасиды. Кім білсін, өлген еліктің аруағы ма лақтарын іздеп зарлай маңырап жүрген? Кім білсін…