Ата мен әже қазақы тәрбиенің бастау бұлағы
Отбасы — алтын ұя
Отбасы — адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адам өміріндегі ең қуанышты, қызықты дәуреннің көп бөлігі осы шаңырақта өтеді. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап-ақ ата-ана өздерінің негізгі борышы — тәрбиені — атқаруға кіріседі.
Мен үшін отбасы — барым да, бағым да, байлығым да, сүйенішім де. Сегіз адамнан тұратын шаңырағымыздың әр мүшесі өз орнымен ерекше. Осы ойымды тарқатып айту үшін отбасымның әрқайсысын таныстырып өткім келеді.
Атам — шаңырақтың тарихы
«Өлі разы болмай, тірі байымас» демекші, әуелі отбасымыздың негізгі ұйытқысы болған атам Махамбетәліні айту орынды. Ол 1942 жылы 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, елге 1947 жылы оралған. Қатардағы солдаттан сержант шеніне дейін көтеріліп, взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарған.
Марапаттары
- І дәрежелі Отан соғысы ордені
- «Ерлігі үшін» медалі
- «Германияны жеңгені үшін» медалі
- «Сталинградты қорғағаны/жеңгені үшін» және өзге де мерекелік медальдар
Атамыздың жарқыраған медальдарын көрген сайын кеудемізді қуаныш кернейді, ерекше бір тылсым күйге бөленеміз.
Атам 1948 жылдан бастап Арал аудандық балық қорғау мекемесінде кіші учаскелік инспектор қызметінен бастап, аға мемлекеттік балық қорғау инспекторы дәрежесіне дейін көтеріліп, бір мекемеде үздіксіз қырық жылға жуық еңбек етті. Қызметтестері арасында кеңпейілдігімен, адалдығымен асқан беделге, шексіз құрметке ие болды.
Әжем — береке мен бірліктің ұйытқысы
Бүгінде шаңырағымызда атамыздың орны ойсырап тұрғанымен, ақжаулықты әжеміз Мәдемі ол кісінің орнын жоқтатпай келеді. Ата мен әже — қазақы тәрбиенің бастау бұлағы. Қариясы бар үйде ұлттық рух пен тәлім терең тамырлайды, дәстүр мұра болып жалғасады.
«Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дейтін әжеміздің арамызда жүргені — біз үшін зор мақтаныш. Әжем ауызбіршілікті, татулықты, бірлікті қастерлейді; ешкімнің ала жібін аттамауды үнемі ескертіп отырады. Әр атқан таңына шүкіршілік етіп, барға қанағат қылғанды жөн көреді.
Әжем 13 бала тәрбиелеп өсірген. Өкінішке қарай, олардың біразы шақалақ кезінде шетінеп, кейбірі ержеткен шақта дүниеден озған. Бүгінде әжем 3 қыз бен 2 ұлдың қызығын көріп отыр. Кейде бұл жайды мұңға толы жанарымен күрсіне айтса, кейде үлкен мақтанышпен әңгімелейді. Қазір әжем 10 немере мен 3 шөберенің қызығына марқайып, қуанышына ортақтасып жүр.
Әке — тірек, ана — жүрек
«Әке — тірегіміз, ана — жүрегіміз» деген сөздің салмағын күнде сезінеміз. Қазақ ақыны Қасым Аманжолов «Отбасы — шағын мемлекет: мен президент, сен премьер» деп жырлағандай, өмірде әке мен ана әрдайым қатар айтылады.
Әкем — Аралбай
Әкем — қарашаңырақтың иесі, айрандай ұйыған отбасының қамқор тірегі. Үйдің берекесін ұстап, әрқайсымызға сүйеу бола біледі.
Анам — Бақытгүл
Анам — шаңырақтың түтінін түтетіп отырған, әулетіміздің ибалы да қадірлі келіні, аяулы жанашырымыз. Ана сұлулығы — жүзіндегі мейірімінде. Біз анамыздың нұр шашқан күлкісінен-ақ бой түзейміз.
Әкем мен анамның отау құрғандарына биыл 25 жыл толды. Олар ұрпақ сабақтастығын өмірдің басты мәні деп біліп, көпбалалы отбасылар қатарына қосылды: 2 ұл мен 2 қыздың ата-анасы.
Бауыр — қорған, қанат
«Бауыр» деп құлағаныңда орныңнан тұрғызғанды емес, құлауыңа мүмкіндік бермейтін жанды айтады. Сондықтан да менің сенер қанатым — бауырларым.
Ағаларым
«Ел ағасыз болмас, тон жағасыз болмас» дегендей, менің екі ағам бар. Ағам барда өзімді қауіпсіз, нық сезінемін.
- Бақдәулет — отбасымыздың тұңғышы. Атам жүрген сара жолды жалғап, биыл ғана балық шаруашылығы мамандығын тәмамдады.
- Жадырасын — 2-курс студенті.
Қыздар
- Мен — Зере. Қазір №21 орта мектептің 11-сынып оқушысымын.
- Нұрару — үйдің кенжесі, балдан да тәтті еркетайымыз. Ол №21 орта мектептің даярлық сыныбында оқиды.
Баға жетпес байлығым
Міне, менің отбасым — менің баға жетпес байлығым. Мен үшін бәрінен де қымбат — сол жандардың амандығы.